Қарадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-кабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан.
Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.
Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім, ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай алаңда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.
Маңайы қасқырдың ойнағы. Жас шөптер басылып, тапталып қалған. Жақындағы қарағандарда қасқырдың ақ жүндері көрінеді. Қыстан қалған түбіті кәзір де әр жерде сөйтіп, жұлынып қалып жүр. Індердің орта жерінде екі қалың сасыр шайқалып өсіпті. Қазірде соның түбінде қысқы жүні әбден түлеп болмаған ақ қасқыр жатыр. Баурында кішкентай көк күшіктері қыбырлайды. Жарқыраған қызулы күн бойын ерітеді. Көзі бір сығырайып ашылып, бір жұмылып қалғуға кетеді. Иіген емшектері жыбыр-жыбыр тартылады. Төбесінде сасыр шайқалып, ырғалады. Маңайдағы қараған мен итмұрын бастары қозғалақтайды.
Бір мезгілде бас жағынан сатыр-сұтыр, сырт-сырт сынған ши, тобылғы, қу шемшектер дыбысы келді де, есін жиғанша бірдеме қасына тасырлатып келіп қалды. Атып тұрды... Баурындағы көк күшік шашылып-төгіліп, ұмар-жұмар домалап қалды. Тұрғанда "арс" етіп, азу тістері ақсиып, ырылдай түрегелді.
Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан - көк шолақ. Ентіккен, көбік аққан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала, "ырр" етіп барып, бас салды. Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып, дар-дар айрылды. Сырт-сырт етіп, жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды. Тұмсығы мен бастары, мойын жүндері қып-қызыл болған қасқырдың жасыл көздері от шашады.
Аз уақытта екеуі қозының орнын ғана иіскелеп қалды. Енді біразда көк шөпте әрлі-берлі аунап-аунап, керіліп тұрып, жегендерін құса бастады.
Алдымен туған, көзі ашылған күшіктер жемденіп жатыр. Ең соңғы туған екі күшік баурын көтере алмай, тырбаңдап жатыр еді; енді оларды баурына алып емізе бастады.
II
Ертеңіне түсте жат иіс шықты, алыстан әлдеқандай дабырлаған дауыстар естіліп, жақындап келе жатты. Күшіктерді жоталарынан тістелеп, індерге тығып-тығып тастап, ақ қасқыр қараған ішіне кірді.
Ін үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап, дүбірлетіп келді; айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты. Ін аузына екі аяқтылар жыбырлады. Кергіш кездер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, баурын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді.
Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап, бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін - ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. Ін қаңырап қал-ды...
Осыдан соң бір жұма бойы маңайдағы ел күндіз-түні у-шу болып жатты. Қой жараланды. Қозы алып қашылды. Бұзаулар өлтірілді. Далада құлындаған биелердің бірнеше құлындары желінді.
Тұтқын болып кеткен көк күшік ауыл тұрғыны болды.
III
Көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш «Көксерек» деп ат қойып алды. Ертеңді-кеш айналасынан шықпайды. Өзіне жеке асқұйғыш - итаяқ әзір болды. Баурын көтеріп, тырбанып, жүруге айналған соң, мойнына жіп тағылды.
Үй ішінен шықпайды. Түн баласында Құрмаш қасына алып жатады. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып кетті. Бөлек жатады. Қасында не аяқ жағында, көрпенің астында Көксерек жатады.Жаз ортасына жақындаған кез болды. Көксерек үлкейді. Семіріп, жонданғандай да болды. Бірақ үлкейісі даладағыдай емес, бәсеңдеу. Ауылдағы езіғұрпы күшіктерден сонша үлкен емес.
Бұл уақытқа шейін Көксерек ауыл итінен көресіні көрді. Бірде-бір ит мұны дос көрмейді, маңына жақындатпайды. Қасқырға шабатын батыл төбеттер бұны талап та тастайды. Өзге көп ит те ырылдап үріп, кейде тап беріп, әр жерінен тістеп, тартып кетеді.
Құрмаш қасында болғанда таяқ жемейді. Бірақ ержете бастаған сайын, бұдан иесі көз жазып қала берді. Сондай кезде Көксерекке ылғи жау иттер кездеседі.
Бір уақыт үлкен үйдің үлкен қара ала төбеті оңашада бұны алып соғып, көп езгіледі. Бұны талап жатқанын көріп, өзге иттер де келіп шабынан алып, борбайынан созғылап, өлтіруге айналып еді. Шаң-шұңмен балалар, үлкендер жиылып кеп, иттерді ұрып, зорға айырып алды.
Бірақ Көксерек әлі күнге ешбір уақытта "қыңқ" етіп, ауырсынған дыбысын шығарған емес. Талаймын деп ит ұмтылса, жота жүні үрпиіп, үдірейіп тұрып алады. Тісі батып, қинап бара жатса, дыбыссыз ғана езуін ыржитады.
- Кәпір, қырыс, тағы емес пе! Кеудесін бермейді, жасымайды! - деп, ауыл аңыз ғылады.
Сонымен қатар Көксерек жайында ауыл-үйдің қатындары әр алуан өсек те таратып жүрді.
- Ұры. Асырасаң да, мал болмайды. Тұқымы жау емес пе! - десті.
Кейбіреулері "Түнде қозының құйрығын иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көреді. Иттен қорыққаннан ғана, үйде жатады" деседі. Құрмаш бұл өсектің бәрін елемейді.
Шынында Көксерек тамаққа өлгенше ашқарақ еді. Алдына құйып қойған асты әлі күнге қасында кісі қадалып тұрса, жаламайды, жемейді. Жалғыз-ақ кісі көзі тайса болды - кәзір жоқ қылады. Бірақ егер тіпті қарны ашып кетсе, өзіне бермеген асты да жеп қояды. Көрнеу ши ішіне кіріп кетіп, керегеге асулы тұрған ет болса, жас тері болса, қазанда іркіт, қатық болса - барлығын да өзінің ыдысына құйып қойғандай көріп, иіскелеп жалап, жеп кетеді.
Кейде сондай жерде ұсталып, таяқ та жейді. Талай рет оқыста төбесіне таңқ етіп тиген оқтаумен бойын тызылдатып, шыңғыртып тиген қамшыны да татты. Бұның жауабы - езуін ғана ыржитады. Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасы не екенін ұға алмады. Біресе өздері беріп тұрып: "же" дейді. Біресе сондай тамақты өзі тауып алып жеп жатса, ұрып салады. Сол себепті кей кездер алдына дайындап қойған тамақты да жемей, көзінің астымен жалт-жалт қарап жатушы еді.
Қалай да болса, үзіп-жұла жүріп, Көксерек аш болмайтын. Күніне екі мезгіл тамақ ішу мұның шарты болып алды. Екі рет қолдан ас құйылмаса, ол күні Көксерек өз бетімен барып, бірдемені жеп жататын.
Осымен жүріп жаз ортасы ауған кезде, Көксерек зіңгіттей көк шолақ қасқыр болып шықты. Енді қарала төбет те талай алмайды. Жота жүні үрпиіп, көздері жасылданып, бар тістерін көрсетіп, аузын ақситып ашып жіберіп тап бергенде, талай бұралқы төбет, быжыл қаншық қаңсылай, шәуілдей қашатын болды.
Мынадай кезде Құрмаштың өзі де қорқақтай барып, қой-қойлайтын еді.
IV
Жетілмей келе жатқан тісі ғана. Көксерек арлан еді. Сондықтан бұның бойы биіктене береді. Әлі тұрқы шығып ұзарған жоқ. Барлық жүні қара-көк, жотасы күдірейіп, ауыз омыртқа мен құйрығына шейін түп-тұтас болып, күлдіреуіштей бүгіледі. Атылып келе жатқан садақ оғындай үңілген, сүйірленген бір бітімі бар.
Өзі ешкімге ізденіп соқтықпайды. Ит баласына заты қастай, жібімейді. Әлі күнге бір рет жадырап, ойнап көрген емес. Татулык жок, суық. Жалғыз-ақ атын біледі. Құрмаш пен әжесі шақырса, келеді. Онда да жүгіріп келмей, құйрығын солектетіп, бүкеңдеп қана келеді. Бұны да ашыққан уақытында істейді. Әйтпесе көбінесе анадай жерде қырыстанып, көзінің астымен жалт-жұлт қарап, жатып алады. Барып түрткілеп, орнынан тұрғызып жіберген соң ғана үйге жүреді. Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді. Сол мінезін байқаған үлкендер:
- Енді бұны өлтіріп, терісін алу керек; осы кәпір түбінде ел болмайды, - дейтін де болып еді. Бірақ Құрмаш көнбеді.
Осымен тағы біраз жүргенде, біргүні Көксерек қара ала төбетке майдан берді. Қара ала төбеттің иесі Жұмаш бала жаз бойы Құрмашқа:
- Қасқырың болса қайтейін, менің қара ала төбетім бір-ақ бұрап соғады. Арашаламасаң, алдағашан өлтіріп тастар еді, - дей беретін.
Біргүні түсте Құрмаш Көксерекке тысқа алып шығып, ас құйып, жалатып тұрғанда, анадан шылапшынның салдырын естіген қара ала төбет үйдің көлеңкесінен шығып алып, адымды қойып еді.
Екпіндеген бетімен, жолында жасқап тұрған Құрмашқа қарамастан, келе Көксеректі бүйір жағынан келіп арс етіп, қауып түсті.
Бұрынырақ кезде бұндайда асын тастап, кісіге қарап жалтақтап, шығып кететін Көксерек енді зор дауыспен "гүрр" етіп, қара ала төбетті алқымынан ала түсті. Ұстаған жері құлақ шекеге жақын еді. Тебеттің мойнын бұрғызбастан қансыра тістеп, жұлқып-жұлқып жібергенде, үлкен төбеттің арт жағы бұлғаң-бұлғаң қағып барып, Көксеректің жанына дүрс етіп сұлап түсті.
Маңайдан жұрт дабырлап жиылып қалып еді. Кексерек қара аланы тамағынан қысып буындырып тұрып-тұрып, қоя берді де, жотасы үдірейіп топтан шыға берді.
Жеңген жаудың сығымынан зорға құтылған қара ала қаңсылап, жүні жықылып, бір жаққа кетті.
Осы оқиғаның ертеңінде кешке жақын ауыл жанында жатқан қойға қасқыр шапты. Дөң басындағы қойшының айғайымен қатар ауылдағы кәрі-жас, аттылы-жаяу иттерді айтақтап, түгел жүгіріп еді. Көп ішінде "Көксерек те кетті" деп, Құрмаш та жүгірді.
Бірақ. қасқырға ешбір ит жете алмады. Дөң аспай, иттің бәрі де, адам атаулы да тоқтап қалды. Сам жақтағы алыстары сары жотадан ереуілдеп, екі зор қарайған асты. Ол екі қасқыр еді. Солардың артында тұмсығын жерге салып, тоқталмай ағызып, Көксерек кетіп бара жатты. Бір кезде жотадан о да асты. Артынан Құрмаш пен өзге балалар бірі артынан бірі: "Кө-ө-к-ө-к-се-ре-к! Ке-е-к-с-е-ре-к!" деп шақырып, айқайлап жүгірді.
Әбден қас қараюға айналған уақытта Көксерек жалғыз өзі баяулап басып ауылға келді. Бірақ үйге кірген жоқ, анадайда тұрып, қайта-қайта шаңдатып, жер тырнайды. Сары жотаға қарап-қарап қойып, әрлі-берлі жүріп, жер иіскелейді. Тыныштала алмағандай.
Көксеректің бұл жайын байқап ап, Құрмаштың әкесі: »
- Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзқара; қой, балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық, - деп еді.
Құрмаш бұл сөзге көнбеді. Бірақ осы кештен екі күн өткен соң, Көксерек бір түн ішінде жоқ болды. Құрмаш қашып кетті деуге қимай, айналадағы ши-қарағанды, жар-жыраларды тегіс арылтты. Таба алмады. Осымен жұрттың бәрі кеттіге есептеп қойып еді, үш күн өткенде біргүні таңертең ойда жоқта Көксерек өз-өзінен сап ете түсті. Құрмаш пен әжесі қасқырдың бұл мінезіне сүйсініп, қуана қарсы алды. Бұл келгенде Көксерек екі бүйірі суалып, ашыққан. Өзінің үсті-басы батпақ болып сыбағысқан собалақ жүдеу пішінмен келді. Қайта тұрып қалды. Тағы да бұрынғысынша күйленіп, нық семіріп, енді орасан боп есе бастады.
Бұл соңғы күйленуі шынымен үлкен қасқыр боп ұлғаюының белгісі еді. Сонысын сезген болу керек, күздің бір қара дауылды қара түнінде Көксерек тағы жоқ боп шықты. Бұл жолғысы шын болды. Енді қайтып оралмастай болып кетті. Сол көк қасқыр саршұнақ пен қоянның көжегі сияқтыны азық қыла жүріп, өлместей боп алды. Қысқа да жеткен еді.
Жарық айлы түнде тұмсығынан бұрқырап бу шығады. Аязды түнде табанының астындағы қар шықыр-шықыр етеді.
Жотадан-жотаға жорытты. Талай жерден қарауыл қарап, желге тұмсығын төсеп, алыстан тартқан бір иіспен жүріп отырып, бір қыстаудың желкесінен келіп шықты. Тау желкесіндегі боз қарағанды, қарлы адырдан әрлі-берлі жүріп, көп аңдыды.
Шашау шыққан мал жоқ. Айналасы қарауытып, қыстау тұр. Бадырайып қараған көздердей болып, әр жерден төрт бұрышты қызыл оттар көрінеді. Пішен төбесі мен қораның ығында жатқан иттер үреді. Сақ, мазасыз...
Бірақ сол қорадан кеш бойы мұрнын жарып, өзіне тартқан қой исі де келеді.
Қораға жақындайын деп еді, көп иттер шулап үріп, маңайлатпады. Қатты аяздан тұмсығының ұшы, езуі ашып, шыдатпай, тоңа бастады. Табанына өткен ызғар да аяқтарын қарып, қатырып барады. Қайта жортып, адырға шықты.
Алғашқы рет амалсыздан көкке қарап, аузын ашып ышқынғанда ішінен зор дауыс шықты. Күтпеген дауыс. Көксеректің ең әуелгі ұлығаны осы еді.
Қарлы елсіз адырды басына көтеріп дауыс салды. Тынбай, ұзақ-ұзақ уақыт ұлыды. Мұның даусы шыққан сайын, сайдағы ауыл жақтан кеп иттің арс-ұрс, шәу-шәу етіп үргені естіледі.
Көксерек құйрығын артқы екі аяғының арасына тығып алып, аш белі бүгіліп, іші қайта-қайта солқ-солқ етіп ұлып тұр еді. Бір мезгілде дәл жанынан өзінің даусындай дауыс естілді. Ол да дәл осы сияқты ұлиды....
Көксеректің даусын естіп, маңайда жүрген қаншық қасқыр мұны іздеп келеді екен. Екеуі екі беттен бірін-бірі көрісімен, қарсы ұмтылысты. Етпеттеп біріне-бірі жақын келгенде "ырр", "ырр" етісіп, тістерін тигізіспей қағысып өтісті. Ашқарақ азулары сақ-сақ етті. Көксерек гүрілдеңкіреп, маңына кеп дарытқысы келмей, әрлі-берлі орытқып түсіп, жылдам оралып, ашу шақырғысы келіп еді. Ақ қасқыр айнала қыңсылай, бұның ізін иіскеледі. Аздан соң қүйрық жағынан бір иіскеп, сирағын жалап өтті. Екеуін иістері та-быстырды. Көксерек те айнала иіскеді. Бір-бір рет жақтарын жаласты. Көсіліп алып, сайға қарай салды. Екеуі де енді ши-рак, қатты жортады. Қора жанындағы дүңкиген сары жотаны құлдан тарта бергенде, қалың жүнді барқылдақ қара ала төбет соңдарына түсті. Бұл Көксеректің жаз бойы ырылдасып өскен ала төбеті болатын. Қасқырлар бой салып қашқан жоқ. Ақ қасқырды алдына салып, Көксерек арт жағына оңды-солды жалт-жалт қарап, ойға - тасаға таман түсті. Артындағы иттерді ілестірмек болып, үріп, қуып келе жатқан ала төбет бұлар ойға түскенде, тоқталуға айналып еді. Қалған иттер жота басында серейіп-серейіп тұрып қалып, сол арадан көр жіберіп тұрған. Енді қара ала тоқтауға айналғанда, Көксерек бұрыла сала тап берді.
Ақ қасқыр да айналып жіберіп, ағызып келіп алдына түсті. Екеуінің бетіне шыдай алмай, жалт бере қашқан ала төбет құйрығы шошаңдап, барбаңдап, бетке қарсы ұзай алмады. Ақ қасқыр бұрын жетіп, жұлып кетті. Арты көтеріліп барып түссе де, ала төбет жығылмай, қарсы қарап, ырылдап тұра қалып еді.
Сол кезде ғана бұларға жеткен Көксерек келе құлақ шекеден қауып түсіп, көз ілескенше қара аланы жұлып соғып, астына жұмарлап, басып алды.
Қасқырдың екеуінің де жоталары дүңкиіп, жон жүндері үрпиіп алған. Ауыздары басында қалың жүнге толып-толып шықса да, артынан ыстық қанға, жұмсақ етке, сырт-сырт сынған сүйекке де араласты. Аяқтарының астында ойылып қалған қалың қар бұрқ-бұрқ борайды. Жылы-жұмсаққа тұмсықтары кіріп алып, екеуі де өзге дыбыс шығармай, қорқ-қорқ асайды. Суық қар араласқан жылы тамақты қомағайланып, қылқ-қылқ жұтады.
Аяқтап келгенде екі санды екеуі ортасынан дар айырып, жұлып-жұлып әкетісті. Аздан соң қара аланың қара табандары мен құйрығы ғана қалды. Одан басқа әр жерде шашылған жүндер ғана жатыр.
Екеуі айға қарсы қаскарып, қайтадан Қарадырға тартты. Алдына - Көксерек, артына соның ізімен ақ қасқыр түсіп, адырға кіре бере бір ық жартастың бауырында екеуі бірдей аунап-аунап алды.
V
Осыдан соң екеуінің жұбы жазылған жоқ. Қасына серік ергеннен бері Көксерек зорайып қатты өсті. Аяқтары жуандап, жүндерінің бәрі де қалыңдап ұзарып, өзі жуан, өзі мықты көкжал болып алды. Қыс іші болса да, жоны шығып, алқымы түсіп, семіріп кетті.
Оның есебіне белгілі аты шулы екі қасқырдан Қарадырдың іші-тысындағы ел түгел көресіні көрді. Даладан қойшы алдынан қой тартып жейтін, жайлаудағы спырға шауып, тайыншадан бастап, үлкен сиырға шейін жейтін - осы екеуі. Февраль, март кезінде үш-төрт түйе де желінді. "Кісіден қорықпайды. Әсіресе бір көк шолақ бар. Қойды алып соғып, жарып жатқанда, қасына сойылсалым жерге келгенше қаштайды. Даладағы қойға тигенде, әуелі біреуі келіп шабады, соған қойшы алданып жүргенде, бір жақтан келіп, екіншісі шабады" десетін болды.
Боранды, аязды түндерде бірен-саран қораға да түсіп көрді. Бір кедейлеу ауылдың қой қорасына түсіп, он шақты қойын жалғыз Көксерек өзі өлтіріп, құтылып шыққан уақыты да болды. Бірнеше ауылдың "қасқырмен таласуға жарайды - ер, сақ" деп жүрген әлденеше иттері де желінді.
Және шірет жасағандай, Қарадырдың қыстауларына кезекпен соқтығады. Бірер күн бір-екі ауылдың айналасында қатты қимыл ғылып жүріп-жүріп, соның артынан бір жұма, он күндей бұл маңайда жоқ болып кетеді.
Оның есебіне екінші, үшінші ауылдар әлгінің көргенін көріп жатады. Әр ауылдың тұстарында өздерінің көрініс беріп келетін қарауыл жоталары, жылғалап келетін сай, өзектері бар. Торуға мезгіл таңдамайды: таңертеңі, түсі, түні - бәрібір. Күніне бір мардымды жем алмай, қанағат қылмайды.
Келгенде: ана кезең жақтан, анау шиден, ана қарағанды сайдан келеді десе, сол жерлерден айтқандай шығады. Бұлар айналдырып жүрген елдер малын шашау шығармай, көзден таса ғылмай, қия бастырмай-ақ сақайған болады. Бірақ күндіз-түннің бірінде неғылса да бір қапысы болмай тағы қоймайды. Көксерек дәл соған кез келгендей, дап-дайын болады.
Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, ешнәрсе ғыла алмады. »
Бір рет ғана белгілі бәйгі жирен атымен Арыстанбек шығып, соңдарынан түсіп еді. Оны адырдан адырға салып, адастырып кетті. Маңайламайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.
Мұның бәрі екі қасқыр жайындағы Қарадыр елінің аңызы, әңгімесі еді. Соңғы бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері екі қасқыр жайында болатын.
Көксерек семіргенде, ірілеп өскенде - осындай даңқ, атақ ішінде семіріп, өсіп келе жатыр еді.
Осы күйлердің бәрімен қатар, Көксерек оңашада, елсізде қатты ойыншы болатын. Түс кезінде, я таңертең бір малды тасада аунатып жеп алып, елсіздегі қашаңдау жатақтарына қайтады. Сондайда ақ қасқыр жүрістен талып келіп, тынығып жатса, Көксерек айналасында қар боратады. Жүгіріп, екпіндеп кеп тістеп өтеді. Басынан асып аунап түседі, кейде ақ қасқыр ырылдап, тісін сақылдатып, құлағын жымитып, ашумен тап береді. Ондайда Көксерек те қатты қорылдап, гүр-гүр етеді. Кейде секіріп кеп: ақ қасқырдың желкесінен қансыра тістеп алып, қысып тұрып-тұрып барып қоя береді. Екеуі осыдан әрі ұзасып барып таласпайды. Артынан Көксерек қайта ойнайды.
Күн жылына бастады. Бірнеше рет шағырмақ жақсы күндер болып, әр жердің қары тесілді. Ойдым-ойдым қара жерлер көріне бастады.
Жылы күн ұйқыны көп келтіреді, тамақтың артынан бойды көп сергітеді, етті шымырлатады. Ак қасқыр да ойыншы бола бастады. Өзі келіп Көксеректі иіскеп, жалай беретін болды. Қайта-қайта Көксеректің үстіне артыла береді, ыңырсып, тістелеп те қояды. Бой тартты... Екеуі қалың қараған арасында ұйығып та алды.
Көк молайып, жаз шыққан соң, екі қасқырдан Қарадырдың елі сап болды.
Қарадыр сыртында, елсізде екі үлкен ащы көл бар. Соның аралығындағы қалың шидің ішінде ескі ін болатын. Көксерек пен ақ қаскыр сонда. Жақын жерде -қамыс, одан әрі - көл. Қауіпсіз. Адам кезінен алыс жай, бастап келген - ақ қасқыр.
Бұл кезде Көксерек басқа жақтағы елді ториды. Ақ қасқыр ін маңында болады. Қамыс арасында көп құстардың жұмыртқасын жейді.
Біргүні Көксерек інге салып келіп, аузынан кесек-кесек қүйрықтарды құсып-құсып тастады. Бірақ бұрынғы дағды бойынша, ақ қасқыр қарсы шығушы еді. Оны істемеді. Көксерек ін аузын тырналап, шаң боратқан соң ғана, сүйретіліп зорға шықты.
Ін ішінен жат иіс сезіп, Көксерек басы мен кеудесін сұғып, "ырр" етіп барып, кішкене күйкі күшікті тістеп, суырып алып шықты. Бұл бұны істегенде, ақ қаскыр арсылдап, тап беріп еді. Көксерек сонда да тоқтамай, көк күшікті жерге жұлқып-жұлқып соғып, қабырғаларын кірт-кірт сындырып, өлтіріп тастады.
Бірақ бір емес, екінші, үшінші, тағы әлденешеуі пайда болды. Аяғында жылыды. Күшіктерді жалап, иіскелеп, кейде қастарына да жатады. Ақ қасқырға жем таситын болды.
Аздан соң серігі қайта қосылды. Көп ұзап шықпайды. Сонда да талай жерге еретін болды.
Біргүні екеуі бір қозыны жеп келе жатыр еді. Індерінің үстінен көп үлкен жаулар кетіп барады екен. Қамыс арасына бұқты. Жау озған соң, інге келді. Бірақ қана күшік қалған, бұралып тұра алмайды, арт жағын баса алмайды. Ақ қасқыр тістеп әкеліп, қамысқа тықты. Екеуі қайтадан Қарадырға бет қойды. Жарысып, кезек-кезек озысып отырып келіп, даладағы қойға тиді. Түн баласында құлын жеді, тай жеді.
Тыным алмай баяғы іздерімен баяғы елді қайта қан-қақсатты. Бұрынғыдан жаман құтырды...
Ақ қасқыр ойнамайды, қыңсылай береді. Жесе де, семірмейді. Кей уақытта жалғыз қаңғып кетеді. Көксерек артынан іздеп жүріп, зорға табады. Кейде Көксерек қатты жүріп кеткенде, бұл жүрмей тұрып та қалады. Көксерек қайта айналып келеді.
Кей уақыттар бір-екі күндер аш та қалысады.
Бірақ Қарадыр елі екі қасқырды ұмытқан жоқ. Әлде болса да, сол екеуін көре береді. Енді жер кепті. Жазғытұрғы көкпен көбең семірген желқуық айғырлар қайта мінілді.
Біргүні зор қуғын болды.
Үш үлкен жау Қарадырдың ойында тобылғылы шұбардан шығарып алып, екі қасқырды сатырлатып, бастырмалатып қуып берді. Екі айрыла қашты. Ақ қасқырдың желіні түгел қатқан жоқ екен. Бәрі бірдей соның соңына қарай үңілді.
Көксерек еріксіз ойысып келіп, үшеуінің алдына өзі түсті. Екеуі қатар қашты. Беттері Қарадыр еді. Ерікке қоймай, жандай шауып, тауға жібермей, қайырып алды. Ақ қасқыр ойға қарай қашты. Көксерек ерегісіп, тауға қарай тартып еді.
Мұны біреуі ғана қуып, екеуі ананың соңынан кетті. Ықтиярсыз айрылып кетті. Артында жерді дүрс-дүрс басқан қатты тұяқтар бұны енді ақ қасқырға қоспады. Сонан соң бұл адырға кіріп, бір-екі бел асқан соң, қуғыншыны адастырып, құтылып алды. Бірақ серігі жоқ. Сонымен қуғын күні Көксерек түні бойы ақ қасқырдың ізіне түсіп, жортып еді. Бір төбенің ойына келгенде, иіс те, із де бітті. Серігінің исі жоқ; оның орнына ат, адам иісі мол білінеді. Ағып, ұйып қалған қан көрінді. Азғана иіскелеп, бір рет жалап, дәмін де көрді.
Түн бойы көп-көп ұлыды, таң атқанша жер тарпып, шаң боратты, ыңырсыды, аунады. Ай астында әрлі-берлі сенделіп, көп аяңдап жүрді. Қасында көлеңкесі ғана жүр еді.
Тағы да жалғыз жортуылға түсті...
VI
Жаз бойы жалғыз тіршілік етті. Ащы көлдің солтүстік жағын жайлаған бес-алты ауыл Көксеректен тағы да көресіні көрді. Күндіз келіп, көл жағасында, қамыста жатады.
Түн баласында бір ауылдың шуын бір ауылдікіне қосып, бықпырт тигендей ғылады. Жаздай жеген қозы, бұзауының саны елу-алпысқа жетті.
Екі рет қуғын болды. Бірақ екеуінде де көлге түсіп кетіп, судың тап ортасына барып, дүңкиіп жатып алды. Саяз сулы, айналасы зор бастақ, батпақты ащы көл бұған үлкен қорған болып алды. Әсіресе жаңбырлы, желді түндерде, ай қараңғыда, ақ жауындарда Көксерек қатты құтырады.
Түнгі ауылдың қорасына шапқанда, күзетшінің айтағы, иттердің үріп тұрғаны - барлығы да бұған бөгет емес. Кей-кейде ара-түнде жарқ етіп, күрс беріп мылтық та атылады. Даусынан ғана біраз сескенеді. Азғантай ұзап кетеді де, ел тыныштала бергенде, қайта со-қтырады. Жасынан бір күнде екі рет ас жеп, ашқарақ болып үйренген Көксерек ауылға жақындап келгенде, көзі тұнып, есі шығып кетеді.
Сондықтан ауылға тақай бере-ақ, ағызып ат қояды. Қораны өрт шыққандай, жер сілкінгендей дүр-дүр еткізіп келіп, қақ жарып шыққанда, аузына кем болса бір-екі батпан құйрық ілінбей қалмайды.
Бұл жазда Көксерек қатты семіз болды. Алдағашан түлеген тақыр жүн күзелген жылқының жалындай қайратты, қатты-денесінің, толуы, бойының биіктеуі, қайратының молаюы биылғы жыл ерекше болды.
Күздің ұзақ таңында, бір дауылды қара түнде топ жылқыға араласып еді. Сонда қысырдың семіз асау тайын бастырмалатып қуып жетіп, құйрығынан алып, табандап тұрып қалғанда, тай тапжыла алмады. Аз тырмысып-тырмысып тұрып: қоя беріп қалғанда, тай екпінімен барып тоңқалаң аса түсті. Сонда ағызып келіп бас салып, алқымынан "гүрр" етіп қаба түскенде, тай көтеріп тұра алмай, Көксеректің астында ажал тапты.
Қайтадан қарлы, боранды қыс келді. Аязды, елсіз ұзақ далаларда аштық түндері басталды. Ашумен жер тарпып, қар боратып, көп ұлыды. Бір мезгілде ай астында ағараң-ағараң еткен көп топты көрді. Бұрылып, бір жаққа қарай жалтарғанша, тасырлатып, қар боратып, қасына ағызып келіп қалыпты.
Бұлар тілдері салақтаған, ауыздары арандай ашылған, жүгіріп келе жатқанда, бәрі тегіс ырс-ырс етеді. Иістері Көксеректің мұрнын жарды. Қарсы аяңдады. Қалың топтың алдында зор кәрі шолақ мұның жанынан "арс!" етіп, желді қауып өтті. Көксерек те тұмсығы ашумен ыржиып, тістерін сақ-сақ еткізді. Екеуі қайта беттесіп келгенде, біріне-бірі ұмтылмай, құр ғана жанасып, қор-қор етіп, ырсылдап тұрды.
Артынан жеткен көп ақ қаншықтар Көксеректі айнала иіскеледі. Бір үлкен ақ қасқыр келіп жағын жалады, бұұл қосылған топ жаңа ғана отардағы жылқыдан бір тайды жеп келе жатыр еді. да жалады. Бәрімен иіскелеп алды. Үлкен көк шолақ қана иіскелеп, жаласқан жоқ. Бәрі де аунап-аунап, қарды қауып-қауып алысты. Көксерек те соны істеді. Б
Бірігіп алып, адырға қарай жарысып жөнелісті. Бұл топтың саны он шақты. Әзірге басшысы - кек шолақ.
Қалғандары - қаншық қасқырлар. Үшеу-төртеуі күшік, оның ішінде бір-екі арланы бар. Бірақ олар көк шолақ пен Көксеректен қаймығады, көп ойнайды. Үлкендерімен ырылдасып, таласпайды.
Көксеректі қаншық қасқырлар көп жағалайды. Топ ішінде Көксеректен күйлі қасқыр жоқ. Бойға, денеге бұнымен көк шолақ қана таласады. Оның мойны Көксеректен де жуанырақ. Жалғыз-ақ жотасы ғана бұныкіне ұқсамайды: мұндай дүңкиген күдір емес, жазаңдау. Шабысқа артық болса да, алысқа мынадай сенімді сияқты емес.
Құтырынып шапқан мықты, қомағай топтың бетіне ештеңе қарсы тұра алмады.
Боранды күні ығып келе жатқан қойға араласып, бет-бетімен бөліп-бөліп әкетіп, талай қойды жаралап, жеп, қырып шықты. Көксерек қосылғаннан бергі алғашқы шабуыл осы еді. Тамақты емін-еркін аралас-қандықтан, әрқайсысы жеке-жеке, таласпай, қағыспай жесіп алды.
Қар қауып, аунап-аунап, тағы бірігіп алып, ілгері қарай салды. Артынан адам келіп, айырып алған қойлардың талайы таусылып біткен, талайы жаралы. Әр жерде сирағы, бас жүні шашылып қалған көп жемтіктер көрінеді.
Топтанып келіп жылқыға да шапты. Бірақ қоңын ойып алған, жағын сыдырып қалған тай болмаса, ешбірін жығып алып, емін-еркін жей алған жоқ. Көп жылқышы қуғын салып, жегізбеді.
Бір күн, бір түн аштық болды. Далада, сары жотаның басында шуласып, ұлып-ұлып алып, күнбатыс жақта түтіні шығып, қарауытып жатқан ауылға қарай тартып берді.
Ел орынға отырар кезде ауылға қайтып келе жатқан екі-үш жылқыға келіп араласты. Жылқының екеуі қашып, ауылға жақындап қалды да, біреуін Көксерек омбы қарға қамап кеп, белгілі әдісімен жығып алды. Кішілеу құнаншығар еді.
Бар қасқыр айнала тұра қалып, ашқарақ ауызды қойып-қойып жіберді. Алдағашан іші жарылған құнанның буы аспанға шығады. Қанжын басы-көздерін жауып, жота жүндері үрпиіп, естері шығып, асап жатыр.
Көксерек бұрынғы дағдысымен жемтіктің кеудесіне тұмсығын тығып жіберіп, жұлып асап жатыр еді.
Желкесінен "ырр" етіп бір ауыз тістей түсті. Бұл орын көк шолақтың орны болушы еді. Жемтіктен басын суырып алып, көк шолақтың асылып тұрған аяғынан қатты тістеп алып, үстінен жұлып тастады. Екеуі де жемтіктен шығып, біраз гүр-гүр етісіп тұрып, қайтадан қызылға ұмтылысты.
Таласа-тармаса жесіп алды. Соңғы бір-ақ сан қалған уақытта күшік қасқырлар мен қаншықтардың көбі шығып кетіп, екі көк шолақ қана жемтікті жұлмаласып қалды.
Өзгелер бұлар жеп болғанша, қарда аунап-аунап алды. Бірталайы төстерін қарға төсеп, күтіп жатыр еді.
Жем бітті. Тағы да адырға қарай тартты. Топ алдында екі көк шолақ қатар жортады. Біріне-бірі жол бермейді. Бірінің алдына бірі түссе, тірсектерінен тістеп, ырылдасып қалады. Азу тісінің бірі сынған көк шолақ ызалы, долы. Гүрілдеп сыздана берді. Екі күндей аш болысты.
Жылқы бұрынғы жерінде жоқ. Боран болған, қалың қар жауып, іздер де басылып қалған. Елсіз бір жарды жағалап келе жатқанда, кеуегінен шығып қоян қашты. Жардың екі жағына қақ жарылып бөлініп алып, ұмтылып қуды. Аздан соң қоян жардан шығып, Көксе-рек жаққа қарай далаға шыға, адырға беттей қашты. Бұл топтың алдында Көксерек еді. Қоянға жақындап келеді. Бір кезде төтеден ағындап жеке-дара болып, көк шолақ ағызды. Қоянға жақындап қысып келіп, Көксеректің алдына түсті. Артқы қасқырлар шұбап, алыста қалды.
Адырға кірді. Бірнеше тебелерден өтті. Көксерек кейіндеп қалып еді. Бір ылдида көк шолақ қоянды жұмарлап жатыр екен. Көксерек келе ауызды қойды. Екеуі жұлқысып тартысқанда, қоянның басы мен кеудесі көк шолақтың аузында кетті. Өзінде қалғанды қапаш-құпаш асап, Көксерек қайта тап берді.
Көк шолақ қоянның басын тастай беріп, арс етіп, Көксеректі аяқтан ала түсті. Ойда қар борап, аяқтарының асты аткөпір болды. Шапшып келіп гүрілдеседі. Тістері бір-біріне сатыр-сатыр тиісіп, қарш-қарш шайнасады. Тікейіп шапшыған бойда ұстасып тұрғанда, Көксерек басын бұрып жіберіп, көк шолақты құлақ шекеден ала түсті. Жасынан ауыл иттерінен үйренген әдісі еді. Аузы тиісімен жұлқып бұрап жібергенде, көк шолақ майысып барып, астына топ ете түсті.
Жығысымен, үстінен басып тұрып, құлақ шекеден ауызды жылжытып келіп, алқымға салды. Тамағынан қансыра қысып, буындырып алып, мойын сүйегін қырт-қырт шайнайды. Көк шолақтың аузы арандай ашылып, тынысы құрып, тыпырлауға шамасы келмей қалды.
Сол уақытта артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, көк шолаққа ауыз салысты. Былбырап аққан қызыл қанның иісі аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан, жалаңаш тестен мықты, өткір тістер жұлқып-жұлқып тартқанда, көк шолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап бу да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді. Аз уақытта көк шолақтан будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды.
Қалған топтың жалғыз даусыз басшысы Көксерек болды. Іздеп жүріп, отардағы жылқыны тауып алды. Тағы да аты шулы тоғыз қасқыр деген даңқы шықты.
Күндіз-түні жылқышы атаулыны күзеттен босандырмай, сонда да дамыл бермей, тай-құнанды жеп тұрды.
Артынан ерген тобы аштық көрген жоқ. Бәрі де жонданып, құтырынып, мықты жүргіш болып алды. Шетінен Көксерекше батыл. Сәл не істесе, соны істейді. Ара-тұра жылқыны тастап, маңайдағы ауылдарға да соғып кетеді. Тоғызы араласқан жерді сел қаптағандай, жау тигендей ғылады. Ат, сиыр сияқты ірі қаралар бір-ақ жеммен таусылып, жоқ болып қалатын болды.
Бір уақыт керуен жолында да болды. Кешеден бері ас жемей, ашыққан, аяздаған уақыт еді. Жалғыз атты, шаналы жүргіншіні қамады. Айналасына қар боратады. Біресе жолына барып жатып алады. Жартысы артына, жартысы алдына түсіп, қашпай, мезгіл сайын жақындап, аяң салып отырады.
Есі шыққан керуен аты жүре алмай қалған соң, айқай салып қашып еді. Атты топтарымен жығып салып талқандап, өлтіріп, талап жесе бастады. Топ осыған араласып жатқанда, Көксерек мұны тастай беріп, қасына бір-екі қаншықты ертіп алып, кісінің артынан қар боратып, бұрқыратып салып еді, жақындап қалғанда, кісі шошып жығылды. Бірақ алдары-нан айқайлап, сатырлап шапқан аттылар шығып қалып, айырып алды.
Осыдан соң Көксерек қатты долы, ызалы болып, сызданып алды. Ырқына көнбеген күшіктерді, жүріске ере алмаған қартаң қаншықтарды кейде бас салып талап та тастайды.
Тағы бір ретте қалың шилі қорықта отырған бес-алты ауылдың үстіне келді. Күндіз болатын. Күн шаңытқан аяз еді.
Шеткі ауыл бұларды көріп қалды. Ши шетінде қарда аунап жатқанда, бір түйе шықты. Үстінде кісі бар. Басына ақ оранған. Тура қасқырларға қарай жүрді.
Ат емес, қашпаса да болады. Бірақ түйе жақындап келгенде, бар қасқыр тұрып, далаға қарай ақырын бүлкектей берді. Топтың артынан Көксерек керенаулап зорға тұрып, қырыстанып артына қарап, ол да аяңдады. Түйе бақырып қояды да, шудасы желкілдеп желеді. Бетті елсізге қарай түзеп, қасқырлар бүлкектеді. Артында - Көксерек.
Түйе бұрылып кетер деп, бақылайды. Бұрылмайды. Көксерек ашығып қалып еді. Дәмелене бастады. Біресе жортыңқырап барып, алдыңғыларға жетеді де, бәрін тоқтатып, өзі жүресінен түсіп, түйеге қарап жатады. Түйе жакындап келгенде, өзгелер жылжи береді. Бұл да артынан тұрып аяңдайды.
Аяғында ауылдан әбден ұзап шықты. Көксерек өзгелерді ілгері жіберіп, өзі бір күшік қасқырмен бөліне, оң жақ бүйірге қарай тартты. Түйелі қиыстап, топ пен бұл екеуінің аралығына қарай беттеді. Әлі де түйе бақырады. Исі, дәмі қызықтырып, асықтырып барады. Көксерек түйенің артына түсті.
Бірақ әлі онша жақындаған жоқ. Түйе енді ақырын жүре бастады. Кейде тоқтап, алды-артына қарайды. Ақбас әрлі-берлі бұрылып, қозғалақтайды.
Түйе тоқтағанда, Көксерек те тоқтайды. Тұрған жерінен қар боратып, тарпына бастайды. Сөйтіп көп бір мезгілде арындап шауып, түйенің жанына жақындай келіп, қиыс өте берді.
Сол кезде түйе үстінен бір ұзын нәрсе шошайып созылды да, күрс етті. Өлгенше қатты ащы дауыс даланы сілкіндіріп, шошытып жіберді. Бар қасқыр қар боратып ытқып, қашып жөнелді.
Күрс етіп жөтелген көк түтінмен қатар Кексеректің артқы бір саны шыж ете түсті. Әрі ыстық, әрі суық бір нәрсе қадалып, шаншып қалды. Санын "арс" етіп қауып қалып, түйенің үсті тағы да сыртылдап қамданып жатқанда, бұ да ытқып қашып жөнелді.
Тоқталған жоқ, көп қашты. Бірнеше қырқадан, бір-екі жазықтан құлаш ұрып, шауып өтті. Өзге қасқырлар бір бөлек, бұл жалғыз - бір бөлек кетті.
Түйе қалып қойды. Жүгіріп-жүгіріп келіп, бір жартасты сайға кіре бере, арт жағы қиралаңдап барып құлап түсті. Жол бойы тоқтамай аққан қан әлін кетірді. Жарасының ауруын да жаңа тоқтар алдында ғана сезе бастаған.
Қыңсылап жатып, санын жаланды. Қан шығады. Бір тұрады, бір жатады. Тұрғанда, енді бір аяғын көтеріп тұрады. Үш аяғымен секектеп аяңдайды.
Арада бірнеше күн өтті. Осы сайдан шыққан жоқ. Ашығып бұралуға айналды. Бірақ аяғы ептеп басуға келді. Бір-екі қырқадан асты. Бір сайда үш төрт ат жайылып жүр екен. Бұғып қасына келді. Шетте арықтау бір көк шолақ ат түр еді. Тап беріп қуып отырып, қалың омбыға әкеліп қамады.
Осқырып, қорқып тұрған атты алқымынан алып, бауыздап түсті. Санын жұлды, қоңын ойды. Омбы қардан шығармай тұрып, жығып алды. Тоя жеп алып, сайына қайтты. Күнде кешті күтеді. Түн болған соң, жемтігіне келіп, асын жейді.
Осымен бес-алты күн өтті. Қайтадан жоны шығып, тыңайып алды. Аяғы да әбден басуға келді.
Күдірейген жоталы, ашулы Көксерек тағы да жортуылға шықты. Белгілі жемтік біткеніне екі күн болған. Содан бері аш еді. Жорыта-жорыта, баяғы Қарадырдан шықты.
Түске жақын мезгіл еді. Жота-жотадан қарауыл салды. Желге тұмсығын төсеп, белгілі иіс күтті. Алыстан таныс иіс келіп, мұрнына жетті. Маңайға жалт-жалт қарап алып, қырдан-қырды, адырдан-адырды кезіп отырып, күнбатысқа қарай шырқап салды.
Көп іздеді. Аяғында күн кешке жақындағанда, бір жотаның басында шошайған аттылы қойшыны көрді. Айналасында - сәл төбенің бетінде қой шашылып жайылып жүр. Теріп жеуге шашқан шашудай. Бірақ жақында ауыл бар. Алыстан ағындай бет түзеді. Жалғыз-ақ қарасын көріп қалған қойшы айғайды салып, бұған қарсы шапты.
Қойшы үлкен емес, бала даусы шошытпайды. Қой дүркіреп үркіп, қойшыға қарай қашты. Қасқыр жақындап, бір қызыл қойға ауызды салғалы ентелеп келіп қалып еді - бағанадан айғайлап келе жатқан қойшы қасына кеп қалыпты. Еріксіз жалтарып бұрыла беріп еді, қойшы бастырып қуып жөнелді.
Бой салып, қорқып қашқан жоқ. Содан ба, болмаса тегі жүйрік пе, әйтеуір боз ат бастырмалатып жетіп келіп, Көксеректің жотасына жеңіл ағаш сарт етіп тиіп қалды.
Сол-ақ екен, қарсы бұрылып алып, аттыға қарай "арс!" етіп шапшып қалды. Арандай ашылған ауыз бірдемені жұлып түспек еді. Ыңғайына бала тонының өңірі ілінді. Соны бөксертіп, жұлып түскенде, боз ат осқырып атқып кетті.
Баланың шошыған айғайы шықты. Қасқыр артына айналып тап бергенде, мөңкіп жүрген боздан бала аударылып құлап түсті. Көксеректе кәзірде бұрын ешқашан білінбеген долылық, жайындық бар еді. Туғаннан бергі барлық кересі осыдан - екі аяқтыдан дегендей, жығылып, домалап жатқан балаға тап берді. Оқыс секіргенде, санының жарасы ашылып, тыз етіп ашып қалып еді. Ол бұрынғыдан жаман ызаландырып, құтыртқандай. Боз ұзап қашып кетті. Қой да жоқ. Екпіндеп секіріп, ырылдап кеп, баланы бассалды.
Бұл бала Құрмаш еді. Қойшы ауырып қалып, әкесі бір күнге қойға жіберген еді. Астына мінгені өзінің жүйрік боз дөнені болатын. Үстіне гүрілдеп, қасқыр төніп келгенде, көзі бір ашылып, бір жұмылады. Басына таман арандай ашылып келе жатқан ауыздың жоғарғы жағында өзіне таныс құлақ көрінді. Сол жақтары тілік құлақтың жартысы салпылдап тұр. Ақырғы сезген-білгені - сол...
Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті. Көксерек ырылдап тұрып, тісінің ұшымен қағып, жұлып алып, басын шайқап өткенде, баланың бір жақ көзін қопарып алып кетті. Жүріп бара жатып, қылғып салды... Түнде баланың өлігін тауып алысты. Жанында тайдың ізіндей болып, үлкен қасқырдың ізі жатыр екен.
VII
Құрмаштың жаназасына жиналған Қарадыр елі Көксерек жайынан неше алуан әңгімелер құрды. Көпшілік мұны қорқау қасқыр деді. Кейбіреу құтырған қасқыр емес пе екен деп күдік айтты. Бірақ құтырған деуге орын жоқ. Ондай болса, бір баламен тоқтамас еді. Ауылға да шабар еді. Қойды да қуалар еді. Сол жиында бұны неғылса да ізіне түсіп соғып алуға, өлтіруге сөз байласты. Бұл әңгіменің ортасындағы Қасен еді. Ол - белгілі аңшы. Баяғыдан құс салып, ит жүгірткен. Өзі - осы маңайдың ауқатты, әлді жігіті; Қарадырдың мырзасымағы. Қалада қызметте тұратын інісі бар. Сол арқылы биыл күздігүні бұның аулына шетелден қасқыр алатын бір ит келген. Кәзір барлық Қарадырға да, маңайдағы өзге елге де даңқы шыққан Аққасқа - осы Қасеннің иті.
Келісімен Аққасқа күздігүні бір күннің ішінде бір бөлтірік, бір үлкен қасқыр алған. Өзі екі қар басқан екен. Кәзіргі уақытқа шейін алты қаскыр алыпты.
Аз күнде бір болыс елдің әңгімесі болған Аққасқаның арғы тегін тексерушілер де көп еді. Түбі ереймен итінің нәсілі деп көп, арғы затын ертегіге айналдыру үшін: "бұл қанжығалы қарт Бөгембай итінің тұқымы" дейтіндер де болған.