Абд ар-Рәшид хан

Рәшид хан, Абд ар-Рәшид (1509-1566) (ұйғ. عبد الرشيد خان) -Шағатай әулетiнен шыққан Қашқарияның билеушiсi(1530-1563 жылдары). Әкесi Сұлтан Саид хан - осы мемлекеттiң негiзiн қалаған(1514жылы ),атасы - Моғолстанның ханы - Сұлтан Ақмет (Алаша қан). Ол Қашқарияны 33жыл басқарды.Оның ұстазы әрi тәрбиешiсi белгiлi тарихшы және саяси қайраткер - Мұхаммед Хайдар Дулат.Дулат тайпасы билеушiлерiнiң Қашқарияда қайтадан билiк құрмақ ниетiнен сескенген Рәшид хан таққа отырысымен дулаттарға қаһарын тiгiп, Мұхаммед Хайдар Дулаттың нағашысы Сайд Мұхаммед мырзаны қуғынға ұшыратты.Бiрақ бұрынғы шәкiртiмен әлi де болса жақсы қарым-қатынас орнатпақ болған М.Дулат Шағатай әулетiнен шыққан қандардың Моғолстан мен Қашқарияны билеуi жайында жазған тарихи шығармасы "Тарих-и Рашидидi" жас ханға арнады.Рәшид хан өзi билiк еткен алғашқы жылдардан-ақ Қазақ хандығына деген бұрынғы туыстық,достық қатынасты емес,қазақтарды Жетiсудан қуып шығу саясатын ұстанды.Ол үшiн бұрыннан өздерiмен дұшпан болып келген шайбанилiктермен достық және татулық келiсiмiне келуге тырысты. Сөйтiп,1533-1537 жылдары аралығында өзбек қаны Убайдолламен одақ жасасып ,қазақтарға бiрнеше рет жорық жасайды.Оларға қарсы қазақтар мен қырғыздардың бiрiккен одағы қарсы тұрады.

Дәлелхан Сүгірбайұлы

Дәлелхан Сүгірбайұлы (1904 жылы туылған, Қытай, Алтай аймағы, Сарысүмбе ауданы,Көксу қонысы -1949) - Қытайдың Шыңжаң өлкесінде болған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, генерал-майор. 1933 жылғы Қытай қазақтарының көтерілісіне белсене қатынасқан. Өлкедегі ел басшыларын жаппай тұтқынға алып жатқан кезде Дәлелхан 1941 жылы Қазақстанға өтіп кетті. Кейін аймаққа қайта оралып (1944), Гоминьдан үкіметіне қарсы Үш аймақ көтерілісі басшыларының бірі болды. 1945 жылы Алтай аймағы Гоминьдан үкіметі ықпалынан азат етілгеннен кейін, Алтай аймағы генерал-губернаторының бірінші орынбасары әрі аймақтың әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалды. Іле, Тарбағатай аймақтары да азат етіліп, үш аймақтың негізінде Шығыс Түркістан Халық Республикасы құрылған кезде (1946) Дәлелхан үкімет мүшесі және Шығыс Түркістан ұлттық армиясы қолбасшысының бірінші орынбасары, кейін (1946) Алтай аймағының генерал-губернаторы болды және денсаулық сақтау министрі қызметін қоса атқарды. Ұлт-азаттық козғалысына белсене қатысқаны үшін Дәлелханға «Алтын жұлдыз» ордені тапсырылды, «Халық қаһарманы» деген құрметті атақ және генерал-майор әскери шені берілді. Дәлелхан Шығыс Түркістан Республикасының өзге де басшыларымен бірге белгісіз жағдайда ұшақ апатынан қайтыс болды.

Кеңес Одағының Шыңжаң оқиғаларына араласуы

Кеңес Одағының Шыңжаң оқиғаларына араласуы (1921, 1934, 1937 – 49 ж.) – Кеңес Одағының Қытай мемлекеті аумағындағы Шыңжаң өлкесіндегі оқиғаларға қатысты жүргізген дипломатиялық саяси және әскери іс-шаралары. 18 ғ-дың 2-жартысынан бастап Қытай мемлекетінің иелігі саналған бұл өлке Синьхай төңкерісінен кейін (1911) орталықтан бөлініп қалған-ды. Осындай жағдайда Ұлыбритания, АҚШ, Жапония үкіметтері бұл аймақты Орт. Азиядағы кеңестік насихатпен күрес жүргізетін плацдармға айналдыруды көздеді. Екінші жағынан, Қызыл Армиядан қашып Шыңжаңға бас сауғалаған ақ гвардияшылар кеңес билігіндегі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына үнемі шабуыл жасап тұрды. Ресейдің Құлжа мен Қашқардағы бұрынғы консулдары Люба мен Успенский ағылшын үкіметінің көмегімен ақ гвардияшылардың Кеңес үкіметіне, ең алдымен, Қазақстанға жиі-жиі шабуылын ұйымдастырды. Бұл кезде өлкеде 50 мыңға жуық орыс әскері бар еді (генерал Бакич әскерлері Шәуешек қаласы маңында орналасты, атаман Анненков Құлжаның маңайында және Боратала өзені бойында бекіді, атаман Дутов әскерлері Сүйдін қаласына орналасты). 1921 ж. Жетісудағы кеңес-қытай шекарасындағы жағдай қатты шиеленісті. Саны өскен ақ гвардияшылар Шыңжаңның ішкі істеріне араласа бастады. Ақырында Үрімшідегі Қытай әкімш. оларға қарсы Кеңес үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Кеңес үкіметі алдымен атаман Дутовтың көзін жою жөнінде шешім қабылдап, ол 1921 ж. ақпанда Сүйдінде атып өлтірілді. 1921 ж. сәуірде Бақтыда екі ел өкілдері келіссөз жүргізіп, ақтар мен азаматтық қашқындарды кері қайтару жөнінде келісімге келді. Қытай үкіметі өз күштерімен ақ гвардияшыларды талқандай алмайтындықтарын мойындап, Кеңес үкіметінен көмек сұрады. 1921 ж. Түркістан майданы басшылығы Шыңжаң әкімшілігімен келісе отырып, Тарбағатай аймағына Қызыл Армия бөлімдерін кіргізді. 17 маусымда Қызыл Армия бөлімдері Шәуешек маңындағы соғыс қимылдарын аяқтап, 1200 ақ гвардияшыларды, көптеген қару-жарақтарды қолға түсіреді. Бірақ Алтайға шегінген Бакич жасағы сол жақта Шарасуме қаласын басып алады. Орталықтың жазалауынан қорыққан Алтай губернаторы өзіне-өзі қол жұмсап, қалғандары Кеңес территориясы арқылы Шәуешекке қашады. Шыңжаң әкімш. Пекиннің рұқсатымен Кеңес үкіметінен тағы да көмек сұрайды. 1921 ж. 12 қыркүйекте қызыл әскерлер Зайсан қаласы арқылы Шыңжаңға еніп, Бакич жасағының ту сыртынан шығады. Қыркүйектің аяғында аймақты ақтардан тазартқан Қызыл Армия бөлімдері елдеріне қайтып келді. Бұл кезеңде Кеңес үкіметі Шыңжаңды басып алу саясатын ұстанған жоқ. Ол үшін ең бастысы ақ гвардияшылардың қалдықтарын жою және шекарада тыныштық орнату болды. 1920 – 30 ж. Шыңжаңдағы мұсылман халықтары жиі-жиі қытай әкімшілігіне қарсы бас көтере бастады. 1931 ж. Құмыл қаласында Чан Кайши өкіметіне қарсы ұйғырлар мен дүнгендер көтерілісі болды. Көтерілісті ұйғыр халқынан шыққан Қожа Нияз басқарды. Жеңіске жеткен көтерілісшілер 1933 ж. 10 шілдеде азат етілген аудандарда Шығыс Түркістан республикасын жариялады. 1932 ж. Ганьсуден (Қшкі Қытай) шыққан дүнген мұсылмандарының көсеміМа Чжуньин әскерлері Шыңжаңға басып кірді. Оны жергілікті ұйғырлар қолдады. Шыңжаңдағы қытай әкімшілігінің оларға қарсы тұратындай күші болмады. Чан Кайшиге көмектесу үшін Кеңес үкіметі Шыңжаңда жергілікті орыстардан әскери бөлімдер құрған болатын. Үрімжіде орналасқан осы әскер 1932 ж. 12 сәуірде КСРО-ның үнсіз мақұлдауымен жергілікті қытай әкімшілігін биліктен тайдырып, орнына Шэн Шицайды шақырды. Ол гоминдандық әскери топтың аса көрнекті өкілі еді, бірақ Чан Кайшимен қарым-қатынаста жақсы емес болатын. Шэн Шицай қалыптасқан жағдайды ескере отырып, КСРО-дан әскери көмек сұрады. И.Сталин ол өтінішті қабыл алып, 1933 ж. аяғында жасырын түрде Қытайдың Қле аймағына Қызыл Армия бөлімдері енгізілді. Алдымен бұрынғы қытай әкімш. әскерлерінің қалдықтарын талқандаған олар шығысқа қарай шегінген дүнген көтерілісшілерін (Ма Чжуньин) өкшелей қуып, Үрімжіні қауіптен құтқарды. Осыған қарамастан өлкенің әр түкпіріндегі мұсылман халықтарының көтерілістері басылған жоқ. 1937 ж. Қашқар мен Құмыл жақтан көтерілген көтерілісшілер Үрімжіге шабуыл жасады. Қытай үкіметі Кеңес Одағынан тағы да әскери көмек сұрады. 1937 ж. қыркүйекте Қызыл Армия бөлімдері “Қырғыз ұлттық армиясы” деген атпен шекарадан өтіп, Қашқар қаласындағы көтерілісшілерді талқандады. Осылайша КСРО тағы да Қытайдың Шыңжаңдағы билігінің сақталуына көмектесті. Кеңес Одағы Шыңжаң мұсылмандарының Қытайға қарсы күресі кеңес билігіндегі Орта Азия мен Қазақстан халықтарының қолдауына ие болуы мүмкін деген қауіптен сақтанды. Қытайдағы саяси биліктің әлсіздігін пайдаланып, басқа мемлекеттердің (Жапония, Ұлыбритания, АҚШ) Шыңжаңда күшті мұсылман мемлекетін құру қаупі одан да зор болды. 1930 жылдың 2-жартысында Шыңжаң Жапония, Ұлыбритания, Германияның өзара күрес нысанына айналды. Солт.-Шығыс Қытайдағы 3 провинцияны басып алған Жапония орталыққа бағынғысы келмеген саяси күштерге арқа сүйеп, Қытай аумағында тәуелсіз мұсылман мемлекетін құруға ұмтылды. Жапондар мен ағылшындардың Шыңжаңда жергілікті саяси күштердің көмегімен Түркістан Республикасын құру идеясы Қытай мен КСРО-ға бірдей ұнамады. Жапония Шыңжаңға орнығу арқылы Қиыр Шығыста ғана емес, Орта Азияға да ықпал етуді көздеді. Бұл жағдай КСРО басшыларының Шыңжаңды ерекше назарда ұстауына алып келді. Қшкі Қытайдан алыста орналасуы және жолдардың тым нашарлығынан ішкі провинциялармен ешқандай байланыс болмауы салдарынан 1940 жылдың бас кезінде Шыңжаң саяси-экономикасы жағынан КСРО-ға толық тәуелді болды. Тіпті 1941 ж. Шэн Шицай Кеңес үкіметінен өлкені одақтас республика ретінде КСРО құрамына қабылдауды ұсынды. Бірақ ішкі-сыртқы жағдайларға байланысты, Кеңес Одағы басшылары ол ұсынысты қабылдамады. 1941 ж. халықаралық жағдай қатты өзгерді. Қытай басшылығы Кеңес Одағы Германияға төтеп бере алмайды деп есептеді. Чан Кайши Шыңжаңда өз билігін орнату үшін әскери қысым жасауға көшті. Ол Ганьсу провинциясындағы дүнген генералдарын талқандап, өлкеге Ганьсу жақтан қауіп төндірді және Шыңжаңдағы көтеріліске шыққан қазақтармен байланыс орнатты. Осындай жағдайда Шэн Шицай Чан Кайшимен тіл табысуға тырысты және КСРО-ға іш тартқан адамдарды қатаң жазалауға көшті. 1943 ж. КСРО-ның Шыңжаңдағы ықпалы қатты шектелді. Бірақ Кеңес үкіметі өлкедегі геосаяси мүддесін қорғау үшін жаңа әрекеттерге көшті. 1943 ж. өлкеге Чан Кайши әскерлерінің кіргізілуіне байланысты қазақтар орналасқан Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарындағы көтеріліске (қ. Үш аймақ көтерілісі) қатты қолдау көрсетті. Кеңес әскерлерінің тікелей көмегімен үш аймақ толық азат етіліп, қолға түскен қару-жарақ “ұлттық армияға” берілді. 1944 ж. 15 қарашада көтерілісшілер Қытайдан тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрды. Шығыс Түркістан басшылары КСРО-мен достық қатынаста болды. Бірақ билікке діни қайраткер Әлихан төре келуімен бірге, екі ара суи бастады. Әлихан төре Қытай басшылығына, әсіресе, Қытай Компартиясына ғана емес, КСРО-ға да қарсы болды. Қытай Компартиясының билікке келуіне күш салған Кеңес үкіметі онымен достықты сақтап қалу мақсатымен, Қытайдың тұтастығын жақтауға көшті. Сөйтіп, кеңестік билеушілер 1940 жылдың 2-жартысынан бастап, Қытай коммунистерімен бірлесе отырып, Шыңжаңның Қытайдың құрамында сақталуына көмектесті. 1949 ж. күзде Қытай Компартиясы КСРО-дан Шыңжаңға Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Азаттық Армиясын кіргізуіне көмектесуін өтінді. Кеңес үкіметі қытай әскерін ұшақтар арқылы өлкеге жеткізуге жәрдемдесті. Шыңжаңның үш аймағындағы көтеріліс кезінде орналастырылған әскери арсеналдар да КХР-ға берілді. Осылайша, Кеңес Одағының тікелей араласуымен Шыңжаң өлкесі Қытай Халық Республикасы құрамына енгізілді.

Оспан батыр

Оспан батыр (Оспан Исламұлы) (қаз. Оспан батыр; وسپان باتىر; түр. Osman Batur; қыт. 欧斯曼·巴图尔; (1899—1951) — 20 ғ. алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт азаттық қозғалысының көсемі. Алтай қазағы.

Өмірбаяны

1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай өңірінде туған. 12 жасында қазақ серкелерінің бірі Бөке батырдың қасына келді.
1951 ж. сәуірдің 29-ында Үрімжіде қытайлар тарапынан өлім жазасына кесілді.

'' Қазақ үшін сайтанмен сөйлесуге де бармын! ''

Оспан батыр

Ұрпағы

Оспан батыр 1940 жылы атқа қонып, 1951 жылға дейін, Қытай, КСРО, Моңғол әскерлерімен 11 жыл соғысқан. Жарықтық, «мен ислам діні үшін атқа қондым» деген екен. Батырды 1951 жылдың 28 сәуір күні Үрімжіде атты.
Оспан батыр атылғаннан кейін де қудалау тоқтаған жоқ. Көп адамдар жазаланды. Бұл үрдіс батырдың ұрпақтарын айналып өтпей қоймады. Үлкен ұлы Шердиман 1973 жылы Құлжа түрмесінде өлді. Екінші баласы Нығметолла 1976 жылы дүниеден өтті. 1928 жылы туып 12 жасында қолына қару алып соғысқа қатысқан кіші ұлы Нәби 2002 жылы қайтыс болды.
Нәбидің алты баласы бар. Кенжесі Өркенбек Нәбиұлы ата-жұртына келіп, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітіріп, Қазақстанның азаматтығын алып Алматыда тұрақтап қалған еді.
Діні мен ұлтты үшін шаһит кеткен Оспан батыр дүниеден озып, арада 60 жыл өткенде немересі Өркенбектің баласы дүниеге келді. Батырдың шөбересіне Нұресіл деп ат қойды.

Күресі

1911 жылы Бөке батырдың жағында қытайлар және орыстарға қарсы күрес бастаған Оспан батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістанның қытайлар және орыстардан азат етілуін мақсат етіп қойды. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қытай үкіметі тарапынан Шығыс Түркістан жеріндегі түркі халықтарына қарсы қысым күшейгенімен бірге түркі халықтарының жауап әрекеттері де күшейе түсіп, Оспан батырдың көтерілуіне себеп болған жағдай қалыптасты.
Алтайды қытайлардан тазалай бастаған Оспан батыр, 1943 жылы мақсатына жеткендей болып көрінді. 1943 жылы шілденің 22 Бұлғында жасалған жиында Оспан батыр Алтай қазақтарының ханы болып жарияланды.
1945 жылының басында Шығыс Түркістанда бірнеше қала сыртында бақылау көтерілісшілердің қолына түсті. Жағдай қытайлар үшін бұдан артық төзгісіз болып және одан да қауіпті жағдай қалыптаспайынша Қытай әскерлері өлкеде қатаң және жойқын операциялар өткізді. Тарбағатай және Алтайдан шығарылған Оспан батыр күрес отыз мың кісімен бастаса да 1950 жж. басында осы сан шамамен төрт мың ғана болды. Бұл санға әйелдер және бала-шаға да кіреді.
1951 жылы Қанамбалда қоршалған Оспан батыр тұтқын болды, Үрімжіге жөнелтілді.
Оспан батыр, халық арасында жүргізіліп көрсетілді және 1951 ж. сәуірдің 29-шы күні үкім бойынша өлімге кесілді.

Шыңжаңдағы ақтар қозғалысы

Шыңжаңдағы ақтар қозғалысы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталды. Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметін мойындағысы келмеген адамдар өз отанынан тыс жерлерге көше бастады. Олардың бір тобы Ресей империясының шет ел елшіліктеріндегі, консулдықтарындағы дипломатиялық ресми қызметкерлер еді. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа, Шәуешек және Қашқарда орналасқан Ресей консулдықтарының қызметкерлері де кеңестік билікті мойындаудан бас тартты. Олар ақ гвардияшыл жасақтарға көмектесіп, жасырын ұйымдар арқылы шекара маңында арандатушылық іс-әрекеттер ұйымдастырып отырды. Азамат соғысына, ақ гвардияшылардың арандату әрекеттеріне байланысты Ресей мен Шыңжаң арасындағы сауда-саттық көлемі күрт төмендеп кетті. 1919 ж. Батыс Қытай мен Ресейдің сыртқы сауда айналымы үш-тен бірге азайды. 1919 ж. 18 желтоқсанда Ташкенттен жергілікті кеңестік басшылар Құлжа мен Қашқардың губернаторларына үкімет атынан хат жолдады, Қытай үкіметі орындарынан ақ гвардияшыларды қару-жарақпен қамтамасыз ету саясатын тоқтатуды, сауда қарым-қатынастарын қалпына келтіруді өтінді. Олар кеңес өкіметінің Сібірді Колчак әскерлерінен тазартқанын, өздерінің басқа да қол жеткізген жеңістері туралы хабарлап, Қытай шекарасынан өтіп кеткен ақ гвардияшыларды бірлесіп жоюды, осы мәселені талқылау үшін Ташкентке келіссөздер жүргізуге Қытай өкілдерін жіберуді өтінді. Бұл хатқа 1920 ж. 3 наурызда Шыңжаңның сыртқы істер жөніндегі өкілетті өкілі жауап берді. Онда шыңжаңдық басшылар ақтарды күшпен Ресейге қайтара алмайтындығын, өйткені Қытай өкіметі Ресейдегі соғыс туралы бейтарап саясат ұстанып отырғанын, бірақ провинцияның жерінде ақтар отрядын жергілікті тұрғындар есебінен толықтыруға жол берілмейтіндігін мәлімдеді. Шыңжаңда негізінен атаман А.И. Дутов басқарған Орынбор казак әскері, ген. Бакичтің 4-атқыштар дивизиясы мен Жетісу армиясының қолбасшысы генерал-майор Б.В. Анненков әскерінің қалдықтары шоғырланды. Бұл әскери күштерге Түркістан майданы әскерлерінің тықсыруымен Жетісу арқылы шегінген ақ гвардияшылардың шағын топтары келіп қосылды. 1921 жылдың көктемінде Шыңжаңда 50 мыңдай жақсы қаруланған, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етілген Ресей солдаттары мен офицерлері шоғырланды. Қытайдың Ресейдегі оқиғаларға бейтараптық саясатын жариялауы, жергілікті өкімет орындарының әлсіздігі, олардың кеңес өкіметін әлі де ресми жолмен мойындамауын пайдаланған ақ гвардияшыл атамандар Шыңжаңды кеңес өкіметіне қарсы шабуыл жасау плацдармына айналдырмақ болды. Олардың Қазақстан мен Қырғызстанға шабуыл жоспарларын дайындауға Ресейдің Құлжа мен Қашқардағы бұрынғы консулдары Люба мен Успенский және ағылшындардың барлау қызметі жәрдемдесіп отырды. Бірақ өлкедегі аса қиын саяси және экон. ахуалдан шығу үшін Шыңжаңдағы жергілікті қытай өкіметі шекараның арғы бетіндегі Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасымен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға мүдделі болды. Кеңес өкіметі де өз тарапынан Шыңжаң губернаторларына бірнеше рет хат жолдап, өлкедегі ақ гвардияшыларды тұтқындау, қарусыздандыру жөнінде өтініш білдірді. Ал ақ гвардияшылар жасақтары Жетісудың елді мекендеріне шабуыл жасауын тоқтатпады. Оған қоса Жетісу мен Батыс Сібірде қалып қойған ақтардың шағын топтары шекараға қарай бет бұрып, Дутов пен Бакич әскерлеріне қосылуға әрекеттенді. Жағдайды жіті бақылап отырған атаман Дутов Семей облысына қарсы ірі шабуыл жоспарын әзірледі. Бакичтің әскері Шәуешек қаласына жақын жерге, Анненков әскері Құлжа қаланың маңы мен Баратола өзеннің жағасына жақындатылды. Атаман Дутовтың әскери штабы Сүйдін қаласына орналасты. Бакич өзін “Ресей жоғарғы өкіметінің өкілі” деп жариялады. Дегенмен, көп ұзамай Анненков әскеріне азық-түлік беруден бас тартқан жергілікті өкімет орындарымен шиеленіске түсіп, тұтқындалды да, әскері толық қарусыздандырылды. 1921 ж. 6 ақпанда кеңес барлаушылары атаман Дутовты өз штабында атып өлтірді. Осыған байланысты ақ гвардияшыл әскерге қолбасшылық етуді Бакич өз қолына алды. 1921 ж. сәуірде Бақтыға келген Шыңжаң әкімшілік өкілі кеңес өкіметімен ақ гвардияшылар мен азаматтық қашқындарды қайтару жөніндегі мәселені талқылады. 1921 ж. мамырда Новиков басқарған топ Қытай өкіметінің қаруды тастау жөніндегі талабын орындамай, Бакич әскеріне қосылды. Бұл Тарбағатай аймағындағы жағдайды шиеленістіріп, кеңес өкіметі жағынан да, қытай жағынан да мәселені тез арада шешуді талап етті. Жергілікті қытай өкіметі өз күштерімен Бакич пен Новиков әскерлерін талқандай алмайтынын мойындап, кеңес өкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Сөйтіп, ақ гвардияшыларды залалсыздандыру мақсатында Тарбағатай өлкесіне Қызыл Армия бөлімдерін енгізу жөнінде мәміле жасалды. Келісім бойынша “Кеңес әскерлері Қытай азаматтарының мүдделеріне қайшы келмейтін халықаралық құқық тәртібін сақтайды және бандыларды талқандаған соң бірден өз аумағына қайта оралады” деп шешілді. Қызыл Армия бөлімдері жүргізген әскери қимылдардың нәтижесінде Бакич әскері жеңіліске ұшырап, Алтай округіндегі Сарысүмбеге қарай қашты. 1921 ж. 17 маусымда Шәуешек қаласының маңында Қызыл Армия жауынгерлері 1200 ақ гвардияшы мен көп мөлшердегі қару-жарақты қолға түсірді. Қару-жарақтың біраз бөлігі Шыңжаң үкіметіне берілді. Ақ гвардияшыларды толық талқандау мүмкін болмай қалады. Ол үшін қосымша әскер енгізу жөнінде жаңа келісім жасалу керек болды. Кеңес әскерлері Бақты арқылы Қазақстанға қайтып оралды. Бакич қайта күшейіп, Сарысүмбе қала тұрғындары мен қала маңындағыларды қорқыту арқылы жергілікті қару-жарақ қоймасын қолға түсірді. Ол өзін “Сарысүмбе округінің билеушісі” деп жариялады. 1921 ж. 12 қыркүйекте Шәуешекте ақ гвардияшыл бөлімдерді толық талқандау үшін Қытайға кеңес әскерлерін екінші рет енгізу жөніндегі жаңа кеңес – қытай келісіміне қол қойылды. Келісімге сәйкес Қызыл Армия соғыс қимылдарын Зайсаннан, ал Қытай әскерлері ақтардың ту сыртынан бастауға тиісті болды. 1921 ж. қыркүйектің соңында Сарысүмбе қала мен оның төңірегіндегі аудандар ақтардан толық азат етілді. Қызыл Армия бөлімдері өз еліне қайтып оралды. Кеңес – Қытай шекарасындағы тыныштық қалпына келтірілді. Шыңжаңды ақ гвардияшылардан тазарту арқылы кеңес өкіметі өз қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, Шыңжаңдағы ішкі саяси жағдайдың біршама тұрақтануына мүмкіндік жасады. Бірақ ол 1930 – 40 ж. кеңес өкіметінің Шыңжаңды өз бақылауында ұстауына алғышарт жасап берді.

Әлихан Төре Сағуни

Әлихан Төре Сағуни — (1885, Қырғызстан, Тоқмақ — 1976, Ташкент) — қоғам қайраткері, діни ғұлама, Шыңжаңның үш аймағында құрылған Шығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің төрағасы (1944 — 46). Ұлты — өзбек. Әкесі Әндіжан көтерілісі басшыларының бірі есебінде Ресей отаршылары тарапынан қуғынға ұшыраған. Әлихан Төре екі рет Меккеге қажылыққа барып, Сауд Арабиясының Жидда қаласында, Бұхарада діни және дәрігерлік білім алды. 1929 жылы Кеңес өкіметі діндарларды қуғындаған кезде Құлжа қаласына көшіп барып, діни насихат жүргізген, мұсылмандарды Шэн-Ши-Сай үкіметінің озбыр саясатына қарсы көтеруге әрекет еткен. 1937 — 41 жылдары Шэн-Ши-Сай үкіметі тұтқында ұстады. 1941 жылы түрмеден шыққан соң, Құлжадағы ең үлкен Байтулла мешітінің бас имамы болды. 1944 жылы 4 сәуірде Шыңжаңда “Құлжа азаттық ұйымы” құрылып, оның төрағасы міндетін атқарды. Сол жылы 12 қарашада Шығыс Түркістан республикасы уақытша үкіметінің төрағалығына сайланды. Әлихан Төре ашық түрікшілдік және исламдық бағыттағы ой-пікірлерімен Шығыс Түркістанның жергілікті халықтарымен Орталық Азиядан келген эммигранттарға ықпал етті. Халықты дін және түрікшілдік идеясы арқылы оятуға тырысып, Шығыс Түркістанның түбегейлі тәуелсіздігін уағыздады. Бірақ Шыңжаңдағы оқиғаларға сырттан түрлі саяси күштердің араласуы ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-мүддесін күрделендіріп жіберді. Осындай жағдайда Әлихан Төре Кеңес Одағына кетуге мәжбүр болды (1946).