Ақан Қорамсаұлы
(1843-1913)
Ақанның өмірі мен шығармашылығы. Ақан 1843 жылы Көкшетау облысы Айыртау ауданында Қоскөл деген жерде туған. Ол он үш жасқа келгенше Күнту деген молдадан мұсылманша оқыған. Бірақ сезімтал, сергек ойлы, ұғымтал балаға молданың оқуы ұнамайды. Кейін Қызылжарда Уәли медресесінде 2-3 жылдай дәріс алады. Жасынан өлең айтып, домбыра тартып, ән шығарумен шұғылданған Ақанның серілік өмірі басталады. Ел мұңын жоқтап, жүрген жерлері думанға айналған. Ақан сері Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сынды атақты сал серілермен жақын қарым-қатынаста болған. Ит жүгіртіп, құс салып аңшылық құрған. Алғыр қыран құс, жүйрік тазы ұстаған. Кейін Құлагер сияқты жүйрік атқа ие болған.
Ақан сері өмір шындығын терең жырлаған. Асқақ ақын ғана емес, сыршыл лирикалық сезіммен, әншілік орындаушылық композиторлық өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі, арқаның ардагер ақын әншісі болды. "Ойқалқа", "Біздің көңіл қайда жатыр".
Жастық, бозбалалық көңілде Ақан серінің көп жырлаған тақырыбы достық, махаббат болды. Өзі ақын, өзі әнші, өзі аңшы сұлу жігіт Ақанның халық арасына атағы тез жайылады. Оның айналасына қыз-бозбала топтала береді. Эстетикалық сезімі, талғамы күшті, ол Көкшенің көркем табиғатында туған небір әсем әндерін бабына келтіріп орындайтын болған. Ақанның енді қадірі ел арасында күннен-күнге арта түскен. Нәзік жанды ақын өмірдегі небір сұлу, әдемінің бәрін беріле жырлаған. Ол өзінің "Желдірме" өлеңінде:
...Ғашықтық бір ыстық күн, желі тынық,
Басына түскен жанның көңілі сынық.
Жарлы, бай, жаман, жақсы дегізбейді
Уа, шіркін, желіктірсе жігітшілік, –
деп бастан өткізген албырт жастықтың бір кезеңін сүйсіне толғайды;
Ақынның "Жайықтың ақ түлкісі", "Ақ көйлек" т.б. лирикалық өлеңдерінде көркі көз сүріндірер сұлу арулар ақын назарынан тыс қалмайды. Ол адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын қалайды, өлеңдерінің лирикалық қаһарманы – әсем бейнелі, жаны сұлу адам болып келеді. Оны суреттеу барысында неше алуан теңеу, метафоралар, бейнелі сөздер, үздік эпитет, теңеу, шендестірулерді молынан шебер пайдаланады. "Жайықтың ақ түлкісі аралдағы" өлеңінде:
Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,
Алдымен сен бір қашқан маралдағы.
Ертістің құба талы секілденіп,
Жаудырап екі көзің отырасың
Тұндырған шай секілді құмандағы, –
деп келіп енді бірде:
"Сен болсаң, ол – қызыл гүл асыл еркем,
Мен – бұлбұл сайрап тұрған иран бағы, –
деп қызды гүлге теңеп, еркелете келіп, өзін бұлбұлға теңейді. Қыз бейнесін суреттеуде Ақан ең әдемі, нәзік суреттермен береді; "ақ түлкі", "ақ марал" өмірде сирек кездесетін, ешкімнің қолына оңайшылықпен түсе бермейтін сүйкімді хайуанаттар.
Ары қарай:
Қалқыған дариядағы сен бір кеме,
Ішінде бір шамшырақ бұрандалы,
немесе:
Сен болсаң адамзаттың асылысың,
Біз қанжар алтындаған қыныңдағы.
Ұнаса көңіліңе, перизатым
Жүре бер беліңе, орап буын-дағы, –
деп ақын қыз бейнесін ерекше бір нәзіктікпен суреттей отырып, өзінің де осал еместігін ұмытпайды, "Алтын қанжарға", "Сұңқарға" теңеп, қияға қол созып, арманын ашық көрсетеді.
Жүсіп төренің сұлу қызы Жамалға ғашық болған Ақан оны ешбір қызға теңемейтінін өлең шумағында анық білдіреді.
... Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақжамбыдай жарқылдаған.
Сексен қыз серуенге шықса-дағы
Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.
Сармойын ақкуымсың көлге тартқан.
Жүйрік ат көлденеңдей жемге тартқан.
Болғанда сен аққу құс көлде жүзген
Лашын кұс не болады талпынбаған.
Мұнда ақын Жамалды "Ақ жамбы", "Аққу" "Қоңырқыз" т.б. сияқты небір теңеулермен аспандата суреттеп эмоциялық әсерін күшейте түседі. Осындай сұлу жанның өзіне тең келмейтін сүймеген адамына баруына мүлде қарсылық білдіреді. Жамалды мүлде ұмыта алмаған Ақан сері оның өзі ұнатпаған адамына ұзатылу кезінде іштегі мұң-шерін өлеңнің, музыканың тілімен сыртқы шығарған әйгілі "Сырымбет" әні дүниеге келеді. Бұл ән кімнің болса да жүрегін қозғайтын, ішкі жан ашуының, сезімінің адамшылық, азаматтық сырларын паш еткен шығарма.
Мысалы:
Аулым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктеріге қор болып барасың ба?
"Қарындасым, енді есен бол! –
деген жолдардың өзінен ақын жаны қанша қиналса да, азаматтық ағалық көңілмен сүйген адамына аман-саулық тілейді. "Сырымбет" әні – Ақан шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы. Бұл әнді білмейтін кісі аз. Ақан суреттеген бейнелер Шығыс поэзиясында кездесетін қыздардың романтикалық сипатымен ұқсас келуі, оның шығыс әдебиетін жақсы білгенін көрсетеді.
Ақан әндерінің ішінде көңілді, ойнақы, қысқа қайырылатын әні – "Балқадиша", бұл да – халық арасында кең тараған әндерінің бірі. Бір сапарында Ақан Қарауыл Шәкейдің Ыбырайының қызы Балқадишаны кездестіреді. Атына сай көрікті қылықты қыз Ақанды өзіне тарта түседі. Қыздың мінез-құлқын, түрінің әдемілігін, әдептілігін бірден байқаған сері Ақан оны қасынан жібергісі келмейді. Бірақ, қыздың жеңгесі қайталық деп болмайды, қыз екі оттың арасында қалып мазасыздана береді. Сезімтал Ақан оны байқап: –
Дегенде Балқадиша, Балқадиша
Есілді өрлей біткен тал Қадиша
Жеңгеңіз қайталық деп асығып тұр,
Рұхсат бізден сізге бар, Қадиша, –
деп табан астында өлеңмен өзі амалсыздан қимаса да рұхсат беретінін білдіреді. Өлең – асығып тұрған қызға тілек-ықыласын байқату мақсатында шығарылған ән. Мұнда мұң, қасірет, өкініштен бөлек, ашық-жарқын көңілділік, ойнақылық басым.
"Құлагер". Ереймен еліндегі Сағынайдың асында Ақанның сүйікті аты Құлагерге қастық жасалады. Бұл кез серінің сүйген жары Ұрқиядан, қыран құсы Қараторғайдан, құмай тазысы Базаралыдан айрылған кезі болатын. Ат арқылы халық арасында беделі айырықша артып бара жатқан Ақанды дұшпандары көре алмайды. Топ аттың алдында озып келе жатқан Құлагерді Батыраш-Қотыраштың адамдары тосып тұрып, шоқпармен ұрып өлтіреді. Ақан сері алдыңғы аттың түсінің өзге екенін көріп, бір жамандықты көңілі сезеді.
Қасындағыларға:
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Атыңды ат айдаушы, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды
Жығылмаса Құлагер қайда деймін? –
деп зарлы өлеңін айта бастайды.
...Құлагер, айналайын шабысыңнан,
Атағың елге шыққан дабысыңнан,
немесе:
Құлагер шешең – сұңқар, әкең – тұлпар
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің,
Бота тіресек, қыз сағақ, сандал керім.
Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай
Ор болып қалушы еді шапқан жерің, –
деген суреттеулерден Құлагердің шын жүйрікке тән мүсінін, бәйгеге шапқандағы қимылын толық көзге елестетеміз.
Атын жанындай жақсы көрген Ақан Құлагерге арнап, өлеңдерін шығарады.
Зорлықшыл қиянатқа қарсы ақын қатты назаланып, жан айқайын өлең жолдарымен білдіреді. Құлагер мерт болды деп естігенде, Жұлдым да сақалымды ойбайладым, деп суреттейді. Бұл өлеңде ат портретін, жүйрік қасиетін танытатын суреттеулер басым. Мәселен:
Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір шырқамай менің шерім, –
деген жолдары Ақанның Құлагерді ерекше бағалап, талай аруларға ән шығарған сері енді қызға да айырбастамайтынын білдіреді. Құлагердің өлімі Ақанды қатты толғанысқа түсіреді. Ол өмірде әділдік жоқ деген сияқты ойлар басына келіп, рухани дағдарысқа ұшырайды. Бұл ән – серінің жан ашуының туындысы. Ақанның ызалы үні баршаға ортақ сезіліп онымен бірге күйінеді, жетелейді. "Құлагер" – ат қайғысын ғана жырлаған өлең емес, озбыр зұлымдықты әшкерелеген туынды. Талай жарыста ел намысын, ел абыройын асырған Құлагердің мерт болуын Ақан Атығай, Қарауыл елдерінің қайғысындай қабылдайды.
Ақанның есімі халық арасына өзінің әсем әндерімен тарады. Ол үлкен лирик ақын болды. Жасынан сұлулықты сезініп, әсемдікті ардақтаған жан махаббат бостандығын аңсаған сазды да сырлы өлеңдер жазды, өмірінің соңғы кезінде өзін ұқпаған ортадан алшақтап, жалғыздықпен мұңдасты. Өз заманының қатыгездігіне мойынсынбай, ерлік, тапқырлық танытты. Ақан сері туралы кезінде С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, І.Жансүгіровтер зерттеп, әдебиеттен өз орнын ашып берді.