Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалысы.
Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басталуы.
1914 жыл 1 тамызда 38 мемлекет қатысқан I дүниежүзілік соғыс басталды. Соғысты бастаушы бәсекелес әскери-саяси блоктар: үштік одақ (Германия, Австро-Венгрия) және Антанта (Англия, Франция, Ресей). “Қазақ” газетінде Ə.Бөкейхановтың “Тағы соғыс” мақаласы жарияланды: “Бұл соғыстан жалпы жұртқа пайда жоқ. Нарлар алысар, ал шаруасын бұзып, қанын төгетін - сорлы халық болар. Жиырмасыншы ғасырда Еуропа патшалықтарының қылған ісі кімнің алдында ақталмақ".
20 ғасырдың басында Қазақстан шикізат өндіретін әрі сауда рыногы болып танылған отарлы өлке санатында жалпыресейлік шаруашылық кешенінің құрамды бөлігіне айналды.
Ресей империясының отарлау саясаты қарқынды жүргізілді.
1907-1912 жылдары елдің еуропалық бөлігінен 2 млн.
400 мың адам Қазақ өлкесіне қоныстандырылды.
1917жылы егістік пен жайылымдардың 45 млн-нан астам десятина жері тартып алынды. Өз елінде жерсіз қалған қырғыз-қайсақ батырақтары пайда болды. Қазақтардың жерін жаппай тартып алу нəтижесінде көшпелілер мен қоныстанушылар арасында қақтығыстар көбейді.
Т.Рысқұлов: “1899 жылдан кейін қазақтар мен орыстар арасындағы этностық жанжалдар даладағы өмірдің сипатты белгісіне айналды” деп жазды.
I дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ даласынан арзан бағамен көп бұйымдар жиналды. Cоғыс салығы енгізілді, мемлекеттік заемдар таратылды, баж салығын төлеу міндеттелді, жергілікті халық соғысқа арналған жүктерді, негізінен азықты темір жол станциясына тасуға мәжбүр болды. Әскерге алынған отбасыларына көмек көрсетуді желеу етіп, батырақ қазақтарды кулак шаруашылығына, кәсіпорындарға “ерікті түрде” жұмысқа тартты.
1913 жылы А.Байтұрсынұлы “Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды”- деп жазған болатын.
1916 жылғы көтерілістің негізгі себебі - ұлттық жəне əлеуметтік езгінің халықтың кегін қайнататын деңгейге жетуі. Ал көтеріліске желеу болған негізгі себепші фактор - қазақтан қара жұмысқа жігіт алу. 1916 жылғы 25 маусымда патша үкіметінің “Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас аралығындағы 500 мың адамды қара жұмысқа алу туралы” жарлығы шықты.
1916 жылғы 25 маусымдағы Жарғы бойынша патша үкіметі көптеген орыс солдаттары мен жұмысшыларын көнбіс және арзан жұмыс күші ретінде “реквизицияланған бұратаналармен” ауыстырып, оларды қорғаныс құрылыстары мен тыл жұмыстарынан босатқысы келді. Бұл жағдай қазақ даласында үлкен қобалжу туғызды. М.Дулатұлы: “Жұрт сеңдей соғылды, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды”-деп жазды.
1916 жылы 23 тамызда шыққан Түркістан генерал- губернаторы А.Куропаткиннің құпия бұйрығымен қара жұмысқа шақырудан босатылғандар: болыстық, ауылдық басқармалардың лауазымды адамдары, төменгі полициялық шенділер, имам, молда, мүдəрістер, есепшілер, үкімет мекемелеріндегі жоғары лауазымды жергілікті бұратаналар, дворян жəне құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын жергілікті ұлт өкілдері. Бұл кедейлердің ызасын келтірді.
Қазақстан мен Түркістанның халқы стихиялы түрде бір мезгілде көтеріліске шықты. Көтерілісші жасақтары құрылып, қара жұмысқа шақырылушылардың тізімін, борышқорлық және салық тілхаттарын жойып жіберді, жерді сатубасқармаларын, болыстардың ауылдарын талқандады. Көтеріліске шыққан халық бірінші кезекте отарлауға дейінгі мемлекеттік басқару жүйелерін қалпына келтірді.
Ырғыз, Торғай уездерінде ақсүйектердің 9 өкілі хан көтерілді. Ақмола облысының Ерексай және Әйелді болыстарында хан және 4қазы сайланды. Шерубай -Нұра болысында – Нұрлан Қияшев, Қарашақ болысында – Оспан Шоңов, Верный уезінің Жайымтал болысында – Бекболат Əшекеев, Торғай уезінде – Орта жүздің биі Нияздың немересі Əбділғафар Жанбосынов хан болып сайланды.
Болыстық басқару жүйесі қалпына келтіріліп, ел бегі – əкім, сот алқасы – жасақшы, қазына билеуші – қазынашы,қолбасшы – сардарбек тағайындалды.
Верный уезінің көтерілісшілері Наманған және Таластың жоғарғы ағысындағы Әулиеата уездерінің көтерілісшілерімен байланыс орнатты.
Албандар ұйғыр, қырғыз және дүнгендермен күш біріктіріп, қимыл жасады.
Ə. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған либерал-демократиялық зиялылар қазақтарды “Ресей мемлекетінің бодандары, Отанның перзенті” деп санады. Ахмет Байтұрсынұлы: “Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санймыз”-деп жазды.
Қозғалыс басшылары қазақтарды тыл жұмыстарына шақыруды уақытша кейінге қалдыруды ұсынды. Олар соғыс жеңіспен біткен жағдайда халықтың тағдырын жеңілдетуден және ұлттық автономия құрудан үміттенді. Олар 1916 жылғы қазандағы Үндеу хатында: “Тыңдаңыздар, қан төкпеңіздер, қарсыласпаңыздар”-деп жазды. Либерал-демократиялық зиялылар патша үкіметімен ымыраластық бағыт ұстанды. Олар халықтың амандығын және оның этностық тұтастығын сақтау идеясын бірінші орында ұстады. Тарих осы бағыттың дұрыс болғанын дəлелдеді.
Ұлт-азаттық қозғалысқа революцияшыл – демократияшыл зиялылардың Ə.Жангелдин, Т.Бокин, С.Сейфуллин,Т.Рысқұлов,Ә.Майкөтов, С.Меңдешев, Б.Алманов сияқты өкілдері қатысты. Ал байлар, ауыл старшындары патша Жарлығын жақтап шықты.
1916 жылғы қозғалыс бүкіл Қазақстанды, Орта Азияны, Сібір мен Кавказдың бір бөлігін қамтыды. Қозғалыс стихиялы түрде басталды және әлеуметтік құрамы жағынан біртекті болмады. Оған шаруалардан басқа көмір кеніштерінің , мұнай кәсіпшіліктерінің , Ертіс кемешілігінің , Омбы, Орынбор – Ташкент теміржолының қазақ жұмысшылары қатысты.
Қозғалыстың басты қозғаушы күші тұтастай халық бұқарасы болды. Жалпыұлттық бірігу жіне ұлттық тәуелсіздік идеясы қазақ шаруалары мен жұмысшыларын қалыптасып келе жатқан ұлттық буржуазия мен даланың ақсүйектерін, ұлт зиялыларын орыс және шетел капиталына қарсы біріктірді.
Мақала ұнады ма? Ұнаса, достарыңмен бөліс!