Алмалық

Алмалық — Орта ғасырдағы көне қала жұрты.
Іле өзенінің бойында, қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы территориясында, Қазақстан шекарасына іргелес Қорғас ауданының солтүстік-шығысында 15 км жерде орналасқан. Қираған қала орны шамамен 25 км2 аумақты алып жатыр. Кең ауқымды ресми археологиялық қазба жұмысы жүргізілген жоқ. 1950 жылы қытай археологі Хуан Вэнби және соңғы жылдарда Шыңжаң тарихи мұражайының археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қыш және фарфор, оның ішінде орта ғасырларда аса қымбат бағаланған қытайдың селадон фарфор ыдыстары, Шағатай ұлысының алтын, күміс теңгелері, металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен еңбек құралдары, түркі тілінде сөздер жазылған несториандық құлпытастар т.б. құнды мұралар табылды.
Қаланың шығыс жағында Алмалықта билік жүргізген Тұғлық Темір ханның (1329 — 1363 жылдары) күмбезі бар. Алмалық туралы Шыңғысхан жорығына қатысушы қытай ғұламасы Чанчунь Жэнрэнның, шүршіт Елуичусайдың сапары туралы жазбаларда, “Юань тарихында”, Алмалықтың өзінен шыққан тарихшы-ғалым Жамал Қаршидің “Мүлхакат әл-сурах” атты еңбегінде, сондай-ақ М.Х.Дулатидің, Рашид ад-диннің, Жувейнидің, Бабырдың кітаптарында, армян патшасы Геитунның қолжазбаларында мол мағлұматтар келтірілген. Қаланың негізі қашан қаланғаны белгісіз. Оның бізге белгілі алғашқы билеушісі қарлұқ Озар Тұғырыл ханды Шыңғысханға тізе бүккені үшін Найман ханзадасы Күшлік өлтірген. Шағатай ұлысы кезінде Алмалық хандықтың жазғы ордасы болды. 14 ғасырдың басында ұлыс ыдыраған кезде Моғолстан (Шығыс Шағатай) астанасына айналды.
Тарихи деректер бойынша Алмалық Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары барысында (1357, 1383, 1390 жылдар) күйреген. Жібек жолының негізгі күре тамырынан орын тепкен өзге де көптеген қалалармен қатар Алмалық та ірі сауда, мәдениет және саяси орталық ретінде Қазақстан мен Шығыс Түркістанның орта ғасырлық тарихы мен мәдениетінде аса маңызды рөл атқарды

Бесбалық

Бесбалық, Бишбалық, Бэитиң — орта ғасырлардағы көне түркі қаласы. Орны қазіргі Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районы Жемсары ауданының солтүстігінде 12 км жерде. Қытай деректері бойынша, қала негізі ғұн-үйсін заманында қаланған. Ол кезде Жинманчэң (Жем, Жемсары) қаласы батыс түркі жабғұсы Ашина Хэлудің ордасы болып тұрған кезде Кэханфутчэң, яғни, Қағанбуд немесе Қағанбоғда қаласы деп аталған.
702 жылдан бұл өңірге бақылау орнатқан Таң империясы қаланы Бэитиң (Солтүстік Орда) деп те атаған. Бесбалық атауы алғаш рет Күлтегін ескерткішінде кездеседі.
Қала 8 ғасырға дейін алдымен басмылдардың, онан кейін қарлұқтардың ордасы болды.
720 ж. Білге қаған бастаған шығыс түркілер өзіне қаратты,
760 ж. тибеттіктер уақытша жаулап алды.
840 жылдан кейін Бесбалық Моңғол даласынан қоныс аударған ұйғырлар құрған Идиқұт хандығының жазғы ордасы ретінде бірнеше ғасыр көркейіп, гүлденді.
Қаланың орнын 20 ғасырдың басында Жапонияның Отани экспедициясы, ағылшын археологы А. Стейн және 1928, 1979 — 87 ж. Қытай археологтары зерттеді.
Қала орны ұзынша төртбұрышты, ішкі қамал мен сыртқы қорғаннан тұрады. Сыртқы қорғанның ұзындығы 4596 м, ішкі қамалдың ұзындығы 3003 м, биіктігі 2 — 5 м. Қорған мен қамал сыртын айналдыра қорғаныс орлары қазылған. Қазба жұмыстары кезінде қала жұртынан қыш және фарфор ыдыстардың сынығы, мыс теңге, қола айна, кірпіш-жапқыштар, т.б. көптеген тұрмыстық-сәндік бұйымдар мен еңбек құралдары табылды. Қорған ішінде қираған жұқанасы ғана қалған сарай-ғимараттардың, будда ғибадатханаларының болғаны анықталды. Қала батысынан 2 км жерде Идиқұт мемлекетінің хан әулеті салдырған будда ғибадатханасы жақсы сақталған, оның аумағы 70,5-43,8 м. Орталық сарай мен үңгір-ғибадатханаларда түрлі мүсіндер қойылған, қабырғаларына діни мазмұндағы суреттер мен ұйғыр, қытай тілінде жазулар шекілген.
Бесбалық Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін де Шағатай ұрпақтарының билігінде ұзақ уақыт болып, 14 ғасырдың соңында Әмір Темірдің шығысқа жорықтары кезінде қирады. 15 — 16 ғасырларда Бесбалық Моғолстан патшалығының бір аймағы ретінде жиі аталады. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының аса ұрымтал тұсына орналасқан, Қытай, Қазақстан, Моңғолия және Шығыс Түркістанды бір-бірімен байланыстырған ежелгі Бесбалық өзінің бай салтанатымен мың жарым жылдай өмір сүріп, түркі халықтарының саяси тарихы мен мәдени өмірінде елеулі рөл атқарды.

Кроран

Кроран, Лоулан – Шығыс Түркістанда б.з.б. 2 – 4 ғ-ларда өркендеген қала орны. Ол қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы Лобнордың батысында 60 км жерде, Көнші өзенінің аңғарында орналасқан. Оны Орта Азияға үш рет ірі экспедиция ұйымдастырған шведтің шығыстанушы ғалымы Свен Гедин ашты. 1906 ж. және 1914 ж. ағылшынның тегі венгрлік Орта Азия зерттеушісі жиһанкезі Аурел Стеин қазып, зерттеді. 1909 – 11 ж. жапон зерттеушілері де осында бірнеше рет зерттеу жұмысын жүргізген. 1979 жылдан қазірге дейін ондағы ескерткіштерді ҚХР-дың археологтары жүйелі түрде зерттеп келеді. Кроранның қазірге дейін сақталып қалған жұрты, негізінен, төртбұрышты. Жалпы 10 мың шаршы метрден астам. Кроранның төрт жағындағы қамал-дуалдардың орта тұсында кіре беріс дарбазалары болса керек, кетік-кетік тұстары бар. Кроранның қамал-дуалдары мен үй қабырғалары саз балшықтан жыңғыл ағашын біріктіре отырып берік соғылған. Кроран жұртын қақ жарып аққан кішігірім өзеннің ескі аңғары бар екендігі анықталды. Кроран құрылысының қираған қалдықтарынан сақталғаны әрі ең көріктісі “үш үй” деп аталып кеткен ғимарат қалдығы. Оның дуалы саз балшық пен жыңғылдан соғылып, төбесі жүздеген ірі сырғауыл бөренелермен шатырлап жабылған. Ғимараттың бөлмелері жүйелі түрде орналасқан. Соңғы қазба кезінде оннан астам мұра, әр түрлі жазбалар табылды. Соған қарап ғалымдар оны қала әкімш-нің ғимараты болуы мүмкін деп топшылайды. Қаладан мұндай жақсы сақталған ғимараттар мен тұрғын үйлер көп аршылды. Жыл сайын оның көбісін жауын-шашын жаумайтын Лобнор шөлінің құмынан жел аршып отырған. Кроран жұртының шығысындағы зираттарды да зерттегенде одан көптеген қару-жарақ, ағаш, қыш ыдыстары, қола айналар, теңгелер, жебелер, алтын әшекейлер бұйымдар табылды. Крораннан табылған ең құнды ескерткіштер ағаш таяқшаларға және қағазға жазылған Қытай және кхароштхи жазуындағы жазба бітіктер (көне жазулар). С.Гедин, А.Стеин және жапон экспедициясы крораннан 1000-ға таяу осындай құнды құжаттарды тауып, елдеріне алып кеткен. Мұндай құжаттар мен ағаш бітіктер соңғы 20 жылдан бері де көптеп табылуда. Қазақстанның бізге белгісіз болып келген “Кроран” атауы да сол кхароштхи жазуындағы құжаттар арқылы анықталды. Құжаттардағы Kr,wr,n (Kroran) деген жер атын А.Стеин шығыстанушылардың көмегімен ашып, оны көне қытай жазбаларындағы осы қаланың аты Лоуланның баламасы деп біледі.