Таңғұт
Таңғұт (Си Ся) мемлекеті – 1038—1227 жылдары өмір сүрген Татар даласымен тікелей шектес екінші бір іргелі империя. Ел ұйтқысы негізгі халықтың өзіндік атауы – ми (минья); қытайлар – дансян, тибеттер – миняг деген, таңғұт – түркі тайпалары берген ныспы, орыс және Батыс ғылымына осы есіммен енді.
Таңғұттардың арғы бабалары – тибет-бирма текті цян тайпалары, Қытай тарихында тым ерте – миләдиге дейінгі IV-III ғасырлардан белгілі. Хуаңхэ өзенінің бастауы, Көкөнор көлінің төңірегінде қалыптасқан екен. Екі заман шегінде Хән империясымен соғыс нәтижесінде түстікке қарай ығысады, ал IV ғасырда сәнбилерден жеңіліс тапқан соң Көкөнорды тастап шығады да, Тибет етегі – Амдо таулы аймағын сағалайды. Осы біршама тыныш өлке – Хуаңхэ мен Янцзы өзендерінің бастау аралығында өсіп, өнген, ежелгі цян әулетінің бір бұтағы дансян қауымы арада екі-үш ғасыр озғанда қайтадан баба-мекен жұртына қарай жылжиды, ақыры, VII ғасырда Көкөнордан өтіп, ежелгі ғұнның ұйықты қонысы болған Ордосты алады, қанатын жайып, іргелес Алашань даласын баурайды. X ғасыр табалдырығында кейінгі үлкен ұлысқа қараған кеңбайтақ жұрттың басым бөлігін иеленген екен.
Бағзыдан бері қытай тізгінінде болған таңғұт халқының дербес орда құруы да осы X ғасырдың соңғы ширегіне сәйкеседі. Жаңа мемлекеттің ірге тасын қалаушы Цзи-цянь патшаның (982–1004) түп нәсілі – Солтүстік Қытайды билеген түрік текті ежелгі Тоба әулетінен екен. Аңыз бойынша, сүт тістері шығып туады. Кейінгі зерттеушілер болмыстағы ықтимал жағдай дейді, бірақ әпсананың негізгі мәнісі – патшалықты негіздеуші тұлғаның өзгеше жаралмысын айғақтау. Жас бала шынында да ересен болып шығады. Нақты таңбаланған бір оқиға – он бір жасында, аңшылық кезінде сай жебемен тарғыл шеріні атып жығуы. Осыдан соң-ақ болашақ күрескердің атақ-даңқы өз жұртында ғана емес, тақау төңіректе де кеңінен мағлұм болады. Ат жалын тартып мінгеннен бастап Қытай өктемдігін қабылдамаған Цзи-цянь он тоғыз жасында тәуелсіз ұлыс құру жолындағы арпалыс айқасқа кіріседі. Осы, сыртқы биліктен дербестік жарияланған 982 жыл жаңа Таңғұт мемлекетінің туған жылы деп саналады. Ұлыстың кейінірек орныққан өзіндік атауы – Да Ся, яғни Ұлы Ся, қытай рәсімінде Си Ся, мағнасы Батыс Ся демек; мұндағы Ся атауының төркіні – Таңғұт жұртының ежелгі ұйығы болған өңірде бағзы бір заманда Ся деген патшалық ірге теуіпті-міс, яғни жаңа ұлыстың жаңғырған есімі ежелден қалыптасқан елдік жораны айғақтамақ.
Ширек ғасырға жуық ел тұтқасын ұстаған Цзи-цянь Қытай-Сұң империясына қарсы сәтті қорғаныс және шабуыл соғыстарын жүргізеді, Қидан-Ләуо империясымен кейде жауласып, кейде одақтасады. Кейде екі тарапта да уақытша жеңілістерге ұшырап, сөз жүзінде Қытай бодандығын қабылдайды, Қиданға бағынышты кейіп танытады, сөйтіп, екі алып елдің ортасында шын мәнісіндегі тәуелсіз жағдайға жетеді. Ту көтерген алғашқы жылынан бастап Таңғұт жұрты өзіндік басқару жүйесі бар, тұрақты, жауынгер әскері бар дербес мемлекет ретінде қалыптасыпты.
Келесі патша, Цзи-цяннің ұлы Дэ-мин тұсында (1004–1031) ел іргесі беки түссе, оның ұлы Юань-хао заманында (1031–1048) Таңғұт мемлекеті өзінің күш-қуатының шырқау шегіне жетеді. Ұлыстың әскери ұжымын күшейте түскен, өз жұртында уцзу, қытайша хуанди, яғни император атағын алған Юань-хао жиын саны 150 мың, қаруы келісті, құрылымы берік, қуатты әскер жасақтаған екен. Шығыста Сұң, терістік-шығыста Қидан империяларымен ұтымды соғыстар жүргізеді, түстік-батыста тибет тайпаларын тықсырып, Көкөнор алқабын біржола баураса, батыс қапталдағы Ганьчжоу-ұйғыр патшалығын тақи-таза қиратады, қырғынға ұшыраған ұйғырлардың шамалы бөлігі Тибет тарабына ығысады, енді бір азғанасы Бешбалық-Кучадағы ағайындарына барып бас сауғалапты, сөйтіп, құнарлы алқап – Эдзин-гол өзенінің ұзына бойы Таңғұт иелігіне біржола көшеді.
Осы, айрықша дәуірлеген шағында, одан әрі, туы құлаған ақырғы сәтіне дейін Таңғұт мемлекетінің шекарасы шығыста Хуаңхэ дариясының төменгі иіні, Тұр-қорғанның ішкі бетінен – батыста Хами жазығына дейінгі, терістікте Гоби шөлінен – түстікте Көкөнор қыратына дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатқан екен. Бұл кезде бұрын отырықшы болған байырғы халықтың біраз бөлігі жаңа мекен, ондағы көшпенділер әсерімен шашырай қонып, малшылық кәсіпке жетігеді. Сөйтіп, ел ішінде қалалық мәдениет, ежелгі егіншілікпен қатар, өркендеген мал шаруашылығы, далалық дәстүрлі тіршілік қалыптасады. Ендігі заманда Таңғұт елінің ішкі ауқаты, сыртқы саудасында мал сүмесі мен егіншілік өнімдері қатарлас, астас қызымет атқарады.
Империя халқының басым көпшілігі таңғұт жұрты болады. Сонымен бірге, негізінен шекаралық аймақтарда хән (қытай) тектілердің үлес салмағы да әжептәуір екен. Түстік-батыста ежелгі тоғон және тибет тайпаларының жұрағаты, терістік-батыста бодан ұйғырлардың жұқанасы қоныс тепкен. Солтүстік бет – Ордос пен Алашань даласында түрік-татар текті тайпалардың бөлшек-бөліктері мал бағып тұрған. Мемлекеттік тіл – таңғұт тілі болған.
Ұлттық таным, ұлттық мүдде орайындағы түбегейлі саясат нәтижесінде таңғұт мәдениеті биік деңгейге жетеді. Император Юань-хао 1036 жылы ежелгі қытай иероглиф таңбалары негізінде қалыптанған жаңа таңғұт жазуын қолданысқа енгізеді. Ізінше, 1039 жылы таңғұт жазулы, таңғұт тілді ұлттық мектептер ашу туралы жарлық береді. Бұрнағы, қытай үлгісіндегі сауат пен білім енді ұлттық арнаға көшіріліпті. Ұлттық намыстың бір көрінісі – Сұң патшалығымен, әуелде Қидан, одан кейінгі Шүржен елдерімен арадағы дипломатиялық қатынас қағаздары қытай тілінде жазылғанымен, таңғұт тіліндегі нұсқалары қоса жолданып отырған екен. Әлбетте, әуел бастан-ақ таңғұт жұртына қытай мәдениетінің, қытай рәсім-салтының ықпалы аса күшті болған. Ел-аралық қатынас орайында, және жалпы мәдени үрдіс мақсатында, таңғұт тілді мектептермен қатар, қытай тілді мектептер қалыптасады. Әдепкі қытай үлгісі бойынша, ксилография тәсілімен кітап шығару және оның кеңінен таралымы жақсы жолға қойылыпты. Ұлттық дәстүр және қытай әсеріндегі өнер мен әдебиет өсіп-өркендейді.
Мемлекеттік дін – буддизм болған. Сонымен қатар, Кұңфудзы ілімі мен даосизм кеңінен таралады, халықтың біршама бөлігі аруаққа, тылсымға табынған ежелгі дәстүр-салтын ұстанады.
Таңғұт әскері, соғыс қабылеті ғана емес, әдіс-айла, жарақтану тұрғысынан Оңтүстік-Шығыс Азияда Қидан, Шүржен, Сұң армияларымен шендес, айрықша қуатты әскер саналған. Он бес пен алпыс жас аралығындағы еркек кіндікті түгел қару ұстауға міндетті болыпты. Соғыс стратегиясы ежелгі қытай негізді, ал тактикасы далалық тайпалар дәстүрімен жалғастық танытады. Империяның соңғы кезеңінде қарулы шеріктің жалпы саны 500 мыңға, енді бір деректерде, тіпті, 800 мыңға тартады. Қайткенде де аса мол жасақ.
Патшалықтағы халықтың жалпы саны туралы нақты дерек жоқ. Енді бір зерттеушілер әскер қарасынына (500 мың) орай, екі жарым миллион деп шамалайды. Ондай жағдайда бұл – тек негізгі халық таңғұттардың ғана мөлшерін көрсетпек. Құдыретті көршілерімен салыстырғанда ұзын саны шектеулі болса да, қуатты әскерінің арқасында Таңғұт елі ұзақ екі жүз елу жыл бойы ту көтеріп, салтанат құрып отырды.
Әлбетте, екі жарым ғасырдың ұзына бойында, тәуелсіздік сақтау жолындағы ұрыс-соғыстар, ара-тұра азғана тыным тапқанымен, ешқашан толастаған емес. Барлық уақытта да ең негізгі қарсылас – Қытай-Сұң патшалығы болды. Тынымсызына қоса, айрықша қантөгіс, ұзақ майдан, елдің еңсесін көтеріп, өрісін кеңейткен Юань-хао заманынан соң одан әрі жалғасады. Әсіресе, 1040–1044 жылдар, 1069–1072, 1081–1086, 1096–1099 жылдардағы соғыстарда екі жақтан да жүз мыңдаған адам құрбан болады. Таңғұттар баз-базында ішінара жеңілістерге ұшырағанымен, ұжымының беріктігі, рухының биігі, әскерінің қуаты, жерінің кеңдігі арқасында үнемі үстем шығып отырады, ақыр түбінде еркіндігін сақтап қалады.
Таңғұттар тек Сұң ғана емес, әуелде Қидан, кейін оған жалғас Шүржен империяларымен де көбіне-көп соғыс жағдайында болады. Мәселен, 1044 жылы күзде Қидан императорының өзі бастаған екі жүз мыңдық қалың қол үш лек болып шекарадан өткенде, жауынгер Юань-хао далалық көшпенділердің үйреншікті тәсілімен шегіне шайқасып, ақыры кең далада, қолайлы жағдайда бетпе-бет ұрыс ашады да, қидан әскерін тас-талқан қылып жеңеді; сондай-ақ Юань-хао өлгеннен кейін қидандар қайта аттанған, 1049–1053 жылғы жаңа соғыс та шабуылдаушы жақ үшін үлкен шығынмен, нәтижесіз аяқталады. Келесі тарихи дәуірде қидандардың орнын басқан шүржендер де баянды татулық жайын ойламапты. Екі империяның да күні батар қарсаңда, 1214–1224 жылдары, тұтас он жылға созылған қырғын шүржендердің де, таңғұттардың да титығына жетті деп саналады.
Жинақтап қарасақ, таңғұттар өзінің екі жарым ғасырлық тарихында төңірегімен түгел жауласыпты. Соған қарамастан, империялық саясат алмағайып кезеңдерде біршама көрегендік танытып отырғанын байқаймыз. Мәселен, Қидан–Шүршіт соғысы басталғанда таңғұттар бұрыннан жаулас қиданға көмекке шығады. Тікелей әскер аттандыру үстіне, Шүрженмен одақтасқан Сұң патшалығына қарсы кең көлемді, дүркін жортуылдар жасайды. Әлбетте, шүршіттің қатері басымырақ дұшпан екенін аңдап, өзімен тепе-тең жағдайдағы, үйреншікті Қидан ұлысы орнында қалса деген әрекет. Арада жүз жыл өтіп, енді Шүржен мен Сұң арасында зор майдан басталғанда азғана соғыс қимылынан аспай, екі жақты да үміттендіре отырып, ұтымды бейтараптық сақтайды, нәтижесінде Қытай тарабында да, Тибет тарабында да жерін кеңейтіп, алдағы елу жыл – XII ғасырдың екінші жарымында іргелес екі империямен де бейбіт жағдайда, жұртын тыныштықта ұстап, елінің күш-қуатын ғана емес, әл-ауқатын да арттырып, мәдениетін өркендетіп, ұлыс тарихындағы ең бір мамыражай дәуірін өткеріпті.
Таңғұттың ұзақ тарихында алып империялармен арадағы соғыстар тәуелсіздік кепілі, амалсыз ахуал болса, түстік, батыс және терістік өңірдегі жорық, жортуылдар – ұлыстың өрісін кеңейту, өзінен әлсізді жеміріп жеу бағдарында болғанын көреміз. Тибетпен, ұйғырмен арадағы ұрыстар жөнін шет жағалап айттық. Ал солтүстік тараптағы көшпенді түрік-татар тайпаларымен арадағы қатынас басқашарақ болды. Күш-қуаты артып, қаптай жайылған таңғұттар VII ғасырдың орта шенінде ежелгі ғұн қонысы Алашань мен Ордосты алған кезде, бұл жерлер мүлде иен емес еді. Сонымен қатар, тығыз қоныстанған деп айту да қиын. Оның үстіне, Ұлы Түрік қағанаты ыдыраған, өліара кезең. Қайткенде де, ордалы елмен екі арада Гоби шөлі тұр. Жаулап алу қиындыққа түспеген сияқты. Далалық көшпенді тайпалар таңғұт бодандығында қалады. Әуелден-ақ қарасыны толымсыз болғанымен, басып алу кезінде қырғынға ұшырамады деп, енді бір шамасы бас сауғалап, арғы бетке босқын таппады деп айту қиын. Бізге белгілі әдебиетте бұл тараптан мағлұмат ұшыраспайды. Бірақ өткен зорлық қарымтасыз кетпеген. Білге-қаған бітігінде 700 жылы көк түріктердің таңғұт елін шабуы, ойсырата жеңіп, мол олжамен қатар, қаншама жұртын тұтқындағаны, құлдыққа әкеткені туралы айтылады. Қағанаттан соңғы кезеңде түрік-татар тайпаларымен ара-тұра қақтығыс тиылмайды. Нақты белгілі мағлұмат – XI ғасырдың соңында, керейлер бастаған Цзубу конфедерациясының азаттық соғысында таңғұттардың қиданға қол жалғап, ту сырттан ұруы. Нәтижесінде, екі тараптан бірдей ауыр соққыға ұшыраған керей-қият-найман-меркіт-басымлы одағы жеңіліске ұшырап, бүкіл Татар Даласы ойран болады. Цзубу бірлестігінің далай-ханы керей Моғусы қазаға ұшырап, көшпенді жұрт қайтадан Қидан патшалығының табанына түседі. Бұл төтенше шапқын ұмытылмағанын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өшпенді кекке ұласқанын кейінгі оқиғалар айғақтаса керек. Кең көлемді жорық-майдан болмағанымен де, таңғұтпен арадағы қырғиқабақ жағдай, сөз жоқ, ішінара әрқилы қақтығыстар келесі, XII ғасырдың ұзына бойына созылғаны байқалады.
Ұлы дала Шыңғыс хан бастаған қуатты, жаңа ұлыс ретінде ұйысқан шақта түстіктегі Таңғұт – ежелгі дұшпан, Шүржен патшалығынан соң, екінші кезектегі қатерлі жұрт ретінде бағаланғанын көреміз. Шыңғыс хан ақ киізге көтерілер қарсаңда, 1205 жылы және жұрт біржола ұйысқаннан соң, 1207 жылы, ең алғашқы сыртқы жорықтар Таңғұтқа қарсы бағытталуы кездейсоқ емес. Таңғұттар 1209 жылы бағыныш білдіргенімен, 1219 жылы ашылмақ Батыс жорығынан бас тартады. Сірә, таңғұт саясаткерлері Шыңғыс хан құдіретті Харезмді жеңе алмайды, алмағайып майданда қирамаса да, әлсіреп бітеді деп шамаласа керек. Ең жаманы – қағанға дипломатиялық қитұрқы сылтау орнына өте дөкір жауап қайтарылады. Бұрынғы келісімдер бұзылды, Таңғұт Еке Моғұл ұлысына сөз жүзіндегі бодандықтың өзінен айныды деген кеп. Шыңғыс хан Батыс жорығын аяқтаған соң, қайта оралып, Таңғұтты біржола қиратуға серт етеді. Қайткенде де ұлы қаған жат әрі жау патшалықтың қақ желкеде тұруына жол бермейтін еді. Ақырғы нәтиже белгілі.
1227 жылы қаншама заман – екі жарым ғасыр бойы салтанат құрған, Орталық-Шығыс Азия тарихында өзіндік орны бар, тақау төңірегіне саяси ықпал-әсері мол болған, халқы ірі, мәдениеті жоғары, қуаты зор болған Си Ся патшалығы жер бетінен жойылады. Қисапсыз қырғынға ұшырап, ойсырай кеміген таңғұт халқының ең ақырғы бөлшек-жұқаналарының өзі қайғылы халге ұшырағанын көреміз. Бағыныш танытқан, аман қалған әскердің азғана бөлігі Еке Моғұл империясы қарулы күштерінің қатарын толтырады. Егінші, малшы жұрты қарасыны басым әрі үстем жағдайдағы көшпенділерге кіріптар жағдайда қалады. Біршама халқы астана байтақ, сақараға көшіріледі. Атқамінер билеуші әулет өкілдері, әсіресе қытай тілі мен саясатына жетік кісілері мемлекет қызметіне тартылады, Шүрженмен, Сұңмен арадағы дипломатиялық жұмыстарға жегіледі. Уақыт оза келе, бұл тарап қауымнан батыста Иран мен Алтын Орда, шығыста Юань империяларында белгілі әскери қолбасылар мен беделді саясаткер, оқымысты ғалымдар шығады. Әлі де ежелгі қонысында отырған, бәлкім, өсіп-өніп, көбейе бастаған таңғұттың соңғы сарқыны Юань заманында Қытайдың ішкі өлкелеріне біржола қоныс аударуға мәжбүрленеді. Ақыр түбі, елдігінен айрылған, бытырап, әр тарапта телімде жүрген таңғұт атаулының бәрі де өздерінің ұлттық бейнесін, ана тілін жоғалтып, саны мол басқа жұрттардың арасында жұтылып кетеді. Кейінгі бурят халқының құрамында таңғұт есімді шағын ру бар екен. Халха ішінен де елес береді. Әйткенмен бұл – арғы түбі таңғұтқа қатысты демесек, мүлде басқа жұрт – бурят, халха. XIX ғасырдың соңында ежелгі таңғұт мекені, кейінгі Гансу өлкесін саяхаттаған, Көкөнор, Амдо аймағын төңіректеген орыс оқымысты-жиһанкездері жергілікті тибет текті тайпалар арасында байырғы таңғұт жұртының әлдебір жұрнағы ұшырасатынын айтыпты. Аты сол, заты басқа. Есебі, жоқ десе де болады. Таңғұттың бар тарихы 1227 жылмен бітіпті.
Ал біз тарапқа келсек, Батысқа ауған түрік тайпалары тасқынының ішінде, аз ба, көп пе, таңғұттар да бар екен. Нақты тарихи жазбаларда Алтын Орда құрамындағы, Дәшті-Қыпшақ жеріндегі негізгі тайпалар санатында таңғұт руы да аталады. XV, XVI ғасырдың өзінде. Тіпті, XVII ғасыр деректерінде. Кейін іргелі, үлкен тайпалардың құрамына сіңісіп кеткен. Яғни, бүтін емес, бөлшектің бөлшек пайызы болса да, бүгінгі қазақ халқының нәсіл-тегінде ежелгі таңғұт жұртының да үлесі бар деп білу керек.
Хань мемлекеті
Хань мемлекеті, Хань империясы — Қытайдағы Хань әулеті құрған мемлекет (біздің заманымыздан бұрынғы 206 жылы — біздің заманымыздың 220 жылы) Хань мемлекеті құрылған кезден бастап өзінің қарулы күзеті бар “күшті үйлердің” жер иеліктері пайда болды. Хань мемлекетінде ірі сауда орт-тары (Лоян, Чэнди, Ханьдань, Линьцзы) күшейіп, тауар-ақша қатынастары, сыртқы және ішкі сауда дамыды. У-ди патшалық еткен кезде (біздің заманымыздан бұрынғы 140 — 87 жылы) қалпына келтірілген және өзгеріске ұшыраған конфуцийшілдік ілім үстем ресми идеология болып танылып, монархиялық биліктің тірегіне айналды. Хань билеушілері көршілес халықтарға қарсы ұзаққа созылған басқыншылық соғыстар жүргізді. Жоңғария мен Шығыс Түркістан арқылы батысқа қарай Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне дейін жететін “Ұлы Жібек жолы” ашылды. Вьет мемлекеті — Намвьет — Аулак (қазіргі Гуандунь провинциясы, Гуан-си-Чжань автономия ауданы мен Үндіқытай түбегінің солтүстік), қазіргі Чжэцзян мен Фуцзянь провинцияларының оңтүстік бөлігі, Корей мемлекеті — Чосон (Чаосянь) жаулап алынды. Дегенмен, ұзаққа созылған соғыстар және ішкі тақ тартыстары салдарынан Хань мемлекетінде халықтың тұрмысы нашарлап, әлеуметтік қарама-қайшылықтар шиеленісе түсті.
Тақты басып алған Ван Ман (9 —23 жылы билік етті) жерге жеке меншікті жоюға әрекеттеніп, құл сатып алуға, сатуға тыйым салды, басқа да реформалар жүргізді. Алайда оның реформалары елдегі саяси жағдайды тұрақтандыра алмады. Көп ұзамай шаруалардың, әскерлер мен құлдардың жаппай көтерілістері басталды.
Хань Империясы, 2-ші ғасыр
25 жылы көтерілісшілер ел астанасы — Чаньань қаласын басып алғаннан кейін алғашқы Хань мемлекеті жойылды. Көтерілісшілермен күрестің барысында жергілікті ақсүйектер Лю Сю бастаған жаңа — Кейінгі немесе Шығыс Хань әулетінің (25 — 200) негізін қалады.
27 жылдың соңында “Қы-зыл қастылар” көтерілісі басып жанышталды, тек 37 жылы ғана Лю Сюға “күшті үйлерге” сүйене отырып, елді біріктірудің сәті түсті. Шығыс Хань әулетінің алғашқы билеушілері шаруаларға жеңілдіктер жасап, салық көлемін азайтты. Батыстағы елдермен “Ұлы Жібек жолы” және оңт-тегі теңіз жолы арқылы экономикалық және мәдени қарым-қатынастар қайта жанданды. Елдегі жағдай тұрақтанып, мемлекет нығайғаннан кейін Хань әулеті сыртқы жаулап алу соғыстарын жалғастырды. Әскери қимылдар қолбасшы Бань Чаоның белсенді дипломаттық әрекеттерімен қатар жүргізілді. Хань мемлекетіне Жоңғария мен Шығыс Түркістандағы біраз иеліктер тәуелділікке түсті. Алайда Бань Чаоның өлімінен кейін империяға тәуелді жерлер оған қарсы көтерілді.
184 — 204 жылы болып өткен шаруалардың қуатты “Сары орамалдылар” көтерілісінен кейін Шығыс Хань әулетінің билігі құлдырап кетті. Көтерілісші шаруалармен күрес барысында әскерді басқарған жергілікті билеушілер орталық үкіметтен іс жүзінде тәуелсіздікке қол жеткізді. Олар 220 жылы Шығыс Хань империясын жойып, оның орнына Саньго мемлекетін (220 — 280 жылы) құрды. Хань мемлекетінің батыстағы негізгі жауы ғұндар болды. Біздің заманымыздан бұрынғы 2 — 1 ғасырларда ғұндардың қауіпті болғаны сонша Хань мемлекетінің олардан қорғану үшін Қытай қорғанын салуға мәжбүр болды. Көшпелілермен соғыста жеңіске жете алмайтынын түсінген Хань билеушілері ғұндарды бір-біріне айдап салуға тырысты. Көп ұзамай бұл саясат өз жемісін беріп, көшпелілер өзара соғысты. Ғұн мемлекеті ыдырап, бір бөлігі батысқа ауып кетті де, қалғандары Хань мемлекетініңне бағынды.
Цинь империясы
Цинь империясы, Чинь (Шың) патшалығы (1644 — 1911) — Қытайдағы маньчжурлар әулеті билеген соңғы патшалық. Билеуші Нурцахи (Нұрхаш) (1559 — 1626) 16 ғ-дың аяғында Солт.-Шығыс Қытайда тұратын көшпелі маньчжур тайпаларын біріктіріп, Мин империясына қарсы күрес бастады. Ол 1616 ж. Хатула деген жерде “Да чжин” (“Ұлы алтын”, тарихта оны “Ху чжин — Соңғы чжин” деп атаған) мемлекетінің құрылғанын жариялады.
Ішкi саясат
1626 ж. Нурцахи қайтыс болғаннан кейін оның орнына баласы Абахай(Хуан Тайчжи) отырды. *1636 ж. Абахай мемлекеттің атын Цин(Чин — мөлдір) деп өзгертті. Бұл кезде Қытайдың орт. аудандарында Мин патшалығына қарсы Ли Цзычэн, Чжан Сяньжун бастаған халықкөтерілістері болып жатты.
1644 ж. Цзычэн бастаған көтерілісшілер Пекинге басып кіргеннен кейін Мин патшалығының соңғы императоры Чжу Ючжиян өзіне-өзі қол жұмсап, қаза болды. Маньчжурлардың әскері Қытай қорғанын күзетіп тұрған Мин патшалығының генералы У Саньгуймен бірігіп, көтерілісшілерге қарсы аттанды. Біріккен әскер Пекиннен көтерілісшілер армиясын ығыстырып шығарып, 1 мамыр күні Қытайда Цинь империясының орнағанын жариялады. Цинь империясы негізінен Мин патшалығы кезіндегі саяси жүйені нығайтты. Императорлық кеңес маньчжур ақсүйектерінен құрылды. Әкімш.-аумақтық бөлініс провинция, аймақ, округ пен ауданнан құрылды.
1683 жылға дейін әскери жорықтардың, билеуші топ өкілдерімен тиімді саясат жүргізудің барысында Тайвань аралына дейінгі жерлер бағындырылды.
17 — 18 ғасырларда елде а. ш. мен қолөнер дамып, алғашқы мануфактуралар пайда болды, капит. қатынастар орын ала бастады. Тың жерлер игерілді, кейбір салық жеңілдіктері жасалды.
1712 ж. халық санағы жүргізіліп, егістік жерлердің көлемі есепке алынды. Цинь империясы. елдің батысындағы Жоңғар хандығымен үздіксіз соғыс жүргізді. Ол соғыста жоңғарларды Қшкі Моңғолия мен Халхаданығыстырып шығарды. Қиыр Шығыста да үлкен табыстарға жетіп, Ресейді Амур бойынан бас тартуға мәжбүр етті; қ. Канси.
Сыртқы саясат
Цинь империясы шет елдермен, әсіресе, еур. мемлекеттермен “жабық есік” саясатын жүргізіп, империя аумағын сыртқы шабуылдардан қорғауды күшейтті.
17 ғ-дың аяғында Қытайдың шеткері аймақтардағы орт. өкіметке қарсы жүргізілген “Сан фан” қозғалысын күшпен басты. Жоңғар ханы Қалдан Сереннің Қытайға жасаған шабуылы тойтарылды. Орт. Азияда қалыптасқан ішкі қайшылықтарды пайдалана отырып,
1755 — 57 ж. Жоңғар хандығын біржолата жойып жіберді.
1756 — 57 ж. Қазақ хандығымен болған дығымен болған шекаралық әскери қақтығыстардан кейін өзара келісім жасалып, дипломат. қарым-қатынастар орнатылды (қ. Абылай, Цянь Лун). Цинь империясы Үрімжі, Құлжа мен Тарбағатайда қазақтармен малға тауарлар айырбастайтын арнайы базарлар ашты.
1759 ж. Қашғариядағы ұйғырлардың қарсылығын жаныштап, Шығыс Түркістанға өз билігін орнатты. *1762 ж. Қле өз-нің бойында Чжаньчжунфу генерал-губернаторлығы құрылды.
1762 — 65 ж. оңт-те Бирма, Вьетнам, Непалға жаулап алу соғыстары жүргізілді. 18 ғ-дың аяқ кезінде Тибет жаулап алынып, Цинь империясы өзінің шарықтау шегіне жетті.
19 ғ-дан бастап Цинь империясы әлсірей бастады. Орт. өкіметке қарсы халық көтерілістері жиілеп, батыс державалары Қытайға ену әрекеттерін күшейтті.
Апиын соғысы
1840 — 42 ж. Қытай мен Ұлыбритания арасында болған “апиын соғысы” екіншісінің жеңісімен аяқталды. Цинь империясы Нанкин келісіміне қол қойып, еур. державаларға тәуелділікке түсуге мәжбүр болды. Маньчжурлардың билігі мен шетелдіктердің үстемдігіне қарсы болған тайпиндер көтерілісі (1850 — 66) Цинь империясын одан әрі әлсіретті.
Жапондық-қытай соғыс
19 ғ-дың 2-жартысынан бастап Қытай еур. мемлекеттер (Ұлыбритания, Франция, Ресей, Германия) мен Жапонияның үлес алуда өзара бәсекеге түскен жартылай отарына айнала бастады. Бірте-бірте билеуші топтардың арасында шетелдік үлгідегі өнеркәсіп құруды жақтайтын “Яну пай” тобы пайда болды. Қытайдың ұлттық буржуазиясы дүниеге келді. Қоғамды жаңарту, саяси жүйеге өзгерістер енгізуді талап ету қозғалысы күшейді. Цинь империясының Франциямен (1884 — 85) және Жапониямен (1894 — 95) болған соғыста ауыр жеңіліске ұшырауы ұлттық дағдарысты тереңдете түсті.Сун Ятсен басқарған саяси қайраткерлер маньчжурлардың билігін халықтық республика құрумен алмастыруды ұсынды.
Ихэтуаньдер көтерілісі
Ихэтуаньдер көтерілісі мен оны басып-жаншу үшін сегіз мемлекет әскерлерінің Пекинге жасаған шабуылы Цинь империясын мүлдем дәрменсіз күйге түсірді. 1911 ж. жазда Учань қ-нда Сун Ятсеннің басшылығымен басталған көтеріліс бүкіл халықтық қолдауға ие болып, жеңіске жетті. Цинь империясы билігі жойылды. Желтоқсан айында Нанкин қ-нда Қытай Республикасы жарияланып, Сун Ятсен басқарған Уақытша үкімет құрылды.
Юань Империясы
Юань Әулеті – Қытайда билік жүргізген моңғол әулеті (13 – 14 ғасырларда). Әулеттің негізін Шыңғысханның немересі Құбылай қалады. 1206 ж. Орталық Азияны мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларын бағындырған Шыңғысхан 1211 – 15 ж. Қытайды жаулап алуды бастап берді, ал оның мирасқоры Үгедей хан 1234 ж. Солтүстік Қытайды толық бағындырды. 13 ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлінді, солардың бірін Құбылай басқарды. Ол Қытайды жаулап алуды әрі қарай жалғастырды да өз мақсатына жету үшін мемлекет астанасын Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді (1264). Алғашқыда бұл мемлекетке Моңғолия мен Солтүстік Қытай жері кірді. 1271 ж. Құбылай өз иелігіне “Юань“ деген ханзу (қытай) атауын берді. Оның әкімшілік жүйесі қытай үлгісінде жасалды. Бірақ сол кездегі саяси жағдайларға байланысты оның өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Мысалы, Қарақорым мен Шанду (Ханбалчасун, кейіннен Кайпин) қалалары Пекинмен бірдей астана саналды. Ел аумағы жергілікті хатшылықтар (син-чжуншушэн) басқаратын 11 провинцияға бөлінді. Шаньдун, Шаньси, Хэбэе сынды аумақтардың біразы тікелей Сарай хатшылығына бағынды. Сондай-ақ кейбір моңғол ақсүйектерінің үлестік жерлері де орталық және жергілікті әкімшілік билікке бағынбады. Жоғарғы үкімет – чжуншушэн (сарай хатшылығы) болды. Хатшылыққа 6 мекеме бағынды. Императордың жанынан шенеуніктердің қызметін қадағалайтын “әскери кеңес“ (шумиюань) пен “цензорат“ (юйшитай) жұмыс істеді. Жоғарғы билік орындарында моңғолдар мен түрік тектес халықтардың өкілдері отырды. 1279 ж. Құбылай Оңтүстік Қытайдағы Сун империясын талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. 13 ғасырдың 70 – 90 ж. Юань Әулеті тарапынан Вьетнам, Бирма, Тямпа, Жапония мен Яваға қарсы жорықтар жасалғанымен, бұл елдерді бағындыру мүмкін болмады. Корей мемлекеті Юань Әулетінің билігін мойындады, мұнда моңғол уәкілі отырды. Құбылайдың мирасқоры Темір (Тэмур) тұсында да (1295 – 1307) осы саясат өз жалғасын тапты. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін елде таққа талас басталып, берекесіздік орнады. 1308 – 1332 жылдары 8 император бірін-бірі алмастырды. Бұл берекесіздік Тоғон-Темір билік еткен жылдары (1333 – 1368) біршама тоқтағанымен, мемлекетте жергілікті қытайлардың көтерілістері басталды. 1351 – 68 жылдарды қамтыған бұл көтерілістің нәтижесінде Юань Әулетінің билігі құлатылып, орнына Мин әулеті келді. Юань Әулеті өкілдері Моңғолияға қашуға мәжбүр болды.
Юань Империясы, Дай Юань (Ұлы Юань) – 1271 – 1368 жылдар аралығында Қытайда билік құрған көшпелілер мемлекеті. Мемлекеттің негізін қалаған Шыңғысханның немересі Құбылай болды. Шыңғысханның қол астына біріккен түркі-моңғол тайпалары Қытайды жаулап алуды ұлы жихангердің көзі тірісінде бастағанымен бұл жорықтар аяғына дейін жеткізілген жоқ. 13 ғасырдың 50 жылдары Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Соның бірін басқарған Құбылай Қытайды әрі қарай жаулап алуға кірісті. Өз мақсатына жету үшін ол 1264 ж. астананы Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді. 1271 ж. Құбылай өз әулетіне қытайша Юань атауын берді. 1279 ж. ол оңт-тегі сун империясын біржолата талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. Қытайды толық басып алғаннан кейін ол қытайлық дәстүрді жалғастырып, өзін “Көктің ұлы” деп жариялады. Моңғолдар Қытайда билік ету үшін сол елдің сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекеттік тәртіптерін сақтауға, биліктің қытайлық түрін қабылдауға мәжбүр болды. Құбылай бүкіл Қытайды 11 провинция, 180 округке бөлді, оларды басқаратын уәкілдерді өзі тағайындады. Халықтың әлеумметтік құрылымы өзгертілді, бірінші орынға – түркі-моңғолдар шығарылды, одан кейінгі орында – шетелдіктер (негізінен мұсылмандар), соңғы орында қытайлықтар тұрды.
Юань Империясының аумағы
Алдыңғы екі топтың артықшылық құқықтары көп болды. Мемлекеттік тілі – моңғол тілі болып жарияланып, қытайларға қару асынуға тыйым салынды. Жоғарғы қызметтерге қытай еместер тағайындалды. Жер иеліктерін, ауылдар мен қалаларды моңғол билеушілері өздеріне туыс ауқатты шонжарларға, оларға қызметке келген шетелдіктерге, буддалық ғибадатханаларға үлестіріп берді. Мемлекеттегі ірі қалаларға Құбылай өз гарнизондарын орналастырып, әскери тәртіп жағдайын енгізді. Арнайы рұқсатсыз ешкімнің еркін жүріп-тұруына, саудамен айналысуына, басқа жаққа қоныс аударуына құқы болмады. Ерекше бақылауға алынған қытай саудагерлері тауарларын ел ішінде еркін алып жүре алмайтын және сыртқа да көп шығара алмайтын. Оның есесіне мұсылман саудагерлерге және еуропалықтарға Қытайға кіруге еркін жол ашылды.
Қытайларға мүлдем сенбеген Құбылай өзінің орасан зор мемлекетін басқару үшін билікке шетелдіктерді көптеп тартты. Мысалы, Орталық азиялық саудагер Ахмед қаржы саласын басқарса, әскери саланы сириялық Насир ад-Дин өз қолында ұстады, италиялық Марко Поло губернатор болып тағайындалды. Дегенмен Құбылай өзінің ең басты тіректері ретінде түркі-моңғол ақсүйектеріне арқа сүйеді. Сарай маңында және ірі-ірі провинциялардың ішінде басты рөлді көшпелілер атқарды. Әсіресе, жалайыр, керей, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, т.б. тайпалардан шыққан саяси қайраткерлер, қолбасшылар, дипломаттар көп болды. Олар Юань Империясындағы саяси, әскери және экономикалық билікті өз қолдарында ұстады. Құбылай қытай жазуына өзгеріс енгізуге тырысып, 1281 ж. даосизм ілімін насихаттайтын кітаптарды өртеуге бұйрық берді. Биліктен қуылған қытайлық билік өкілдері жиі-жиі моңғолдарға қарсы құпия бүліктер ұйымдастырып отырды. 1282 ж. астанада болған осындай кезекті көтерілістен кейін шетелдіктер елден қаша бастады. Осыған байланысты Құбылай қайтыс болған соң оның мұрагерлері сарайға қытайлық әкімдерді қызметке алуға мәжбүр болды. Юань Империясы 1274 және 1281 ж. Жапонияны бағындыру үшін әскери-теңіз экспедициясын жасақтады. Бірақ олардың кемелері күшті теңіз дауылдарына шыдамай, жапон аралдарына жете алмады. Осыдан кейін империяның назары оңтүстікке ауды. Құбылай 13 ғасырдың 50 жылдарында-ақ Вьетнамға дейін жеткенімен, жергілікті халықтың қатты қарсылығына тап болды. 1280 – 90 ж. Вьетнам мен Бирмаға жасалған жорықтар сәтсіздікке ұшырап, ол жерлерде моңғол басқыншыларына қарсы жаппай партизандық соғыс басталды. Оңтүстіктегі порттарды басып алуға аттандырған қытай флоты Қызыл өзенінің айрығында суға батырылды.
Бірте-бірте империяның әскери күш-қуаты сарқылды. Осыған байланысты билеушілер басқыншылық саясаттан бас тартып, өз шекараларын қорғауға кірісті. Көп ұзамай қоршаған ортаға байланысты биліктегі моңғол ақсүйектері де қытайлана бастады. Құбылайдың орнына келген Темірден (Тэмур) (1295 – 1307) кейін билік үшін үміткерлердің кескілескен күресі басталды. Соның нәтижесінде 1308 – 1332 ж. арасында 8 император алмасты. Тоғон Тэмир (Тұқа-Темір) (1333 – 68) билік еткен кезде Қытайда моңғолдарға қарсы халық көтерілісі (“Қызыл әскерлер” көтерілісі – 1351 – 68 ж.) басталды. Көтерілісшілер моңғолдардың негізгі күштеріне қарсы аттанып, 1368 ж. Юань Империясынің астанасы болған Даду (Пекин) қаласын басып алды. Юань Империясынің соңғы императоры өзінің қалған әскерімен, туыстарымен Моңғолияға қашып кетті. Сөйтіп қытайхалқының көп жылдық күресінің нәтижесінде жергілікті Мин әулетінің негізі қаланды.
Қарахан мемлекеті
Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.) Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.
Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Исфиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді:
Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды. Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды. Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс.
Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.
XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.