Екі келіншек. Кәдімгі әйел жынысты екеу. Күнде бірге жүреді, ұзақ жүреді, ұзақ-қ сөйлеседі.
***
Оның біреуі - Бұйра бас, екіншісі - Бұрымды.
Бүгін сөз кезегін Бұйра бас бастады.
- Әй, сен... еркек атаулыны түкке алғысыз етіп, ол бейшаралардың басына бар жаманшылықты үйіп-төге берме. Еркектің тәуірі, әйел табынатын жақсылары, көргенділері де бар. Бар ғана емес, баршылық.
- Қайдам-ау, - деді Бұрымды. - Мен білсем, еркектің етегіне намаз оқып жүргені аз. Бәрі де бірдей. Тірлігі де, қылығы да, әрекеті де...
- Жоқ, қателесесің, - деді Бұйра бас. - Бар. Жақсылары, адамгершілігі зор кісілері де бар. Баршылық. Мысалы, ана Ұзынтұра төраға бар ғой, сол... жігіттің сұлтаны. Байқамайсың ба, өзі тәкаппар, өзі сұлу, өзі ақылды... Тіпті моральдық жағынан да ұстамды деседі.
Бұрымды күліп жіберді. Тоқтамай күлді. Бұйра бастың «саған не болды» дегеніне де қарамастан, ұзақ күлді.
- Сені... жын қаққан шығар, - деді Бұйра бас.
- Жоқ, сені жын қаққан, - деді Бұрымды.
- Неге? Неге олай дейсің?..
- Өйткені сен табынбайтын еркекке табынып тұрсың. Сол Ұзынтұраны өзің жақын білесің бе?
- Е, енді... ептеп... Бір-екі рет отырыста болғанбыз. Маған көз салған. Ықыласы ерекше болған. Өзім бірден солқ ете қалмаған соң, ол да... өзін-өзі ұстады. Сондай ұстамды еркектерді қадірлеймін. Әйтпесе, бар кейбіреулері, өзіңе сүйкене кетеді де, қаласаң да, қаламасаң да қыр соңыңнан қалмайды. Тіпті мезі етеді...
Бұрымды тағы да күлді. Тоқтаусыз күлді.
- Ой, сен өзің... неменеге күле бересің? Айтсаңшы себебін...
- Себебі болған соң күлемін де, - деді Бұрымды. - Күлуімнің себебі бар да.
- Ол қандай себеп?
- Өйткені, сол Ұзынтұра төрағаны мен де жақсы білемін. Мен де онымен бірнеше рет табақтас болғанмын. Мен де...
- Өтірікті соқпа, - деді, Бұйра бас. - Өтірігіңе береке берсін. Мен оны жақсы танимын деген соң, дереу ойлап таба салғаның ғой.
- Имандай шыным. Мен оны сенен бұрын білемін. Білгенде, жәй таныстық емес, жақын таныстық...
- Сонда-а... - деп, Бұйра бас аңтарыла түсті. - Сонда... сен онымен... бұрыннан-ақ...
- Иә, бұрыннан... Баяғыдан... Ол маған айтты, саған ұзын шаш жарасады деп. Сосын шашымды өсірдім. «Бұрымдым» деп еркелететін де сол...
- Аһ, подлец! - деді Бұйра бас. - Ол маған... Сенен басқа ешкімді ұнатқан емеспін деп... Алдап...
- Е, құрбым, ашуыңды бас, - дейді Бұрымды. - Енді екеуміз де жас емеспіз. Сен де, мен де қырықтың үстіне шықтық. Елу дейтін ауылға еңкейіп барамыз. Сондықтан да өмірдің майда-шүйде нәрселеріне тым күйгелектене бермеуіміз керек. Денсаулықты күт. Ендігі қалғаны сол.
- Жоқ-ау, - деп Бұйра бас сонда да басыла алмаған. - Жоқ енді... мені алдамай-ақ, шынын айтса ше! Бала емеспіз. Түсінеміз.
- Еркектің бәрі солай, - деп, Бұрымды да күйіне тіл қатты. - Періште еркек жоқ.
Бұйра бас кішкене ойланып, үнсіз қалды да, артынан аһ ұра:
- Дүниеде ең таза, ең әділ, ең сүйкімді еркек бар болса, сол осы Ұзынтұра төраға болар деуші ем, сөйтсем... - деп, күрсінді. - Сөйтсем... бәрі де көз алдау екен ғой.
Әне, әлгі екі келіншек тағы да бірге кетіп бара жатыр. Олар не жайлы сөйлесіп барады екен, а?..
Ел айтады: «Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың!»
Елес айтады: «Пендесі бар жалғанда бәрі мүмкін-н...».