ХХ ғасырдың басынан бергі отбасының жағдайы. Қоғамдық құрылыста болған өзгерістер қазақ халқының отбасылық, некелік қарым-қатынастарында, әдет-ғұрыптарында, салт-санасында, жалпы мәдени өмірінде де үлкен өзгерістер жасап, жаңа қарым-қатынастардың қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Кеңес өкіметі 1917 жылдың 18 желтоқсанында "Азаматтық неке, балалар және оларды тіркейтін кітаптар енгізу", 19 желтоқсанда "Некеден ажырасу туралы" қабылданған декреттерге В.И Ленин қол қойды. Бұл декреттерге әйел мен еркектің отбасындағы теңдігі, неке құру мен айырылысу мәселесіндегі еріктілік, балалар тәрбиесі сияқты келелі шаралар жайы баяндалды.

Мәселен, 1919 ж. Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасында отбасы, неке құқылары мен некелесушілерді ЗАГС орындарында тіркеу мәселелері іске асырыла бастады. 1920 ж Қазақ КСР-нің бірінші Құрылтай съезінде 1917-1918 жылдары қабылданған қарарларын қарап, оларды Қазақстанда іске асыру шаралары белгіленді. Бұл шаралардың белгіленуі қазақ жұртшылығына тән көптеген патриархалды-феодалдық қатынастардың сарқыншақтарымен күресуді күн тәртібіне қойып, ерлі-зайыптылар теңдігін, әсіресе олардың арасындағы мал-мүлікке иелігін, яғни мұрагерлік құқының бірдейлігін, неке құруда ешбір зорлықтың болмай, еріктілік негізінде жүргізілетіндігін уағыздауымен бірге, жалпы әйел қауымының ар-ұят, ұжданына нұқсан келтіретін қалыңмал төлеу, көп әйел алу және жесір алу құқына тыйым салынды. 1928 және 1938 жылдары неке құрушылардың жас мөлшері туралы мәселе күн тәртібіне қойылып, заң бойынша 18-ге толмай үйленуге не тұрмысқа шығуға рұқсат етілмейтін болды.

Қазіргі ауылдық жерлердегі қазақ отбасының дені екі ұрпақтан, яғни әке-шеше және үйленбеген балалардан тұрады. Үйленген кенже баласын бөлек шығармай, бірге тұратын отбасылар да бар. Бұл арада айта кететін қазіргі заманның бір ерекшелігі — әке-шешелері кейде кенже балаларын бөліп жіберіп, үйленген үлкен ұлдарының бірімен не оның балаларымен бірге тұратындығы. Мұндай жағдай көбінесе кіші ұлының мамандығына байланысты басқа жерге қызметке ауысатындығына және өздерінің онымен бірге қоныс аударғысы келмейтініне байланысты болады. Үйленген үлкен балаларын бөліп шығару кейінгі балаларының үйленуіне байланысты. Сондықтан бір отбасы құрамында тұратын әке-шеше, үйленбеген балалары және жас немерелерімен, үйленген ұлы әйелімен тұрады. Әр түрлі себептермен әке-шешеден ерте айырылған жас балалар әкесінің, аға-інісінің, немере, шөбере ағаларының қолында үйленгенше бірге тұратын жағдайлар да кездеседі. Мұндай оқиғалар әсіресе Ұлы Отан соғысының одан кейінгі жылдарда көп болды. Еркек балалары болмаған кейбір ата-ана, әсіресе шешесі күйеуге шыққан қызының қолында тұратын отбасылары да бар. Кейде тіпті ұлы жоқ әке-шеше қызын ұзатпай, қолдарына күйеу балаларын кіргізіп алатындары да бар. Мұндай жағдай көбінесе өз әке-шешесі жоқ, тіпті туған туыстары да болмаған жалғыз басты жігіттердің қалыңдығының, әкесінің қолына кіретіндігіне байланысты болады.

Әркім өз еркімен қандай отбасылық құрамын ұнатса, соны тандайды. Әрине, бұған қоғамдық, экономикалық жағдайлар әсер етпей қоймайды. Әсіресе, үйленген ағайынды адамдардың бір отбасы болып табылатын табыстарын да, барлық шығындарын да біріктіріп тұруы қазіргі кезде көпке созылмайды. Өйткені, әр отбасы мүшесі қазіргі күнде еңбек етеді, еңбегіне қарай табыс табады. Табысына қарай ішіп-жеп, киінеді, өз еңбегіне өзі қожалық етеді. Ал әрбір ерлі-зайыпты жастар бөлек үй болуды, жеке тұрмыс құруды ұнатады. Оларды үнемі бірге тұруға мәжбүр етіп тұрған ешбір экономикалық-әлеуметтік фактор жоқ. Олар әдетте жеке тұратын үй мәселесі шешілгенше бірге тұрады. Бұдан, әрине, алысты-жақынды туыстар арасындағы, әке мен балалар арасындағы туыстық қарым-қатынас қазір әлсіреді деген ұғым шықпайды. Олар қазір де бір-біріне керек жағдайда сүйеу болып, көмек беріп, бас-көз болып тұрады.

Жалғыз баласымен бірге тұратын ата-аналардың өздері қазіргі кезде бөлек үй атына тіркеледі. Әкелі-балалы туыстар екі отбасы болып жазылса, әрине, үлес молырақ келеді. Бұл жағдай мұндай отбасында шын мәнісінде үш ұрпақ бірге болғандықтан, жан саны да артық болады.

Үйленген балаларын бөліп шығаруға байланысты қазақ арасында бір малын сойып құрмалдық беру дәстүрі қазіргі уақытта да сақталған. Тойға келген жақын, жанашыр туыстары мұндай жағдайда құралақан келмейді. Әрқайсысы өз әлінше қосарын әкеліп, жас жұбайларға тілектестіктерін білдіреді. Бөлек шығатын жастарға асар ұйымдастыру әдетімен кірпіш құйып, үй салып беру ғұрпы да жиі кездеседі.

Үйленген бір баласынан бөлінген отбасылар өте-мөте жиі кездеседі. Мұндай отбасы мүшелерінің ара-қатынасы әр отбасында әрқалай қалыптасады. Қазіргі отбасы күн көрісінің негізгі көзі қоғамдық еңбегі үшін алатын ақы болғандықтан, ондағы басшылық та соған байланысты. Отбасы қорын жасауда кімнің үлесі басым болса, сол адам от басының ортақ қорына иелік етеді. Бұл мәселе әке мен баланың қоғамдық қатынастардағы орнына, олардың жеке басының отбасына басшылық ете білу қабілетіне де байланысты болады.

Егер отбасы қорының көпшілігі әке табысынан тұрып, әке әлі тұғырдан түспеген жағдайда қолындағы жас баласымен келіні түгелдей әке ықпалында болады. Ал отбасы қоры негізінен келін мен бала табысынан тұрып, әке-шеше қартайып, үй шаруашылығымен айналысатын жағдай туғанда, әсіресе зейнетке шыққан кезде, отбасы тізгіні балаға өтеді. Әрине, үлкенді сыйлау дәстүріне байланысты олардың ой-пікірімен санаса отырып, кейде тіпті көрер көзге отбасы тізгінін соларға берген болып, іс жүзінде өзі басшылық етеді. Мұндайда әке-шеше баласының келісімінсіз өз беттерімен отбасы өміріндегі маңызды мәселелерді шешпейді.

Ауылдық жерде әлі де болса үй шаруасын істеуге байланысты ескі дәстүр сақталып келеді. Үй шаруасының аса бір қатты қайырымы болмаса, күнделікті күйбең негізінен әйелдер үлесіне тиетіндігі айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Сондықтан ең алдымен үйдегі әйел еңбегіне тоқталайық: бір-біріне керек жағдайда сүйеу болып, көмек беріп, бас-көз болып тұрады.

Тәулігіне неше рет болсын су әкелу, от жағу, тағам дайындау, ыдыс жуу, ертелі-кеш үй жинау, төсек салып, кір жуу, мал сауып, оның сүтін отбасы керегіне жарату, керек болған жағдайда киім тігу, киіз басу, сырмақ сыру, жүн иіріп, алаша, кілем тоқу, әр түрлі төсек жабдықтарын тігу, шілтер тоқу, кесте тігу, жас балаларға қарау т.б. көптеген үлкенді-кішілі үй шаруасы әйелдер үлесіне тиеді. Бұл арадағы “әйелдер” деген ортақ атауға ене, келін және ересек қыздар қосылады. Енесі болмаған жағдайда шешенің өзі мен оның қыздарына, ал шешенің қыздары болмаса, барлық үй шаруасы түгелдей отбасындағы жалғыз әйелдің үлесіне тиеді. Әрине, бұл үй жұмыстарының бәрі бірдей бір адамның қолынан келе де бермейді. Сондықтан олар өздерінің қолынан келмейтінін басқа шеберлерге жасатады. Оның үстіне қазір киімнің көпшілігін дайын күйінде сатып алатыңдықтан, киім тігу көп уақыт та алмайды. Бұған қосымша іс тігу бұрын қолмен тігілетін болса, қазір әр үйде іс машина тігін жұмысын жеңілдетумен бірге, тігін сапасын арттыруға әсерін тигізеді. Текемет басу, сырмақ сыру, алаша және кілем тоқу көп еңбекті керек етеді. Сондықтан қоғамдық жұмысқа белсене араласатын әйелдер даяр кілем, алаша сияқты дүниені сатып алуды тиімді көреді. Мұндай бұйымдарды үйде отырған, жұмыс істемейтін, егде тартқан әйелдер жасайды. Осы айтылған төсеніш түрлерінің бәрі бірдей әрбір үйде бола да бермейді.

Мәселен, сырмақ сыру қазіргі кезде орталық, солтүстік және шығыс Қазақстанда көп кездеседі де, республиканың оңтүстік өңірінде текемет басу және түрлі кілем тоқу жиі кездеседі. Ал алаша тоқу Қазақстанның барлық жеріне бірдей таралған. Бірақ қазіргі кезде алаша тоқудан гөрі, дайын кілемдер сатып алуды тиімді көреді. Шынында да, жүнді жуу, түту, иіру, бояу, ширатып домалаққа төгу, өрмек жүгірту, өрмек құру, тоқу, енге бөлу, ендерді біріктіріп тігу және көмкеру сияқты толып жатқан еңбек сіңіру керек. Алашаға кететін материал мен жұмсалатын еңбекті қосқанда өте қымбатқа түсетіндіктен, оны тоқу сиреп отыр. Алаша, бау, басқұрлар тоқу Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау отбасында әлі де болса өзге жерге қарағанда жиірек кездеседі. Жасөспірім қыздар өнерді тым жақсы игерген. Алғашқы көрсетілген үш облыста жас келіншектер мен оқушы қыздар түкті кілем тоқу өнерін қазір тамаша меңгерген.

Үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдететін көптеген жаңалықтар ауыл өміріне еніп жатыр. Айталық, қазіргі әйелдер бұрынғыдай тезек теріп, тобылғы, қурай алып, оны жаяу арқалап тасып отқа жақпайды. Көпшілік жердің отыны көмір, ағаш, қи, газ болып отыр. Бұларды түсіру қазір әйелдер үлесіне тіптен жатпайды. Ал тамақ дайындау мен үйге от жағуда да көптеген жеңілдіктер туып отыр.

Мал сүтін керекке жаратуда ауылдық жерде кеңінен тараған сеператорлардың да әйел еңбегін оңайлатуда белгілі әсерінің барлығы сөзсіз. Үй жұмысындағы әйелдерге тән ауыр еңбек - кір жуу. Кір жууда үлкен астаулар мен кір ысқыш темір тақталардың, әр түрлі ұнтақ сабынның, әсіресе кір жуғыш машиналардың ел арасында таралуы кір жуудағы әйел еңбегін жеңілдетумен бірге, оны көріне көзге өнімді етіп отыр.

Қазіргі заманда ауылдық жерде салынып жатқан үйлердің көбеюі мен қала үй жиһаздарының көптеген түрлерінің кеңінен таралуы үй шаруасындағы әйел еңбегін жеңілдетуде әсерін тигізіп отыр.

Осы күні үй шаруасына еркектер де араласады. Қоғамдық жұмыстан бос кезінде малға қарау, үйді жинау, малдың қысқы жемшөбін дайыңдау, отын түсіру, диірменге ұн тартқызу, бақшаға қарау т.б. жұмыстарды еркектер істейді.

Сөйтіп, жаңа типті қазақ отбасындағы қарым-қатынастардың қалыптасуы, ең алдымен, келіннің күй-жайының жақсаруымен, оның қайын жұртымен қарым-қатынасының жаңа жағдайға байланысты мүлдем өзгергеніне байланысты болып отыр. Қазіргі келіндердің отбасындағы бар мәселелерге тікелей араласып, ақыл қосып отыратын шын мәнісіндегі тең құқысы бар екендігі айрықша дәлелдеуді керек етпейді. Жаңа отбасын құрушы қазіргі жастардың ішінде он жылдық, қала берді 7 жылдық мектеп бітірмегені кемде-кем. Орта және жоғары дәрежелі мамандық алғандары қанша. Мұндай жағдай жас жұбайлардың білімділігін, мәдениеттілігін, парасаттылығын, адамгершілік қасиеттерін молайтып, жаңа өмірдің кілтін өз қолына ұстай білуіне мүмкіндік береді. Олар үйде де, түзде де қол ұстасып, отбасы және қоғам мүддесіне сай өнімді еңбек етіп, өнегелі жастар қатарынан табылуды мақсат етеді.

Қазіргі жағдайда келін мен ата-ене, қайын жұртының арасында қатынас өзгеше жағдайда қалыптасып отыр. Бұрынғыдай қайын ата, қайын ағаларынан жасырыну сияқты жағдайлар қазір жоқ.

Сөйтіп, қазіргі күнде ауылдық жердегі қазақ отбасындағы бала тәрбиесінде балалар бақшасының, мектептің, әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен үйірмелердің, қоғамдық еңбектің, орта және жоғары оқу орындарының алатын орны өзгеше. Жергілікті өкімет отбасындағы бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оның мектеппен және әр түрлі қоғамдық ұйымдармен байланысты адамгершілік принциптеріне сай жүруін қадағалап отырады. Нәтижесінде қазіргі ауыл жастары өмірдің қай саласында болсын және қоғамның жасампаз құрушыларына айналып отыр.