Қазақтың «Батырлар жыры» не эпостар деп аталынатын эпостық ұзақ поэмаларының идея құндылығы, оқиға қызықтығы, тіл байлықтары жайлы жоғарыда айтылды. Сол жырлардың ішінде әрі мазмұны, әрі көркемдік ерекшелігі жағынан айрықша орын алатын эпос - «Ер Тарғын».
«Тарғын» жыры халық арасына көп тарап, атадан балаға мұра ретінде сақтала келіп, 1862 жылы баспа бетін көрді. Табын Марабай ақыннан жаздыртып алып, бірінші рет Қазанда бастырып шығарушы адам - атақты оқымысты Н.Ильминский. Ел аузында айтылып жүрген «Тарғын» жырының оқиғасы жағынан ең толығы да, мазмұны, көркемдігі жағынан ен құндысы да осы Ильминский бастырған вариант. Сондықтан «Тарғынның» басқа нұсқаларын, басқа ақындар жырлаған түрлерін сөз еткенде, Ильминский бастырған варианты негізгі түп нұсқа ретінде алынады.
Н.Ильминский бастырған «Ер Тарғын» поэмасының соңғы бетінде былай дейді:
«Алыс жерден, жақын көңілден тамам алаш ұранды жұртқа көп сәлем де, көп дауа тынышың бұзылмасын, дәулет құсы бозторғайдай жоғары шыға беріп, сайрап тұрсың деп тілеген соң, «Әкем өлсе, өлсін, тек әкем айтқан сөзі өлмесін» дегенге көре осы Ер Тарғын толғауын жылқы жылы Табын еліндегі атақты Марабай ақынннан жаздырып алып, бұл арада бастырғаным-өлмесін дегенім.
Егерде мен фақыр ақпақұлақтығымнан бұзылған жерлері болса да, арасынан анық дүзу сөздерді тапқыр адам табар деп едім»1.
Ильминский бастырған Марабай вариантының
Ер Тарғын қысқаша мазмұны.
«Ертеде Қырғыз заманында2 бір Тарғын деген батыр өзінің қырғыз халқынан кісі өлтіріп, ханына қылмысты болып, қырық сан Қырым жұртына қашып барыпты... Ол уақытта Қырымда қырық хан бар еді, сол қырық ханның ен үлкені Ақша хан деген еді, Тарғын сол ханның қол астына келіп кірді», - деп басталады.
Тарғын Қырым еліне келген кезде, Ақша хан көп жылдар жеңе алмай келе жатқан он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыттың Олалай,
______________________
1 Н.Ильминский, «Ер Тарғын»,1862, Қазан.
2«Ертеде Қырғыз заманында» деген сөз жастар үшін түсінікті керек етеді. Қазіргі кезде «қырғыз» дегенде өзіміздің көршілес, туысқан қырғыз елін ұғамыз. Ұлы Октябрь революциясына шейін орыс летописі, тарихтарында бізді кейде «киргиз - қайсақ», кейде «киргиз» деп, қырғыздарды «қара киргиз» деп атап келді. Сондықтан Ильминский вариантындағы «қырғыз» деген сөзі, бүгінгіше - қазақ деп ұғуымыз керек.
(Автор)
Бұлалай атты хандарына жорыққа даярланып жатады. Сол қолмен Тарғын да бірге аттанады. Ақша хан қолы жаудың қамалын бұза алмай, еліне қайтпақшы болады. Тап сол кезде Тарғын жалғыз шауып, қамалды бұзады да, қалың қолға жол салады. Жауды жеңіп, еліне келгеннен кейін Ақша хан батырды шақырып алып, жай-жапсарын сұрайды. Тарғын шынын айтады. Ақша хан оны қолбасы етеді. Біраз уақыт өткесін, ханның Ақжүніс атты қызы батырға ғашық болып, көп ұзамай-ақ Тарғын Ақжүністі алып қашады. Хан қызының Тарғынмен кеткенін естіп: «Кімде кім қуып жетіп, Тарғыннан айырып алса, қызымды соған бермекпін», - дейді. Алғашқы қызумен көп адам-ақ қууға шықса да, «Тарғын бізге оңайлықпен қыз бермес» деп жарым жолдан кейін қайтады. Қайтуын ар көріп, Тарғынның соңынан кетуші Қырым елінің қарт батыры Қарт Қожақ қана болады. Дәстүр бойынша бірінші кезекті алған Қожақ Тарғынның өзін атпай, қорамсадағы садағының оғын атады. Енді Тарғынның кезегі келіп, атуға ыңғайланғанда, Қожақ оны аяп, өзін атпай, оғын атқандығын аңғартады. Тарғын растығына сенеді де, сөзден жығылып, қызды тастап, жалғыз жол тартады. Ақжүніспен сөйлескенде Қожақ сөзден жығылып, Тарғынды шақырып алып, сүйіскен екі жасты қосады да, батасын беріп, Тарғынға өз бармағын әдейі атқызады, жараланған болып еліне қайтады.
Тарғын мен Ақжүніс Еділ, Жайық бойындағы Ноғайлы елінің екінші бір хандығы - Ханзада ханның еліне барады. Ханзада хан Тарғынмен танысқансын: «Ақша ханға Торғауытты жеңіп бердің, бізге Шаған бойындағы жауымыз қалмақты көшіріп бер», - дегенді айтады.Тарғын сол тілекті орындау үшін қасына сол елден үш жігіт алады да, қалмаққа аттанады. Қалмақты жеңіп, Шаған бойынан көшіреді. Жерді ноғайларға қаратады. Соғыстан қайтқан бетінде ағашқа шығып қарауыл қараймын деп, ағаштан құлап мертігеді. Жолдастары амалдап, еліне жеткізеді. Белі жазылмайды. Ел жайлап отырған қонысы Бұлғыр таудан Шағала бойына көшеді де, Тарғын мен Ақжүністі сол жерге барғасын кісі жіберіп алдырмақшы болады. Уәделі кездерінде олар келе алмай, азықтары таусылып, Тарғын мен Ақжүніс қатты ашығады. Өлетіндеріне көздері жеткесін, екеуі бір-бірімен қоштасады. Ақжүністің қайрай сөйлеген сөздеріне намыстанған Тарғын «Өлсем тез өлейін» деп белін кенет басып қалғанда, омыртқасы өз орнына түседі.
Ақжүністің ақылымен көшіп кеткен Ханзада ханның еліне келеді. Олар қарсы алып, өздерінің бара алмаған айыптарын мойындайды. Хан айыбы үшін өзінің қызын Ақжүністің үстіне әйелдікке бермек болады. Тарғын ашуынан қайтып, өкпесін тастайды да, Ханзаданың елін қамап жатқан қалмақтарға ноғайлы елі үшін екінші рет шабуылға шығып, жауын жеңеді. Ханзада уәдесінде тұрмайды. «Тегіңде хандық жоқ екен, сондықтан саған қызымды бере алмаймын, елден таңдап жүріп бір қыз ал» дегенді айтады. Ханның бұл сөзіне батыр ашуланады да, Ақжүністі ертіп алып, өз еліне аттанып кетеді.
Ханзада ханның елі Тарғын жау болып қайтадан оралса, өздеріне осал тимейтіндігін түсініп, қатты сасады. Тарғынды тоқтатудың амалын іздейді. Бірақ ешкім ақыл тауып, бере алмайды. Хан мен оның уәзірлері Сыпыра жырауға барып ақыл сұрайды. Сыпыра жырау: «Тарғын шабамын деп кетсе, сөзіне жетеді. Қалай да шақырып алып, татуласыңдар», - дейді. Хан маңындағылар бізде оған баратын бет жоқ, біз қанша жалынғанмен, ол біздің сөзімізге сеніп қайтпас, осы елден Тарғынды тоқтататын кісі тауып бер деседі. Жырау: «Батырдың жауға аттанғандығы серіктері: Көбен, Теген, Сыбанды жіберіңдер, аруақты батырдың жолдастарына тар жерде бір тілегіңді бермей кетпен» деген серті болады. Ол өз сертінен аса алмас», - дейді. Ел сол үш батырды Тарғынға жұмсайды. Үш серігі Тарғынның артынан қуып барып, тілектерін алады. Ханның өзі бас болып, батырды қарсы алады. Екінші рет кешірім сұрайды. Тарғынның келуімен байланысты сөйлеген Сыпыра жырау ханды, оның билерін қатты сынай келіп, Тарғынға «Бұлдағаны қызы болса, соны алмай-ақ, басқа сыйлықтарына риза болып тоқта, бір қыз үшін өз еліңмен жау болма, бұл да өз елің» деген ақыл айтады. Тарғын жыраудың осы сөзіне тоқтап, сыйлыққа мал алып, жер алып, сол Ханзаданың қол астында қалады. «Үш Тарғын» - жерді мекендейді. Тарғыннан Ардаби деген ұл туады. Одан Әжігерей, Айқожа деген екі бала туып, үлкені жасында өледі, кішісі бес қалаға хан болыпты дейді. Жыр сюжетінің негізгі желісі осылай аяқталады.
«Тарғын» жыры, әзірше сегіз рет басылып шықты. Хронологиялық жағынан алғанда:
1. Н.Ильминский. «Ер Тарғын», 1862 жыл.
2. В.В.Радлов. «Ер Тарғын», 1870 жыл.
3. Д.Н.Саркин. «Ер Тарғын», 1904 жыл.
4. А.Диваев. «Ер Тарғын», 1922 жыл.
5. Ұлт Комиссариаты қарамағындағы Күншығыс баспасөз кеңесі. «Ер Тарғын», 1926 жыл.
6. С.Сейфуллин. «Ер Тарғын», 1933 жыл.
7. С.Мұқанов. «Ер Тарғын», 1939 жыл.
8. Тіл мен әдебиет институты. «Ер Тарғын», 1954 жыл.
9. М.Құсниев. «Ер Тарғын», (қолжазба).
Бұлардың ішінде Д.Н.Саркиннің жинағынан басқаларынікі түпнұсқа Н.Ильминский бастырған Марабай вариантымен бірдей. Кейбір жеке сөздері болмаса, не сюжет желісінде, не композициясы, не геройларында еш өзгешелік жоқ. Аз да болса өзгешелігі бар және басқа образ, басқа адамнан жазып алып, 1904 жылы Орынборда бастырған осы Саркин варианты. Д.Н.Саркиннің өз айтуынша, «Ер Тарғын» жырын бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезі Кеңаралды мекендеуші 2-ауылдың адамы Оспан Қисықов деген қазақтан жазып алған. Жырда кездесетін түсініксіз сөздерге берілген комментарияларына қарағанда, Д.Н.Саркиннің өзінен бұрынғы «Ер Тарғынды» бастырушылар: Н.Ильминский, В.В.Радловтың еңбектерімен жақсы таныстығы анғарылады. Кейбір сөздердің мағынасын дұрыс ұғыну туралы оларға сілтеме жасайды.Саркин бастырған «Ер Тарғын» жыры - Ильминский бастырған Марабай вариантының қысқартылған бір түрі. Оқиға желісі негізінде дұрыс сақталады. Қатысушы адамдардың аттары да, іс-амалдары да өзгермейді (тек Жалмағамбетті - Қалмамбет деп атайды). Бірақ бұл жырда Марабай вариантындағыдай көркемдік, жинақтылық жоқ. Оқиғаның көпшілігі қара сөзбен баяндау түрінде беріледі. Мысалы: Ақша ханның қолы нақ қайтуға даярланған кезде, Тарғын қамалға жалғыз шауып, басқаларға жол ашатын жер Марабай вариантында ең бір күшті сурет болатын:
Сарыала туы салбырап,
Шапты батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп, -
деп келетін жерлер жоқ. Мұнда жай қара сөзбен мазмұны ғана айтылады. Марабайда Ақжүністі оқушыларға алғашқы рет таныстыратын әдемі портрет те түсіп қалған. Көшкен елдің жұртында азықсыз қалып торыққан жаралы батырдың «Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр тау» деп басталатын сүйекті шымырлатқандай көркем толғауы, сүйіп қосылған жары - арыстан туған Ер Тарғын ағаштан құлап өлуін намыс еткен аяулы ару Ақжүністің «Арыстанымның барында, оқалы байпақ кигенмін, оқасын жерге төгілтіп» деп басталатын ұзақ монологі де Саркин жинаған «Ер Тарғында» бірер сөйлеммен қысқаша баяндалады. Тек екеуінің Тарланға мінгесіп аттанар жері ғана әлсіздеу сөздерден қиыстырылған өлеңмен беріледі.
Марабай вариантында Тарғынды қуып келген жақтан Қарт Қожақ көрінісі жырдағы көркем суреттердің бірі болатын. Саркинде ол өте қысқа, тек сұлбасы ғана сақталады. Қарт Қожақ, Тарғын, Ақжүніс диалогтерінің де көп жері қалып қойған. Тарғын ханзадаларға өкпелеп: «Еліме кетемін және мені жауыңның бірі деп біл, қайырылып келіп шабатын» дейтін сөздері Марабайда бірнеше бет. Ал Саркиннің «Тарғынында» он шақты жолдан аспайды.
Марабай вариантында бірнеше бетке созылатын және жырдың ең көркем, батырдың жауға шапқандығы қимылы мейлінше шебер суреттелетін эпизод - Тарғынның екінші рет соғысы. Саркин бастырған «Ер Тарғында» бұл эпизод мүлде жоқ. Бірер сөйлеммен оқиға желісін жай жалғастырып, Тарғын мен Домбауылдың қысқа ғана бір диалогін берген.
Қорыта келгенде, Саркин жинаған «Ер Тарғын» жыры Ильминский бастырған Марабай вариантынан анағұрлым әлсіз. Оқиғасының желісі дұрыс сақталғанымен, оқушыларын қызықтыра алмайды. Марабайда асқақ сөз, әдемі суреттермен берілетін көптеген эпизодтың тұрпайы, жай сөздермен берілуі, қатысушылардың портрет, міне-құлық, іс-әрекеттерінің жеріне жеткізе суреттеп айтылмауы жинақтала келіп, жырдың жалпы көркемдігіне нұқсан келтіріп, өте төмендетіп жібереді. Сондықтан бұл жырды «Тарғынның» варианты ретінде ұсыну да не өзін жеке кітап ретінде бастыру да дұрыс болмас еді. Бұл жыр, кейбір түсініксіз не екі-үшті мағына беретін сөздердің мағынасын анықтайтын коментаторлар үшін ғана керекті тәрізді.
Бұл В.В.Радловтың Қырым елі ауыз әдебиетінің
«Ер Тарғын» нұсқаларынан құрастырған әңгімелер жинағында
басылған (В.В.Радлов, 7 бөлім, 201-204 беттер).
Түгелімен дерлік қара сөз. Мазмұны: Мамай әскерінде Іскендірұлы Ер Тарғын атты батыр болады. Бір күні Мамайдың інісі Алшы Ісмайыл Тобаяқ: «Сен батырдың шын жақын досы болсаң, жылқыда Мамайдың кәрі күрең деген аты бар, ертең соны мініп кел,сонда шын достықтарыңды білейін», - дейді. Тарғын Мамайға өкпелейді де, Қырымға көшіп кетеді. Тарғын досы кеткен соң, Мамай мән-жайын сұрап біледі де, өзі іздеп барады. Айыбына ат береді. Тарғын: «Күреңнен басқаны алмаймын», - дейді. Мамай күреңді береді, Тарғынның өкпесін таратып, өзінің қасына қондырады.
Осы кезде Қырым елінен Батырақ деген бір мықты жігіт шығып: «Осы менен мықты кім бар?» - дейді. Біреуі: «Ноғайлыда Ер Тарғын атты мықты бар, соның сенен ерлігі басым», - дейді. Батырақ Мамай хандығына келіп, үш жыл жұмыс істейді де, үш жылдан кейін еліне қайтпақ болады. Мамай мал және басқа сыйлықтар ұсынады, жігіт алмайды. «Жалғыз-ақ қалауым бар, ол - Тарғынның оғы мен жағы», - дейді. Мамай Тарғыннан сұратады,Тарғын «Берсең, өкінерсің» деген нақыл сөзді есіне тұтып, қаруын бермейді. Батырақ Мамайға тағы да үш жыл қызмет етеді. Кетерінде тағы сол қаруды тілейді. Мамай Тарғынды шақыртып алады да, бергенін мақұлдайды. Тарғын қаруын береді.
Батырақ кеткесін, бес ай өткен кезде, Қырым хандығы мен Мамайдың арасында соғыс болатындығы айқындалады. Мамай қолын тез жиып, Қырымға аттанады. Тарғынды қолбасы етеді. Бұлар барғанда Батырақ қаланың бас қарауылы екен, ол Тарғынды өз жағы, өз оғымен атып жығады. Жаралы батыр Мамайға: «Шын дос болсаң, жауыңның басын алдыма сал, сосын өлсем де армансызбын», - дейді. Мамай кәрі күреңді өзі мініп, қалаға шабуыл жасайды. Батырақ қаладан қашады. Мамай құтқармайды. Қиғаштының Қызыл Қышы деген жерде Батырақты өлтіреді де, басын алып келіп, Тарғынның алдына салады. Бұдан кейін соғыс болмай, бітісіп, Мамайдың әскері еліне қайтады. Тарғынды найзаға салып, елге алып жүреді. Бірақ елге жеткізе алмайды. Манашы деген жерде Тарғын өледі. Тарғынның өлердегі сөзі өлеңмен беріледі:
Қонған жерім Манашы,
Манашының оты тәтті, суы ащы.
Жарадан нешеу екен санашы!
Жарақатты жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарақшылар мұнда жоқ,
Жарқалап сүйек аларға,
Жарып малта саларға ... -
деген сөздермен аяқталады.
Құсниев Мұрат - Батыс Қазақстан Казталовка
«Ер Тарғын» ауданының қазағы. 1889 жылы туған. Өзінің
айтуынша, «Ер Тарғын» жырын 11-12 жасында жаттаған. «Қалың сары қағазға қолдан жазылған кітапша болушы еді. Жұрттың оқитыны да, жаттап айтатыны да сол болатын», - дейді Мұрат қарт. Бұл да жеке вариант емес. Тарғынның тегі жайлы сол жерлерге тараған аңыз бен жыр оқиғасының кейбір эпизодтары ғана. Тарғынның Торғауыт қамалын бұзар алдындағы шабуылға әзірлігін, Ақжүністің көркін суреттейтін жері, Қарт Қожақтың келуі, Ақжүністің Қарт Қожаққа айтқан сөзі.
Жыр Тарғын мен Ақжүністің Бұлғыр таудың бауырында екеуі ғана қалғандығы, Тарғынның толғауымен аяқталады.
Мұрат «Ер Тарғын» (қолжазба) жырын тіл және әдебиет институтына 1954 жылы тапсырған. Жыр әңгімесінің бас жағында бірқатар өзгешелік бар. Әңгіме қазақтың шежіресінен басталады да, Тарғынды арғынның шөбересінен туған дейді. Тарғын жасынан батыр болып, атағы шықса да, өзінің жақын қарындасына ғашық болып, сол мәселемен байланысты елінен кетеді. Қырымның бір хандығына барып, кісі өлтіріп, осыдан кейін Ақша ханның хандығына барады. Басқа әңгімелері - негізінде бұрынғыша.
Құсниев Мұраттың тапсырған жырын да «Ер Тарғынның» басқаша варианты не түрі деп қарауға болмайды. Бұл жұртшылыққа мәлім «Тарғын» жырының үзіндісі ғана. Соның бас жағына аңыз-әңгімелер қосылған. Жоғарғы аталған эпизодтар не жеке суреттеулер де толық емес. Бірнеше жолы, кейбір сөз-сөйлемдері ұмытылып, түсіп қалған.
Бұл жырды сөз етудің жалғыз-ақ керектілігі тапсырушының Ильминский не басқалар бастырған нұсқаларынан емес, ел аузынан жаттауы.
Мұрат Құсниев қазір 69 жаста. «Тарғын» жырын ол 11-12 жастарынан бері білетін көрінеді.
Сөйтіп, «Ер Тарғын» жырының екі-ақ варианты бар. Бірі - Н.Ильминский бастырған Марабай варианты, екіншісі - В.В.Радловтың Қырым елінен жинаған, «Ер Тарғын» атты аңыз әңгімесі деуге болады.
Біз жоғарыда «Ер Тарғын» поэмасын
«Ер Тарғын» эпосының қашан және кімдер жинап бастырды,
тууына себеп болған қандай вариант түрлері болды деген
тарихи жағдайлар мәселелерге тоқталдық. Енді оның қай
кезде, қандай жағдайда туып, қандай
тілек-мүддені аңсайтындығына шолулар жасаймыз.
Қай халықтың болсын ауыз әдебиеті тек ескі дәуірден қалған әдеби мұра ғана емес, сол елдің бір кездегі әдет-ғұрпы, өнері, білімі, наным, сенім, тәрбиелік құралы, қысқасы, осылар тәрізді толып жатқан сипаттарды өз бойына сыйғызды.
Ауыз әдебиетінің ең мол саласының бірі - эпостық поэмалар. Қай елдің эпостық поэмаларын алсақ та, халықтың басынан өткен белгілі бір тарихи оқиғалардың елес, сәулесі тәрізді.
Эпостық поэмалар тарихтың өзі емес, тек сәулесі болғандықтан, ондағы суреттелінетін оқиғаларды тап пәлен жылы, пәлен кезде болды деп үзілді-кесілді айту қиын. Оның үстіне, бұлардың ертерек дәуірлерде туғандығын және шығарушыларының дүниетану көзқарастарының сәбилігімен байланысты мифологияның араласуы тап басып, дәл түсуді қиындата түседі. Әйтсе де кейбір деректерге қарағанда, дәл болмаса да, эпостық поэмалардың көпшілігінің-ақ дәуір кезеңдерін топшылауға болатын сықылды. Бұл жөнінде негізгі дерек - зерттелмек мұраның өзі.
Шығарманың идеялық мазмұны, қаһармандардың арасындағы тартыс, онда кездесетін ел аты, жер аты, сөз образы, тіл ерекшелігі, поэмалардың қай кездерде пайда болғандығын топшылау үшін мәні зор. Бұл жайтты ұмытуға еш болмайды. Ғылым тасын кемірген даңқты зерттеушілердің үлгілі тәжірибелері де осыны аңғартады. Зерттеу жұмысында бұл тәрізді белгілі қағидаларды ескермей, эпостық поэмалардағы әр алуан деректі есепке алмай, өзінше долбарлау не қыңырлық, не ғылыми тексеру әдісінің әліпбиін білмеушілік. Қандай шығарманы болсын талдауда, алдымен, сол шығарманың өзін негізге алуымыз керек.
Міне, осы тұрғыдан қарағанда, «Тарғын» эпосындағы оқиға Ноғайлы аталған ел мен қалмақтар арасында болады. Эпостың ең алғашқы бетінде: «Ол кезде Қырымда 40 хан болған екен», - дейді. Ер Тарғын ноғайлы атанушы елдің бір хандығынан кетсе, екінші бір хандығына барып тұрақтайды.
Ноғай хандығы ХV ғасырда, Алтынорда ыдырай бастаған кезде құрылғандығы, оған қараған елдердің көпшілігі Еділ, Жайық далалықтарын мекендегендіктері тарихтан мәлім.
Ноғай, өзбек хандықтарының этикалық құрамдарын зерттей келе, тарихшылар: «... бұл хандықтардың жерлерінде қаңлылар, қоңырат, қара үлектер, найман, маңғыт, үйсіндер, арғын, қытай, алшындар мен қыпшақтар, т.б. тұрды. Өздерінің экономикасы мен мәдиниетінің дәрежесі жағынан бұл тайпалар бір-біріне өте жақын еді. Олардың негізгі кәсібі - мал шаруашылығы, көшпелі елдер. Екі хандықтың екеуінде де патриархтық-феодалдық қатынастар үстем болды дейді1.
«Ер Тарғын» жырында бұл жағдайлардың бәрі де аңғарылады. Алдымен, Тарғынның өмір сүрген жерлері, Еділ, Жайық, Еділдің бір бұтағы Шаған суларының бойы.
Бұрынғы Орда ауданында (қазір Жәнібек) «Үш Тарғын» деген жер бар. «Тарғын» деген өзен аты да сақталған. Орыстар: «Таргун», қазақтар «Тарғын» деп атайды. Жырдың ең аяғында: «Ер Тарғын райынан қайтып, ханы, халқы берген сыйлығын алып, қара ноғайдың ханы, халқымен татуласты, табысты да: Жанарыстан, Үш Тарғын деген тауға барып жайлады, осы жерді мұсыр етті», - дейді.
Жанарыстан өзені, орысша «Еруслан» әлі бар. Жоғарғы айтылған Тарғын өзенінің сол жағында ертеден бері ірге тепкен Савенко поселкасының маңында үлкен төбе барлығын, оны ескі заманнан бері қазақтар «Тарғын обасы, батырдың қарауыл қараған жері екен» дейтін әңгімені, сол жердің тұрғын халықтары аңыз емес, «шындық» деп біледі.
Сонымен қатар кешегі Бөкей, Жәңгірлердің хандық құрған кезінде, Орда маңын мекендеген, сол дәуірде Бөкейлік елдерінің ішінде ең қабырғалы руының бірі Ноғай руы болғандығы мәлім. Ноғай руының қалдықтары Батыс Қазақстан облысының Орда, Жәнібек, Казталовка, Жаңақала аудандарында тұрады. Олар өздерін қазақтың бір руы санайды.
Тек қана «Ер Тарғын» поэмасы емес, Батыс Қазақстанның Қаратөбе, Тайпақ аудандарының жерлерін мегзейтін, сол жерлерде де Ер Тарғын болғандығын суреттейтін басқа да әдебиет нұсқалары табылады.
___________________
1 Қазақ ССР тарихы, І том, 1957, 139-б.
Қара құнан Қалдыбай,
Жалғыз ағаш Жақсыбай,
Естерекұлы Тарғынның,
Тарылғанда ақыл сұрай
Жеткен жер.
Жоғарғы келтірілген жер аттары, Ноғайлы атанған ел, Ноғайлы хандығы - бәрі де тарихи деректер. Демек, бұл жағынан жыр мен тарих арасында еш қайшылық жоқ. Сондықтан Ер Тарғынның өзі тарихта болды ма, жоқ па, әңгіме онда емес. Әңгіме «Ер Тарғын» атанған эпостың қай кезде тууында.
Эпостың сюжетіне қарағанда, оқиға Еділ, Жайық, Шаған бойын мекендеуші Ноғайлы елімен байланысты. Эпостағы суреттелінетін оқиғаның негізгі салмағы Ханзада ханның еліне келуінде жатыр. Тарғынның Қырым елінде Ақша ханда болуы, Торғауытқа шабуыл жасауы - тек үлкен ерліктердің бастамасы, келешектегі қимылдарға даярлық қана.
Тарғын мен хан арасындағы қайшылық та, Тарғынның шын мәніндегі ерлігі де, ол ерліктің кім үшін, не үшін жұмсалғандығы да батырдың Ханзада ханның қарауына келгеннен кейін айқындалады.
Әрине, XV ғасырда Ноғайлы хандығының болуы рас. Бірақ тап сол кезде «Ер Тарғын» эпосы туа салды деген пікірден біз аулақпыз. Жыр бізше, негізінде, ноғайлы атанған елдердің тарихымен байланысты болса да, ноғайдың хандық құрған кезінен анағұрлым кеш туған тәрізді. Өйткені эпоста Тарғынның жауласатыны қалмақтар. Ал Жоңғар қалмақтарының қазақ даласына келе бастауын тарихшылар XVII ғасырдың 30 жылдары деп мөлшерлейді. Жоңғар феодалдарының қазақ жерлеріне жасаған алғашқы шабуылдарының бірі 1640-43 жылдар. Қалмақ шапқыншыларының қолбасысы - Батур Жетісуға қарайтын бірқатар жерді өзіне қаратып, оңтүстікке қарай кіріңкірей түсуді ойласа да, сол кездегі қазақ хандығын басқарған Жәңгір аз адаммен жол тоспай жасап, қалмақтарды ілгерілетпей, бір тар асуда табан тірескен ұрыс ашып, басқыншыларды қатты қырғынға ұшыратқаны тарихи шындық. Шапқыншылық әрекеттері қанды жорық, қаныпезерлік істері қазақ халқының ар, намыстарына қатты тиерлік және әр шайқастарда өз елі, өз жері үшін бас тігіп майданға шыққан азаматтардың ерліктері талай поэмаларға тақырып, сюжет боларлық оқиғалар болады.
Қалмақ феодалдары басқарған шапқыншылық соғыс, ел тонауды ғана мақсат еткен жорық көп жылдарға созылып және көпшілігінде қазақ хандықтары жеңіліс тауып келген. Біріккен, іргесі мығым, мемлекеттік күші мол бір хандықтың болмауы, әлсіз, толып жатқан ұсақ хандықтарға бөлінушілік, соғыс кезінде бір-біріне көмекке келе алмаушылық қазақ хандықтарының жеңіле берушіліктерінің негізгі себебінің бірі болады.
Сол дәуірдегі Жоңғар мен қазақтардың араларындағы соғыстарды мінездей келіп, Орынбор экспедициясының бастығы И.Кириллов былай деп жазған:
«...Егерде жалпы ауыз бірліктері болған болса, қазақтар басқыншыларды жеңіп шыға алған болар еді. Бірақ олардың бір ханы соғысқа шығатын болса, екіншісі соғысуды қояды, сөйтіп, өздерінің игіліктерін қалмақтарға жем қылып, жұрдай болып шыға келеді».
Қазақ даласын билеушілердің бұл тәрізді ұсақ хандықтарға бөлініп, жеңіліске ұшырап отырушылығы жалпы халықтың тұрмыс жағдайларын мейлінше әлсіретумен қатар, жауларынан көрген азап-қорлықтары еттерінен өтіп, сүйектеріне жетті. Бірліктің жоқтығынан бастары айдауға, мал-мүлкі талауға ұшырады. Тарихи деректемелер Жоңғар қалмақтардың жеңіліс тапқан қазақ елдеріне берген азап-қорлықтарын Шыңғыстың қанды жорықтарындағы қатігез, қаныпезерліктермен салыстыруға болатындығын аңғартады.
«Қалмақтар неге жеңе береді?» деген үлкен сұраққа жауап іздеген халық, олардың ой-пікірлерін үндеуші ақын-жыраулар, мұның негізгі себебі - қазақ хандықтарының алауыздығынан, ел мүддесін емес, өз мүдделерін ойлап, бір ру басын екінші рубасыларына айдап салып, жауластырып қоюшылығынан, сол арқылы әр хан өз хандықтарының берік болуын көздеп, басқа хандардың әлсіреуін тілеушіліктен, сыртқы жауларға қарсы қазақ күш біріктіруді ойламаушылықтан болып отыр; кейде ел билеуші хан-сұлтан, феодалдар, халық ішінен шыққан ержүрек, ерегіссе дауды, егессе жауды аларлық батырларды керегінде пайдаланып, керексіз кезінде оларға шетқақпай көрсетулерінен деп ұғынады. Өз кезіндегі әлеумет өмірі, ел тағдырымен байланысты бұл тәрізді үлкен мәселелерге халықтың көзқарасы мен пікірлерін мегзейтін ауыз әдебиетінің нұсқалары бізге аз кездеспейді. Соның бірі - «Ер Тарғын» .
«Ер Тарғын» эпосын мұқияттап, ойлана
Жырдың идеялық оқыған адамға елдік, бірлік мәселесі -
мазмұны шығарманың негізгі идеясы екендігін
аңғару қиын емес. Осы тілекке поэмада
суреттелетін оқиға да, ұнамды, ұнамсыз қаһармандардың іс- амалдары да бағындырылады.
Эпостың бас қаһарманы Тарғынға Ақша хан: «Сен кешегі қамалды бұзған, жауды қырған қайратыңды, тынышыңды алған жұртқа көрсетпедің бе?» - дегенде, батыр: «Өз жұртымды жылатуды (шариғат) 1 қоспады», - деп жауап береді.
___________________
1.Шариғат деген сөз кейінгі кездегі айтушылардың қоспасына ұқсайды. Өйткені ол дәуірде мұндай терминнің қолданылуы мүмкін емес. Әуелде ожданым бармады, өз еліме күш көрсетуді опасыздық білдім болуы керек.
Тарғын - қамал бұзып, қалың қолға жол ашқан батыр. Бірақ сол күшін ол өз еліне жұмсауға ожданы бармай, оны үлкен опасыздық біледі. Өз жұрты, өз еліне қару көтеріп, қарабет болғаннан да, қашқындық өмірді артық санайды. Әйтсе де Тарғын ол кезде Ноғайлы атанған елдерден мүлде шығынып кетпейді. Бірінен екіншісіне ғана қоныс аударады. Оны да өз елі санап, жауын жауласады. Төсін оққа төсеп, ғасырлар бойы жаулары қалмаққа кеткен Ноғайлы елінің қанды кегін алуға күш жұмсайды. Батыр осы мәселені өз өмірінің мұрады, өзінің азаматтық борышы деп біледі. Белінен мертігіп, Бұлғыр таудың бауырында ас-сусыз, өлім мен өмірдің шекарасында жатса да Тарғын:
Балта бардым тал үшін,
Талды кестім сал үшін.
Айналасы алты айшылық Еділге
Ат Тарланды талай-талай салғанмын
Еділдің арғы жағында
Атаңа нәлет қалмақтың
Сыңсып жатқан малы үшін,
Аттанғам жоқ олжа үшін,
Аттанғанмын кәуірде
Ата, бабам ежелден
Ескі кегі бар үшін, -
дейді.
Батырлар кегі - ел кегі. Эпостық поэмаларды халықтың сүйіп оқитындығы да, батыр образдарын ардақтап, ұрпағына үлгі ететіні де сондықтан. Тарғын сөздері де соны аңғартады. Тарихқа көз жіберсек, қазақтардың қалмақ хандарында кеткен кегі аз емес. Ғасырлар бойы созылған жойқын жорық, қанды соғыстарда жеңіліс тапқан Ноғайлы - қазақ елдерінің ары мен намысы жау найзасының ұшы мен білегінің күшінде кеткені рас. Батыр сол ар, намыстар үшін күрескен, өзінің қалмақтарға аттаныстарын осылай дәлелдейді.
Бірақ Тарғынның адал ниет, аңсаған армандарына өзі өскен ортасынан бөгеттер кез келе кетеді. Бірінен қашып екіншісіне барып, жауын жауласа да, көп тұрақтай алмай, ақыры қашып кетуге мәжбүр болады. Үшіншісіне барып қайырымсыздық, опасыздыққа ұшырайды. Батырдың жеке басы ылғи қуғын, сүргінде жүреді. Ханзада хан жауын жеңдіріп алғасын жұртына тастап кетіп, өз уәдесінде тұра алмай, жер соқтырып кетсе де, Тарғын ол елмен жауласа алмай, ақыры ханзадалармен бітімге келеді.
Жеке басының кегі үшін, ханның ызасы үшін Ноғайлы елімен жауласпақ болған батырға ой салып, сабасына түсіруші - Сыпыра жырау. Ол ел атынан сөйлейді. Көпті көрген кәрі хан мен билердің Тарғынға жасаған әр алуан опасыздығын бетіне баса келіп, Тарғынның да асқақтай беруін ерсілік көреді.
Аруақты ер болсаң,
Не қыласың бір қызды?
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға берме төрлерге, -
дейді.
«... Сен ноғайлы-қазақ батырысың. Ханға өкпелеп, елге жау болам деуің жөн бе? Шапқанда кімді шабасың? Өз еліңді шабасың. Ноғайлы да өз елің. Онда сенің аруақты ерлігің қайсы?» Хан үшін өз денеңе өзің қанжар салуыңда не тапқандық болмақ?» деген тәрізді терең ойдан туған үлкен сұрақтарды батырға көлденең тартып, ақыры өз дегеніне көндіреді. Тарғын өз намысы мен ел намысын таразыға салғанда, ел намысын жоғары бағалайды да, Ноғайлы атанған елмен келісімге келеді. Ол елдің ханынан қанша қиянат көрсе де, «нар мойыны үзіліп, Бердібектің өлген жері осы» дей алмайды. «Елдік, бірлік » деген поэманың негізгі идеялық түйіні батырға бас намысын іздеуге жібермейді.
Өздерінің іс-амалдарына елдік тілек-мүдденің мұнарасынан қараушылық поэмада тек Тарғынның ғана айналасында емес, Сыпыра жырау, Қарт Қожақ, Ақжүністердің де бастарында бар.
Заман шежіресі, ғасырлар оқиғасының айғағы ретінде поэмаға енгізілген Сыпыра жырау «Бірлік болмай, тірлік болмас» дейтін халық мәтелінің растығын өз көзімен көрген, алауыздықтың зиянын өз басынан кешірген адам. Сондықтан да оны жүзге келген кәрі, кімде болса, сөзіне тоқтарлық - бедел, ой-пікірін жеріне жеткізе айтып бере аларлық - шешен етіп көрсетеді. Ол өзінің әр сөзінде-ақ ел бірлігін ту ете сөйлейді. Қамқор қарияның қатал сыны ханды жермен жексен етсе, батырға ой салып, оны сабасына түсіреді. Жырау мүмкіншілігінше, жұрттың бәрін де «Ел бірлігі» ұранының айналасына жинастырмақ болады.
Қуып жетіп, Тарғыннан қызды тартып алмақшы болған Қарт Қожақ жеме-жемге келгенде, Тарғынның өзін атпай, қорамсағындағы оғын атады. Тарғын кезегін сұрағанда: «Мен сені аяғандығымнан өзіңді атпай, оғыңды атып едім...», «Ақылы болса, аяғанымды білер, қызды тастар да жүре берер» деп едім, онда тұр, шын атам», - дейді.
Ақжүніс пен Қарт Қожақ кездескенде, Қожақ сөзден жеңіліп қызды Тарғынға қосып, батасын береді. Бұл эпизодтағы оқиғаның дәл осылай аяқталуы да кездейсоқ емес.
Қожақ Ақжүністі аламын деп, қызумен шығып қалса да, шынтуайтқа келгенде, екеуін де өлімге қия алмайды. Өйткені бірі - елдің найза ұстарлық батыры, екіншісі - аяулы аруы. Ақжүніс қалмақ батырымен кеткен болса, Қожақ күші жетсе, өлтіріп қайтқан болар еді. Бұл эпизодтарда да елдік идеяның ұшқыны аңғарылады. Өз халқының «тентек » ұлы мен ерке қызының Ақша ханға оғаш көрінген мінездері, қарт батыр Қожаққа соншама ел бұзарлық іс көрінбейді. Жастықтың - нәмі үшін оларға бәрін де кешірім етіп, Қожақ батасын беріп: «Жолдарың болсын, қызықты өмір сүріңдер!» - деп, өзінің тілектестігін білдіреді.
Ақжүніс Тарғынға:
«Мені бір ханның баласына айттыруға елшілер келіп жатыр. Әкем мені бермек болып, рұқсат сұрапты. Мен хан баласына құмар емеспін, өзім де хан баласымын. Сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Кімнің бақыты зор болса, соған барамын. Енді мені біреулерге қор қылғанша, батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тием, сенен басқа ешкімге тимеймін. Көңілім саған ауды, сені сүйемін», - дейді.
Эпостық поэмаларда аяулы арулардың елге қорған, жауға айбар боларлық батырларды сүю мотиві жиі кездеседі. Әрине, бәрінде бірдей емес. Бірінде айқын, екіншісінде көмескі. Бірақ жырды такіралапоқыған адамға мұны аңғару қиын емес. «Қамбар батыр» поэмасында Назым:
... Сайратып тілді көмейден,
Жағымды қайрап безейін.
Бөтен туған бала едің
Жұртқа тұлға болғандай,
Сол себеп сені тежейін... -
дейді.
Назым қаншама сұлу, қаншама ханның қызы болғанмен, он екі баулы өзбектен өзіне жолдас таба алмай, Қамбарды сүюі - оның батырлығы: жұртқа тұлға болғандай туысының ерекшелігі. Сол тәрізді Ақжүніс те Тарғынды батырлығы үшін, халықтың қалаулы ұлы деп сүйеді.
Сөйтіп, жоғарғы айтылған Тарғын мен Ханзада, Сыпыра жырау, Қарт Қожақ, Ақжүністердің араларындағы қарым-қатынастарды алып, олардың қалай шешілгендіктерін жинастырсақ, ел бірлігін берік сақтап, өз араларында кездесетін алауыздықты қалайда болдырмай, бар күш-қайратты сыртқы жауларда кеткен кекті қайтару ісіне жұмылдыру - «Ер Тарғын» поэмасындағы негізгі идея.
Поэмада суреттелген ұнамды қаһармандардың тұлғалары (адам образдары), олардың жасалу жолдары, өмір жолдарында кездесетін әр алуан бөгеттер, оларды жеңіп шығарудағы іс-амалдары - бәрі де, поэманың негізгі идеясына бағыныңқы.
Қазақ эпостарында Тарғын - өте шебер
Тарғын образы жасалған образдардың бірі. Қай батырды
алсақ та, біз әдебиетшілер жеке бір адам
деп қарамаймыз, белгілі бір кездегі елдің тілек-мүддесін қамтитын, әлденеше адамдардың іс-амалдарын бір қаһарманның басына жинақтаған образ деп қараймыз.
Бірақ сан адамдардан қамтылған мінез, құлық, іс-әрекеттер бір қаһарманның басына жинақталғанда, оқушылар үшін бір бүтін көрініп, жігін таптырмай, сол адамның өзі істегендігіне ешкім шек келтірмейтіндей болу шарт. Осы тұрғыдан қарағанда, Тарғын қай жағынан да көңіл толарлық дәрежеде, мүлтіксіз жасалған образ.
Поэмадағы оқиғаның да, оқушылар үшін арналған ой-пікірдің негізгі қазығы да Тарғын айналасында.
Поэмада, ең алдымен, оның батырлық жағы шебер суреттелінеді.
Жалғыздың жары құдай деп,
Сарала туы салбырап.
Шабады батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Сыртта жүрген әскерге
Қарамай-ақ бұл батыр -
Қамалға кірді желігіп.
«Ердің ерлігі әр жерде емес, тар жерде» дегендей, Ақша хан бастаған ауыр қолдың әбден құты қашып, нақ шегінер кезінде Тарғынның ерлігі көзге түседі. Қамалы берік, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауытты алудағы батырдың жауына жалғыз шапқан төтенше ерлік қимылдары, басқа жұртты соңына ертіп, қолдарын жеңіске жеткізеді.