Физикалық география – қоршаған ортадағы табиғаттың құрамдас бөліктерін зерттейтін, оны іс жүзінде пайдалану жолдарын көрсететін ғылым. Ол – қазіргі жаһандық деңгейде көтеріліп отырған “Жаратылыстану” білімінің негізін салушы. Табиғат – Жер мен Әлем кеңістігі аралығын жалғастырушы, тұрақтандырушы болмыс. Оның құрамдас бөліктері: Әлем кеңістігі, литосфера, гидросфера, атмосфера, биосфера. Бұл аталған төртеуі – қоршаған ортаны құрайтын, бірімен бірі сабақтас, бір-бірімен әрекеттес, бір-бірінен туындайтын табиғат болмысы. Оларды зерттейтін ғылым – география. Табиғатты тану – қоршаған орта мен адамның арақатынасын және де олардың дамуын, өзгеруін зерттейтін ғылымдар жүйесі. Қоғамның дамуымен байланысты адамның табиғатты игеруі де біртіндеп күрделене түседі.

Қазақстан табиғатын танып, білудің өз тарихы бар және оның әрбір кезеңі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Қазақстан аумағының физикалық географиялық тұрғыда зерттелуі қоғам дамуының әр кезеңіндегі жаңа міндеттер мен сұраныстарға сәй­кес қолданылған әртүрлі әдістер арқылы дамыды. Бұрын қалыптасқан қағидалар мен тұжырымдарды жаңарту қажеттілігі туындады.

1903 жылы орыс ғалымы А.Н.Седельниковтің басқаруымен шыққан “Киргизский край” атты Ресейдің толық географиялық сипаттамасының XVІІІ томында берілген геологиялық картада Қазақстан аумағы 3 түрлі бояумен ғана боялған. Ол бояулардың негізгі көрінісі қазақ жеріндегі қазба байлықтардың қазіргі қорына, түріне мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан қазақ жері жөнінде бұрын далалы, шөлейтті, шөлді, табиғаты жұтаң деген ұшқары пікір қалыптасқан. Осындай нақтылы емес пікірлердің терістігі жаңа заманда мүлдем жоққа шығарылды. Бір кездегі Қазақстан табиғаты сүреңсіз, шөлді алап делінсе, жаңа дәуірде оның табиғатының алуан түрлілігі, байлығы дәлелденіп, оны игерудің сұранысына байланысты жаңа көзқарас, болжамдар пайда болды.

Кеңес дәуірінде жер қойнауынан алынатын байлықтың Менделеев кестесінде кездесетін элементтердің барлығы да Қазақстан жерінен табылды. Еліміздің жері қазба байлықтың қоймасы ретінде танылды. Сонымен қатар осы дәуірдегі ғылыми-техникалық жетістіктер қазақ жерін атом қаруының сынақ орнына, ғарыш алаңына айналдырды. Соның салдарынан бір кездегі табиғаттың сұлу аймақтары жарамсыз жерлер болып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енген ақ бөкен, құлан сияқты жануарлар түрі азайып кетті. Табиғаттың даму тепе-теңдігінің бұзылуынан Қазақстанның кез-келген аймағы экологиялық шешімі қиындау, күйзелісті аймаққа айналды. Осы аталғандардың барлығы – табиғаттың заңдылығын, оның қалыптасу, даму ерекшеліктерін ескермей, оны тек шикізат көзіне айналдыру табиғаттың жұтаңдануын туғызды.

Бүгінгі таңда жаһандық проблема болып отырған экологиялық мәселелер табиғаттың даму заңдылығын ескермегендіктен, оның тепе-теңдігінің бұзылуынан пайда болды. Ал оны қалпына келтіру жолындағы жұмыста география ғылымының міндеті зор. Себебі, ғылыми-техникалық жетістік ғылымның кейбір саласында адам баласына қауіп төндіруде. Адам әрекетінен туындап отырған жаңа “антропогендік ландшафтар”, жер бетінде климаттың жылынуы тіршілік дүниесіне зардабын тигізуде. Бүкіл ғылымдардың жетістігі адамзаттың өсіп, өркендеуіне қызмет жасауы керек қой. Осыған орай бүкіл жаратылыстану ғылымдары бірігіп, өзін қоршаған ортадағы табиғатты сақтау, оның тепе-теңдігін үйлестіру мәселесін шешуге күш жұмылдыруы қажет. Жаһандық деңгейде табиғат қорларын тиімді пайдалану үшін қоршаған орта жайлы бұрынғы ғасырлар бойы жинақталған зерттеулердің нәтижесін ескере отырып, табиғатты жүйелі түрде тиімді пайдалану, оны қорғаудың мәселелері жолға қойылуы тиіс. ХХ ғасырда табиғатты ысырап етпей игеру ғылымға жаңа бағыт берген, атақты табиғаттанушы, энциклопедист ғалым В.В.Вернадский ноосфера ұғымының негізін салды. Ол литосфераға, гид­росфераға, атмосфераға   және биосфераға қосымша ноосфера тұжырымдамасын ұсынып, адамның табиғатты сырапсыз пайдалануы негізінде жаһандық деңгейде туындап отырған проблеманы шешуге адамның ақыл-ой жүйесін бағыттайды. Бұл – бүгінгі таңдағы ғылымда, іс-жүзінде, әрбір қоғамда пайдалануға тиісті қағида.

Бұрынғы Кеңес одағына дейін, Кеңес Одағы кезінде қазба байлықтардың ғылыми негізсіз, тек Орталыққа қажет болғандықтан игерілуі (көмір, түсті металдар, тыңайған жерлердегі егістік алқаптар) Қазақстан табиғаты жұтаңдануының бірден-бір себебі болған еді. Сол қазба байлықтар қазір егемен елдің игілігіне айналып, мұнай, газ, түсті металдар, соның ішінде уран кені халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономиканың тұрақтануына қызмет етіп отыр. Кеңес уақытында дамыған ғылым салалары бір-бірімен байланыссыз, тек Орталыққа қажеттілігі жағына бағытталса, қазір қандай ғылым болсын бір-бірімен байланысты түрде мемлекеттің экономикасын көтеруге ұмтылуда.

Қазақстандағы география ғылымының атқаратын міндеті мен мақсатын нақты түсіндірмей, жерін тек қана атау ретінде (тау, қырат, үстірт, жазықтық, өзен, көл, кұм, шөл т.б.) қарастыру ғылымның өрісін шектейді. Сондай көзқарастың кең тарауынан байтақ қазақ жері табиғатының даму заңдылығын, оның қалыптасу еркшеліктерін көптеген ғалымдар елемей жүр. Олар жалпы экологиялық мәселенің маңызын түсінбей, тек өз саласының мүддесін қорғайды. Ғылымның қайсы болса да (ботаника, зоология т.б.) – табиғаттың туындысы. Тіршілік үшін белгілі бір географиялық орта керек. Ол географиялық ортаға өзіне тән қалып­тасқан ауа-райы құбылысының өзгеруі, жыл мезгілінің ауысуы, күн сәулесінің таралу заңдылығы, тіршіліктің өсуі мен дамуы тәуелді. Олардың белгілі бір гео­графиялық заңдылыққа бағынуы, температураның таралу заңдылығы батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгеруі кез келген жердің алып жатқан географиялық орнына байланысты табиғатта үздіксіз жүріп жатады. Қоршаған орта болмысының өзгеруі, ғаламшардағы ірі өркениетті елдердің өздері мойындап отырғанындай, табиғат байлықтарын тиімсіз пайдаланудан, табиғаттың даму, қалыптасу заңдылығын ескермеуден туындап отырғаны даусыз. Мысалы, бір кездегі ит мұрыны өтпейтін Оңтүстік Американың тропиктік ормандары оталып, Африканың қайталанбас табиғатындағы сирек кездесетін керіктердің, пілдердің, түйеқұстардың, арыстандардың азаюы, материк байлықтарының талан-таражға түсуі сол аймақтарда жарамсыз жерлердің молаюынан, шөлейтті аймақтардың ұлғаюынан табиғат тепе-теңдігінің бұзылуына соқтырды. Жерорта теңізі аймағындағы зәйтүн шаруашылығы плантацияларында мол өнім алу үшін химиялық тыңайтқыштарды молынан қолданылуы күрделі экологиялық мәселе тудырды. Соған байланысты қазір зәйтүн плантациялары оталуда.

Ғылыми-техникалық прогрестің күрт дамуы барысында ірі өндірістік қалаларда автокөліктердің санының өсуінен, атмосфера және озон қабаттарына улы газдардың мол бөлінуінен, ірі елді мекендерде таза ауыз су тапшылығынан адам­ның денсаулығына залал келуде. Қазіргі кездегі қоршаған ортаның радиациялық, химиялық, биологиялық ластануы әлемдік деңгейде адам баласы мен тіршілік дүниесіне қауіп төндіруде. Жер шарындағы халық санының жедел өсуі мен ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы адам мен қоғамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын күрделендіріп жіберді.

Пайдалы қазбалар қорының ғылыми негізсіз пайдаланылуы, жер бетіндегі өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің жұтаңдануы және табиғи ортаның шектен тыс ластануы күрделі экологиялық проблемаларды тудырды. Кейбір өндіріс орындарынан бөлінген зиянды қалдықтардың шектен тыс көбеюі қоршаған орта жағдайының нашарлауына, адам денсаулығының бұзылуына апарып соғуда. Осының барлығы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді және оны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуды, сондай-ақ оның ресурстарын тиімді пайдалануды талап етеді. Сондықтан жерді суландыру, орманды қалпына келтіру, өндірістік қалдықтар мен ақаба суларды тазартудан өткізу, топырақтың құнарлылығын сақтау және топырақ эрозиясына жол бермеу жұмыстарын қарқынды жүргізуді өмірлік маңызы бар талап ретінде алға тартуда.

Табиғаттағы өзін-өзі реттеу мен қалпына келтіру үдерістері ұзаққа созылады. Адамның зиянды істері де бірден байқалмайды, оны адамдар көбінесе ұзақ жылдар өткен соң ғана байқайды, бірақ оны жедел түзеу жұмыстары күткендей нәтиже бере қоймайды.

Табиғат дамуының заңдылықтарын білмеу, кейде оларды есепке алмау бос шығынға, адамдардың өмір сүру жағдайының және табиғи ортаның нашарлауына алып келді. Мұндай жағдай Арал теңізінің тағдырына тән. Мақта және басқа да егістіктер көлемінің артуына байланысты, Арал теңізіне құятын өзендердің суын пайдалану мақсатымен көптеген су қоймалары мен суару каналдары салынды. Мұндай су жүйелері өзендер суының азаюына, түптеп келгенде оның шұғыл тартылуына жеткізді. Қазір теңіз деңгейінің күрт төмендеуі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жұтаңдануын, т.б. экологиялық проблемаларды тудырып отыр.

Еліміздегі Арал апаты жаһандық сипат алып, оның зиянды әсері қазірдің өзінде көптеген мемлекеттерде байқалуда. Сондықтан АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер Аралды құтқаруға байланысты шараларға қатысуға келісімдерін беріп отыр.  Қазіргі кезде Арал теңізін құтқарудың жаңа жоспарлары жасалып, ғалымдардың ұсыныстары талқылануда (мысалы, Кіші Арал туралы). Мүмкін Аралды құтқаратын күн де алыс емес шығар.

Келтірілген мысалдар адамзаттың табиғатқа жауапсыз қарауға болмайтындығын дәлелдейтін, қоршаған ортамен қарым-қатынас кезінде өз іс-әрекетінің салдарына көңіл бөліп, әрдайым дұрыс жолды таңдау қажеттілігін көрсетеді. Дүние жүзінде адамның іс-әрекетінен болатын экологиялық зардаптар мен дағдарыстар көп-ақ. Мысалы, жидек тергенде, аң аулағанда немесе егіс алқабын тазартқанда табиғатқа белгілі бір мөлшерде зиян келтіріледі. Адамның бұл әрекеті аз мөлшерде болғандықтан, табиғи орта оны ретке келтіріп, орнын толтырып отырады. Яғни, табиғаттың тепе-теңдігі сақталғандықтан, өзгеріс көп елене қоймайды.

Ал мал шаруашылығы мен жайылымдыққа пайдаланылатын жерлердің жыр­тылуы, ормандардың кесіліп, өртелуі, каналдар мен жолдардың ойластырылмай салынуы сол жерлердегі өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне көп мөлшерде зиян келтіреді. Оны тез түзете қою қиын.

ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасының жаңа бір саласы – алып өндіріс орындары көптеп бой көтере бастады. Зауыттар мен фабрикалардың еселеп өсуі барған сайын шикізат түрлерінің мол пайдаланылуына, энергия шығынының өсуіне, қазба байлықтардың қарқынды игерілуіне алып келді. Ғылыми-техникалық прогрестің табиғатқа тигізетін кері әсері дауыл, су тасқыны, жанартаулар атқылауы, жер сілкіністері сияқты апатты құбылыстардың зардаптарымен теңбе-тең, тіпті олардан асып түсетіндей жағдайға жетті. Мұның өзі табиғи ортаның қалыптасқан заңдылығын бұзып, биосферадағы энергия мен табиғи зат алмасуға теріс әсер етті.

Адамның табиғатты өзгертуі өте қауіпті экологиялық жағдайлар тудыруда. Атап айтқанда, біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өнеркәсібі дамымаған мемлекеттер соғыстан кейін индустриялы даму жолына түсті. Осы мақсатта адамдар табиғи ресурстарды игеріп, жаңадан зауыт, фабрикалар және жолдар сала бастады. Өнеркәсіптің жаппай дамуы табиғатқа тиетін кері әсер ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орындарының ашылуы және игерілуі бұған өзіндік үлес қосты. Бұл қоршаған ортаның ластануын күшейтті.

Екіншіден, дүние жүзіндегі демографиялық жағдай күрт өзгерді. Жер шары халқының саны тез өсіп, 1700 жылы 620 млн. адам болса, 1850 жылы оның саны 1200 млн-ға жетті, яғни екі есеге артты. 1950 жылы жер шарындағы халық саны 2500 млн-ға жетсе, 1986 жылғы санақ бойынша халық саны 5 млрд-қа дейін өсті. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, 2050 жылға қарай дүние жүзі халқы 11,9 млрд. болады деген болжам бар. Халық санының жылдам өсуі табиғат байлықтарына деген ашқарақ сұранысты тудырды. Қазірдің өзінде табиғат ресурс­тары (су, топырақ, пайдалы қазбалар, отын қорлары) өзін-өзі қайта қалпына келтіре алмайтындай деңгейде пайдаланылуда. Бұл табиғаттың тозып, бүлінуіне соқтыратыны даусыз.

Үшіншіден, қалалар мен олардың тұрғындарының саны тез өсуде. Егер 1900 жылы қалаларда 300 млн. адам тұрса, 1950 жылы олардың саны 700 млн-ға, 1980 жылы 1800 млн-ға, ал 2000 жылы шамамен 3300 млн-ға жетті. Соңғы 100 жылдың ішінде халықтың жалпы санының қалаларға тиесілі бөлігі 20%-дан 51,5%-ға өсті. Осынша адамның шағын аумақта тіршілік етіп, қоршаған ортаға кері әсерді ұлғайтуы қала мен оған жақын жерлердің қатты ластануына себепші болуда.

Адамзат әр уақытта табиғатқа бағынышты болып, оның ресурстарын өз қежіттілігіне жұмсап келген. Сонымен бірге адамдарда үнемі табиғатты “бағындыру” арманы болған. Қалай болғанда да адамның табиғатқа, табиғи ортаға деген көзқарасы болашақ ұрпақ мүддесі үшін тиімділікті, саналылықты керек ететін көзқараспен ұштаса жүруі қажет. Табиғат ресурстарына баю мен пайда табу көзі ретінде қарамау керек. Аз уақыттық табысқа бола оларды ретсіз жұмсауға, қоршаған ортаны адамдар мен барлық тіршілік үшін зиянды қалдықтармен ластауға болмайды. Ғылыми-техникалық прогресс адамдарды табиғи ортаға әсер етудің ауқымды мүмкіндіктерімен және құралдарымен жарақтандырып қана қоймай, сонымен бірге бұл ортаны сақтау мен қалпына келтірудің тәсілдері мен жолдарын көрсетіп беруде. Адам баласына табиғи ортаны сақтау мен оның ластануына жол бермеудің мынадай мүмкіндіктері белгілі. Олар: ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін қалдықсыз технологияны енгізу; ортаның ластануын барынша азайту; су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік беретін өндірістік суды тазартып, қайта пайдалану; топырақтың ылғал жинауына және ауадағы атмосфералық газдардың тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретін орман алқаптарын сақтау және қалпына келтіру; жылу мен энергияны табиғи көздерден өндіру; жаңа технологияны пайдалану, т.б. Адамзат баласы мұндай әдіс-тәсілдерді қолданған жағдайда жер шарының тыныштығы мен байлығын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Мамандар арасында да, экономистер мен экологтерді қоса алғанда, экологиялық проблемаға деген ортақ түсінік жоқ. Бір ғана әрекеттің нәтижесін бағалау кезінде қарама-қайшы, бір-бірін жоққа шығаратын пікірлер көп. Көбінесе техникалық, экономикалық көрсеткіштерді талдау мен талқылау әдетке айналған, ал бағдарламаның немесе жобаның экологияға қатысты жағын анықтауға келгенде құлық аз. Табиғаттың үйлесімді құрылған дүние екендігін және онда жүріп жатқан үдерістерге араласуға болмайтындығын адамзат баласы түсінген болса, табиғат­пен жақсы қарым қатынас орнату тәсілін табуға болатын еді.

Каспий мұнайын өндіруде шетелдіктер қазір тек табыс көзін ойлап отырғаны белгілі, ондағы итбалықтың, теңіздің басқа да жануарларының жылма-жыл қырылып жатқаны табиғатқа үлкен зиян келіп тұрғанынан екенін ешкім ойлап жатқан жоқ.

Қазақстанда табиғи ресурстар қорының азаюымен қатар олардың тозуы, ластануы экологиялық жағдайдың шиеленісуімен үздіксіз ұлғаюда. Дамудың жаңа сатысы – ғылыми-техникалық прогрестің негізіндегі жоғары технологияға ауысу табиғатты пайдаланудың жаңа стратегиясының қалыптасуы арқылы жүзеге асуы тиіс. Оның өзі өз кезегінде мемлекеттік және қоғамдық экологиялық саясатты мұқият жүргізуді талап етеді.

Қоршаған ортаның ластануы адам баласының тіршілік ортасын сапасыздандырып, бүкіл қоғамның қалыпты дамуына кері әсерін тигізуде. Әлемдік қоғамдастықпен қатар қазақстандықтардың да қалыпты салт-тұрмысы экологиялық жағдайларға қарай алаңдаушылық күйге түсуде. Сондықтан елдегі экологиялық жағдай экономика тәуелсіздігіне де әсерін тигізуде.

Экологияның нашарлай түсуі Қазақстан жағдайында бұрын-соңды болмаған жаңа проблемалар тудыруда. Оған ауа, су, топырақ ресурстары мен өсімдік пен жануарлар әлеміндегі соңғы жылдардағы өзгерістер мысал бола алады.     Антропогендік қысымдар табиғат ресурстарының барлық түріне тікелей және жанама әсер ете отырып, кейбір жағдайда экологиялық апаттар әкелуде. Мәселен, Қазақстан Республикасының біршама жерінің шөлге айналуы мемлекеттік проблемалар тудырып отыр. Сол сияқты республиканың барлық жерінің 30 млн. га көлемін өнеркәсіп, көлік, елді мекендер, т.б. нысандар алып жатыр.

Солтүстік Қазақстан бойынша, құнарлы жерлердің 25-30%-ы жарамсызданса, Батыс Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібінің өнімдерімен ластану 100 мың га, техногенді ластану 2,5 млн. га жерді, жайылымдардың деградацияға ұшырауы 3 млн. га жерді қамтып отырса, 1,4 млн. га жер радиоактивті ластануға көміліп отыр. Ал Каспий теңізінің 268 млн. га жағалауы су астында қалып, мұнай өнімдерімен ластану одан әрі етек алуда. Күрделі экологиялық шиеліністер Орталық Қазақстанды да қамтуда. Онда техногендік, өндірістік ластану, жайылымдардың тозуы, металдармен ластануы, радиоактивті және зымыран-ғарыш қалдықтарымен ластану жоғары деңгейге жетуде. Оңтүстік Қазақстандағы экологиялық жағдай Арал өңіріне тән Әмурдария мен Сырдария бассейнінің 2 млн. га жерін шөлге айналдырды. Сорға, тақырға айналған жерлер мен Арал табанындағы тұздар экожүйелерді бүлдіруде. Осы өңірдегі 300 млн. га қара сексеуіл орындарының құрып кетуі тағы бар.

Шу-Мойынқұм, Балқаш-Алакөл аймақтарының да экологиясы мәз емес. Әсіресе, Капшағай, Тасөткел су қоймаларының салынуы, суды көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарының егілуі суармалы жерлердің тозуына әкеліп соқтырды. Әсіресе, Іле өзені суының 10-15%-ын Қытай елінің алып қоюы бұл өңірде қауіпті жағдайлар туғызуы әбден мүмкін. Шығыс Қазақстан жағдайында да экологиялық проблемалар жеткілікті. Түрлі-түсті металлургия, вольфрам, уран, қорғасын, мырыш өнеркәсіптері елді мекендер мен қала тұрғындарына көп қолайсыздық туғызуда.

Әлемде климаттың өзгеруі Қазақстанның ауыл шаруашылығына орасан зор нұсқан келтіруде. Агроценоздардың өзгеруі топырақты құнарсыздандырып, ауылшаруашылық өнімдерін кемітіп отыр. Жыл сайын егістіктерден 2,5 млн. тонна қоректік элементтер қайтымсыз жоғалуда. Ол үшін жыл сайын 1,8 млн. тонна фосфор, 1,1 млн. тонна азот, 0,4 млн. тонна калий тыңайтқыштары берілуі тиіс болса, ол көрсеткіш 60-70%-ға дейін азайған. Қазірдің өзінде Қазақстанның қара топырағының 22,5% қарашірігі қайтымсыз жоғалды. 1949-1996 жылдар аралығында Қазақстан жерінде 500-ге жуық ядролық сынақ жарылыстары жасалды. Ол 20 млн. га жердің тоз-тозын шығарып, тіршіліксіз экожүйеге айналдырды. Одан миллиондаған адам тұратын елді мекендер әлі зардап шегіп отыр. Қазақстанда қазіргі кезде 16 млн.т. қатты радиоактивті қалдықтар жинақталған. Мамандардың зерттеуі бойынша, Қазақстанда тұратын 2,6 млн. адам мутагенез ауруына шалдыққаны анықталған.

Экологиялық жағдайлардың бәріне талдау жасау, оның зардабынан сақтандыру, шаралар қолдану, қоғамдық пікір туғызу үшін көпшіліктің экологиялық білімі мен тәрбиесін, мәдениетін көтеру керек. Ол үшін Елбасы қолдап отырған экологиялық білім беру ісін жүйелі түрде іске асыру қажет. Барлық оқу орындары жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беруді жоғары деңгейге көтеру парыз.

Табиғаттағы өзгерістерге байланысты болжамдар ғылымда жоқ емес. Оларды пайдалану табиғатты сақтауда, шығынды азайтуда едәуір көмектесе алар еді. Кез келген құрылысын, шаруашылық нысандарын, ірі өндіріс орындарын салуды жобалау кезінде олардың экологиялық шығынының бағасын есептеумен қатар, табиғат кешендеріне тигізетін әсерін ескеру қажет. Бұл ретте олардың жергілікті тұрғындардың денсаулығына  тигізетін зардабы басты назарда болуы тиіс.

Қазақстандағы өндіріс орындарына байланысты туындаған экологиялық проблемалар көп жағдайда алдын-ала ескерілмеген себептерге негізделген. Қарағандыдағы, Шымкенттегі, Жамбылдағы, Алматыдағы т.б. қалалардағы кейбір зауыттардың табиғатқа теріс әсерлері соған дәлел. Бұл – өндіріс орындарының топырақты, ауаны ластауын болдырмау үшін жергілікті жер ерекшеліктерін ескермегендіктен туындаған мәселе. Бұл орайда атом стансаларын жобалау кезінде адамдардың қауіпсіздік жағын қорғау жан-жақты есептелуге тиіс.

Шаруашылыққа байланысты болжаулардың қажеттілігі ірі су алаптарының (Арал теңізі, Балқаш көлі) тартылуы, климаттың өзгеруі, техникалық фактор негізінде топырақ, жер беті қабаттарының бүлініп бұзылуы, биік таулардағы (Іле, Жоңғар Алатаулары) мұздақтармен байланысты жағдайлар, апатты құбылыстар, мемлекетаралық өзендерді (Ертіс, Іле) пайдалану жағдайы әлемдік мәселелерді шешуде өзек болып тартылуы тиіс. Мемлекетаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша түрлі ұсыныстар мен болжаулар халықаралық, мемлекетаралық деңгейде есептеліп, ескерілуі қажет.

Шаруашылық әрекеттердің қоршаған табиғи ортаға зиянды әсерін болғызбауға арналған алдын-ала жасалатын болжамдар жан-жақты ғылыми тұжырымдар негізінде жасалуы тиіс. Экологиялық болжамның ең негізгі мақсаты адамға тиетін зиянды әсерді және одан айықтыру мәселелерін қадағалауда жатыр.

Қазақстанда экологиялық білім беруге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан-2030” Даму стратегиясы негізінде айрықша назар аударылуы тиіс. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша менің басшылығыммен “Мектептерде оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру” (1991), “Қазақстанда эколог мамандар дайындау тұжырымдамасы” (1995), “Қазақстан Республикасында экологиялық білім мен тәрбие берудің ұлттық стратегиясы” (1998), “Экологиялық білім бағдарламасы” (1999) сияқты бірсыпыра құжаттар дайындалды. Алматы, Орал, Семей, Петропавл қалаларында “Эко­логиялық білім беруді жақсарту жолдары” атты ғылыми-практикалық конферен­­циялар өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде елімізде бірінші рет география-экология факультеті ашылып, онда “география-экология”, “география-туризм”, “халықаралық туризм” мамандықтары бойынша кадр тәрбиелеу ісі қолға алынды. Бұл бастама республиканың басқа да оқу орындары тарапынан қолдау тапты.                    Бұл осы саладағы мемлекеттік сұранысқа алғашқы жауап болып отыр. Республика бойынша жоғары, арнайы және жалпы білім беретін оқу орындарында үздіксіз экологиялық білім берудің ғылыми-әдістемелік бірлестігі мен үйлестіру орталығы – “Ландшафтар экологиясы және табиғат қорғау” зертханасы осы оқу орнында ашылды.

Университетімізде барлық мамандықтар бойынша “Экология”, “Қазіргі экологиялық жағдайлар”, “Экологиялық білім мен тәрбие беру” сияқты арнаулы курстар оқытылады. Факультет ұжымының ғалым-ұстаздары ТМД елдерінің экология және табиғат қорғау ұйымдарымен, республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, ли­цей, колледж және жалпы білім беретін мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу тақырыптарының ішінде “Үздіксіз экологиялық білім берудің теориялық негіздері”, “Экологиялық білім мен тәрбие беруді жақсарту жолдары”, “Техникалық лас суларды тазалаудың микробиологиялық жолдары”, “Алматы облы­сының ландшафтық-экологиялық картасы” сияқты маңызды тақырыптар бар.

Бүгінгі таңда халыққа экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесін мемлекттік деңгейге көтерудің қажеттігі туындап отыр. Экологиялық білім беру дегеніміз – адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлесімділігін және табиғатты тиімді пайдаланудың жолдарын халыққа түсіндіру. Оның ішінде, қоршаған орта мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы табиғатты аялай білетін, оны бүлінуден қорғайтын, экологиялық білімі мен мәдениеті жоғары, ізгілікті, адамгершілігі мол жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызы зор. Экологиялық дағдарыстың ұлғаюын мейлінше тежеу, табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана іске асады.

Экологиялық білім мен тәрбие беру негізінде жеке адам мен қоғамның табиғатқа деген оң көзқарасын, экологиялық мәдениетін қалыптастыра аламыз. Сол арқылы еліміз халық шаруашылығының әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге көмектесеміз. Экологиялық және табиғатты қорғау заңдарын жетілдіру және оларды бұлжытпай орындау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда жауапкершілікті күшейту, қоршаған ортаның табиғаты мен адам денсаулығының үйлестілігін арттыру, үздіксіз экологиялық білім беруді ұйымдастыруды тездету, елдегі экологиялық жағдайлар жайлы мәліметтердің халыққа жетуін қамтамасыз ету, тағы басқалар осы саладағы негізгі міндеттер қатарына жатады.

Экологиялық білім берудің қазіргі заманғы ғылыми негіздері, оны жүзеге асыру проблемалары мен бағдарламалары БҰҰ мен ЮНЕСКО мәжілістерінде (1968) қаралған. Одан соң ол Стокгольм (1970), Тбилиси (1972) қалаларында өткен халықаралық конференцияларда жалғасын тапты. Ал Рио-де-Жанейрода (1992) өткен дүниежүзілік конференция экологиялық білім беру мәселелерін қайта қарап, ондағы негізгі бағыттарды айқындап берді. Ол бағыттар: биосфера тұрақтылығын сақтау үшін экологиялық ағарту жұмыстарының тұтас жүйесін құру, экологиялық білім беруді тұрақты жүзеге асыру және жұртшылық арасында экологиялық үгіт-насихатты күшейту. Экологиялық білім берудің нормалық-реттеуші құжаттары Қоршаған ортаны қорғау туралы Заңда (1997), Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында (1997), Қазақстан Республикасында экологиялық білім мен тәрбие берудің ұлттық стратегиясында (1998), Экологиялық білім бағдарламасында (1999) қарастырылған.

Экологиялық білім мен тәрбие беру ісі оқу орындарында білім деңгейіне қарай жүргізіледі. Мектепке дейінгі балалар мен бастауыш мектептерде ол қоршаған ортамен таныстыру, адам мен табиғаттың бірлігі мен өз үйіндегі, ауласындағы табиғат бөлшектеріне (егілген ағаш, қораға өскен шөп, бау-бақша) қамқорлық жасау қажеттігін ұғындыру арқылы өтеді.                    Содан біртіндеп табиғаттың сыртқы көріністеріне қарай ауысады. Мұның өзі, белгілі дәрежеде, бала бойына саламатты өмір салтын орнықтыруға көмектеседі. Бұл саладағы оқытудың негізгі әдістері мен амалдары – экологиялық мазмұнға құрылған танымдық дүниелер, ойындар, т.б.

Жалпы және арнайы білім беретін орта дәрежелі оқу орындарындағы экологиялық білім беру мен тәрбие осы алғашқы мәліметтерге сүйене дамытылады. Бұл кезеңде компьютерлік моделдерді қолдану да тиімді. Экологиялық білім жүйесін қалыптастыру, оқушыларды қоршаған ортаны қорғау сезімі мен жауапкершілікке баулу, экологиялық білім жетістіктерінен хабардар болу, нормалық-құқықтық құжаттарды білу, негізінен, мектеп қабырғасында жүзеге асады. Оларда оқытудың, үйретудің әдіс-тәсілдері де әрқилы болмақ (семинар, конференциялық сабақтар, компьютерлік ойындар, пікір сайыс, КВН, викторина, т.б.). Адамның іс-әрекетінің табиғатқа әсерін, оның зардаптарын талдау, табиғаттағы өзгерістерді салыстыру ғылыми-зерттеу жұмысының алғашқы элементтері есебінде баланың ізденуіне жол ашады. Сонымен бірге оқушыларға білім беретін факторлардың ғылымилығын, табиғат компоненттерінің (ауа, су, топырақ, өсімдік, жан-жануарлар, т.б.) өзара байланысын, табиғаттағы тепе-теңдікті, балаларды табиғатты сүюге, оған қызығуға баулуды, экологиялық білім беретін пәндердің (гео­графия, биология, химия, математика, физика, әдебиет, тарих, қоғамтану, т.б.) үйлесімділігін, көрнекілік ұстанымдарын іске асыру да түпкі мақсатқа жетудің айла-амалдары есебінде қолданылады.

Білім жүйесін оңтайландыру жағдайында экологиялық білім берудің ең ұтымды және экономикалық жағынан тиімді жолдарын іздестіру – қазіргі мектеп алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Экология пәнін барлық сыныпта өту мүмкін емес. Біз жинақтаған тәжірибелер экологиялық білім берудің пәнаралық байланыстарын жүзеге асыру, пәндерді экологияландыру, факультативтік сабақ­тар өту, содан кейін барып жоғары сыныптардың бірінде (9 сынып) пән ретінде оқыту тиімді екенін дәлелдеп отыр. Пәндерді экологияландыру жаңа буын оқулықтарға негізгі мақсат болып қойылады. Экологияға жақын пәндер оқулықтарында экологиялық материалдар берілмек. Бұл салада пәндерді эко­логияландыру арқылы экологиялық проблемаларды түсіндіруді үйлесімді жүргізу, сонымен бірге арнайы экологиялық білім беретін курсты қалыптастыру міндеті қойылады. Қазіргі кезде осы екі бағыттың іске асуында елеулі қиындықтар кездесіп отыр. Оған пәндерді экологияландыруға белгілі бір пән мұғалімінің білімінің жетімсіздігі, ал пән ретінде экологияны оқытатын мамандардың жетіспеушілігі себеп. Сондықтан, бұл жүйеде жұмыс істейтін ұстаздарға экология ғылымының теориялық негіздерін оқып-үйрену, пәндер (география, химия, биология т.б.) негізінде экологиялық проблемаларды интеграциялау, биосферадағы тіршіліктің тұрақтылығы мен біртұтастығын, оның антропогендік әсерлердің әрекетімен болатын өзгерісін өзара байланыстыра қарап оқыту міндеттері жүктеледі. Жаратылыстану пәндері балаларға экологиялық білім берудің негізгі саласы болуға тиіс. Экологияны факультативтік курстар арқылы оқыту, сыныптан тыс жұмыстар жүргізу, экологиялық сабақтарды табиғат аясында өткізу жобалары Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беру тұжырымдамасында (2002) толық айтылған.

Кәсіптік білім беретін арнайы оқу орындары мен жоғары мектепте экологиялық білім мен тәрбие берудің де өз жүйесі бар. Бұл саладағы ең маңызды мәселе – экология пәнінің мұғалімдерін, табиғат қорғау мамандарын дайындау. Оларға қойылатын талап үлкен. Олар әлеуметтану мен адам экологиясының негіздерін, қоршаған ортаның проблемаларын меңгеріп, негізгі экологиялық көрсеткіштерді өздігінен анықтай алатын маман болуға тиіс. Бұл жағдайлар Қазақстанның физикалық географиясы, қоршаған ортаны сақтау, экология проблемаларының өзара байланыстылығын, оларды жетілдіру мақсатында жүргізілетін жұмыстарды да қауымдаса  іске асыру қажеттігін бай­қатады. Бұл проблемалардың қайсысына болса да ғылыми көзқарас, негіз керек.