Бұл ұзақ, әңгімені ертеде араб, латын әріптерімен жарияланған қалпынан автордың түзетіп, өзгерткен жаңа түрі.
I
- Қайран Тектім-ай!.. Алпамсадай арысым едің... Қаңбақтай жеп-жеңіл боп қаусап қалғаның-ау! Қолыма салмағың білінсеші, - деп, ауру жігітті қолына көтерген ағасы енді төсекті жайғап салған әйелі Қатшаның қасына алып келді. Ауру жанды Қатша мен ағасы жертөсекке оң жақ қырынан жатқызды.
Көтергенде қатты демігіп, өңі қуарып, әлсіреп қалған ауру жігіт, ерні қыбырлап, сыбырлай сөйледі. Аға мен жеңге оның жүзіне қатар үңілгенде: "Ер арыса -аруақ... " деп, зорға ғана басын изегендей белгі етті.
- "... Ат арыса - тулақ", - деп, Қатша қайнысын ұққан жай білдіріп, бас изеді де, шерлене күрсініп алды.
Бірі ауру, бірі сау екі еркек - ағайынды Бақтығұл, Тектіғұл болғанда, Қатша - жаңа арман айтқан қара мұрт Бақтығұлдың әйелі.
Бақтығұл інісінің қасына жамбастай, жақындай отырып, өзінің ең алғаш жаңа ғана айтқан "арысым" деген жайында қадала ойланып, қатты қобалжып қалды. Мұның інісі Тектіғұл анығында бойы биік, кеудесі талыстай дейтін, қол-сирағы ұзын да сом біткен атан жілік азамат еді. Бақтығұл өзі де кесек, балуан денелі, иықты, кеуделі келген де, інісі Тектіғұл бұдан бойға биік, бар сүйегі балғын болатын.
Ұзаққа созылған сарауру бүгінгідей әбден мегдетіп келген шағында Тектіғұл төсек жақтырмай, жамбасы тесіліп қиналғаннан, аға-жеңгеінен сол төсекті күн сайын бір қақтырып, жұмсартып салуға тілек ететін. Жаңа інісін екі қолына балаша құшақтап алып, төсек жөнделгенше көтеріп тұрған Бақтығұл науқасты бар салмағынан айрылған қаңбақтай сезінген. Енді қасына жанаса отырғанда, інісін тағы да бір көтерген басқаша дертті шағы созыла түсіп, есіне келді.
Ел ішіне келген қалың сүзектен әке-шеше қатар төсек тартып жығылып, араларына екі-ақ күн салмай, әуелі - шеше, артынан әке өлді. Сонда он алты жасар Бақтығұл он жасар осы Тектіғұлды біресе қолынан жетектеп, біресе шаршағанда арқалап алып, әкесі айтқан нағашы деген ел болмысқа бірнеше күн итшілеп жаяу кезіп, зорға жетіп еді. Содан соңғы көтергені осы екен.
Тектіғұлдың да есіне бір күйік түскендей. "Кескен теректей құлатты ғой мені. Қу жоқшылық бір құлатты. Аямас дұспан соққы жазасы әпкетті, міне, -бар дәрменімді... Нем қалды?.. Тектіғұл ініңнің орнына кімің қалды сенің?!" деп, әлсіз жүзін Бақтығұлға зорға дегенде бұрып; аға-жеңге - екеуіне бірдей кезек көз тастап, соңғы ғана бір, қара өзекті қақ жарғандай шынын айтты. Сыры да сол. Шерлі шыны: -"Кегім... кегім кетті!.. " - деді де, екі танауы қусырылып, кемсеңдеп тұншыға жылады. Қатты қинала жөтеліп, іргеге қарай құлай аунады.
Дертті жастық нені айтып жатқанын Қатша бұлжытпай түсінген.
- Қуарғырлар, соққысы мен мазағына ұшыратып, дертке шалдықтырса да, керек десе қатпа лақ құрым қалжа да бермеді ғой!
Бақтығұл ішінде талай нәрсе кернеп тұрса да, тілге сараң боп:
- Қалжа неге берсін, оны берсе, өзге одан зорғыға да борыштар болам деп жүрген жоқ па қаскей дұспаны, - деді. Үнсіз ғана тұнжырап, қалың қара мұрты еңкейді де, сөзден тыйылды.
"Одан зорғыға" дегені түсінікті. Егер Тектіғұл осы дерттен қаза болса, қалжа берген айыпты кісі құнына да жығынды "құныкер" болар еді. Соны ойлаған дұспан әсте көнсін бе! "Ауру сенен, сенің соққыңнан болды" дегенге бас имес үшін, қалжаны да ауызға алдырмай қойған жоқ.
Бақтығұлдың есінде сайрап тұрған нелер арманды, өксікті күндер бар. Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты. Қозыбақ аулы деген Бүрген болысындағы малды-басты жуан ауылға екі бірдей малай боп, өзі қой бақты; он жасар інісі қозыға салынды. Содан міне тап былтырғы өткен күзге дейін, табандатқан жиырма жыл бойында Бақтығұл да, Тектіғұл да Қозыбак аулының кенжесі - Сәлмен дейтін сотқар байдың малайы болды. Қойшыдан асқанда, қолы жеткені жылқышылық еді. Он жеті - он сегіз жыл бойында Бақтығұл Сәлменнің мыңға тарта жылқысының сан жүзін тудырып-есіріп, сан айғыр үйірін тыңнан салғызып, әлденеше кәрі бие, ат-айғырын қартайтып, қысы-жазы байдың жылқысының соңында болды.
- Қыс - отарында, жаз - күзетінде. Қасындағы бес-алты: Жамантай, Қоқай сияқты бірі үлкен, бірі құрбы жылқышылармен үздіксіз өмір кешті. Інісі Тектіғұл болса, қойшылықпен он шақты жыл қыршын жас күнін кешіріп еді. Кейін биеші етісті. Күндіз сауында, кешке қой күзетінде оның да тынымсыз, толассыз бейнет өмірі зая кешкен.
Өзге-өзгесінен бұрын, өз малы кезіне кәрінбей, Қозыбақ аулы "барымташы", "жортуылшы" деп, малай жігіттерін кей жаздарда не ғилы пәлеге де салатын.
Бақтығұл жиырма бес - Жиырма алтыға келіп, Тектіғұл жиырмаларға іліге берген шақтарда ағайынды екі малшы алпамсадай мол денелі, ірі қайратты жігіттер боп шықты. Екеуінің бірдей бала шақтарынан өткен еңбектеріне тапқаны тұлдыр еді. Он жыл еңбек еткен Бақтығұл зорға дегенде, көрші кедей малайдың қызы Қатшаны бар ақысын беріп жүріп, әреңге алған.
Тектіғұл міне - бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ аулы, кейде бір елмен барымталасса, қолдарына қара шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке - соғысқа да салатын. Қозыбак аулының Сәлменнен үлкен ағасы - Сәт болыстыққа таласып, талай партия-сайлауда әлденеше қырғын-жойқын төбелес жасатты. Соларда Сәт-Сәлменнің, исі Қозыбақтың "қара сойыл, дөйір жігіттері шетінен жойқын" десіп, өзге жасақшылар сескене сөйлегенде, Бақтығұл, Тектіғұлды еске алатын. Бұларды кейде қорлай, мазақтай сөйлеп: "екі құл, қос құл" десетін.
Соқтыққыш сотқар ауыл - Қозыбақтың әрі шоқпары, әрі құлақ қақпас ырысты құлдары десетін.
Қозыбак аулы барымтамен байыды. Сондықтан да ол ауылдың басты еркек-ересек малайлары емес, қатын-қалаш, бала-шағасына шейін "білсе - барымта, білмесе - сырымта" дейтін жайларды күле түсіп, көп ауызға алысатын.
Бақтығұл мен Тектіғұл Сәлменнің қолына барғалы бай малы жыл санап төлдей өсудің үстіне, барымта-қоспадан үстей өсу де мол болған. Ағасы - болыс, інісі сотқар қорқау болса, Қозыбақ байымай, кім байысын! Сондай қосылған сырт малының талай да талайы Бактығұлдың құрығы, бұғалығы, ноқтасы да бастарына тиген, барымтамен алғызған әлдекімдердің ақ-адал малдары болатын.
Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс айта қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді. Бұлар көшпелі ел малайы алатын кесікті, дағдылы "пәлен қой, пәлен киімнен" есеп жасап, есесін алуды білген емес.
Сондықтан да Тектіғұлдың басына біткен, берекелі мал дейтін мардымды түк те болмаған. Жиырма жылғы Бақтығұл еңбегінің, он жылғы әйелінің сауын сауып, күңдік еткен қызметінің орайы да ойдағыдай болған емес. Барлығы: Бақтығұл, Тектіғұл -екеуінің ортасында осы бүгінгі жыртық қоңыр үй, төрт - бес қара, он шақты ешкі-лақ. Жиырма жыл бойында жаттың малын жан сала бағып-қағып жүрген, тепсе, темір үзетін ағайынды екі жігіт пен қара шаруаға мығым қаражон Қатшаның "құраған-сымағы" осы ғана.
Еңбегін жегені бір сөрі. Енді міне - өмірін, қыршын өмірін жегенді айтсаңшы! Бақтығұлдың көз алдынан былтырғы бір қарашаның дауылды қара суық түні қалың әлек түйіндей аударылып түсті.
Бұл өзі жылқының бір үйірін ауылға айдап келсе, ауыл шаң-шұң айғай, Сәлменнің боқтығы басымдап тұр екен. Біле келсе, боқтап жүргені - Тектіғұл. Оны сол дауылда ығып кеткен қойға жалаңаш-жалпы тез шықпадың деп, Сәлмен қатты сабапты. Тектіғүл "азынап тұрған қара суық дауыл мынау! Берген киімің жалғыз ескі шекпен болса, оның қолтығы, жоны жыртық. Жауын мен дауылға не кием? Тымғұрса бір өң киім бер!" деп сұрағанға жазықты бопты.
Сәлмен ақырып: "Қой күзеті - сенікі, қойдың жарымы ығып кетсе, сен ақы-пұлың ды тілеп, әбігер саласың!" дейді де, боқтықтың астына алады. Тек қана жылы киім сұраған жайын ұғындырып айтам деген Тектіғұлды сыбап боқтай береді. Тектіғұл соған ыза-ланып: "Он жылғы еңбегім бір жылы киімге татыма-са, малыңның құлағын... Мені қырып ал, өлер жайым жоқ!" дейді.
Соған долданған Сәлмен бай Тектіғұлды бес жігітке алып-соққызып, өкпеге тепкілеп, бауыр-сыртын дүрелеп жазалайды. Қара түнде, қаскөй дауылға лыпасыз саламын деп, далаға айдап жібереді. Бақтығұл жылқыны иіріп келгенде, Қатшаның әліге дауыс айтқандай боп үн салып, қайнысы Тектіғұлға жаны ашып жылағанын естіген. Бақтығұл аттан түспестен, айналаны шарлап, шапқылап айғай салып, Тектіғұлды іздеген. Бірақ таң атқанша таппаған. Ауылда иіруде қалған жылқы дауылдан үркіп -ол босып, иен далаға шашырай жоғалғанды. Бақтығұлдың малды тастап, інісін іздегенін; тағы Тектіғұлдың ұшып өлгелі жатқан жерінен тауып алып, артына міңгестіріп әкелгенін білген Сәлмен Бақтығұлды және де әке-бабадан боқтап, қамшының астына алған. Бақтығұл Сәлменнен тілін тартпай, Тектіғұлды ақтап: "Жанымнан садаға кетсін сенің арамнан жиған малың! Құлағын ұрайын. Мен де айтамын соны" деген тілін тартпаған-ды.
Ағайынды екі жігіт қолшыл, қатал Сәлменнің дүре жазасына солайша бірдей ұшыраған. Осының арты Қозыбақ аулынан бұлардың ажырап көшуіне әкеліп соққанды; Бүгін сол Тектіғұл мынадай боп, сарауру жеңген сорлы күйде жатыр. Арада алты айдай уақыт өтті. Әрі өкпеден өткен тепкі-соққы жарасы бір ықсып, жалаңаш етке сары суық - ол қадалып, сол түннен кейін Тектіғұл дертті болды. Сәлменмен араздасқан Бақтығұл інісін лашығына алып, үш күн ішінде көшіп кетіп, көршілес Шалқар болысында, осыдан жиырма жыл бұрын әкелері өлген соң тастап кеткен жаман қораға келіп паналаған-ды.
Қыс бойы ауырған Тектіғұл міне - бүгін кеуде жарған арманын айтты. "Қатын-балам, әке-шешем, аға-жеңгем" демейді, "кегім" ғана дейді ыза кернеген шер кеуде, шерменде! Қысқы соғым кезінде Бақтығүл Сәлменнің соққысынан төсек тартып, дертті болған інісін айтып, Сәтке шағып, Сәлменнен калжа сұрап еді. Сәт бұның арты ұлан-ғайыр құн сияқты пәлеге де соғып кететінін сол жерде-ақ қолма-қол есіне алған. Бақтығұлдың аузына бұл сөзді енді қайтып түсірмес үшін, сол сәтте арыла сөйлеген.
- Інің соққыдан өлер болса, осыдан үш ай бұрын соққы тиген күні өлер еді. Одан кейін жіңішкерген, сарғайған ауру болды дейсің. Ол аурумен кім ауырмай-ды? Құдайдың жаратқан дертіне Сәлмен жазықты ма? Сенің інің түгіл, тілесе Сәлмен мен ағасы мен - Сәт екеуімізді тапқан шешеміз, аузынан ақ майды ағызып отырып-ак, сол жіңішкерген науқастан қаза болған. Арылғаным осы, айтпасымды айтқызып отырсың. Ендігәрі тағдырдың жазасын Сәлменнен аламын деген дайыны жоқ сөзді ауызға алма, - деп, аяғына отырғызбай қайтарып жіберген. Інісінің жаңағы "кегім" деген арылмас арманын түсінгенде, Бақтығұл осындай тас қамаудың бар тынысты тарылтқан кесір кескіндерін еске алды. Бұл шақ көктем кезі еді. Арада тағы бір-екі жұма өтер-өтпесте, Тектіғұлдың қатал тағдыры маңдайына жазған қазасы жетті. Ол қайтыс болды. Артында: "Қанатым едің, арыстандай арысым едің, не жазығың бар еді? Сен не көрмедің? Мен тірі қалғанша, бірге неге өлмедім" деп, өксіп-өксіп көп жылап, Бақтығұл қалды. Көз жасы інісінің қырқына жеткенше тыйылмады. Міне соның қырқын жыртық үйлі азғана жамағайын Сарыны жинап атқарды да, енді Бақтығұл жұрттан бөлек басқа бір сыңайға мінді.
II
Тау ішінің жаңбырлы қараңғы түні Бақтығұлдың көңлінде көптен шешілмей келе жатқан күдікті бір сәттің ішінде оп-оңай жазып жібергендей болды.
- Күздің ұзақ түні мынау. Кәзір алған малмен соқтырып кетсем, таң атқанша ұзап кетем. Осы жауын ізімді де шаяды. Түк алмай қайтпақпын ба? Қаңғырып жүріп, қадалған жерден нәр сызбай кеткенім бе? - деді.
Түн баласында малмен араласа көп жүрген машықты көзбен маңайды тағы бір шола қарады. Көп жүрген жер. Мол, ұлы тау. "Жетекке ал, да бел асып, тоғайға батып кете бар" деп сыбырлап, жетелеп тұрғандай.Кейде тау қара түн, ақ жауынның ішінде дию, алып мекеніндей көрінеді. Сыпсың қарағай жапқан түкті беттері жақын жерден қап-қара болып үңірейіп, қараңғылықтың түпсіз терең зынданы сияқтанады. Кей тұста екі-үш түкті тау мен қара жартасты биіктер бір араға түйісіп келіп, әлдебір обырдың қойнындай тұңғиық қара қолтық жасайды. Тау жолы - көбінесе биікті көлденең кесіп отыратын қаптал жол. Жауынды күні бұл қауіпсіз де емес. Тіп-тік беткейде аттың қос тұяғы қатарынан сыймай-тындай тар соқпақты басып жүру керек. -Ондайда жүргінші атына ғана сенеді. Құлын күнінен осындай тауда қиялай жайылып, арқардай тәсіл алған тау жылқысы ғана көңілге сүйеу болады. Бақтығұлдың боз аты сауыры бүлкілдеп, үрікпей-қорықпай, әр аяғын өлшеп, дәлдеп, нық басып, өз өнерін көрсетіп келеді. Қазіргі шақты есті жануар кәдімгідей ұққандай. Иесінің тақымы сәл күдікпен сескеніп барып, қабырғасын қысқандай болса, боз ат елең етіп, алдына үңіле қарап, арқасының сенімді қозғалысымен иесіне күш береді. Жол ғана тайғақ емес, аяқ басар шөп те жауын суымен жылпылдап, көк тайғақ боп жатыр. Боз атты сол қинады. Нелер бейнетті жүрістерді басынан көп атқарған жырынды, мықты Бақтығұлды да сол сескендірді.
- Бұл жауынның қашан бітерін қайдан білейін. Ол бітпесе, иттей қатып, осылай сүмеңдей бермекпін бе? -деп, әр нәрсені еске алып, аз бөгелді де, аяғында: -Сәлменнің өз жылқысы болмай, Қозыбақтың басқа бір аулының жылқысы болса да аламын осыдан! Қозыбақтың бәрінің де жылқысын баққам. Бар Қозыбақ түгел менің қанды мойын құныкерім! - деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап ерлей бастады. Анығында есе тиіп, Тектіғұл үшін Сәлмен құн төлер болса, бар Қозыбақ аулына үлес тиетіні рас.
Бақтығұл үйден шыққанға екі күн болғандыктан, местегі малта да таусыла бастаған. Сол екі күндей шайнама жемеудің үстіне, енді сусын да жоққа тон. Тау ішінің аш қасқырындай бұралып, Сарымсақтының қарағайында бір күн, бір түн бекініп жатты: ел көзіне түспеймін деп еді, аш күйінде ұйқы да көрген жоқ. Басында үйден аттанғанда ойдағысы жалғыз Сәлмен жылқысы еді. "Ең болмаса Сәтті қолға берсе" деп -еді. Енді жол қиындығы, күзгі түн суығы, аштықпен бұралу - бәрі жиналып келіп, өзге Қозыбақтың жылқысына болса да тиісуге жетектеді.
Әлі ойға кетпеген жылқы бұл шақта далаға көшкен елдің жайлауларында жататын. Дөң жайлауға қарай бұрылған соң-ақ, мұның көңлінен күдіктің бәрі біртіндеп арыла берді. Ендігі халі ауыр емес, жеңілдегендей. Артын көре жатар. Құныкері Сәлменнің өзі болса, ағайыны ақталып құтыла ма! Ол - бір байлауы. Бұның бәрі өз бетіне. Оның үстіне мынау жадау күзде анау арттағы үйдің жүдеулігі қандай! Телміріп қолына қарап отырған қарны аш қатын -баланың ортасына бір семіз тайды, я бір ту биені апарып сойса! Үйінде жатқызбай, қара талқан, құр тарыға ырза қылдырмай, бозға міндіріп, түнді жамылтып алып шыққан айдаушының бірі сол ғой.
Дөң жайлаудың кер белеңін өрмелеп келе жатқанда, Бақтығұлдың бойына тың қайрат жиналды. Шаршаған, қажыған, тоңған денесі ширыға сілкініп алды. Талай заман ашығып, үрпиіп, құзды қуалай жоғары-төмен шүйіп, сорғалап жүріп, аяғында жүгірген бір жемін екпіндеп келіп соғып жығып, тұяғына бүктеп басып, сығымдап отырып, қораздана сіл-кінетін Алатаудың қарлы басын мекендеген аспан тағысы бар емес пе? Қәзіргі Бақтығұл шабыты келер күннің ыстық, домді қызығына сондайлық етпеттеп алып, түрлене түскен.
Жасынан өздігінен мұндай жүрісті көсіп етпесе де, "жортуылшы, жорықшы" деп атандырып, Қозыбак аулы мұны жылқыдан басқа, түнгі жүріске көп жұмсаған. Дағды бойынша түнгі мол жылқыдан мал алып шығу бұған оңайдың-оңайы сияқтанатын. Әрқашан қандай сасқалақтық үсті болса да, жауырыны жерге тигенше айла-тәсіл істеп, біржолата жығылып түскенінше қарысып көру Бақтығұлдың ұдайы дағдыланған мінезі. Кезегінде барымта жолында жылқышысы ояу жүрген қалың топқа жақындап тұрып, енді кіремін деп қадалып келгенде, көбінесе көрінбей-ақ, орайын тауып кіріп кеткіш. Сондай ер, жырындылығы үшін мұны Қозыбақ аулы көбінше жортуыл - барымташының басы өтіп жіберетін. Бақтығұл қолына түсіріп алған малын да қуғыншы жау қолына оңай бере қоймайтын. Соғыста айлакер, ер. Шоқпар-сойылға өте жырынды. Ат үсті соғыста біреу ғана емес, екі-үш кісімен де соғыса аламын, алғызбаймын дейтін сенімі зор. Шынында солай екені рас та. Көп жылқышыдан ерекше жерлері осы мықтылық пен ептілік, ерлік болатын.
Бойы сергіп алған соң, Бақтығұл ер үстінде көтеріліп, етегін жинап, түзеліңкіреп отырды. Тықырды білдірмеуді ойлайтын мезгіл болып қалған. Өйткені бағанадан алыстағы сарынын естіген қалың жылқы осы алдындағы иекартпа бір белдің ар жағында шатта жа-тыр. Сақ, сергек жылқышысы болса, шеттей шығып, тың тыңдап, жер шалуға болады. Сондайдың кезіне түспеу керек. Ендігі тықырды білдірмес үшін, атқа да тасты жерді басқызбайды. Көптен жалғыз келе жатқан . ат қалың жылқының сарынын естіп, не кісінеп, не пысқырып жібермесін деп, тізгінді тежеп, аңдып ұстап келеді. Басын да төмен салғызбай шаужайлай түседі.
Қой торыған бөрідей енді жұтынып, қомданып алған деңгелек денесі анда-санда маңайды болжағанда алды-арты, жан-жағына шапшаң бұрылады. Барлық қозғалысына ұршықтай үйірілген жіті сергектік пайда болған. Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей. Тау ішіне шаншыла қарағанда, көрсетпесін көргендей. Енді жылқыға оқ бойындай жақындап келді.
Қалың жылқы жиі-жиі пысқырып, пырылдап, анда-санда тай-құлыны, үйірсек айғыры кісіней түсіп, сайдың шебін бырт-бырт үзіп, Бақтығұл жаққа қарай сырғып, беттеп келе жатыр. Бұл иекартпадан сәл уақыт баспалап тұрды. Сыртылдаған бірқалыпты ақ жауынның ішінде қалың жылқының тыныштықпен жайылған тынысы ғана сезіледі.
Бақтығұл қарауыткқан қалың топ жылқының бар қарасын да көрді. Басынан бөркін алып, шошақ ердің қасына ілді. Бетін қырын бұрып, құлағын жылқы жаққа төсеп, тың тыңдайды. Аңдығаны - жылқышы. Бірақ өзір оның белгісі білінбейді. Ұйқыда ма, болма-са бірдеңені сезе ме - белгісіз. Жылқының шашырамай, тобымен жайылғанынан Бақтығұл сақтық ойлай-ды. Ендетіп жібермеген, топтаңқырап сырғытып, бір жайылысқа салғалы түртіп келе жатқан ояу жыл-қышылар бар тәрізді.
Енді бір сәтте Бақтығұл баспағып тұрған тұмсықшаға шашыраған селдір топ қарайып шықты. Аттың басын төмен беріп, сәл тасалап, өзі үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, Бақтығұл иекартпадан қарады. Әлгі топ молайып, өндей бастады. Жайылып келе жатқан бос жылқы екен. Шетірек беттеп шыққан бір айғыр үйірі болу керек. Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы түн, тынымсыз жаңбырдың себі тиетін болды. Жылқыны үркітпеске тырысып, ақырын ғана қозғала бастады. Елеусізденіп, боздың жалына таман жабысып алып, жылқыға қарай жүрді.
Жылқы аз ғана үркіңкіреп, бергі шеті әрі қарай бұрылып, жылжи бастады. Үйірдің орта шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды, баран айғыр жерден басын жұлып алып, елең етіп, құлағын Бақтығұл жаққа тіге қойып, оқыранып жіберді. Бақтығұл қоралы қойға шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басын төмен салып, елеусізденіп сөлпеңдеп жүргені сияқты, жай ғана қалғып келе жатқан жылқышының кейпін көрсетпек болды. Өте баяу ілбіп келіп, айғыр үйірінің ортасына кірді.
Әуелде көзіне көрінгеннің көбі ұсақ тай-байтал сияқтанды. Қараңғы түн дәл қасына анықтап, жақындап келгенше, жылқының арық-семізін де танытпай-ды. Енді шеттегі жылқылардан өтіп, ортаға таман жақындағанда, дәл қасынан көлденең жылыстаңқырап өтіп бара жатқан күзеулі үлкен семіз боз биені көрді. Осындайда нағыз ойға алатын төңкерілген семіз ту биенің өзі.
Бақтығұл "іздейтінің осы" дегендей, көп ойланбастан, атына жабысқан бойында қаршыға тастайтын аңшыдай қисайыңқырап келіп, боз биенің мойнына қыл арқан бұғалықты тастап кеп жіберді.
Ала жаздай мойнына құрық тиіп көрмеген, асаусып кеткен ту семіз осқырып қалып, ытқып кетті. Боз ат, бұл қимылды күткендей-ақ, иесі тақым қақпастан, ілгері қарай тез ғана жылжи түсті.
Бұл ат «қашаған қуғыш боз» деп те мақталушы еді. Мына жерде иесіне сол өнерін анық көрсетті. Әйтпесе оқыста ытқып тартқан ірі асау Бақтығұлдан бұғалықты жұлып әкетуі қиын емес еді.
Бие көпке шейін тоқтамай, ырық бермей, бұғалық тартты. Бірақ есін жиып сақтанып, жіңішке мойынға қыл шылбырды дәлдеп салып алған Бақтығұл енді босатпады. Көк бие өзге жылқыға қарай ығысып, сүйретпек болған сайын ұрының қолындағы қыл бұғалық мықтап қысып, буындыра берді. Ақыры әл кетіп, тынысы тарылған жануар әмірлі қолға еріксіз бағынып, үріккен бойда құлағын тігіп, кекжиіп тоқтап қалды. Бұл уақытта жакындары жылкының кеіібірі үріккендей кісінесіп, кейбірі наразылық көрсеткендей, ішін тартып осқырып, Бақтығұл мен боз биеден ығысып оқшау кетіскен. Оған Бақтығұл қараған жоқ. Әлі де үркіп, сіресіп тұрған биеге ақырын ғана лық-лықтап жанасыңқырап келіп, ноқталап алды. Содан әрі қамшысының ұшымен биені сауыр жағынан сипай ұрып қалып, қатарға алып, бұрыла берді.
Сол ғана шақта байқаса, қақ қасына, қоян қолтық ұстасатын жерге бір еңгезердей үлкен жылқышы келіп қалыпты. Тек бұл жылқышы сойылын көтермейді. Бетпе-бет қарсылай, тұп-тура келіп қалған. Дыбыс шығармайды. Ұрының түрін көргенге есі шығып қалған ба, әлде мұны жылқышы дей ме - екінің бірі.
Бақтығұл айқай шықпай тұрғанда тебіне жөнелмек болды. Сол қимылын байқаған жылқышы әуелгідей үндемеген ұйқылы-ояу мәңгілікпен боз аттың шылбырынан ұстай алды. Бақтығұлдың халі бір мүйнет ішінде ойламаған қатерге ілінді. Жаңағы боз биенің мойнына өзі салған шалма бұғалық енді міне - сарт етіп әз мойнына түскендей боп қалды. Бірақ жылқышы таңғалдырды. Мұны ұстаса да, өзіне-езі сенімсіз кісі. Дәл осы тұста Бақтығұлдың ойына бұл адам сап ете түсті: ол - Сәлменнің Қоқай дейтін бойы еңгезердей, бірақ адамның босы, қорқақ жылқышысы.
Бақтығұл бұл жылқыны басқа Қозыбақ аулынікі деп ойлап келсе, енді олай емес: анық өзінің ауызға, ойға да алғаны - қас дұшпаны, құныкері Сәлменнің өз жылқысы боп шықты. Мынау болса - жылқышы атаулыға күлкі боп жүретін, қоқайған бойынан басқа түгі жоқ, өз қорқақтың өзі. Осы жайларды.шолақ-шолақ жүгірте ойлап, тез есін жиып алған Бақтығұл: "мені бұл ұстаса да, қорқып тұрған неме ғой" деп байлады. Сөйте сала бозды тебініп жіберіп, тепсініп келіп: "тарт қолыңды!" деп, қатты зекіп, ақырып қалып,
қамшысымен топшысынан келтіре көміп тұрып, жылқышыны қақ бастан тартып кеп жіберді.
Қоқай қалбаң етіп аттан ұшып түсті. Жепшенді жерде қорқа қоймайтын мықты Бақтығұл сотқар тентектікке салып еді. Сонысы дегендей ем болды".
Қоқай көп заманнан бері Қозыбақ аулында Сәлмен жылқысына шығып жүрсе де, ерғара ғана болмаса, өмірінде бетпе-бет келіп, ұрымен бірде-бір кезек сойыл сілтесіп, салысып көрген емес-ті. Бақтығұлды қолма-қол қара сойылмен салып жіберу оның ойына да кел-меген. Тек сүйретіп жүргені болмаса, сойылды тегінде қару етіп, кісіге жұмсап көрмеген-ді. Жау тепсініп келіп, қамшымен тартып қалғанда, ежелден бойға біткен жасқаншақтықпен өз ісін өзі тентек, өрескел көргендей, оп-оңай жасып қалып, шошып барып, аттан күрс ете түсті.
Артынан ұры сытылып жөнелгенде, айғайлар болар еді. Бірақ қолма-қол жерден айрылғанын өзгелер мазақ етер деп ойлап, ананың қарасы ұзағанша, өтірік сезбеген кісі болып, іркіліп қалған.
Бақтығұл жаңағы қауіп мүйнеті енді еркіндікке ауысқанда, тез-тез қараңғы сайға түсіп, қарағайға кіріп адастырып кетпек болып, шаба жөнелді. Қараңғы түн, азғантай жерге ұзаса, мұны жасырып, қойнына тығып әкетуге дайын. Бірақ алғашқы жылқышыдан құтылып, жетекпен қашып шығып, шауып бара жатқан ұрыны жоғарғы тұстан келе жатқан бір жылқышы көріп қалды. Ол мынау шаба жөнелгеннен-ақ, өкпе тұсынан қосылмақ болып, көлденеңдей шапты.
"Әй, кімсің, ә?" деп дауыстады да, жауап қайтпаған соң: "Аттан-аттан!" деп, жым-жырт тау ішін шошыта жаңғыртып, айғай салып жіберді.
Қалғып келе жатқан өзге жылқышылардың оқыстан шошып, айғайлаған дауыстары тағы бірнеше жерден естілді. Аздан соң бәрі тегіс дауыстады да, бетті де түзеп алып, тау ішін айғаймен даңғаза ғып, тасыр-тұсыр шабуылға басты.
Тез шыққан ынтымақты айғайға қарағанда, жылқышы әрі кеп, әрі ұйықтаған да жоқ екен. Көп жанның шулаған айғайы мен тасырлаған шабысы қалың шың таудың ішін азан-қазан ғып, қайта-қайта жаңғырығып, алысқа жөңкіп тарап жатты. Тыныштыкпен жайылып жатқан шетінен құр жылқы түн айғайынан қатты шошынды. Жаз бойы елсіз иесізде тау ешкі, арқардай жайынсып кеткен мал тегінде күндізгі айғайды да елірген қызумен үрке өрекпіп қарсы алатын. Кәзіргі дүрбелең бір беттегі тобырды екінші бетке апарып, сондағы топқа қақтыға соқтықтырды. Қалың көптің арасында тай-құлынның ұшып, домалап түсіп жатқандары байқалады. Сондай боп жығылған жылқы баласынан үріккен кей топтары, ортасына жай түскендей, қайтадан жарыла жөңкіп, бұрынғыдан жаман шұрқырай кісінесіп, талқан болып бүлінісіп жатты.
Жылқышының көбі бұл жайлардан хабардар болған жоқ. Алдыңғы айғай шыққан беттен дырду-шуды көбейтіп, құр дақпыртқа шапқаны болмаса, олар ешкімді көрген де жоқ. Адасып қалды. Тау іші, тұмсық айналса, адастырады. Сойыл салым жерге, ылдиға бұрын түссе, жер жөнін білетін жортуылшы кез жаздыруға жарайды.
Жылқышылар бір-екі тұмсықты айнала шауып, арсалаңдасты да, аяғында дабырласып жүріп, бірін-бірі тауып алды.
- "Е, не болды?", "Уа, не болды, қызыңды?!.. " -десіп, бейпіл тіл мен былапыт сөздер айтысып, жай сұраса бастады.
- "Көрген бар ма?", "Неден шықты?", "Уа, аттанды кім салды?" - деседі. Осы шақта олар өз арасындағы басшы жылқышы Жамантайдың жоғын байқады. Алғашқы айғай да сонікі болатын. Жылқышылар көп бөгелмей, соның алғашқы дабылы шыққан жеріне таман шұбырысты. Бытырай жүріп дабыстап, Жамантайды шақырысқан. Сол кезде етекте сәл ыңырсыған дауыс естілді. Қия беттен аттылар әупірімдеп, қапталдап шұбай түсіп, зорға дегенде етекке тақады. Қараңғыда ат көрінбеді. Біркертпе тастың ернеуінде қарауыта қозғалып жатқан қарайғанды көрісті.
Жолдастары Жамантайдың атын атап, дыбыс бергенде, бірқалыпты ыңқылдан басқа жауап естілмеді. Жатқан жалғыз кісі сияқты. Кім екені белгісіз. Тек қасына тақап келгенде ғана, Жамантай екенін білісті. Басынан қан ағып жатыр екен. Алғаш ұстай алған жылқышы жылы қан қолына тигенде: "Мынаған не болған, қанға боялып жатыр ғой?" деді. Жылқышылар бұл хабардан сескеніп қалды. Әр түрлі тіксінген үндер қатысты. Жамантай ептеп ыңыранып, есін енді жиюға айналды. Болған оқиға мынау еді:
Қолында жетегі бар жау алғашқы жылқышыдан сытылып қашып шыққанда, Жамантай "аттан!" салып, сойылын ыңғайлап алып, төтелей шапқан. Жау мұны көрсе де, төмен бұрылып кетпей, алғаш қиялаған бетімен дыбыс бермей, қамшыланып қаша берген. Төмен тартпағаны - беттің тіктігін, тастарын ойлаған. Жау жер жадысын білетін анық жырындылығын істеген.
Жамантай жоғарыдан бұған қарай шауып келіп, ұзатпай-ақ ұрымтал жерден айқасып қалған. Бірақ көлденең келе жатқан қос ат ылдиға ұмтылған Жамантайдың атын қағып, жығып кетуге болушы еді. Жылқышы соны мезгілінде ойлай алмай, ерте сақтық істей алмай қалды. Ағынмен келіп, бір рет сойыл сермеп ұрып қалды, бірақ тым жақын келіп сермелген қару анаған дендеп тимеді. Иығынан асып, орта жері ғана тиіп еді. Екпіндеп келген аты қосардағы биеге қақтығып, сүрініп кетіп, ылдиға қарай құлауға айналды.
Бақтығұл белбеуіне қыстырған қолшоқпарын босатып алып, қиыс етіп бара жатып, артына шапшаң айнала беріп, бір қолдың сыртымен қара шоқпарды сілтей соғып жіберді. Жүріп бара жатып сермесе де, жүрегі тіксінбей, есеппен нығыздап ұрып қалған шоқпар Жамантайға ауыр тиіпті. Дендеп келіп, қара құстан тиген екен. Сол арада жылқышының аты да жығылған, соның басынан асып, ылдиға қарай Жамантай өзі де домалап құлап кеткен.
Бақтығүл ең соңғы тосқан қауіп-қатерден сыты-лып шығып алып, аса қатты шаппай, жолды болжай желе, текірекпен алдағы тасты айналып, қарағайға кіріп кете барды.
Жабылған көп иттің тобынан жұлқынып, аман сытылып шыққан көкжалдай болып, өз-өзінен дүрдиіп, бүлкілдетіп жорта берді. Екі-үш түп қарағайдың арасына тура жүрмей, қуғыншыны беттен шатастырмақ үшін, екі рет қисық шимай салып жүріп жіберді. Кейін ізге түскен қуғыншыны да адастырар жүріс еді. Бетті ілгері-кейінді бұрып-бұрып жіберіп, түлкіше жортып, жалтара жүріп кеп, енді өз жағына қайта беттегенде, артына бір айналып, тың тыңдап алды. Бағанадан боз биенің сырт нобайын көргені болмаса, анық қандай жайы барын білген жоқ-ты. Енді биені ақырын сипаңқырап келіп, жалын ұстады. Тікендей қатты, өскелең күземе қылдың түбіндегі қобдиланған қалың май саусақтарының басын тып-тығыз боп кере түсті. Түйсінген Бақтығұл "жануар!" деді де, тіл-көзден аман болсын деп, саусағының басына "түф-түф" деп, ақырын түкіргеннің ишарасын жасады.
Бақтығұл үйіне қарай асыға берді. Аз жүріп, күндіз бекінген қарағайына келгенде, аспанға қарады. Баяғысындай сіркелегі жауған ақ жауын. Аспан түнерген қараңғы. Әлі де кездің алысты керуі қиын. Әр жайды болжап, нобайлаған болса, Бақтығұлдың көзі болғаннан ғана көретін сияқты.
Түн мөлшерін біле алмады. Ал жер шаршысы көңлінде сайрап тұр. Адаспақ түгіл, күдіктенер де емес. Таң әбден атып, ел тұрған мезгілге шейін Бақтығұл сартылдатып жүре бермек болды. Сол оймен сәл аттан түсіп, тартпа мен айылды босатып, боздың ер-тоқымын көтеріп, ат арқасын кішкене желпіп алды. Кейін жайлап ерттеп, шап айылды босырак, тартпаны мықтап тартып, қозғалмастай қатайтып алып, атқа қайта мінді. Енді жүретін жерінің бәрі еңіс болатын. Түн олжасына ырза болып, саспай қамданып, төл атына қайта мінген шағында боздың белі көтеріліп, тынығып қалған екен. Ойға қарай жіті бастырып, қарағайлы тауды құлдилап, қос атты жортуылшы жол тартты.
III
Бақтығұлдың аулы жаңағы аттанған тұстан күндік жер. Таң ата Бақтығұлды ұйқы жеңді. Бірнеше күннен бері талған денесі аз тыныштықты тіледі. Бірақ орнықты нық ниетпен істелген іс мұрат қылған шегіне жеткенше, тоқтағысы келмеді. Дененің әлсіздігін жеңіп, бірқалыпты қатты жүрісті бәсеңдетпей, таң аппақ атқанша жүрді. Ендігі жеткен жерінде қыстаулар бар. Әркімнің көзіне түсіп қалуға бслады. Сондықтан таудың бір қабат ішін алып, ылғи ғана қалың қарағайды құндыздап жүрген.
Сонымен арада бір-ақ жерде ғана демалып, келесі күні түс ауа биік тау қойнында жасырына отырғанжалғыз қорасына тақап келді. Мұның жалғыз үйлі кедей аулына сапырылысып келіп жатқан кісі жоқ болса да, бөгелместен малмен келу ағат болар еді. Аулының желкесіндегі қиын тасқа боз биені торт аяғын тас қылып бекітіп тастап, өзі үйіне келді. .
Жыртық киімді, күрең жүзді Қатша балаларына шай қайнатып отыр екен. Үй іші әлі қора жанында тігілген жыртық қара киіз үйде. Тамға кірген жоқты. Үш бала бар. Үлкені Сейіт - он жаста. Қалғанының үлкені - бес жасар Жұматай. Ең кішісі - екі жасар, емшектен әлі шықпаған қара қыз - Бәтимә. Бақтығұлдың келгені үрпиіп, жүдеп отырған кішкене кедей үйге жан кіргізгендей болды, ұзын бойлы, аша-майлау келген Қатша ерінің жүзіне жылы қарап, қарсы алды.
Бақтығұл үндемей, жай қозғалып, есік алдында жатқан шырпы отыннан аттап өтіп, төрге қарай шықты. Бірақ отырмастан, маздап жатқан отқа қызығып:
- От қалай жақсы еді, тез беретін шайың бар ма, қатын? - деді.
Аз күйбеңдеп, байына таман бой соза түсіп, Қатша:
- Жол болды ма? - деп күбір етті. Оған тура жауап берудің орнына, Бақтығұл:
- Бол, шайыңды болдыр, жұмыс бар! - деді.
Қатша үйіндегі барымен шайын берді. Жаздан іркіп жүрген жалғыз сиырдың майы бар-ды. Кебежені ақтарып, ескі қарыннан сонысын да алып салды. Анда-санда түрегеліп қозғалғанда, шай құйған шақта жұмсақтау жылы денесін Бақтығұлға сүйкей өтеді.
Балалар әкесі келіп, үй ішінің шырайы өзгергенге мәз. Шеше мен әкенің жақсы қабақ, өң шырайларына бұлар да белгісіз себеппен жылынып, көңілдене бастады. Жұматай мен Бәтимә бірін-бірі түрткілеп, сықылықтап күлісе береді. Бақтыгүл үш-төрт кесе шай ішіп, қайтадан киініп түрегелді. Үй ішіне әрдәйім көп сөйлемей, сырт жаңалығын бір-ақ әкелетін тұйық мінезі бар-ды. Сол дағдысымен тек әйеліне ғана бір айналып:
- Аздан соң қабыңды алып кел, - деді де шығып кетті.
Жұматай ойнақыланып: біресе Сейіттің, бірде Бәтимөнің қолындағы ірімшік-құртын тартып алып, кейде алысып, кезек жағаласып қалып, көбінше өзі де қутыңдап, Сейітті де күлдіріп, үйде ойнап қалысты. Қатша балаларға: "Үйден шықпаңдар! Отты байқап отырыңдар; кісі келсе, "апам тезек тере кетті, деңдер!" деп жүріп кетті. Қора желкесіндегі бір жөке жақпардан асып түскенде, ар жағында үлкен қойтастың баурында боз биені жардай қылып жайратып тастаған ерін көрді. Үлкен ту биенің төрт борбайы көтерілген. Бақтығұл биені шапшаңдата сойып, терісін сыпырып тастаған екен. Бұл жартас тегі қора сияқты болып біткен. Айналасында кірер ауыз жоқ. Бұрын көл сияқты бірдеңенің орны болса керек. Келетін кісі сыртындағы бір-ақ жердегі ернеуден асып түседі. Айналасы тастан салған қабырғадай бітеу бір жасырын жер. Бұл жыраның сырты да жақсы. Маңайының бәрі де шашырап түскен үлкен-үлкен қойтас. Араларында белгі жоқ: быжырық шатқалаң. Сырт көзге де қалың бір бытқыл қиын жер боп жататын.
Қатша көк биені жұлқылап жатқан еріне көп сөз қатпай-ақ, бірге сойыса бастады.
Биенің ішін жарған соң да, Қатша мол етті мүшелеп бұзысуға қатты көмек етті. Қақпақ тастың түбіне кішкене қылып сыздықтатып, от тұтатты. Бақтығұлдың бірнеше күн аш екенін еске алып, май тыққан көк бауырды, тағы бір-екі кесек майлы етті де шоқтың арасына тастап жіберді. Бақтығұл түтіннен біреу сезіктенер деп ойласа да, әйеліне "қой" деген жоқ. Аштық ақыл ойлатпады. Сонымен кеш батқанша биені шала-шарпы сойып бо-лып, аз күнге керек болатын етті бұзып, ыңғайлап, қол мен санды бұзусыз күйінде қора тастың ішіндегі үңгірге орап апарып тығып, аузын үлкен таспен мықтап бекітіп, әзірге бір қап етті ғана алып, екеуі ымырт жабылар шақта үйге келді.
Бақтығұлдың көңлі талай күнгі қауіп, сақтық, тынышсыздықтан енді біраз жай тапқан. Қалың, тік қара мұрттың астынан сол сүйсінгендей жымияды да, үндемейді. Қатша қапаш-құпаш қамданып, кішкене қара қазанды жанып тұрған құрғақ аршаның үстіне асып жіберді. Мөлшерден артық болғанына қарамастан, биенің телшесін, қолқа-жүрегін, бірталай басқа майлы еттерін жалымен қосып салып тұрып, отты жиі қағыстырып, маздатып жаға бастады.
Өредікте отқа салып, балаларға бауыр пісіріп беріп отырды. Сейіт ала жаздай мынадай көп етті көрмейжүргендіктен, сүйсінсе де, сыртына шығарып білдірген жоқ. Бұл бала әке мен шешенің қуаныш-қызығынан, көңілді-көңілсіз күйлерінен әрдәйім әлденеден шеткерірек болатын. Кейде үй іші томсарып, ашумен тыртысып отырғанда, ол ерекше желігіп, өз-өзінен көтеріліп, ойнап кетеді. Ал тағы бір кезде үй іші мәз-мәйрам болып отырғанда, жабырқап, түнеріп, мең-зең боп, үндемей қалатын да әдеті бар. Ондай күйлері болғанда, алдына үйіп-төгіп қойған молшылықтың барлығы да оншалық әсер ете алмайтын. Қуана алмай, қоқыр тартып, әке-шешесін ұрына алмағандай, сазара қарап қалатын.
Жас ет асылып, шешесі күле түсіп, көп сөйлеп, балаларды аймалағанда, Сейіт құр сараң жымиғаны болмаса, шырай берген жоқ. Жылы, жарық оттың қасында бұрқылдап қайнап жатқан жылқының жас етінің исі мұрнына келе отырып, жайланған Бақтығұл енді қор етіп қалғып кетті.
Әйелінің әрбір сездерін тыңдай, кіші бала Бәтимәні шолақ тонының етегімен орап, қымтай түсіп, қайта-қайта қалғып оянады. Қатша етті тез пісірмек боп, отты қатты жағып асығады. Ерінің шаршағаны асты тездетуді тілейді. Бірталай уақыт өткен соң, кішкене қазанның асы да қайнап, пісуге жақындады. Қатша қол жуатын жылы суды шөугімге құйып, қалғып отырған күйеуін оятып, кішкене шырағдан жасады. Қазан түсіруге де қам қылды. Бақтығұл бойын мең-зең ғып, ауыр салмақпен басқан ұйқыдан көзін зорға ашты. Екі көзі қып-қызыл боп қанталап, жақындағы қызыл жалынмен ірең салыстырғандай жалт-жұлт етті. Ұйқы уақытында іргеден соққан күз суығынан жауырыны тоңазып қалған екен. Құнысып, ырғалып, жотасын бір-екі қозғағанда, бойы сәл сергіп қалды.
Бас жағында жерде жатқан белдігінен өткір, ұзын қара пышақты суырып алып, сол қолының бармағымен сүйкеп жүзін керді. Семіздің майында сынаптай жорғалағалы лыпып тұр. Сонда да етігінің қонышына бір-екі жанып жіберіп, от басында тұрған шәугімді еңкейтіп, сулап шайып алды.
Қатша қазанды түсіріп, табаққа ет салғалы қозғала беріп еді. Дәл осы шақта қораның алдыңғы жағына қарап, жаман сұр қаншық пен екі қара ала күшік шәу етіп үріп қоя берді. Қатша шошып қалып, ожау ұстаған қолын көтерген бойы айналып еріне қарады. Бақтығұл да мезгілсіз қадалып үрген ит даусынан сескеніп, кеудесін көтеріп, құлағын сыртқа қарай тіге қалды. Дүрсілдетіп жүріп келе жатқан көп аттың тұяғы мен сүйретіп келе жатқан сойылдың тастаққа соққан тықыры естілді. "Бәле болмаса игі еді, қазанның бетін жап!" деп қалды.
Қатша сасқанда қақпақты таба алмай, астында жатқан ала қапты алып, қазанның бетін жаба салды да, бусанып тұрған ожауды жанындағы шелектегі суға батырып жіберді. Өзі құр жерге жалпиып отыра кетті. Шала жабылған қаптың шетінен қазанның ыстық буы шығып жатса да, оны байқай алмады.
Үй іші есін жиғанша, аттылар жапырлап түсе-түсе қалып, алды үйге кіре бастады. Түстері суық. Енді аңғарса, Қозыбақ аулының жігіттері. Сырт ажар, сызданған жүздерінен өңшең нығыз, асқақ содыр топтай. Әлдекімге өздері тізесін батырып зорлық қылмаса, бұл өңірдің бірде-бір қазағы өз бетімен бұл топқа келіп, соқтыға алмастай. Бір болыс бүрген ішінде анық семізсінген қарталы мықтылар. Алдыңғы кіргендер ішінде Сәлменнің тап өзі. Қасындағы Қозыбақтың өңшең содыр мырзалары. Кішкене үйдің ішіне алдыңғы келгендер толып болса да, арты таусылмай кіре берді. Соңғылардың арасында теке сары сақалды, бітік көзді, ұзын сары кісі тәйтік сөздер сөйлеп кірді. Жанындағыларды қағытып, итере келген. Бақтығұлға амандаспады. Үй ішін айнала қарап, мұрнын тартып, тыржитты да, қазанның қасынан әлі күнге кете алмай, талтайып отырған Қатшаға сүйене келіп жайғасты. Бұл үймен таныстығы бар. Қатшаның сасып отырған кескінін қу көзбен шолып қалып, арсыздау күлкімен жымиып, көзін қысты.
Келген топтың басшысы - Сәлменнің күміс белдігі бар. Өзі қиылған қара мұртты, танауы ежірейген, үлкен қара көздері шаншыла қарайтын, аласа бойлы, қара жігіт көп іркілмей сөз бастады.
- Кеше түнде біздің Дөң жайлауда жатқан жылқыға ұры кіріп, бір ту биені алып, жылқышы Жамантайдың басын жарып, соққыға жығып кетіпті. Алдырған - албырт: анасының қойнын ашады. Із шалғанда, сүйреткен сойылдың сорабы осы ылдиға қарай кепті.