АПР қондырғысын ұңғыманың сағасына патрубоктың көмегімен орнатады. Патрубок элеваторға ілінген тізбектің муфтасының резьбасына бұралып кигізіледі де, оған тальдік жүйенің көмегімен автомат орнатылады; ЭГ маркалы элеватормен патрубоктың муфтасы қармалып, бүкіл тізбек жоғары көтеріледі. Сонымен қатар, автомат тальмен элеваторға бекітілген. Ары қарай тізбек ілінген элеватор шешіледі де, сонан соң тізбек ұңғыманың фланеціне орнатылған автоматты қондырғыға түсіріледі.
Электрлі ортадан тепкіш сораптар орнатылған ұңғымалардағы түсіру-көтеру жұмыстарыда кәдімгі автоматты қолдану мүмкін емес, себебі құбырлардың бойымен кабель орналасады. Ол үшін 470-ООА маркалы арнайы механикалық кілт жасалынған. Мұндай кілттерде кабельді спайдердің сыртына шығаратын құрылым қарастырылған. Оның автоматы қамыттарды қолмен бекітуге және шешуге есептелінген. Спайдердің сыналары көтеріліп, кабельді алып кетуге арналған ойық пайда болады. Кабельден ажыратылған құбыр резьбадан шешіліп алынады.