Адамзаттың қоршаған ортаға тәуелділігі сол табиғаттың ен байлықтардың қайнар көзі және өмір сүру ортасы болғандығынан. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, адам бойында үш қабілет ерекше жаралған, олар – дене құрылысы, жан құмарлығы мен ой-парасаты. Осындай көзқарастың қалыптасу мен даму тарихына көз жүгіртсек, оның адам баласының табиғатты танып-білуімен тікелей байланыстылығын аңғарамыз. Адам мен табиғаттың, табиғат пен қоғамның арасындағы қарым-қатынас өмір сүрудегі аса қажетті алғышарттар болып саналады. «Табиғат біртұтас әлем, одан тысқары ештеме болуға мүмкін емес», — деген екен оқу-тәрбие мәселесіне көңіл бөлген философ, психолог-ғалым Ж.Аймауытов. Табиғат мейірімі, табиғат көркемдігі адам баласын да мейірімге бөлеп, ар тазалығын сақтауға бейімдеп отырады.
Табиғатта сезім бар, құлақ та бар,
Ренжітсең, күрсініп, жылап та алар.
Аяласаң, жаныңа шуақ тамар,
Қажығанда бойыңа қуат болар.
(Мәрзия Аяғанова)
Табиғат пен адамның мінезі де ұқсас. Табиғат мейір төксе, бар әлем құлпырып жүре береді. Адамның мейірімі де осындай. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады», — дегендей, жағымды сөз, әдепті қылық, пайымды әрекет адам жанын жадыратып, уайымын, қайғысы мен қасіретін ұмыттырады, жағдайын жеңілдетеді, өмірге құлшынысын арттырады. Халық өзін қоршаған табиғаттың мінез, әдет қалыптарын өзіне алады және мәңгіге алады.
Табиғат пен адам, егіз әлем ретінде, бірін-бірі күтуге, аялауға міндетті. Олар бір-біріне сый, құрмет жасауға тиіс болса, сол сыйластықтың және бір түрі – адамның табиғатқа деген пейілі.
Адам – табиғат перзенті. Ол суға, жерге, айға т.б. оларды жаратқан тәңірге табынады, жалбарынады. Жазушы А.Байтанаевтың: «Жұлдызды қайдан ұстауға болады?» деген әңгімесіндегі кішкентай Беріктің атасының сөзіне назар айдарайық.
«Е, жаратқан, сен көктесің, құдіретсің, ешкім саған шек келтіре алмайды. Жердегі пенделеріңе шарапатшы бол! Шаршағанды демей гөр, ашыққанды жебей гөр, теріс жолдағының санасына сәуле түсір! Жақсы ойлының тілегін оңғар! Пенде атаулының бейәдеп қылығы болса, кеше гөр, тәңірі, сен мейірімдісің ғой! Шарапат-шапағатыңнан ешкімді тыс қалдырма, хақ тағала! Әумин!».
Адамзат баласы өзінің ғана емес, бүкіл ғаламның аман-саулығы үшін жаратылыс алдында өзін борыштар сезінері хақ.
Тіршілікте төрт құдірет – Күн–ана, Жер–ана, ауа мен су болса, олардың біреуінсіз тіршілік тоқтайды. «Жері байдың – елі бай», «Туған жер – алтын бесік», «Жеміс – жерде, жеңіс – ерде», «Ауа – өмір тынысың», «Судың да сұрауы бар» деген мақалдар осы төрт құдіретті қадірлеуден туған. «Табиғаттың бізге жұмбақ сырлары көп таңданар» деп ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, тісімен құс тістеген ақындар мен шешендер бүкіл қазына-байлықтың қымбаттысы – табиғат күйін ғибрат сөздеріне, толғау-термелеріне арқау еткен. Олар табиғат күйін адамның көңіл күйіне салғастыра жырға қосқан.
Рухани байлық табиғатқа деген сыйластықпен жасалмақ. Жас ұрпақтың бойына оны сіңіру, олардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын, сол арқылы өмірге деген көзқарасын ояту, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру – аға ұрпақтың міндеті. Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы – «көкті жұлма», «шөпті таптама» – табиғат көріністеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы, туған жер табиғатының бұрынғыдан да жайнап, гүлденуіне ықпал жасауды мақсат еткені. Артына «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбек қалдырған Өтебойдақ Тілеуқабылұлы адамның өз ғұмырында міндетті түрде орындауға тиісті жеті шартты көрсеткен, оның төртеуі табиғатқа байланысты болған. Олар – «көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу, көбеймелі жорғамалдарға тиіспеу, қарлығаштарға тиіспеу, көз ашпаған шикілікке тиіспеу». Бұл – табиғатты аялап сақтаудың да үлкен адамгершілік екендігін көрсеткен баба өсиеті. Көшпелі өмір, осылайша, қазақты табиғатпен етене байланыстырған. Өмір озған сайын адам табиғаттың тылсым күшіне, заңдылықтарына тереңдеп бойлаған.
Табиғатты ұмыту – өз басымызды ұмыту деген сөз. Имандылық пен мейірбандылық – өркениеттің белгісі. Жас бала табиғат тіршілігін тамашалай отырып, оны сүю барысында үлкен адамгершілік сезімге ие болады, өзін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде сезінеді.
Мен тимеймін, жасқанба,
Дос болайық, көбелек!
Жайнап тұрған бақшамда,
Гүлдерімді көре кет.
Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп,
Тақиямның астына
Тығыла ғой, көбелек. (Асқаржан Сәрсеков)
Қандай нәзік сезім! Бала мен көбелек – табиғат перзенттері, олардың арасындағы сыйластық кімнің болса да өңіне күлкі, жүрегіне мейірім ұялатады.
С.Экэюпери: «Ең үлкен сән-салтанат – адамдардың қарым-қатынасының салтанаты» — деген екен. Бұл сөзді адам мен табиғаттың ара қатынасына байланысты да, адамдардың бір-бірімен көңіл жарастығын табуына байланысты да айтуымызға болады. Ондай жағдайда рахат күй кешеріміз анық. Жастарға да осылайша эстетикалық тәрбие беру, оларды табиғат байлығына сый-құрметпен қарауға тәрбиелеу – олардың бойында адамгершілік сезімін қалыптастыру, шарапатты болуға бейімдеу екендігінде дау жоқ.