Қайнар көзден орта шелек суды ала көргенімде иен даланы жаңғырықтырған әзірейілдей дауыс естілді.
- Е-е-ей! Академик, тұмсығыңды бұ-зам-м-м! Сілейдім де қалдым. Тыңдап тұрмын. Шынында, менің атым Кемел еді, бірақ мұнда Академик деп атап кетті. Бақсам: арғы бетте трактордың үні өшіп тұр. Менің тұмсығымды бұзбақшы адамның аты - Абакир. Ол маған тағы ақырып-бақырып, қала берсе, жұдырық та жұмсайды. Қайтейін, су тасып үлгіре алмай жүрмін. Трактор екеу, мен - жалғыз. Екеуіне де жалғыз аттық арбамен су да, жанармай да, жағармай да, тағы басқа да керек-жарақты жеткізіп тұруым керек. Тракторлар болса осы маңдағы жалғыз қайнардан күн өткен сайын алыстап барады. Олар жер үстіндегі жападан-жалғыз қостан да, қос басындағы жанармай құйған цистернадан да бірте-бірте алыстап барады. Цистернаны тракторларға жақын жылжытып қоймақшы едік, қайдан болсын, ол да жалғыз бастауға байлаулы тұрған жоқ па. Ал, мына Абакир сияқтылар оны түсінгісі де келмейді, бар білгені: «Трактор тұрып қалса - тұмсығыңды бұзам! Қайдағы бір мұрынбоқ студент сымаққа бола уақыт кетіріп, арам тер болып жүрген жоқпын мұнда!» - дейді. Мен тіпті студент сымақ та емеспін. Институтқа түсу қаперімде болған жоқ. Мектеп бітірісімен осы Анархайға келдім. Бізді мұнда жөнелтер алдында жиналыста бәрімізді (ішінде мен де бармын ғой): «Тынды бағындыратын ерлер!», «Өзгерген өлкенің ер жүрек тұңғыштары!» - деп еді-ау. Енді ше? Тіпті ұят-ау: «Академик» атаныппын. Абакир оны шығарып жүрген. Өзімнен де бар. Аңкылдақ басым, бала құсап ойыма келгенді абайламай айта саламын. Сөйтіп жұртқа күлкі боламын. Бұл бір сөзге менен гөрі тарих мұғалімі Алдияров кінәлы екенін білер ме еді осы жүрт! Өлкетанушы ғой Алдияров! Сол өлкетанушымыздың айтқанының бәрін аузым аңқиып тыңдай беріппін ғой, міне, енді сазайымды тартып жүрмін...Сонымен бөшкемді суға толтырып болмай, жырадан жолға шықтым. Мұнда жол дейтін жол болып корген емес өмірі. Мен арбамен із салып жүрген. Алыстан, қарабарқын байтақ даланың ар жағынан трактордың кабинасы қараңдайды. Оның ішінде Абакир отыр. Жұлқынып, жұдырығын түйіп, мені жеті атамнан, түп-түқиянымнан түк қоймай әлі боқтап жатыр. Мен атқа қамшы бастым. Бошкедегі су шалпылдап арқама шашырап келеді, сонда да бар шабысқа салып келемін. Абакир көрсетер қазір көресімді. Мұнда өзім тіленіп келіп едім. Ешкім қинаған жоқ еді. Басқа балалар газеттер жаза беретін Қазақстандағы нағыз тыңға аттанды. Ал, Анархайға мен жалғыз тарттым. Мұнда жұмыс биыл көктемнен бері-ақ басталды. Оның өзінде екі-ақ трактор істейді. Бұл жердегі бәріміздің бастығымыз агроном Сорокин былтыр мұнда алақандай жерге тәлімі арпа өсіріп тәжірибе жасапты. Шығымы жаман болған жоқ деседі. Бұдан әрі де осындай өнім шыға берсе, Анархай даласында жемшөп проблемасын шешуге болады. Әйткенмен, жұрт әзірше жалтаң Анархайдың жазы өте аңызақ, ыстық болады ғой: тіпті тастақтағы тастікеннің өзінің де тамыры қурап қалатын кездер де ұшырасады. Мұнда малды қыстатуға күзден айдап келетін колхоздар да әзірше басқалардың еккені не болар екен, байқай тұралық деп тартыншақтап отыр. Мұндағы біздерді бармақпен санауға болатыны да сондықтан ғой: екі тракторшы, екі тіркеуші, аспаз әйел, су тасушы мен және агроном Сорокин. Тың бағындырушы армияның бар болғаны, міне, осы. Бізді дүниеде жан баласы білмейтін болар, жарық дүниеде не болып жатқанынан біз де бейхабармыз. Тек Сорокин ғана оқта-текте бір жаңалық айтып келеді. Ол атпен жақын шатқалдағы шопандарға барып, рация арқылы бастықтармен керіл-деседі, ақпар тапсырып қайтады. «И-ә-ә, мен тың дегенің бір үлкен думан деп жүрмін ғой! Айтқандайын осының бәріне біздің тарихшы Алдияров кінәлы. Анархайды оқушы балаларға жатып мақтап: «Анау қордай тауынан Балқаштың ну қамыс жағалауына дейін ғасырлар бойы тусырап, көсіліп жатқан жусанды байтақ дала! Бұрынғылардың айтуынша, ерте замаңда Анархайдың адырларына жылқы дегенің үйір-үйірімен сіңіп кетеді екен де, келе-келе жабайыланып топ-тобымен жосып жүреді екен. Анархай - өткен заманалардың тілсіз куәсы, жер қайысқан соғыс майданы, көшпелі тайпалардың алтын бесігі болған. Ал, бұл күндері Анархай бөктері ең шұрайлы мал жайылымына айналмақ!-.» -деп, қойшы әйтеуір, үсті-үстіне осы-
лайша үйіп-төкті дейсің. Ол кезде тамаша, картадан қарасаң Анархай алақандай-ақ еді. Енді не? Таң қылаң бере мына сұмпайы арбаны ары-бері айдаймын да жүремін. Кешке атты арбадан әрең шығарып, алдына осында машинамен жеткізілген сүр пішен саламын. Сонан соң Әлдей апай берген ауқатты құлықсыз ішіп, киіз үйдің ішіне қылжия-жетемін де, өлген кісідей тырп етпей ұйықтаймын. Ия, Анархайдың жусанды байтақ дала екені рас. Жүре берсем, тамаша табиғатын көре берсем дейсің, бірақ уақыт қайда. Бәрі ештеңе етпес еді-ау, бір нәрсе шылыма қонбайды. Абакирге менің нем ұнамайды, неге мені жек кереді? Күнім мұндай боларын бұрын білсемші. Мен, мәселенкі, қиындықтың бәріне де төзуге дайын едім. Мұнда қонаққа келген жоқпын ғой. Сөйте тұра болашақта өзіммен бірге жүріп, бірге тұратын адамдардың қандай болатынын ойламаппын ғой. Бар жерде де адам бірдей десем керек... Мен мұнда машинамен екі тәулік жүріп келдім. Кузовта мына, төрт дөңгелекті арба келе жатты. Әне, сонда мен осы арбаға бола мұншама қасіретке қалатынымды білсемші. Мен тіркеуші болып келдім ғой. Бұл көктем трактордың маңында болайын, жүре келе үйреніп, өзім трактор айдаймын ғой деп ойлағам. Ауданда маған солай деген. Арманым осы, Анархайға женеп бердім. Келсем, тіркеушілер толық, маған су тасушы боласың дейді. Әрине, бірден бас тартып, үйге қайтып кету керек еді. Оның үстіне өмірі қолыма қамыт пен оқтық ұстап көрген емес едім. Тіпті, жұмыс істеп көрдің бе десеңізші, рас, сенбіліктерде ғана қант заводында апама көмектескенім бар. Әкем майданда қаза болған, есімде жоқ. Міне, енді өзімше өмір сүріп көрмекшімін... Әттең, үйге бірден қайтып кету керек еді. Ұялдым. Жиналыста қанша дабыра болды десеңші! Бір жағынан апам жібермей әлек
салды, менің дәрігер болғанымды қалаушы еді. Бірақ қарысып отырып алдым, көмектесіп тұрам деп, көндірдім-ау, әйтеуір. Тез аттансам деп, тағат таппадым ғой сонда. Бірден үйге қайтып барсам, жұрт көзіне қайтіп қарар едім? Амал жоқ, су таситын арбаға отырдым. Рас, менің көрген азабым бұдан басталған жоқ. Жол үстінде, кузовта келе жатқанның өзінде жан-жағымнан көз ала алсамшы: міне, аңызға айналған көне Анархай! Жасыл жібек далада болар-болмас соқпақпен машина заулап келеді. Көз ұшында көгілдір сағым ойнайды. Қарсуынан жер әлі бусап жатыр. Әйтсе де дымқыл ауадан былтырғы сояудың түбінен күлтеленіп шыққан көк жусанның иісі сезіледі. Қарсы ескен қоңыр желден осынау жазираның қоңыраудай сыңғырлы үні мен мына көктемнің пәк тазалығын аңғарасың. Біз көз ұшындағы көкжиекке тура тартып келеміз, көкжиек болса алыстағы адырлардан ары аунап түсіп, Анархайдың көз жетпес жазығын үсті-үстіне көсілте жазып салып, бұлаң құйрыққа басып, жеткізбей келеді. Сонда мен сонау бір өткен заман үнін естігендей болдым. Жер қайысқан қалың қол. Найзалары жарқылдап, тулары желбіреген көшпелілердің атты әскері қиқулатып, топан суындай тасқындатып барады. Көз алдымнан ғаламат қанды шайқастар өтіп жатыр. Қылыштар шартылдасып, адамдар айқайлап, аспанға қарғыған аттардың тұяғынан жер дүбірлейді. Өзім де осы қырғынның ішінде жүрген сияқтымын... Енді бір шақ шайқас сап-сап тынып, көктемгі Анархайдан мамырлаған ақ үйлер көрінеді. Ауылдың үсті тезектің бұраландап ұшқан көк түтіні, аулақта отар-отар қой, үйір-үйір жылқы жатыр. Сонау сыртта қоңыраулары күмбірлеп бейсеубет түйе керуен кетіп барады. Паровоздың созылыңқы жаңғырық даусы мені қиялымнан айықтырып жіберді. Жал-құйрығы желге желбіреген тұлпардай, түтіні вагондардың үстін келбей ұшып, паровоз арқырап барады. Алыстан маған осылай көріңді. Поезд бірте-бірте кішірейіп, қарауытқан сызатқа айналып, бір кез мүлде кезден ғайып болды. Айдалада адасып қалған разъездің тұсынан темір жолды кесіп өтіп, ары тарттық... Қосқа келген күні-ақ бар сырымды білдіріп алдым. Жол-жөнекей көрген-білгенімнің әсерінен әлі арылып мағанмын. Қос басына таяу бір төбешікте ескіден қалған таспұт тұр екен. Дөрекі қашалған, жүз жылдық сұр тас ұсқын, жанарсыз кезін айдалаға қадап қарауыл қарап тұрған сияқты. Жауын мен жел жеп қойған қылилау оң жақ көзі ағып түскен тәрізді, қалың қабақ астынан көрлене қарап үрей туғызады. Тас кемпірді мен ұзақ қарап тұрып-тұрып, үйге келіп Сорокиннен:
- Сіз қалай ойлайсыз, жолдас агроном, мына тас кемпірді кім қойып кетті екен? - деп сұрадым.
Сорокин бір жаққа жиналып жатыр еді.
- Қалмақтар қойған шығар,- деді де атына мініп кетіп қалды. Сонда сонымен тына қойсамшы! Жо-жоқ! Мені түлен түртті ме, білмеймін, өлі өмпей-жөмпей танысып та үлгірмеген тракторшылар мен тіркеушілерге былай деп соқсам болар ма.
- Жоқ, бұл олай емес сияқты. Қалмақтар мұнда он жетінші ғасырда болған. Ал, мынау он екінші ғасырдың құлпытасы. Сірә, бұл тас кемпірді батысқа шыққан ұлы жорықтары кезінде монғолдар қойса керек-ті. Олармен бірге осы Тянь-шань өлкесіне сонау Енисейден, біз, қырғыздар да келгенбіз. Біз келгенше бұл жерді қыпшақтар жайлаған, ал олардан да бұрын жирен шаш, көкше көз адамдар мекендеген. Сонда трактор үстінде тұрған комбинезонды адам сөзімді бөліп жібермесе, тарихты ақтара берер ме едім, кім біледі. Ол Абакир еді.
- Әй, балақай! - деп маған алара қарады.- Білдік оқымысты екеніңді. Тұр, үйден тавот салған шприц әкел! Жаңағы әкелгенім салидол салған шприц екен-ау. « Академик, - деп қанталаған көзін әңменіме қадап өтіп, жақтырмай сыздана қалды,- Біз сияқты сауатсызға лекция оқисың, өзің болсаң биеден түйені ажырата алмайсың.» «Академик» деген ат енді соңымнан қалсайшы. Міне, ат-арбаны қуалап таяп келем, ал оның жағы қарысар емес, Кабинадан ырғып шығып, маған қарай жүрді. Айдауға аяғы малтығып жүгіріп келеді.
- Әй, сыққан битке ұқсап неғып ілбіп келесің! Сені қашанғы күтемін. Буындыра салайын ба, сүмелек күшік. Азар болса, бір мұрынбоқ академик кем болар! Ләм демей, тракторға таяу келдім. Не айтуға болады бұған? Трактордың менің кінәмнан тұрып қалғаны рас. Тіркеуші Қалипаның ара түскені әбиір болды қайта.
- Жә, сабыр, сабыр, Абакир! Айқайдан пайда жоқ. Қарашы, онсыз да сұр қалмапты. Әбден алқынып қапты, байғұс бала,- Менің қалтыраған қолымнан шелекті алып, Қалипа радиаторға су құйып жатыр.- Әлінше тырысып-ақ жүр ғой. Қарашы, үсті-басы сығып алғандай су-су...
- Су болса қайтейін! - деп Абакир арс етті,- Үйінде тыныш отырып кітабын оқи бермей ме.
- Жә, жарар! - Қалипа оны тыныштандырмақ.- Ашуыңның қаттысы-ай. Оның жарамайды, Абакир.
- Мұндайларға бәрін кешіп, ырық берсең өзің арам өлесің. Жоспарды орындадың ба деп, сенен емес, менен сұрайды ғой. Менің түбіме жеткен осы оқымысты милау екенінде басқаның шаруасы қанша! Менің оқымыстылығым осыған бәле болды-ау. Неге ғана оқыдым, тарихшы Алдияров маған қайдан тап болды десеңші? Бұл жерден көзімді жоғалтсам деймін. Мені загонның арғы басында да күтіп отырған адам бар. Ол тракторшы Садабек. Басалқалы, кексе кісі, ол әйтеуір ашуланса да, айқайламайды. Арт жағымнан матор гүр етті. Абакирдің тракторы жылжып барып жүріп кетті. «Уһ» деп дем алып, малмандай су фуфайкадан бойым тоңазып тұрмын. Бұл Абакир неге мұнша қырсық, ашушаң болып туды екен? Әлі жап-жас, отыздан енді-енді асты ғой. Рас, беті қалыңдау, құж-құж, қолы да арбиған, қақпандай қатты, әйтсе де өзі әлуетті. Ал көзі бар ғой, кезі жаман, тұсты. Қит етсең, қанталап қоя береді, онан кейін одан жақсылық күтпе. Осы жақында ғана бір оқиға болды. Іңірде жауған жаңбыр түнімен себелеп, бір сарынмен, сыбырлап, малшынған киізден сырғып ақты. Таң атқанда да тыйылмады. Үй ішіне амалсыз қамалып, сарылып отырмыз. Агроном Сорокин ғана аттанып кетті - оның ісі жауын-шашында да шаш етектен. Мал шаруашылығына да жауап береді. Анархайда тұңғыш рет қойды ерте қоздату қамында жүр, күні-түні тыным жоқ, әр уақыт ат үстінде. Күн кішкене саябырсығанда Садабектің тіркеуші інісі Есіркеп менің атымды ерттеп мініп, іргедегі шопандардың ауылына кетіп еді. Әлдей мен Қалипа шелек алып, бастауға кетті. Киіз үйде Абакир, Садабек, мен үшеуіміз-ақ қалдық. Әркім өз әрекетімен болып, қабағымыз ашылмай отырмыз. Абакир аяғын көсіліп, жамбастап, шылым тартып жатыр. Садабек ошақ басында терлік төсеніп, шоқай етігін жамап, біз қадап отыр. Бір бұрышта бүрісіп, кітап оқып мен отырмын. Үй іші ит байласа тұрғысыз. Су болған туырлықтан қойдың қоңырсық иісі шығады. Түндіктен анда-санда сары су тамшылап қояды. Ал тыста ақ жауынның баяғы бір сыбыры, көлшік судың беті жыбыр-жыбыр. Абакир еріне бір есінеп, буын-буыны сыртылдап керіліп алды да, қабағын түйіп, алдына қарамай, қолындағы шылымын лақтырып жіберіп еді, онысы киіздің шетіне барып түсті. Күйген жүннің қоңырсық иісі бірден қолқаны атты. Садабек шылымды ала салып, күлге тастады.
- Абайласаң болмай ма,- деді ол түкірігімен сулаған таспаны былғарыдан тарта беріп,- Орныңнан тұра алмай қалдың ба?
- Е, не боп қалды? - Абакир басын жерден жұлып алды.
- Киіз үйді.
- Байлығың күйіп кеткен екен ғой! - Абакир кекете мырс етті,- Шоқайыңды көктегеніңді білсеші, басқаны не қыласың!
- Әңгіме байлықта емес. Сен өз үйіңде отырған жоқсың. Мұнда сенен басқа да кісі бар.
- Өз үйімде отырмағанымды білемін. Өз үйімде сен сияқтымен сөйлеспес те едім. Түсіндің бе, бұтында тері шалбары қаудыраған неме. Қарғыс атқан бұл Анархай каторжниктер, сені мен сенің әйелің сияқты ақымақтардың тұратын жері ғой. Осында келіп жүрген мені де құдай соққан. Садабек таспаны жұлқи тартып қалды. Қолындағы бізі ұшып кетіп, ту сыртына түсті. 0л Абакирге атарға оғы жоқтай қадала қарады да, бір қолында етігі, бір қолында ішекше созылған таспасы бар, айбатшеге алға ұмтылды.
- Мейлі, мен ақымақ болайын, менімен бірге келіп, бәрімізге тамақ пісіріп беріп отырған әйелім де ақымақ бола қойсын! - деді ол тынысы тарылып,-Сеніңше, Анархайдағы басқа жұрттың бәрі каторжник пе? Мына қатыгез далада қысы-жазы мал бағып тыным таппай жүрген анау шопандар ше? Олар да каторжниктер ме? Оларды каторгаға сен айдап кеппең-ей? Әй, ит, айтшы кәне! - деп Садабек ақырын, тағалы етігінің қоншынан ұстай-мұстай орнынан атып тұрды. Абакир жалт беріп, іргедегі тоқпақтай кілтті бас салып, шайқаспақ боп мойнын ішіне жиыра қалды. Менде үрей жоқ. Міне, сұмдық. Бірін-бірі өлтіріп жібермесе нетті. - Қой, қой, Абакир! - деп арашалап жүрмін,- ұрма оны! Садабек, сіз де шатаспаңыз! - деп екеуінің аяғына оралып жалбарынып жүрмін. Садабек мені бір шетке лақтырып жіберді. Екеуі атылатын барыстай біріне-бірі қоз қадап үйдің ішін айналып жүр. Қапелімде қарама-қарсы атылғаңда Абакир тоқпақтай кілтпен періп-ақ жіберді, бірақ Садабек бүғып қалды да, қос қолымен тоқпақтай кілтті шап беріп ұстап алды. Дегенмен Абакир күшті еді. Ол Садабекті бүктеп алды. Енді екеуі қырылдасып, боқтасып, үй ішінде аунап жүр. Қастарына қарғып жетіп, бар күшпен тоқпақтай кілтке жармастым. Өлгенде
әрең жұлып алып, жүгіріп далаға шықтым. - Әлдей, Қалипа! - деп айқай салдым судан қайтқан екі әйелге,- Ойбай, тез! Төбелесіп жатыр, өлтіретін болды... Әйелдер шелектерін тастай салып, маған тұра жүгірді. Бәріміз үйге ұшып кірсек, Садабек пен Абакир әлі алысып, жерде домалап жүр екен. Біз екеуін әрең дегенде айырдық-ау. Әлдей өз күйеуін сыртқа шығарып жібермек болып еді. Бірақ Абакир Қалипаның қолынан жұлқынып шығып:
- Тұра тұр, қамытаяқ ит! Сен әлі-ақ жалынарсың, сасық неме. Сен әлі білмей жүр екенсің Абакирдің кім екенін! Кішкене, қатпа Әлдей Абакирдің алдына жетіп барып, айқай салды:
- Кәне, тиіп көрші! Көзіңді а-ғызып түсірейін! Өзіңді-өзің танымай қаларсың! Садабек сабасына түсіп, әйелін білегінен тартып:
- Қойшы соны, Әлдей! Осы да адам ба...- деді. Мен бұл кезде далаға шығып, әлгі арпалыста өзім лақтырып жіберген қара тоқпақтай кілтті тауып алдым да, біраз жер былай шығып, тас кемпірдің жанына көмдім. Сөйтіп өзімнің отыра қалып жыламасым бар ма. Лықсып келген дүлей ызадан тұла бойым селкілдеп жыладым. Мені ешкім көрген жоқ, маған не болғанын өзім де біле алмадым. Тек тас кемпір ғана менің қасіретімді тыңдап қалғандай, ағып түскен көзі қылиланып, сұстана қарап тұр. Айнала қалжырап, ты-
ныстап жатқан дымқыл бұлыңғыр дала. Оның атам заманнан бергі меңіреу тыныштығын ешбір дыбыс селт еткізбеген, тек мен ғана көзімді уқалап, өксігімді баса алмай отырмын. Ымырт жабылғанша осылай ұзақ отырып қалыппын...Міне, осынау жусанды далада осылайша жүріп жатқан жайым бар. Жанымды салып жұмыс істесем де іс оңына келер емес. Әне, жаңа Абакир тағы ұрысты. Бұдан әрі не істеу керек, ақылым жетпейді. Сонда да үнжырғаны түсірмеу керек, Әл құрымай артқа шегінбеу керек.
- Ал, жануар, шу-у! Екеуімізге жасып отыруға уақыт жоқ, жұмыс көп...Ертеңіне күндегіден ерте тұрдым. Кеше кешке ұйқыға кетер алдында бір ой түйдім. Енді мені біреу балағаттамақ тұрмақ, қатты сөз айтпайтын болсын. Өзіме сөз келтірмейтін боламын. Жетті, жұрт білсін менің де ешкімнен сорлы емес екенімді. Әуелі жанармай тасып, бақтарды толтырып қойдым. Содан соң радиаторга су құйып қояйын деп, бөшкемен қайнарға шапқыладым. Енді оразамды ашып алсам, бір минут бос жібермей, тағы да су тасу керек. Әзірше бәрінің сәті түсіп тұр. Сөйткенше, көкжиектегі буалдыр сағымнын ар жағынан күн оянғандай болды. Ол бейне бір Анархай жерінің көз жетпес кевдігіне қарауға именгевдей көпке дейін көтерілмей, тұрып алды. Әлден кейін көкжиектен сәл-сәл сығалап қарады. Таңғы шапаққа шомылған кең даладан ажары асқан бар ма екен дүниеде! Ғажайып көкжиек теңіз бір кезде тасып тығылып, жасыл сары бояуы құлпырған көгілдір толқындары жал-жал болып, қозғалмай қатып қалған секілді.О, Анархай, о, ұлы дала! Неге ғана үндемейсің, нендей ойға шомдың сен? Атам заманнан сақтаған қандай құпияң бар, алдыңнан күткен күн қандай? Су тасып жүргеніме өкінбеймін. Мен әлі машинаңды ауыздықтап мініп, бұл даланың төсінде ойнармын. Анау тұрған екі трактор мен біздің істеп жүрген мына тірлігіміз орасан бір істің басы ғана ғой әзір. Мен зерттеушілер Анархайдың астынан ағып жатқан үлкен-үлкен өзендер тауыпты дегенді бір жерден оқып едім. Мүмкін, бұл әлі болжау ғана шығар? Қайткен күнде де адамдар бұл жерді әлі суға қандырады, Анархай жасыл желекті бау-бақшаға бөленеді, арықтардан сыңқылдап салқын су ағады, алтын бидай самал желмен тербеліп, тебіренеді, мен сенен бұған! Бұл жерге әлі қалалар орнап, селолар сән түзейді. Келер ұрпақ бұл даланы ақ жарылқап Анархай елі деп атамақ! Арада талай-талай жылдар өтер. Бір күні сонда мен сияқты бір бала осы Анархайға келер, ол мына мен сияқты таңньш атысы, күннің батысы тынымсыз су тасып, есерсоқ әлдеёфеудің балағатауын естімейтін болады. Сөйтсе де, мен оның бақытына қызыға қоймаймьш, өйткені Анархайға алғаш келген менмін ғой! Арбамды тоқтата салып, таңғы атырапты тамашалап қарап тұрмын. Осы бір сәт жер үстіндегі ең бақытты, ең күшті, айта берсең ең сұлу адам мен едім. Ақ жарылқап, күн кетпесін басыңнан, Анархай елі!..Ақыры көкжиектен көтеріліп, әлемді жарқыратып, алып күн аунап шықты. Күн сәтті басталды. Ия, сәт, моторлардың үні өшкен жоқ, су тасып үлгіріп тұрмын. Бірақ күн батқанша әлі талай заман бар...Қайнарға қайта бір айналып келгенімде, оның басынан бір қора қозылы қой кердім. Оны бір қыз айдап келіпті. Қыз қой-қозыны қайнардың жылымына жібермей, жылғадан суарып тұр. Ау, кезде қайдан пайда болды? Сірә, сонау қостобенің ар жағындағы шатқалдан келді-ау деймін. Сонда шопандар отырушы еді. Қыздың дидары маған таныс сияқты. Бір рет бір журналдың бетінен дәл осындай кекілі мандайына түскен қытай қызының суретін көріп едім. Мына қызды бір жерде көрдім бе деп тұрғаным сол шығар. Үн-түн жоқ, бір-бірімізге қарап қалыппыз. Бұл қайдан пайда болды деп мен таң қалып тұрсам, бұл қайдан пайда болды деп о да. таң қалып тұрған сияқты. Бірақ мен сыр бермей, арбадан қарғып түсіп, апыл-құпыл бөшкемді суға толтыра бастадым. Суға қанып болған қойды қыз әрі айдап шыға берді.Тұсымнан етіп бара жатып:
- Бұл қайнардың аты қандай болды екен? - деді. Өзім лайлаған судың дөңгелек жүзіне қарап ойланып
қалдым. Рас-ау, жалғыз қайнарымыздың әйтеуір бір аты болу керек қой. Сөйтіп тұрғанымда, судың лайы тұнып, беті мөлдіреп, түбі тұңғиық тартты.
- Ботакоз! - дедім мен қызға бұрылып.
- Ботакоз қайнар ма? - кекілін желп еткізіп, күлімсіреп қалды,- Әдемі екен! Шынында ботаның көзіне ұқсайды, мұңайып қалыпты...Екеуіміз сөйлесіп кеттік. Қыз менің жерлесім болып шықты. Ол тегі менің мұғалімім Алдияровты да біледі екен. О, мына далада жүріп бейтаныс қыздың аузынан сүйікті мұғалімімнің есімін есту қандай ғанибет десеңші. Осы қыздың өзі де мына Анархайға Алдияровтын ықпалымен келген-ау деп ойлаймын. Бізбен көрші мектепті былтыр ғана бітірген екен, қазір сақманшы екен.
- Біздің қорадағы құдықтың суы ащы,- деді қыз,- Осы төңіректе бір қайнар бар дегенді естіп едім. Оны өзім де көргім келіп кетті, шырын судан қошақандар да ішсін деп едім. Осыларды өсіріп, күзде отарға қосып, өзім университетке оқуға түспекшімін...
- Алдағы уақытта мен де оқуға түспекшімін,- дедім мен.- Тек механизация жағына барамын. Мені мұнда тракторшы ретінде жіберіп еді, мынау әшейін,- деп бөшкені көрсеттім,- бұл уақытша көмектесіп жүргенім ғой... басқа бір су тасушы келу керек мұнда... Қап, аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалғаным-ай, бүйтіп бөсудің реті жоқ еді, әрине. Ұялғанымнан терім бұрқ етті, бірақ кенет су сепкендей басылды.
- Е-е-ей, академи-ик, тұмсығыңды бұза-а-мын! - Абакирдің әзірейіл даусы құлаққа шалынды.
- Ойбуй, әңгіме соғып тұрып қалыппын-ау!
- О, кім ол? - деді қыз түсінбей.
- Жай,- дедім міңгірлеп ерттей қызарып,- Су жеткізу керек. Қыз ез жәйімен қойын айдап кетті. Абакир болса трактордың кабинасына шығып алып, загонның алыс шетінен айқай салып, жұдырығын салмақтап тұр.
- Апырау, бара жатырмын ғой! Қарыстыр жағынды! Бөгде біреудің көзінше айқайламасаң қайтеді! - деп күбірлеп қапаланып, атпен шаба жөнелдім. Бөшкедегі су шалпылдап, басымнан аяғыма дейін шашырап тегіліп келеді. Мейлі тегілсе! Бір тамшы қалмай төгілсе де мейлі! Мұндай қорлыққа енді шыдай алмаймын!
Абакир кабинадан секіріп түсіп, ана жолғы сияқты маған тұра ұмтылды. Мен аттың басын тарттым:
- Егер сен маған бүйтіп айқайлай берсең, жұмысты тастап кетіп қаламын! Ол әуелі абыржып қалды, сонан соң барып ысқырып жіберді де, боқтап ала жөнелді.
- Сен сияқты мұрынбоқ академиксіз де мына өртеніп кеткір Анархай бар болатын, сен кетсең одаң Анархай жер астына түсіп жоқ болар деймісің! Кет, кетсең, жолың әне! Қара мұның шапылдасуын, жалаң бұт студент! Мен арбадан секіріп түстім де, қамшыны трактордан асыра лақтырып тастап, бет ауған жаққа?кете бардым.
- Тоқта, Кемел! Кетпе! Қайда барасың, тоқта! - деп артымнан Қалипа айқай салды.
Тоқтау қайда, қайта алға қарай адымдай түстім.
- Неғыласың, қарасы батсын! Онсыз да өлмейміз! - деген Абакирдің даусы естілді.
- Адам емес, дүлейсің сен, хайуан, мұның не енді! - деп Қалипа сөгіп жатыр.
Олардың бір-біріне айқайлап, ұрсысып жатқаны маған көпке дейін естіліп тұрды. Аялдамай әрмен қарай кете бердім, кете бердім. Қайда барсам да - маған бәрібір. Айнала қыбыр еткен бір тірі жан жоқ, дүниенің төрт бұрышына жол ашық. Қайнардың тұсынан, қостың тұсынан өттім. Таспұт тұрған төбешіктің жанынан да өте шықтым. Тас кемпір табалай күліп, ағып түскен көзімен мені шығарып салып, сан ғасырлар тұрған күйі жерге белшесінен батып, мелшиіп қала берді. Ештеңе ойламастан жүріп келем. Жалғыз уайымым: осы
жерден тезірек кетсем екен деймін. Қарғыс атқан Анархай желкемнін шүңқырын көріп қалсын.Құлазыған дала маңқия көсіліп жатыр. Төбешіктер де, ойпаң мен жыралар да - барлығы бір-біріне ұқсастығы сонша, ішің пысады. Бұл мылқау, сұрықсыз даланы кім жаратты екен? Қорлық көріп, жапа шеккен басым кермек жусан жамылған сұрғылт даланы кезіп нем бар? Қайда қарасаң да - мелшиген шөл дала. Апырау, адамға бұл арада не керек екен десеңші? Басқа жер жетпеді ме? Таңертеңгі қиялдарым енді өзіме ерсі болып көрінді. «Мәссаған, жусанды байтақ дала, мәссаған, Анархай елі!» -деп өз дәрменсіздігімді, панасыз ұнсырғам түскенін толайым сезіп, өзімді-өзім табалап келемін. Үстімде зау биік аспан, айнала көз жетпес алып дала осы дүниенің ортасында мен адасып қалған, кіп-кішкентай жан сияқтымын. Үстімде сырма фуфайка, аяғымда керзі етік, басымда өңі түскен тозық кепка бар. Осылайша жүріп келем. Соқпақ та жоқ, жол да жоқ. Әйтеуір жүріп келем. «Бір жерден темір жол бойына шығармын,-деп қоямын.- Жол жағалап жүріп отырып, әйтеуір бір разъезге жетіп алсам, товарныйга жармасам ғой. Ел-жұртқа барайын».
Арт жағымнан дүбірлеген тұяқ дыбысы, аттың пысқырғаны естілсе де бұрылмадым. Сорсжин ғой. Онан өзге кім дейсің? Қазір реніш айтып, қайтуға көндірмекші ғой. Қайтпаймын, қайтсе де!
- Тоқта! - деп баяу дауыс қылды Сорокин. Тоқтадым. Аты ақ көбікке малыныпты. Маған күнге күйген қас астындағы көкшіл көзімен үнсіз қарап алды да, сумкасына қолын салып, қып-қызыл қып менің комсомолдық жолдамамды алып шықты. Алғаш келген күні оны мен Сорокинге мақтанып тұрып тапсырып ем.
- Мә, мынаны тастап кетуге болмайды,- деді маған жолдаманы беріп тұрып. Көзқарасынан реніштің де, жиіркеніштің де белгісін таппадым. Мені айыптап та тұрған жоқ, аяп та тұрған жоқ. Бұл жұмыс басты боп, күллі кездейсоқ жағдайларға әлдеқашан көндіккен адамның сабырлы көзқарасы еді. Ол жирен сақалы өсіңкіреген, жүдеу бетін алақанымен сипап тұрып:
- Егер разъезд керек болса, оңға таман жүр, әне, анау қырқаның астында,- деді де, аттың басын бұрып, асықпай аяңдап жүріп кетті. Аң-таң болып, аузым аңқайып оның артынан қарап қалыппын. Маған ұрыспағаны қалай, қайта ғой деп көндірмегені несі? Болдырған аттың үстінде қалжырап отырғаны қалай? Әйелі, бала-шаға - семьясы әлдеқайда алыста, өзі болса жападан-жалғыз жылдар бойы осы даладан айнал-
шықтап шықпайды. Не қылған адам бұл, құлазыған Анархайдан не іздеп жүр? Неге екенін өзім де түсінбеймін, мен оның соңынан ілбіп еріп жүре беріппін. Кешін бәріміз киіз үйге жиналдық. Ешкім тіл қатпайды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық, тек ошақта жанған ағаш қана сырт-сырт етеді. Бәріне кінәлы мен. Әңгіме әлі басталған жоқ, бірақ Сорокиннің түнерген түріне қарағанда, бір нәрсе айтатын сияқты.
- Кәне, қайтеміз енді? - деді ақыры Сорокин ешкімге қарамастан.
- Немене, Анархайды топан суы алып бара ма? - деп шағып алды Абакир. Мұны естіген Садабек үн-түн жоқ үйден шығып жүре берді. Ана жолғы төбелестен кейін ол Абакирмен тіл қатысқан емес, қазір де әңгімеге араласпайын деді білем. Оның інісі Есіркеп те орнынан көтеріле беріп, қайта отырды. Абакир онымен де ырылдасып қалған. Мен жалынып қоймаған соң, бір күні Есіркеп екеуіміз орын ауыстырдық. Мен Садабектің тракторына тіркеуші болдым. Ол менің орныма су тасыды. Мәлім ғой, су жеткізе алмай сәл кешіккен екен, Абакир арсылдап бас салыпты. Бірақ Есіркеп осал жау емес. Ол менен үш жас үлкен еді. Абакирге ешкім жауап бермеді.
- Ойланатын не бар,- деді ол тағы да.- Жұмысты ақсатқан адам жауап берсін.
- Әңгіме кімнің кінәлы еместігін табуда болып тұрған жок,- деді Сорокин оған көз қырын салмастан.- Әңгіме мына жас азаматтың тағдыры туралы болып тұр. Енді не істейді?
- Тағдыр дейді ғой, ә! - деп мырс "етті Абакир.- Мұндай академиктердің тағдыры әлдеқашан шешілген, қолынан түк келмейтін қудың өздері ғой! - деп қолын бір сермеді,- Ал, өзің ойлашы, Сорокин, неге жарайды осылар? Біз табанымыз тасқа тілініп нан тауып жүргенде бұлар он жыл, одан да көп уақыт оқу оқиды. Бұларды біз асырадық, тамағы тоқ, киімі көк болды, содан не шықты, не үйренді? Машина айдай білмейді, атқа қамыт та кигізе алмайды. Қамытбауын да жөндеп байлай алмайды... Бұл үшін менің азаптанар нем бар! Мұның оқымыстылығы атамның басына керек пе, таспұттарды білгішін қара мұның. Қолынан түк келмейді екен, кетсін, басқаға кесірін тигізбей тайып тұрсын! Сорокин, сен маған салмақ сала берме, онсыз да жалғыз өзім есекшелеп жүрмін, жетер енді. Болмайды десең, ертең менің қарамды да көрмейсің. Ал, айтқаным айтқан: мен бұл сияқты академиктердің бәрін битше сыққылар едім.
- Жә, жетті! - деп Сорокин Абакирге зекіріп тастады. Оны біз сенсіз де білеміз. Әңгіме онда емес қой. Ал, айтшы, Кемел, өзіңнің не ойың бар? Бірден жауап бере қоймадым. Жаңа Абакирдің айтқанын тындап отырып, осының сандырағының да жаны бар-ау деп қалдым. Бірақ соны ол қандай қастандықпен табалап айтты десеңші! Мен не жаздым? Менің қол-аяғым жоқ па немесе Абакирдің істегенін істей алмайтын милаумын ба сонша? Әлде сауаттылығымның сазайын тартып жүрмін бе? Түсінсем бұйырмасын. Сөйтсе де, Сорокинге шаптықпай жауап беруге тырыстым.
- Мен мұнда тіркеуші болып келіп едім. Трактор жүргізуді үйренем деуші едім. Атқа қамыт кигізуді үйренігі болдым ғой. Мұны жұрттың бәрі біледі, Абакир де біледі. Осы жұмысты істей бергенде болар еді. Жоқ, енді су тасымаймын. Тасымаймын дегенімнен қайтпаймын.
- Бізде басқа жұмыс жоқ,-деді Сорокин.
- Онда маған кету керек қой,- дедім. Қалипа маған Қарап мұңайып бір күрсінді.
- Мен саған өз орнымды берер едім, Кемел, су тасуға мен-ақ барар едім, бірақ сен көнбейсің ғой...
Өз құлағыма өзім сенбедім. Қайырымдылығынан ба, жоқ әлде Абакирдің қылығына қынжылғандықтан ба (ол айқайлап, балағаттағанда ұялып, оның топас дөрекілігін білдірмей, жуып-шаюға тырысатын), кім білсін, әйтеуір, Қалипа маған өз орнын ұсынғаны сол, мен шытынап отырған күйімде ойланбастан:
- Барамын! - деп қойып қалыппын. Үйдің іші құлаққа ұрған танадай. Тек ошақтағы ағаштар ғана ысылдап сырт-сырт етеді. Бәрі аңырып маған қарай қалыпты. Олар мені қателескен болар, әлгі сөзін қайтып
алар деп отыр-ау, сірә? Маған жақсылық ойламайтын, мені жек көретін адамның уысына өзім барып түскен болып шықтым. Бірақ мен үндемедім. Айттым - болдым. Сорокин маған тағы да күдіктене қарады.
- Барасың ғой? - деді.
- Иә.
- Маған бәрібір! - деп Абакир ошаққа бір түкірді.- Бірақ ескертіп қоямын: сәл бір нәрсе болса, көк желкеңді үзіп жіберемін! - Алакөлеңкеде оның көзі ызғарлана жалт етіп, мысқыл мен егес нышанын көрсетті.
- «Сәл бір нәрсе болса» не қыласың? Күні бұрын қоқанлоқы не! - Ұдайы үндемей отырған Есіркеп ақыры шыдай алмай кетті,- Істемейтін несі бар! Менің соқамда істеді де ол.
- Саған не жоқ. Бөтен іске қыстырылма. Өзіміз білеміз. Тракторға да, жұмысқа да... мен жауап беремін.