Шығыс Түрік қағанаты (682 - 744 жж.) — Түрік қағанаты 603 жылы ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті.
Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді.
Шығыс Түрік қағанаты Қытаймен жүргізген қиян-кесті соғыстың нәтижесінде 682 жылы Моңғолияда өз мемлекетін қалпына келтірді. Алғашқы қаған Елтеріс атанған Құтлық, одан кейінгі Қапаған Қағандардың тұсында қағанат қуатты мемлекетке айналды. Шығыс Түрік қағанаты (682-744)- Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс Түркістан, Оңтүстік Сібір жерлерін алып жатты. Білге қаған мен Күлтегін мемлекетті одан әрі дәуірлетіп, Қытаймен тиімді шарттарға қол жеткізді. Даңқты қолбасшы Тоныкөк түркі халқының жауынгерлік даңқын асқақтатты. Білге қағаннан кейін 741 жылдан қағанат әлсіреп, ыдырай бастайды.
Тоныкөк жазбалары, профессор Хирттың зерттерулері және қытай тарихшылары Елтеріс (Құтлық) қаған туралы мына деректерді ұсынады: Қытай үстемдігіне қарсы қозғалыс 682 жылы болған. Көтеріліс басшысы - Ашина руынан шыққан Елтерістің әкесі қытай үстемдігі кезінде бағынышты Ашина тайпаларының бірін басқарған. Қозғалыс Юнь-чжун провинциясының солтүстігінде - қазіргі Датунфу қаласыны жақын жерде өтеді. Бұл аймақты байырғы түркілер қоныстанған еді. Орхон жазуларында түріктердің құт мекені, қасиетті қонысы Өтукен туралы жиі айтылады. Өтукеннің негізгі мазмұны түркілердің ырысты жері, байлығы, тақыты, тағдыры дегенге саяды. "Түріе қағаны Өтукен қойнауында отырса, елде мұң жоқ", "қасиетті Өтукен қойнауының халқы... біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың. Барған жерден не игілік таптың. Қаның судай ақты, сүйегің таудай болып жатты, бек ұлдарын құл болды" ...
Осы сөздердің аңғарына қарағанда Өтукенді түркілер Жерұйық деп санағаны сезіледі. Халық өзінің үміті мен сенімін Өтукенмен байланысты деп түсінген. Аты аңызға айналған осы жер туралы түрік ғалымдарының еңбегінде көңіл аударарлық деректер кездеседі. Зерттеуші Йылмаз Өзтұма Өтікенді көктүріктердің кіндік кенті, табиғаты өмір сүруге жайлы, Орхон және Селенга өзендерінің арасындағы жер еді деп көрсетеді. Ал Оғыз дастандарында Өтукен Тянь-Шань таулары мен Орхон аймағындағы киелі өңір деп сипатталады.
731 жылы Күлтегін, көп ұзамай Білге дүние салды. Орхон өзені маңында Білге мен Күлтегінге арналып құлпытастар орнатылды. Бұл құлпытастар Түрік қағанаты тарихының жылнамасы болып есептеледі
Білге қаған мұрагерлері кезінде қағанат құлдырады. 744 жылы біріккен ұйғыр және қарлұқ күштері Шығыс Түрік қағанатын талқандады. Ашина әулеті өмір сүруін тоқтатты