Дауысымды сәл көтеріп бес жастағы жиен ініме:
– Арман, ұйықта! – дедім.
– Ойыныма кедергі болдың, сөйлемеші!
– Жарайды, үндемеймін! Үлкейгенде атам сияқты ақылды боламын!
Менің сөзіме құлақ түргенін байқап қыр көрсетіп, теріс қарап, үндемей қалдым. Арман тез арада ойыншықтарын жинап, бетімнен сүйіп, өлеңдете жөнелді:
– Альфия «атамдай ақылды болам» деп неге айттың, біздің атамыз қандай адам, айтып берші.
– Айтамын, егер сен төсекке жатсаң!
– Болды, жаттым.
– Ендеше мұқият тыңда!
Мен нағашы атам туралы айта бастадым:
– Біздің атамыз – Садықов Ақас Садуұлы – Қытайда туған. Ол ата-анасынан ерте қалып, жалғыз өскен. Сондықтан да ол қандай қиыншылық болса да өзі көтеруге үйреніп, қандай тығырыққа тірелсе да жол тауып шыға білген. Табанды болған. 21 жасында қазақ, араб, қытай және ұйғыр тілдерін жетік меңгеріп, көп оқыған. Соның арқасында қытайда шыққан газеттің редакциясында 8 жыл жұмыс істеді, содан соң әжемді кездестірді.
Арман ұйықтап қалған шығар деп мен әңгімемді шорт үздім.
– Әрi қарай неге айтпайсың? Біз қазір Қазақстанда тұрамыз ғой, атамыз бұл жаққа қашан келді? Мен ұйықтаған жоқпын, айтшы, – деді Арман. Даусынан еркелігімен қоса әңгімені тыңдағысы келген шын ықылас аңғарылады.
Атам туралы әңгімемді әрі қарай жалғадым:
– Атам отау құрған соң әжем екеуі Қазақстанға көшіп келді. Елге оралған соң «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істей бастады. Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Сол үшін де әріптестері арасында өте сыйлы болды.
Қытай елі берген білімді Кеңес өкіметі қабылдамағандықтан, 43 жасында КазГУ-дың журналистика факультетін бітіріп, осы салада көп еңбек етті. 1968 жылы Қазақ Кеңес энциклопедиясына жұмыс істеуге шақырды. Білесің бе, ол бас ғылыми редактор болған. Сөредегі 12 томдық кітапты көрдің ғой?
Армантай үн қатпастан маған қарады.
– Осы кітаптардың барлығы атамыздың басқаруымен шығарылған. Ол осы кітаптарды шығаруға 27 жыл өмірін сарп еткен. Сенің үлкен нағашы атаң бүкіл өмірін осы салаға арнаған. Әлі күнге дейін бірде-бір жаңа басылымды жібермей, әрбір мақаланы қадағалап оқиды. Мен өз атамды мақтан тұтамын! Үлкейгенде мен де алғыр боламын.
Ұйқыға кеткен Арманның пысылы менің әңгімемді тоқтатты.
– Мен ұйықтап жатқан жоқпын, ойланып жатырмын.
– Не туралы ойлап жатырсың?
– Мен де үлкен нағашы атам сияқты боламын! – деді де сәл үнсіз қалды. Содан соң:
– Альфия! Сен ертең атаға барасың ба? – деп сұрады.
– Иә, барамын, соңғы кезде денсаулығы болмай жүр, жаңа газеттер апарып беремін.
– Мынаны бере салшы, – деп Арман қолыма бір нәрсе ұстатты. Не екенін анықтайын деп, жарықты қосып ем, жиенімнің ең жақсы көретін ойыншығы –тасбақа екен.
– Тасбақаңды қиясың ба? – сол сәт таңданысымды жасыра алмаған едім.
–Иә, мұны атам қолынан тастамай ұстап жүрсе, ауырмайтын болады. Сөйтіп, мен есейгенде өзінің білетінін маған үйретеді. Болды, жарықты сөндір! Мен ерте тұруым керек, атам сияқты ақылдымын ғой.
Арман осыны айтты да тәтті ұйқыға кетті. Мен үшін оның арманы да тілі сияқты тәтті болып көрінді.
Менің атам
Страница: 1
Сообщений 1 страница 1 из 1
Поделиться12013-03-03 16:30:13
Страница: 1