http://yvision.kz/images/special/min-kult/books/144/cover.jpg

Қазақстан  Республикасы Мәдениет  министрлiгiнiң 
Тiл комитетi  «Мемлекеттiк тiлдi және Қазақстан
халқының басқа да тiлдерiн дамыту» бағдарламасы
бойынша шығарылды.

Пiкiр жазғандар: Д. Ысқақов,  ф.ғ.д., профессор;
Т. Тебегенов, ф.ғ.д., профессор
Құрастырғандар: Г. Орда,  ф.ғ.д.; 
А. Әлiбекұлы,  ф.ғ.к., доцент;
А. Қалиева, ф.ғ.к.

Қазақ балалар әдебиетiнiң классикалық үлгiлерi.  Бес томдық. – Алматы: Арда, 2011.
ISBN 9965-778-93-0
2-том:  Әңгiмелер – 368 б.
ISBN 9965-778-95-7 (2 т.)

Бес томдық жинақтың екiншi томына қазақ балалар әдебиетiнiң танымал классикалық туындылары енгiзiлген. Қазақтың классикалық сөз өнерiнде жасөспiрiм оқырманға арналған үздiк туындылар легi ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан бастау алатыны белгiлi. Аталған жинақта Ыбырай
Алтынсариннан бастап бүгiнгi таңға дейiнгi қазақ қаламгер-лерiнiң әңгiме жанрындағы көркем дүниелерi алғаш рет бiр еңбек көлемiнде топтастырылып берiлiп отыр.
Классикалық үлгiдегi әңгiмелердiң тiлi көркем, баяндау жүйесi жағынан жас оқырман қабылдауына сай. Шығармалар тартымды сюжеттiк оқиғаларға құрылған. Кiтапқа енген әңгiмелердiң көркемдiк деңгейiмен қоса, танымдық, тағылымдық мәнi де айрықша зор екенiн айта кеткен жөн.
Кiтап жас оқырмандарға және жалпы әдебиетсүйер көпшiлiк қауымға арналған.

ӨРМЕКШI, ҚҰМЫРСҚА, ҚАРЛЫҒАШ

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
– Анау өрмекшiнi көремiсiң, не iстеп жүр?
– Көремiн, өрмек тоқып жүр.
– Анау құмырсқаны көремiсiң?
– Көремiн, аузында бiр нанның уалшығы бар, жүгiрiп кетiп барады.
– Жоғары қара, аспанда не көрiнедi?
– Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тiстеген шөбi бар.
Сонда атасы айтты:
– Олай болса, шырағым, ол кiшкентай жәндiктер саған үлгi. Өрмекшi маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзiне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бiр нанның уалшығын тапқан соң өзi жемей, аузына тiстеп, қуанғаннан үйiне жүгiрiп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя iстеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бiр жан жоқ. Сенi де құ-дайтағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс iстеуге әдеттену керек, – дедi.

АТЫМТАЙ ЖОМАРТ

Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:
– Жомарт, құдай бергей дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.
Жомарт айтты дейдi:
– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын. Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн. Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен. Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

БАЙ МЕН ЖАРЛЫ БАЛАСЫ

Асан деген бай баласы, Үсен жарлы баласы – екеуi құрдас екен. Бiр күнi ел көшкенде қыр астында ойнап жүрiп, ескерiлмей, екеуi жұртта қалыпты. Бiр мезгiлде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастады, Үсен ойланып тұрды да айтты:
– Жылағанмен еш нәрсе өнбес. Көшкен ауылды iздеп табалық.
Жұртта бiр көзi сынған ине жатыр екен, оны алды және бiр пышақтың сынығын, бiр-екi уыстай қыл та-уып, оны да алды. Сонан соң ауылдың жұртын айнала жүгiрiп жүрiп, көштiң кеткен сүрлеуiн тауып, сол сүр-леуге түсiп жүре бердi.
Бiраз жер өткен соң сүрлеу екi айрылды. Мұны көрiп Асан жылай бастады:
– Ендi қайсысына түсемiз, – деп, Үсен қарап жүрiп, бiреуiне түстi:
– Мынау сүрлеу, бүгiн жүрген көштiң сүрлеуi екен – малдың жас тезегi бар, – дедi.
Бiраз жер жүрген соң Асан қарным ашты деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуiнiң алдынан бiр үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен iсi болмай жүре бердi. Үсен жүгiрiп барып сипалап жүрiп, үйректiң орнынан алты жұмыртқа тапты. Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп едi, Үсен алдырмай:
– Жолдан адасып көп күн жүрсек, бiзге тамақ, керек болар, үйректi де ұстап алайық, – дедi.
Асан айтты:
– Қалай ұстаймыз? Үсен:
– Мен әкемнiң ұстағандарын көрiп едiм, – деп, манағы жұрттан тауып алған қылдан есiп тұзақ iстедi де, оны апарып үйректiң ұясына құрды. Мұнан соң Асанды шақырып алып, екеуi бiр таса жерге, қалың шөптiң арасына барып жатты. Көп ұзамай-ақ үйрек қайта ұшып, жан-жағында адам көрiнбеген соң, ұясына келiп қонды. Бiтегенеден соң Үсен түрегелiп, жүгiрiп ұяға барып едi, үйрек ұша алмай далбырлады да қалды; қараса, үйрек мойнынан тұзаққа iлiнiп қалған екен.
Үйректi Асан:
– Тiрi алып, ойнап баралық, – дедi. Үсен айтты:
– Жоқ, әкем: үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта құдайтағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырады, бiрақ тiрiлей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы едi, әуре етпей бауыздап алалық, – деп, манағы жұрттан тауып алған пышақтың сынығымен бауыздап алды.
– Мұнан соң келе-келе жатып, түс ауған уақытта, екеуi бiр өзен-судың бойына жеттi. Су iшiп сусындарын қандырған соң Үсен айтты:
– Ендi бiр тамақ пiсiрiп желiк. Асан:
– От жоқ, неғылып пiсiрiп желiк? – дедi.
Үсен үндемей су жағалап жүгiрiп кетiп, бiр шақпақ тас тауып әкелдi және шапанының бiр кiшкентай жыртылған жерiнен аз ғана мақта суырып алып, оны тастың үстiне қойып, бәрiн бармағына ғана қатты қысып тұрып, манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып едi, от шығып, мақта тұтанды; сонан соң айналасына аз ғана тезек үгiп салып, Үсен өзi отты үрiп тұтандырып жатып, Асанды қу тал жинап алып кел деп жiбердi. Тал келтiрiлген соң от жағып, әуелi жұмыртқаны отқа салып пiсiрдi; онан соң үйректiң жүнiн жұлып, бұтарлап, бiр талдан iстiк iстеп, үйректi отқа қақтады. Пiскен соң екеуi де жесiп, тойып алысты.
Тамағы тойған соң көңiлiнен уайымы шығып, Асан су жағалап жүгiрiп кеттi, бiр мезгiлде дауыстады:
– Үсен, Үсен! Мынау тайыз жерде балықтарды қарашы! – деп.
Үсен оған қарамай баяғы жүрттан тапқан иненi отқа салды. Ине бiраздан соң оттың күшiмен ерiп, қызарды,
сол уақытта пышақпен иненi алып, ептеп идi, қармақ iстедi.
Сонан соң Асанды шақырып:
– Сен шегiртке тере бер, – дедi де, өзi манағы қылдан есiп қармаққа бау iстеп байлап, талдан кесiп оған сап iстедi. Сөйтiп, қармағы әбзелiмен даяр болған соң, Үсен суға барып, Асанның жиған шегiрткесiн жемге шаншып, қармағын суға салды. Су әдемi, айнадай таза су екен, iшiндегi ойнаған балықтары көрiнiп жүре-тұғын. Әуелi шабақтар келдi, бiреуi бiр, екеуi екi жемдi иiскеп, тиiп-қашып, жұлқып өтiп жүрдi. Сөйтiп тұрғанда шабақтар дүркiрей келiп қашты. Қараса, бiр шортан келген екен. Ол шортан жемге де қарамай, тәкаппарланып жайымен бұлғаңдап өтiп жүре бердi. Шортан өткен соң манағы бытырап кеткен шабақтар тағы жалма-жан жиылып келiсiп, жемнiң айналасында ойнап, бiрiн-бiрi қуып, жемге де тиiп-қашып, соғып өтiп жүрдi. Сөйтiп тұрғанда, шабақтар және дүркiрей қашып, жоқ боп кеттi. Қараса, бiр бөлек алабұғалар келген екен, жемдi ең бұрын көрген бiреуi тоқталмастан келiп асап келiп қалғанда, Үсен қармақты тартып алып, оны шығарып тастады. Сол қалыпша Үсен бiрталай алабұға алды.
Балықтың алынған қызығына айналып тұрып, балалар күннiң кешке таянып қалғанын аңғармаған да екен. Бiр мезгiлде Үсен күнге қарап:
– Ањ, күн кеш боп қалыпты ғой, жарықта өткел тауып алайық, – деп, қармақпен алған балықтарын бiреуiнiң шапанына орап алып, манағы шақпақ тасын және сабы-бауымен қармағын да қалдырмай алып, ендi өткел iздестi. Бұл турада Үсен кiдiрместен, манағы өздерiнiң түсiп келген сүрлеудiң өткен жерiн тауып алып, сол жерден өте шықты.
Бiраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және бiраздан соң ымырт жабылып, жол көрiнбедi. Түн болған соң, балалар екеуi де қорқайын дедi. Сөйтсе де Үсен сыр бiлдiрмей ендi жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек терiп от жақты. Бiраз отырған соң Асан күндiз көп жүрiп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы едi: «елдi жердiң ұрысы, далалы жердiң бөрiсi болады» деп, ұйықтамай отқа күндiзгi алған балығын пiсiрiп, ермек етiп отыра бердi; есiтуi бар едi: от жағып отырса, қасқыр келмейдi-мiс деп. Қарап отырса, бiр мезгiлде бiр топ киiк келдi. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзiнен үркiп жөнелдi. Бiраздан соң құлын, тайы бар бiр үйiр құлан келдi; айғыры алдында басын тiкшитiп, құйрығын шаншып, осқырынып, өзгелерi таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да ша-уып жөнелдi. Бiр мезгiлде жақын жерде қасқыр ұлыды; алысырақта өгiз-шағала адамша шыңғырып, бiресе жылаған балаша, бiресе қарқылдап күлген адамша, әр түрлi дауысқа салды. Үсен түйсiнiңкiреп, бойы мұздап, қолына манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра бердi. Сөйтiп, әр жануарларды көрiп және оттың жарығына жиылған құрт-құмырсқа, көбелектердi қарап, бұл көбелек, қоңыздар неге көрiне өлiм iздеп отқа түсе бередi екен деп, әр түрлi ойларға қалып, сүйенiп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла-жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: «Жүрер уақыт болды», – деп. Асан далада екенiн ұмытып, үйдегi қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертiп жолға шығысты.
Күн сәскеге шейiн жүрiп отырып, сәскеде сүрлеу бiр қатаң шоқаттау жерге түсiп көрiнбей кеттi. Балалар ендi қай жаққа жүрерiн бiлмей дағдарып тұрды. Сөйтiп, жан-жағына қарап тұрса, iлгергi алдында бiр биiк қыр үстiнде, үлкен мола көрiндi. Сонда Үсеннiң ойына әкесiнiң сөзi түстi: далада жүрiп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады дейдi екен. Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертiп, молаға қарай жүрдi. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты. Үсен ендi бiлдi жақын жерде көл бар екенiн, оның үшiн қаз сусыз жердi мекен етпейдi. Келiп екеуi ендi молалы қырға шықты, қараса, қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдiң айналасы да, iшi де жыңылдаған мал; жағасындағы жiбектей жапырылған көкорай қора-қора қой мен жылқы, жылқының бiр парасы көл iшiне кiрiп, белiнен құраққа кiрiп тұр, ендi бiр жақ жағасындағы сортаңда бiр топ түйе жатыр. Бұларды көрiп, балалар қырдан түсiп, жүгiрiп малға келдi. Келсе өз ауылдарының малы екен. Малшылар Асан, Үсендi көрiп, олар да қуанып, бiреуi әке-шешелерiнен сүйiншi сұраймыз деп шауып кеттi, өзгелерi балаларды атқа мiнгiзiп, ауылға алып жүрдi. Жолда келе жатып малшылар айтты:
– Сендердiң жұртта қалғаныңды бiлiп, кешеден ауылдың жан бiткенi iздеуге кетiп едi, – деп.
Нақ бесiн мезгiлiнде балалар аман-есен үйлерiне келiп, әке-шешелерiне қосылды дейдi.

Жаман жолдас

Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырапты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен, екiншiсi мықты, жас жiгiт, аюды көрген соң бұл жiгiт ауру жолдасын тастап, өзi бiр үлкен ағаштың басына шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты: есiтуi бар едi, аю өлген кiсiге тимейдi деп. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:
– Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кеттi? Ауру айтты дейдi:
– Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма дедi, – дейдi.

БIР УЫС МАҚТА

– Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:
– Балам, дүниедегi жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, – деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
– Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, – деп.
Шешесi:
– Балам, сол да жерде қалмайды, – дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:
– Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? – деп сұрады. Әжесi айтты:
– Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, – дедi.

МЕЙIРIМДI БАЛА

Қытай жұртында ескi заң бар, бiреудi алдағандығы мойнына түскен кiсiнiң қолын кесе-тұғын. Бiр төре осындай iспен күнәлi болып, әлгi айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлi төренiң жас қыз баласы әкем үшiн жауап беремiн деп, мәлiм болды. Қызды патшаға алып келiстi.
– Тақсыр, патшам, – дедi қыз, – менiң әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшiн қолынан айрылуы керек болды, мiнекей, тақсыр, әкемнiң қолы, – деп өзiнiң қолын көтердi. – Бұл қол да менiң жазықты болған атамның қолы, бiрақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейдi. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесiп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.
Патша баланың мұнша атасына мейiрiмдiлiгiне рақымы келiп, төренiң күнәсiн кештi дейдi.

ӘДЕП

Бiр жүрттың бас әкiмi екiншi бiр байға жолығысып сөйлесiп тұрғанда, қасынан бiр жарлы мұжық өтiп бара жатып иiлiп, бас ұрып сәлем бердi дейдi. Оған қарсы әлгi үлкен әкiм төре онан да төменiрек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жүрттың үстiнен қараған әкiмсiз, осы бiр мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейдi.
Сонда әкiм:
– Ешбiр iлiм-бiлiм үйренбеген мұжық сонша иiлiп, әдептiлiгiн көрсеткенде, мен онан әдепсiз болып қала-йын ба? – дедi дейдi.

АУРУДАН – АЯҒАН КҮШТIРЕК

Сейiт орам үстiнде жүгiрiп бара жатқанда, бiр арбалы келiп, аңдаусыз соғып кетiп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көрiп шошынғаннан шешесi есiнен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейiт жыламақ түгiл, сынған аяғын орнына салып таңып жат-қанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кiсi:
– Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? – деп сұрады.
Сейiт шешесi шығып кеткен соң, демiн алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейдi:
– Ауырмақ түгiл, жаным көзiме көрiнiп тұр, бiрақ менiң жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесiн деп, шыдап жатырмын, – дедi.

Жетiм

Жаз ортасының қоңыр кешi. Ұлы таудың бөктерiнде кештiң коңыр салқын желi еседi. Күн батып, ымырт жа-былып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгiрт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердiң арасымен үш салт атты келе жатыр едi. Бұлардың бетi – қалың таудың iшi. Күнбатыста алыста жауын бар едi. Сол алыста күн күркiреп жатты. Анда-санда көкжиектiң тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күштi едi. Қара-барқын тартып қараңғылана бастаған аспанда түксиген қатал қабақ, құлазып жүдеген иесiздiк бiлiнгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында бiр сөнiп, бiр лап етiп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығымен күңгiрт даланы әлденеге үмiттендiрiп тұрған сияқты. Тау бөктерiндегi қоңыр жел ақырындап бұралып соғып, салбыраған шерлi күйдi қозғағандай болады. Табиғат салқын түсте болса да, сұлу тiлдi сүйгендей, iздегендей едi. Мәңгi мұңлы шермен үзiлiп-үзiлiп соққан желмен бiрге жүректi ақырын-ақырын шымшығандай едi. Сол кезде иесiздiкте жүдеу тартып, ұйқыға батып бара жатқан даланы әншi жiгiттiң зар-мұңлы даусы ұзақ толқынды ырғағымен тербеткендей болды. Ән салқын түстi табиғат ортасында желiктi қызықты еске түсiрмей, ұлы бiр сабырды еске түсiргендей. Ән салған жiгiттер табиғатпен жалғасатын тiл тапқандай боп, кейде баяулап қоңырлатқан, кейде шырқыраған сұлу әнмен түн құшағына кiрiп келе жатты... Бұл мүйнетте адамның әнi де алыста күркiреген күндей, үзiлiп соққан бөктердiң желiндей табиғаттың өзiнен шыққан бiр қуат сияқты едi. Бойды табиғат қуатындай болып тоңазытып, көңiлдi жүз толқытатын қуаты бар едi. Ән кейде батқан күн мен бейуаққа қоштастырған үн сияқты.
Бұл жiгiттер иесiз таудың iшiмен түнде жүрiп өтпек болып, тау сыртындағы елдi бетiне алып, жалғыз аяқ жолмен түн қатып келе жатыр едi. Осы кезде осы таудың сыртында жiгiттер келе жатқан жақты бетiне алып, жалғыз жаяу бала келе жатты. Жол үстiнде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар.
Табиғат балаға қатал, суық көрiнедi. Жан-жақта жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер қайғылы сырымен, дүние шерiмен сазарғандай. Бетiндегi ақ көде, сары селеудi сүйретiлiп, сумаңдап соққан түн желi желпи қозғап сiлкiнтiп тұр. Қарауытқан көлеңкелi сайлар қара түннiң қараңғы сырын бауырына жиып, әлденеге сақтап тұрғандай болады. Белгiсiз тұңғиық жүрегiн жаныштады. Әрi салқын, әрi қорқынышты күйдi есiне түсiргендей болады. Жүрегiн қорқыныш басып, жал-ғыздық жеп келе жатқан баланы не бастап келедi? Жетi түнде айдап шыққан айдаушы кiм? Айдаушы сол баланың тағдыры едi.
Он жасар Қасымның бұдан бiр жыл бұрын кәрi анасы өлiп едi. Одан жарты жыл бұрын өзi туған әке-шешесi өлген... Өз әке-шешесi өлгенде Қасымның сүйенiшi болып қалған кәрi әжесi бар едi. Қасымның кiшкентай әлсiз басы тағдырдың бұның басына келерлiк барлық соққысын түгелiмен көрiп шыққан. Алдыңғы өлiмнен кейiн жарты жыл өткенде кәрi әжесi де өлiп едi. Бұрын-ғы бала – бұрын еркелiкпен жылайтын Қасым әжесi өлген күнi шын қайғымен жылап едi. Басына аспан құлағандай уайымды сол күнi көрiп едi.
Жақын, жанашыр туысқаны жоқ болса да, маңа-йындағы ел әжесiнiң өлiгiн үйден алып шығарда, кiш-кентай Қасым үлкейген кексе кiсi айтатын зардың бәрiн айтып, шешесiнiң үстiне жығылып, айрылғысы келмей құшақтап:
– Әжетай, менi кiмге тастап кеттiң?! Менi неге ала кетпедiң, менiң қаңғып қалғаным ба? Менiң шынымен сорлы, шынымен жетiм болғаным ба? – деп зарлағанда, елдiң сай-сүйегiн босатып, кәрi-жастың жүрегiн ерiткен болатын.
Қасымға өзге өлiктiң бәрiнен әжесiнiң өлiгi батып едi. Әжесi демi үзiлген мүйнетiне шейiн қарсы алдына, аяқ жағына Қасымды отырғызып қойып, содан көзiн алмай жатып үзiлген. Кәрi кеудесiнен жаны шыққанша, Қасымға ендiгi қайғының қаншалық ауыр болатынын бiлiп, бұның сорлы болған пiшiнiн көруге өзiнiң көзi шыдамай, есiркеп, барлық күшiн жиып, езу тартып күлген сияқтанып жатып едi. Сонда өмiр тiлесе – Қасым ержеткенше деп тiлеген. «Құлынымның бұғанасы қатқанша, рақым ет. Сорлы қылып кақсатпа, зарлатпа, көрде менi күңiрентпе!» деп тiлеп едi.
Әжесi осы тiлектiң үстiнде өлiп едi. Қасым сол күнгi жылауынан бастап, үлкен кiсiдей қайғыға, қаралы күйге түстi. Шешесiн жоқтап жылағанда, елжiрей сүйген атасы, өз әке-шешесi түгелiмен көз алдына келiп елестеп, кешегi жылы ұяны көз алдына әкеп тұрғандай болушы едi. Қасым бәрiнiң де атын атап шақырып, кiшкене ақ таяққа сүйенiп тұрып, жалғыз өзi оңашаға кетiп, зарланып жылаушы едi.
Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзiн алдына алып сүйiп уатып, көзiн сүртiп жүрген әке-шешелерiн көрушi едi.
Бәрi де – бiз тiрiлiп келдiк, ендi өлмеймiз... Сен қорғансыз емессiң, сен жыламайсың, сенiң көз жасың бiздi қайта алып келдi... деушi едi. Қасым түсiнде еркелеп, әжесiнiң төсiн иiскеп, «менi неге жылаттың?» деп өкпе айтатын. Ояна келсе, көргенi түс болса да, Қасымның көңлi солардың өлгенiне көпке шейiн сенбей жүрдi. Белгiсiзден солардан хабар әкелушi бардай, не болмаса бiреуi келетiндей, көңiл хиялын сол ой билейдi.
Бiрақ күндер өттi. Қасым жетiм болды. Жетiмдiк бұған өзiн барлық суық пiшiнiнде емiн-еркiн танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.
Күннен-күн өткен сайын әжесi келмейтiн болып, алыстай бастады. Оның бейiтi Ұлытаудың бөктерiнде алыста қалды. Ауыл тау асып көшiп кеттi. Әжесi тiрi болған күн Қасымның көңлiнен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түстi бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесiнiң мұны уатып айтатын ертегiсi, кешкi мезгiлде алдына алып күпiсiне орап отырып, тербетiп айтатын сезiмдi коңыр әнi де жоғалды. Өштi. Қасымның үмiттi жарық күнi де батты.
Әжесi өткен соң «жақынымын» деп, жаны ашыған ие болып шығып, Иса деген ағайыны Қасымды қолына алды. Қасымның әке-шешесiнен отыз шақты қой, он шақты қара қалып едi.
Исаға Қасымның малын берерде жұрт: «Жетiмнiң малына қиянат қылма! Өзiн адам ғыл, күт, асыра, жылатпа!» деп тапсырған болып берiп едi.
– Менi мұндай сорлы ғылғандай не жазып едiм?.. Неңдi жеп едiм?! Жазығым – қуарып қалған жетiмдiгiм бе? – деп, жерде жатқан үлкен тасты ала салып, төнiп келiп қалған Исаны тiзесiнен перiп кеп жiберiп, далаға қарай қаша жөнелiп едi.
Иса аузына келгенiн айтып боқтап, аяғы мертiгiп «бақ» етiп отырып қалды. Қасым сол бетiмен тас лақтыртып қуған балаларға жеткiзбей, үлкен тауға қарай жөнелiп кеткен.
Ауылға ендi қайта бара аямайтынын бiлiп, зарлай еңiреп, әжесi мен атасының атын атап шақырып келе жатқанда, бұрыннан ойлап жүрген бiр көмескi ниетi есiне түстi, ол ниетi – ел жайлаудан қайта оралып, қыстауға таман жақындаған соң, сол қыстау маңында зираты бар әке-шешелерiнiң басына бармақшы едi. Олардың басына мал сойып апарып, құран оқытамын дегенде, алдында Иса мен Қадиша ұрсып, қабыл алмай, малды сойғызбай қойған.
Қазiргi Қасымның ойы: ендi баратын қорған жоқ болғандықтан сол қораға барып, сол маңайда қалған жатақтарға жетiп, тау бөктерiндегi әке-шешелерiнiң басына барып, қабырын құшақтап жылау едi. Тау асатын жолда жалғыз келе жатқан зар еңiреген жетiм бала Қасымды алып келе жатқан хал осы.
Қасым жүгiре бастады. Шошынған қабақпен алды-артына қарай бередi. Жетiм көзi белгiсiз бiрдеменi күткендей болады. Пайдасыз күту. Iшiнен қатты кор-қып келе жатса да, көзiне көрiнер тiрi жан жоқ. Қап-қараңғы түн болды. Қасым тау iшiнде келе жатыр. Бұдан кiшiрек күнiнде көп естiген қараңғы сырлы әңгiмелер болушы едi. Түнде кездесетiн жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар... сау адамды қағып кететiн перiлер. Бұлардың талай рет түн жүргiншiлерiн шошытқан, жындандырған, көзiне көрiнiп елестеген әңгiмелерi кiшкен-тай Қасымның көңiлiне әбден қонып, онсыз да науқасты әлсiз хиялында мықты орын алып қалған...
Бұл уақытқа шейiн Қасымды қайғы, жазықсыздық, ашу жетелеп дедектетiп келiп едi. Бұдан бұрын қайта қайту, Исаның пiшiнiн көруден де өлiмдi таңдап алатындай едi. Сол күй қорқынышты ойлатпай алып кетiп едi. Кәзiргi уақытта қараңғы түннiң қара желi қатайып, түн түсi суи бастаған сайын, Қасымның жүрегi қалтырап, шошынып, елеңдеп келе жатты. Оның үстiне алыс-тағы бұлт жиi-жиi күркiреп, күн жарқылдайды. Түнгi тау, қара жартас алыстан перiлер мекенiндей болып  жарқ етiп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. Түн қараңғылығы жалт еткен жарықты тездетiп, жалмауыздай басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттерi түндегi таудың қараңғы пәлелерiн iшiне бүгiп жиып тұрғандай көрiнедi... Тоғайда да қалың жапырақтың арасында қара бiрдеме жасырынып, әлде ненi күтiп тұрғандай. Әрбiр түптiң астынан қара түннiң тұңғиық, суық, терең қара көздерi мың сан болып қадалып қарап тұрғандай... Биiк тау, мықты қара жартас, бұралған тоғай мен майысқан шалғын – барлығы да түн мезгiлiнде Қасымның көзiне жат болып кеткендей көрiнедi. Тас қабақты, жұлдыз көздi, түндей қара түстi қара кемпiр тау iшiн құйындай құтырып, кезiп жүргендей. Қара желiмен «әпсiн» оқып үшкiрiп тұрғандай. Дүниенi тас қып қатырып, тылсым буғандай. Түн тыныштығын ұйқылы қанатын жалпылдатып қарып ұшқан жалғыз ғана қарақұс бұзады. Сондықтан оның атын жынды құс қойған. Осы сияқты ауыр мезгiлде Қасымды тау iшiнде жетiмдiк қайғысы жан ұшыртып алып келе жатты... Бiр мезгiлде, Қасым қорқып, дiрiлдеген жүрекпен маңайына жалтаңдап, әр нәрседен үркiп келе жатқанда, күн жарқ еттi. Сол уақытта жол жиегiндегi бiр кiшкене тоғайға келiп қалып едi. Оқыста көзiн жұмдырып шошытып қалған жарықтың iшiнде Қасым көз алдынан елбеңдеп жөнелген бiр нәрсенiң түсiн шалып қалды. Шошынып, өне бойы мұздап, жүрегi лүпiлдеп соғып кеттi. Бұл кеткен сол тоғай iшiнен ұшқан жынды құс едi.
Бiрақ Қасымға ол көптен күткен қараңғы сырлы күштi қуаттың бiрi болып көрiндi. Сол кезде Қасымды шешесiнiң қабырына қарай тартқан жетiм жүрек өзге денесiнiң iркiлейiн дегенiне ерiк бермей, iлгерi дедек-тетiп алып жүрiп кеттi. Бiрақ бұл уақыттағы серiгi кiм? Перiште дегенi осы ма? Әлде жын ба? Әйтеуiр ендi алдында бұлдырлап, елестеп жүгiргендей болып, елбеңдеген бiр нәрсе жолын бастап келе жатқан сияқты. Қасым бiр уақыт кiсi екен деп ес көргендей болып едi, артынан шоши бастады. Жүрегi сенiмсiздiк хаупiмен тағы лүпiлдеп соқты. Ақырын жүрiп, кейiндегiсi келдi... Бiр мезгiлде бетiне құтырып, ысқырып келiп ұйтқыған бiр құйын соққандай болды. Жасқанып көзiн жұмды. Қайта ашса – қараңғы түнде оттай жанған алакөз ашумен түксиiп қарап тұр...
Алдында тiсi ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кiсi тұр екен. Даланың жыны осы ғой деп ойлай берiп едi, анау Қасымға әмiрлi дауыспен ақырып:
– Артымнан ерiп жүр, әлсiз денеңнiң шаршап талғанына қарама! Аяғыңа кiрген тiкенге, жырған тасқа қарама! Өлiп қалсаң да артымнан ерiп отыр! – деп жүрiп кеттi. Әлсiз жетiм:
– Ағатай, жетiммiн... – дей берiп едi, алакөз қайта жарқ еткенде, артынан жүгiрiп кеттi. Қасым өкпесi үзiлгенше ентiгiп жүгiрiп отырды. Көз ұшына жоғалып кеттi. Түн ортасы болған кезде, таудың осы мөлшерiне бөктерде келе жатқан үш жiгiт жеттi. Бұлар аяңшыл аттардың екпiнiмен тастақ жолды тықырлатып, таудың сала-саласын бiр – құлап, бiр – өрлеп, жолды қуалап келе жатыр едi. Ұзақ жол жалықтырып, түн ұйқысы жеңе бастаған жүргiншiлер бiрiнiң артына бiрi түсiп, тiзiлiп келе жатқан. Бiр уақытта бiр тоғайдың тұсына келгенде, аттары осқырып, iшiн тартып, тоғайға қадалып жүрмей, үркiп тұрып алды.
Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннiң күркiрегенi жиiлеп тұр едi. Күн әдетiнше жарқ еттi. Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйенiп жығылып, қатып тұрған баланы көрдi. Басында бұлар шошып, аттары да үркiп атып кетсе де, артынан оралып дабыстан, әлгi жерге қайта келдi. Бұлардың көп айқайына ешкiм дыбыс бермедi. Аздан соң аттан түсiп, қасына келiп қараса – жыртық киiмдi, өңi құп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он, он бiр жасар бала екен. Ол – өлiк. Бiрақ денесi әлi түгел мұздап та болған жоқ екен...