Адай деген ел едік,
Абайсыз өскен алшаңым,
Тәксіз өскен тарпаңым.
Ерлерім өрдей қасарып,
Жаратып сұлу ат мінген
Ебейдей төсі салынған,
Егеудей тісі жанылған,
Шеңбердей белі бүгілген,
Еңіреудей көзі үңілген -
Қоғадай жалын төгілтіп,
Шортандай бауырын жаратып,
Жорық пен тойда жасанып.
Әзіреттің ойынан
Қаншама айлар көшкенмен,
«Қашқан ел - олжа» дескенмен,
Талауға тағы көне алмай,
Мал, жанын қиып бере алмай,
Атырау жайлап, Жем көшіп,
Атаң, нарын теңдесіп,
Арғымағын жемдесіп,
Үстіртке қарай беттеген,
Маңқыстауға жетпеген.
О күндерде біздің ел
Бір жерді мекен етпеген.
Жатса да тұрса малының
Қонысы естен кетпеген.
Маңқыстауды жайлаған,
Жұрт орнына қарасақ,
Талай ел болған жер екен.
Хорезмнің бектері:
«Шашырап бізге, шеткері
Қазақ деген қашқын келді,-деп ,-
Тілекті Алла берді!» -деп,
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып,
Тұтқынды қорлап кесектеп,
Қазақтың көрсе жабысын,
Қуалады есек деп.
Бұл хабарды есітіп,
Біздің ерлер күйінді,
Жата алмады үйінде,
Сауыттарын киінді.
Ат шаптырып жиылды,
Ақпан деген айтулы
Қарт батырдың үйінде
Ететін болды түйінде.
Жиналыстың ішінде
Ерлер де бар қайратты,
Дұшпанға шапқан кешегі
Аждаhадай айбатты,
Жауын талай жайратқан,
Садақтың оғын қайратқан.
Сонда Ақпан батыр айтыпты:
Осы топтың ішінде
Дабылы күшті ерлер бар,
Қайраты асқан шерлер бар,
Мейманасы тасқан дұшпанды
Жер тістеткен жерлер бар.
Хорезмнің бектері
Босқын ел деп шеткері,
Әйелімді күң қылып,
Жас баламды жылатты,
Қылышын бізге сынапты.
Бұған қайтіп шыдайын,
Жолымды қылғай лайым!
Ақпан деген қарт батыр
Ер басына қос атты,
Жетелетіп жүргізді
Жауға мінер бос атты,
Қабырғадан саз болса
Жапалақ жауған қар болса,
Айшылық жолға айдаса,
Бұйдасын іркіп мойымас,
Азықтарын айшылық
Өңкей нарға қос артты.
Жетектегі аттар жарады,
Шекесінен қарады,
Киік пен қашқан құланды
Соғып алып барады.
Бес жүз әскер ауыр қол,
Бастығы Ақпан батыр сол.
Көпті көрген көнеге
Қараңғы тұман түнде де ,
Сапар шегіп жол жүрсе,
Табылады екен сара жол.
Бірнеше күндер өтеді,
Қаратөбе, Манаты
Деген жерге жетеді.
Маңқыстау да со күнде
Қалың нулық жер екен.
Бозарыстың түбінде,
Қарашағыр, Шадас құдық,
Ордың бойы ел екен.
Ерлер барлау салады,
Жарықта байқап алады.
Қалың елді еңселеп,
Таң алдында барады.
Желпіндіріп ту байлап,
Ерлерім тұрды ат сайлап.
Көгалаң таң болғанда,
Шақырды ұран айқайлап.
Құлақты сүрен шалады,
Ат дүбірі жарады.
Мұңдық болған көп тұтқын
Елінің көріп ерлерін,
Қуанып, естен танады.
Бақырауық бектердің
Салтанатын тәрк қып,
Олжаға елді қарық қып,
Шалқұйрығын дүбірлетіп
Ерлерім айдап барады.
Бір күн, бір түн өтеді,
Сәске мезгіл болғанда,
Анық түске толғанда,
Екі-үш жерден ту байлап,
Жекпе-жек деп айқайлап,
Мың жарым кісі ауыр қол
Артынан қуып жетеді.
Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы.
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап.
Қай жақтан да ер өлді,
Аз өлмеді, көп өлді,
Күннің көзі тұлданып,
Батысы мен шығысы,
Басылып ұрыс көнерді.
Шоқысында Қарақұс,
Шығанақ теңіз тұсында
Жағалай жатқан көп оба
Солардан қалған жер еді.
Жылдардан жылдар өткенде,
Маңқыстаудай қонысқа
Адайды алып келеді.
Сұрасаңыз, бозбала,
Бұл ақиқат сөз ғана.
Шежіренің сүрлеуін,
Кәріден естіп -білгенін
Осылайша әр жерде
Қашаған айтып береді.
Адай деген ел едік
Страница: 1
Сообщений 1 страница 1 из 1
Поделиться12013-05-02 21:39:13
Страница: 1