Адам және көлеңке

     Бірінші тарау
     I
     Көктем шыққалы әлдеқашан. Оның ең соңғы айы - майдың өзі зырлап барады. Ауылдың тау жағы көз нұрын толтырғандай боп, кілем түгіндей көк жасылға бөленген. Әдемі иісі көңілді алып, көкіректі ашып тұр. Әлденеше шақырымға созылған көк жоңышқалы дала, қырмызыдай отты қызғалдақ басқан жусанды алқап, еңісті беткей сол көктемнің көркіне оранғандай бөгіп те, тұнып та жатыр. Түз гүлінің иісі қандай өткір, жыты болады? Көксу аңғарынан соққан қоңыр жел, көктемнің дымқыл самалы Ешкіөлместі бөктерлеп өскен шақта дала гүлдері мен көк жуа, жалбыз бен жусан иісі араласып аңқиды, бас-аяғы кең жатқан заңғар, жұпар шашқандай боп төңірекке хош иісін төгеді. Ойы осындай болғанда, биік қырды, сонау Жоңғар Алатауының өркөкірек шыңдарын аппақ боп ақша қар әлі басып жатыр. Әсіресе, таңғы сәуледе таудағы қар күн нұрына шағылысып ойнайды, сан құбылады, тау шыңдары күміспен апталғандай жалт-жұлт етеді, құлпырады. Осы өңірдің көктем кезіндегі көркі кәдімгі кемпірқосақты еске түсіреді. Қызыл шатырлы ақ шағаладай аппақ үйлер, одан соң қоңыр белдеулі, көз тұнар егіндік, одан әрі көк жота. Ешкіөлмес қырқасы, сонсын биік шыңдар, ақша қар, тағы да мөп-мөлдір теңбіл аспан. Бұл өңір көзі үйренген, өзі осында өскен жанға, немесе табиғат сұлулығынан ештеңе ала білмес жай пендеге, әсемдікке құмарланбас, түшіркенбес жанға ештеңе айтпауы да мүмкін. Айтқанмен аларман болмаса тағы бекер! Ей, несін айтасың, жер сұлулығы, табиғат әсемдігі өткінші емес. Бірдің ғана қызығы болған сұлулық та емес, мың-мың жылдар бойы миллиондардың көз жанарын нұрға толтырып келеді емес пе! Шұбар ауылы да кәдімгі жеті өзенді сағалаған басқа елді мекендер тәрізді Жоңғар Алатауының етегінде жатыр, Қоғалы мен Текелі тауларының аралығындағы Ешкіөлмес аталатын көк жота - осы ауылға ең жақын тұрған тау. Шұбардың оңтүстік батысын осы қоңыр жота алып жатыр. Ол барып биік тауға, асқар шыңдарға, кәрі таудың мүжік бас шыңдарына жалғасады. Осылайша септесіп алыс тартады, жалғасып кете береді. Алатау сұлулығын ешкім де әлі айтып жеткізе алған жоқ. Оны айтып жеткізу мүмкін де емес болар. Адам көп болса өзі жасаған, өз қолымен соққан, әлде өзі жасайтын затын ғана суреттеп бере алатын болар. Ал табиғаттың өзі жасаған сұлулықты қаз-қалпында айту ешкімнің қолынан келмесе керек. Алатаудың мына шоқылары да нақ бір сондай тіл жетпес сұлу. Сан құбылады. Кеші мен таңы тағы тамаша. Күннің алтын түстес сарғыш сәулесі тау биігіндегі ақша қарға ойнап шыға келді. Аппақ қар басқан биіктен көрінгенде күннің өзі де алтын түстес боп кетеді. Күн көтеріле түсті. Ешкіөлместің көк жотасына иек артты. Күн сәулесі шашырап барады. Сәуленің астыңғы бір тармақтары қарлы шыңдарға найзадай шаншыла түсті. Ал Ешкіөлместің қолдан жасаған бөгет тәрізді ұзынша келген көк белі бусанып сала берді. Күн көтерілген сайын жотадан болар-болмас көгілдір бозғыл бу бусанып бара жатты. Бөлменің тау жақтағы, көшеге қараған терезесінен сығалай қарап, айнадан түскен ойнақы нұр ақырындап жылжи берді. Нұрмолда оянып кетті. Оның ұйқысы да қызық. Тұғырда тұрған бүркіттің мызғып кетіп, басын жұлып алғаны тәрізді. Бөлме ішінде ойнаған, терезенің қымталмай қалған бір елідей саңлауынан түскен, қызыл патсайы көрпенің үстінде дірілдеп тұрған сәулені көріп, басын жастықтан көтеріп алды да, столда жатқан сағатына қарады. Көктем күні өзекті талдырардай ұзақ - ерте шығып, кеш батады. Сағат әлі жеті екен. Сонда да болса кешігіп қалған адамша ол асығыс киінді. Басын жастықтан көтерген бойда есіне түскені - қысқы қыстаудан жаппай көтеріліп, жазғы жайлауға бет алып келе жатқан малшыларға бармақ болған уәдесі еді. Олар қазір Ешкіөлместің жықпыл-жықпыл көк сайларына еніп кеткен. Осы жерлерді қозы әбден аяқтанып, марқайғанша жайлайды да, төлдің буыны қатып, бұғанасы бекіген күні алыс жайлауға, Жоңғардың биік шыңдарына, сонау Сарыноқай атанған «құтырған ит» жайлауына дейін кешеді. Малшылар алыстамай, жақын жайлауда отырғанда тағы бір жүз көрісіп қалуды ойлап еді. Оның үстіне кеше бір жас қойшыға «барамын» деп берген уәдесі бар. Бір-екі күні кетсе де, жайлауды түгел аралап, әрқайсысына, әрбір қойшыға көзбе-көз, жүзбе-жүз кездеспесе және болмайды. Жайлауға келгенін естісе ақ жолықпай кетті деп өкпелейді. Өкпе өз алдына, қыс бойы бұйығып алыс отарда, сонау Қараталдың құйылысы, Балқаш жақта жатқанда кімнің не ойлағаны, кімнің не жайлы толғанғаны бар, кімге не жетпейді, қайда, қай жайлауға бармақ, биыл кімнің қандай жобасы бар, осының бәрін біліп қалмаса, көңіл шіркін ала жаздай алақтап, алаң болуы кәдік. Қыстаудың аты қыстау болсын, әйтеуір бір қысты, қытымырлау қысты қысыла қымтыла әрең өткізді. Ал енді жайлауды ше, жайлауды кім қалай пайдаланбақ? Алатаудың қойыны кең, сай-саласы көп, шөбі шүйгін қалай болса солай мал жайып, мол жайлауды рәсуә етуге бола ма? Қысқа деген ең жақсы әзірлік малды жазда дұрыс семірту екенін Нұрмолда сонау жас шағынан Ахметшиндердің қозысы мен қойын баққан күндерден бері біледі. Жайлауға асығыс аттанды. Шайдың өзін күн қыза, ат үстінде шөлдеп барып, сол жайлаудан ішпек болды. Ауылдан ұзап шыққанша төңірекке көз салмай, ердің басына, аттың жалына тесіле қарай отырып, жүрер жолын жобалап өтті. Барар жер көп, әңгімелесер адам, бітірер шаруа одан да мол. Өткен қыс қытымыр, қыраулы боп, мал қыстан әрең-әрең шықты. Ал қыстан жілік майы үзіліп әрең шыққан малды жазда оңдап бақпаса не болмақ? Қыс есесін жаздан алмаса шаруаның ұқыпты болғаны қайда? Бұл әрине сонау ескіден келе жатқан көне нақыл. Ол ат үстінде келе жатып осылайша ойлады. Биыл Жетісудың таулы өңірінде жауын-шашын мол болды. Көк қалың шөп шүйгін. Ешкіөлместің етегіне жеткен кезде өзі де байқады, шөп бітік те биік өсіпті, қазірдің өзінде белуардан келіп тұр. Жауын-шашын аз болған жылы жерге жабыса тырбиып өсетін тобылғының өзі бүртік сап тұр. Күнгей бетінің өзіне кілем түгіндей болып көк жасыл. мол шөп өсіпті. Осылардың бәрі Нұрмолда көзінің шырын қандырып еді. Тау биігінде әлі қар көп. Көксу мен Тентек кенересінен асып жатыр. Тентек десе тентек. Тауды қақ жарып өтеді. Ол ғана емес, бұлан талаң боп, құтыра ағады. Суының онша көп еместігіне қарамай, кей жылдары жолындағын жайпап кетеді. Көп жылдар бойы Тентектің төменгі жағына көпір құтайған емес. Көктем сайын алып кетеді, жұлып кетеді. Жетісуда Тентек екеу. Бірі сонау Алакөл бойында. Бірі осы, Екеуі бірінен бірі өтеді. Екеуі де тентек, екеуі де ерке, екеуі де еркін. Нұрмолда Тентекті бойлап барып көтерілді. Нұрмолда Ешкіөлместің Көксуға тірелген қырқасынан асып бара жатты. Тау шөбінің реңіне назар салды. Шөп шүйгін ғана емес, дәнді, буынды, шаяланбай еркін жетілген екен. Шөптің құнарлы болғаны шаруаның бағы, дегенмен Нұрмолда ойынша малды ауыл қасындағы жайлауда басқаша жайған жөн.

Алдымен биік өскен шөпті орып, содан соң барып орылған жерге, шөбі оруға келмейтін жайларға мал жайса оңды болар деп түйді, мынадай табиғат берген мол қазынаны бар екен деп ,мол екен деп рәсуә етуге болмайды, тіпті ауыл қасындағы малға шөп машинасы жүре алмайтын жерлердің ақ шөбі жетіп артылады! «Қыс киерін жаз киген жарлы қайдан байысын» деген ел сөзі қандай данышпан! Бұл сөзді Нұрмолда осыдан қырық жыл бұрын, сонау бір кезде Ахметшиндердің қойын бағып жүргенде естіген еді. Ол кезде Нұрмолда он-он беске жаңа келген жас еді. Бай мұны үстіне күпі киген, аяғынан көн шоқайы түспейтін жас қойшысын келекелеп айтқан болатын. Басқа киері болмаған соң қалың күпісін тастамай қорбаң қорбаң етіп қой соңынан кетіп бара жататын. Ол жайлау жайын осылайша ойлап келе жатып, алдағы еңісте отырған қойшы үйінің үстінен шыққанын білмей қалды. Оның қарсы алдында не бары төрт керегеден көтерілген қойшының шағын ғана емес, аядай ғана лашығы тұрды, оның есіне ертедегі нағыз сіңірі шыққан сорлы қойшының баспанасы елестеп кетті. «Қыс киерін жаз киген жарлы қайдан байысын» деген мақалды есіне қайта түсірді. Ал жаз жайлауын қыста жеп, қыс қыстауын жазда жайлап жүрсе қазіргі шаруа қалы қандай болар еді? Қысқа қыстай, жазға жаздай, әрқайсысын өз орнымен пайдаланған жөнді. Мал басы көбейген сайын жайлау да, қыстау да тапшылық етті. Қазір колхоздың жүз отарға бөлінген елу мыңнан аса қойы бар. Басқа малды былай қойғанда осыншама қойды қайда, қалай бағу керек? Егер бұған Алатау жерінің сан құбылмалы ауа райын қоссақ, сонда не боп шығар еді? Мал азығының басқа түрін былай қойғанда, жай шөптің өзі жетпейді. Мұның бәрі ойламаған жайлар. Баяғы байлар малын қысы-жазы айдап бағатын. Баяғы баяғы болсын. Уақыт басқа ғой. Мал бағу, оны өсірудің түрі де өзгеруге тиіс емес пе? Ата-баба мұрасының жақсысын, пайдалысын ғана алып, жарамасын тастауға тиіспіз. Олар малды қалай бақса солай бақсын, бізге ол мұра емес. Бізге жылы қора, шопанға жада үй керек. Қазір әрбір отардан, әрбір қыстаудан шөптің мол қорын жинаған дұрыс... Мал жайлы осындай ойларын жиып үлгермеді, қырдан төмен түсіп, әлгі үйге келіп те қалды. - Кім бар ay?-деп дауыстады Нұрмолда. Үйден жауап болмады. Оның орнына баспанадан қалқан құлақ, шегір көз, ұзын бойлы қара жігіт шықты да, колхоздың бастығын көріп қалта қарап тұра қалды:
            Сәлем бердік, жақсы ма, жігітім?-деп Нұрмолда бұрын тіл қатып, алдымен сәлем берді. - Сәлеметсіз бе, Нұреке, сізді қайдан жүр деп аң-таң боп қалған едім. - Ұмытпасам, осы сен Мырзабайдың баласы боларсың? - Иә, мен Мырзабайдың ұлымын. Атым Мұқажан. Өткен жылы осы қойға жіберерде көп сөйлестіңіз. Одан кейін кездескеніміз осы болар!-деп Мұқажан шегір көзін төмен сап, көнектей қалың, салпиған шоштақ ернін жимастан еркелеген балаша сөйледі. - Иә, Мұқажан, сен Мырзабайдың баласы едім де, дұрыс,- деп атынан түсті. Мұқажан болса шылауына орала кетті. Атты белдеуге емес, анадай жердегі кісі бойындай биік қазыққа байлады. Сөлең-сөлең етіп, аяғын алға қарай сілтеп тастап, Нұрмолданың жанына қайта оралды. - Ал, аға, үйге еніңіз! Нұрмолда төрт керегелі аядай қараша үйге иіліп әрең-әрең енді. Мұқажанның келіншегі Жұлдыз болса орнынан жалма-жан тез тұрып, іргеге қарай ығыса түсіп, иіліп сәлем етті. Бадырақ көз сары келіншек үйге енген кісіге тура қарай алмай, жерге, үйдің ортасында асулы тұрған төрт құлақты, жетім қозының қарны сияқты томпайған бүйірлі қара қазанның астында жылтырап жатқан шоққа қарай берді. - Келін, қалқам, сау-саламат па?-деді Нұрмолда. - Шүкір! -деген сөзді естілер-естілмес етіп, Жұлдыз әрең айтты. Қонақ төр алдында төсеулі жатқан екі бүктеулі алабажақ шыт көрпенің үстіне отырды. Мұқажан төрден жастық алып тастады. Нұрмолда жастықты қолтығының астына қыса түсіп, аяғын бүгіп, қисая жатты. - Ал балаларың қайда, Мұқажан, келін екеуін ғана ма, жайлауда? - Балалар ауылда. - Оқитыны бар шығар? - Екеуі оқиды. - Қанша балаң бар? - Жетеді, аға! Бес-алтау. - Өте жақсы екен! Мырзабай марқұмның ұрпағын көбейтіп жатырмын де, дұрыс, дұрыс - ақ. Бұл сөзді айтарын айтса да, «Мырзабай марқұм» деген сөзді айтқанда Нұрмолданың жүрегін әлде не қатты шымшып қалғандай шым ете қалғаны бар. Осыдан кейін ол біразға дейін үнсіз қалды. Жұлдыз Оттағы қазанды алып, сыртқа жууға кетті де, артынша ілешала Мұқажан да шықты. Алдабергенов есік пен төрі бір-ақ аттам аядай лашықтың, төрт кереге, он уық, шарықтап жасаған алақандай кішкене шаңырақтың астында қалды. Бірақ ол осы үйді, осы күнгі жайды емес, жаңа ғана атын атағанда жүрегін қатты шымшып өткен Мырзабай жайлы ойлап кеткен еді. Мырзабай Нұрмолдадан төрт-бес жас үлкен болатын. Бірақ бірге өсті, бірге жалшы болды. Екеуі сонау бір жылдарда, темір жол құрылысын салуға кеткенге дейін бір байдың малын бақты. Бір сөзбен айтса, бірі аға, бірі іні боп, ұялас өсті. Алдабергенов жалшылықты бірінші боп тастады да Түркістан-Сібір темір жолының құрылысына жұмысшы боп кетті. - Бұл кезде жол Алматыға жақындап қалған. Нұрмолда болса Шақпақ тауынан бастап, жол құрылысында кетпенші, жер қазушы, қазған топырағын болашақ жолдың сөресіне үйіп-төгуші боп істеді. Ауыр, азапты жұмыс. Қой баққаннан әлдеқайда ауыр. Бірақ біреудің, жеке біреудің жұмысы емес, елдің, көптің жұмысы. Азабы көп, ауыр болғанмен қорлығы жоқ, өз ісің тәрізді еркін. Тапқанын тамағына, жұтқанын жұмырына сап күн кешкендердің өтіп жатқан сан сапасы жоқ біркелкі күндері. Бұ да болса оңды ақ. «Біреудің малым бағып, жаттың дәулетін қорып жүрмін дегеннен гөрі, өз күнімді өзім керіп, өз нанымды өзім тауып жеп жүрмін», деген азамат сезімі қолтығынан демейтін.

Мұның үстіне азаннан кешке дейін айдалада, елсіз шыңсыз шатқалда жалғыз жүріп мал баққаннан гөрі, мұнда өзі сияқты жалаңаш кеуделі, жалғыз жейделі, қолын күс басқан жігіттермен бірге думан сап, аралас-құралас адамдармен бірге қарбалас жүргені бір ғанибет еді. Көңілге болмаса, тағы бір артық жері және бар. Қой бағып, жұмыр арқалап жүрген кездегі сүйегі шығыңқы иығы, жіңішке білегі, қабырғасы сай сай боп жататын кеудесі толысып, бөлек-бөлек бұлшық ет пайда болды. Мұның өзі жас жігіттің бойына жаңа бір толқын лебін төккендей қуаныш, жан қуанышын, жас көңілділігін әкелген. Қой соңында жүрген кездегі ақ таяқтың орнына тасты күл-талқан ететін темір қайла, алаң күрек ұстады. Алақанның терісі қалыңдап, түйенің қатқан мойнағындай сірескен көк сіңір боп қалды. Денесі қашаған тастай боп сұлуланып, сымбаттанып кетті. Темір жолдың қара жұмысына әбден көнігіп кетті, құнығып алды. Осы жұмыспен ол Шақпақтан бастап, өзі туған Малайсары тауларын жарып өтіп, Айнабұлақтан барып бір-ақ шықты. Түркістан-Сібір жолы осы жерден түйісті. Ұлан-асыр той болды. Жақсы істеген озық жұмысшыларға бәйге, сыйлық берілді. Нұрмолда Елтай Ерназаровтың қолынан бостон костюм шалбар алды. Бірі өтірік емес, Нұрмолданың жарық дүниеге келгелі әрі жаңа, әрі жақсы, әрі бағалы киімнің иығына ілінгені осы еді: Ол қатты қуанды. Түні бойы ұйықтай алмай шықты. Жаңа киімін бауырына басып, қолымен ұстап жатты. Кедейлік пен жоқтық кейде адамды бала сияқты етіп жібереді. Оның алғашқы қуанышы, еңбек қуанышы, оны бір мезет нақ осылайша бала етіп жіберген еді. Ол осы бір күні бала тәрізді шексіз қуанышта жүрді. Кім біледі, біреу болмаса біреу ұрлап кете ме, айырылып қалса не болмақ? Бұл күнгі түн ұзақ болды. Таң атпай қойды. Нұрмолда жанның бәрінен бұрын тұрды. Таңғы салқында Айнабұлақтың басында отырып, соның мұздай суына ұзақ жуынды. Ахметшиннің қойын бағып жүргенде бұл бұлақтың басына келіп, талай-талай шілдеде мал жусатқан, суын ішкен. Бұл көптен, тіпті сонау бала жастан таныс бұлақ. Бүгін оның суы мүлде салқын, ерекше дәмді боп көрінді. Ол осы бұлақтың басында сәске түске дейін жалғыз отырып, ұзақ жуынды. Темір жол құрылысындағы жұмыста жүрген кездегі көн тәрізді қаудырлақ, қалың кенеп шалбары мен күрткесін шешіп, бұлақтың төменгі жағындағы жардың түбіне үйді де, оған ескі жейдесін, жаман етігін қосып, әлгі үйіндіге отты қойып жіберді. Күнге күйген әрі қара маймен сыланған, майлы ағаштарды арқалап жүргенде әбден май сіңген киімдер лезде лап ете түсті де, жаңа бастады. Жылдан аса киген киімдері жалын арасында қоңырсып жана берді. Тілі сумаңдаған қызыл жалын ішінде жанып жатқан шоқпыт киімдеріне бір сәт тесіле, едәуір ұзақ қарап қалды. Жалма-жан артына бұрылып қапшығына қарады да, одан тағы да бір ескі жаман іш киімдер алып, отқа тастап жіберді. От қомақтанып көтеріле берді. Жалын тілі сумаңдап көтеріле түсті. - Бастан құлақ садаға деген. Осымен бағымды байлаған кедейлік кесел кесепат кетсін! Аяғыма тұсау, жолыма бөгет болған бәле-жала, кедей тағдыры, ашылмай келген сор осымен қалсын!- деп ішінең күбірлеп, оттың төңірегін ортаға үйіріп, қымтай түсті. От жанып жатыр. Талай-талай тер сіңіп, әбден сіре болған, қолаңса сасыған киімдер қара күрең тартып, жана берді, жана берді. Нұрмолда болса көз жазбай қарап қалған, бір мезет, шынында да оған осы бір жалақтаған, сүйір тіл қызыл қоңыр жалын ішінде оның байы мен кедейлігі, баяғыдан бергі бағын байлап келген қырсығы қоса жанып жатқандай боп кетті. - Апыр-ай, осы темір жол, осы Түркістан-Сібір жолы деп аталатын әрі ұзын, әрі үлкен жол менің бар қырсығымды алып қалған болса игі еді-ау! "Ол осылайша" ойлады. Өзінше соры мен қырсығын, азабы мен ащы терін, кедейлігі мен жоқшылығын Айнабұлақтың басында отқа, кәдімгі қызулы, жалыны мол отқа жақты, ол лаулап жатыр... Қойшының әйелі сырттан көп, ортадағы ошақтың астына от жақты, қазан асты. Ел жайлауға бет алғанмен құралайдың салқыны еді. Содан да от әлі үйден сыртқа, жерошақтың басына көше қойған жоқ. Бүйірі бұлтиған кішкене қара қазанның астындағы от та лаулай бастады. От қызуынан шырт-шырт сынып жатқан тобылғы мен аршаның сыртылы да оның көңілін бөле алмады. Жұлдыз отын жақты да сыртқа қайта шығып кетті. Нұрмолда тағы да жалғыз қалды. Ойы үзілген жоқ. Ол ойлап отыр. Отқа қарап қалған. Осы бір сәтте Мұқажан үйінде жанған кішкене от сонау бір жылдары, дәл айтса 1929 жылы Айнабұлақтың басында, сәске түс кезінде жанып жатқан отқа ұқсады. Дәл соның өзі екен деп ұқты. От сөнбей қойды, шоқпыт киімдер жанып бітпеді. Ұзақ жанды, ұзақ қарады, сарыла қарады. Киімдердің бәрі үлпілдек күлге айналды, бірақ от сөнбеді. Нұрмолда қараудан жалыққан жоқ. Оның ойын сырттан келген Мұқажан бөлді. Нұреке, түстеніп аттанатын боларсыз. Ол солқ ете түскендей боп, басын көтерді де, жанып көзін алды. Ой тізбегі кілт үзілді. Түске дейін бірталай жерді аралап қалсам деп едім. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген емес пе, ішіп аттанам. Жоқ, оныңыз болмайды. Өзіңіз айтқандай Мырзабайдың ұрпағын көбейтіп жатқан кішкене шаңырақтан дәм татпай аттанғаныңыз болмайды. Мырзабайдың аты оның кеудесінде бүлкілдеп соққан жүрегін тағы бір шымшып өтті. Әлгі бір қалың ойдың жалғасы да осылай қарай келе жатыр еді. Сонда да болса ойдан айыға алмай: - Асқа қарай алмаймын, барар жер, сөйлесер, ел көп!-деді. - Келініңіз қазанға ас сап қойды. - Онысы бекер болған. Оқасы жоқ енді, өздерін жеңдер! - Иә, ас пісіп жатыр. Біздің үйден дәм татпай кеткеніңіз мүлде болмайды. Тіріні былай қойғанда, өмірден соры ашылмай кеткен өлі аруақ бар, Нұреке, соны ойлаңыз! Бұл әлгі бір ойдың үстіне, соның отының үстіне май құйып жібергендей болды. Нұрмолда Мұқажанға селт еткендей, жалт қарады. Ол бұл сөзін ыржиып күле айтты. Бәрібір сонда да болса Нұрмолдаға түрпідей тиген еді. Жаңағы бір шымшудың орнын тырнап алғандай болды. Содан да болар райдан тез қайтты. - Дұрыс, бұл үйден, бұл шаңырақтан дәм тату маған парыз. Бірақ, ас дайын болғанша екеуміз біраз жерді, мына сенің көрші отырған отарларыңды аралап қайталық. - Оныңызға құп та құп. Нұрмолда орнынан ауыр қозғалып тұрды да, сыртқа беттеді. Мұқажан аты да әзір екен, енді бір сәтте, екі салт атты тау арасындағы жалғыз үйді тастап, көк жасыл белден асып бара жатты. Нұрмолда әлгі бір кездегі үйдегі ойдың жалғасын үзе алмай қойды. Өйткені осы ойдың мына қасында келе жатқан Мұқажанның әкесіне, Мырзабайға соғар бір жәйті бар-ды. Жүректі қайта-қайта шымшып өткен қытықты жайлар да осыған орайлас еді. ...Айнабұлақ басындағы алаулаған жалын басылды, ол батқан күндей алдымен қызарып, артынша бозалаң тартып, көк жиекке сіңді де көмескі күлге айналды. Алдабергенов судай жаңа костюм шалбарын, тағы басқа жаңа құсқысын киіп, үлкен жолға, Көксуға қарай кететін қара жолға шықты. Жол үлкен, кең. Күн сайын осы жолмен мың сан ат-арбалы кіре салған, керуен тартқан жандар өтеді. Бұл бір адам көп ететін үлкен жол. Мұның бір жағы Алматы, Шиен базарына, одан қалса Піспек пен Тоқпақ жәрмеңкесіне кетеді. Ал ол жақтан қайтқандар Гавриловна мен Қапал, Лепсі мен Ақсу жәрмеңкелеріне, одан әрі кетсе, Үшарал мен Аякөз, Семеймен Зайсан жағына кетеді. Көп халық жүретін, дамылы жоқ үлкен жол нар түйенің жонынан алған таспадай созылып, бір-бірімен жарыса тартып, алысқа кетіп жатыр. Әлгі бір айтылған жерлерден асып тағы қайда барады? Ол арасын Нұрмолда ойлаған емес. Нұрмолда үлкен жолдың үстінде тұрып қалды. Қайда, кімге бармақ? Темір жол болса бітті. Оның қара жұмысы да біткен. Басқа іс қолдан келмейді. Енді не істеу. керек? Жолда көрген үлкен қала Алматыға оралса қайтер еді? Онда не істемек, тамыр-таныс, қол ұшын берер онда кім бар еді? Ал Гавриловкаға барса ше? Ахметшиндердің қойының орнына құлақтың шошқасын баға ма, әлде шөбін шауып, картошкасын қаза ма? Оның көкейінде осындай бір шым-шытырық, бей-берекет көп сұрақтар тұрды. Ол нақ бір ертедегі аңыз әңгімелердегі тоғыз жолдың торабына келіп, енді қайда жүрерін, қалай басарын білмей, аң-таң болған саяхатшы, жиһанкездер тәрізді аң-таң, боп жол үстінде тұра берді. Ол көп тұрды. Сұрақтар да көбейе берді. Көксу жаққа, туған ауылына қарай бір-екі адым жүріп барды да қайта тоқтады. Кейін қарай жүрді. Алғашқы жолға шыққан жеріне жетіп, тағы кідірді.

Күн түстікке көтеріліп қалды. Жол үсті тып-тыныш, әшейінде лек-лек боп ағылып жататын керуендер де жоқ. Алдабергенов бұрылып артына, Айнабұлақтың мұздай қайнарының басында қоңырсып жатқан отқа, одан шыққан болмашы бозалаң түтінге біртүрлі көңілсіз қарады. Көңіл шіркін бір сәт суып кетті. «Сорым мен кедейлігімді емес, жаңа жана бастаған бағымды, ырысымды жағып кеткен болармын» деген суық ой келді» Өз ойын, өз тілеуін, өз басын жамандыққа кім қияды дейсің, «жоқ, жоқ, олай емес, мен сорымды, кедейлігімді, қырсығымды жақтым, соны өртеп кеттім» деп іштей қайсарлана ойлады. Күнде, кең далада, ұзақ жолда ауыр жұмыс істеп шаршаған қабағын ел жаққа бұрып, жерде тілім-тілім, жалақ болған ернін қайта-қайта жалап, Көксу жаққа, туған ауыл, өскен жерге аңсары ауа қарады. Нақ осы кезде ту сыртынан: - Жаным ау, сен Нұрмолдамысың,- деген дауысқа бұрылып, жалт қарады. Міне қызық нақ қасында кішкене күрең тайға мінген Мырзабай тұр. Кәдімгі Мырзабай, пәлендей жыл бірге мал баққан, ағайын ішінде аға болған Мырзабай. Нұрмолда ойдан тез сейіліп, Мырзабайға қарай құшағын жайып жүгіре жөнелді. Ол жеткенше Мырзабай тайдан түсіп те үлгерді. Екеуі айдалада, үлкен жолдың үстінде құшақтаса кетті. Көптен көріспеген, бір-бірінен хабары жоқ екі туыс құшақтасып көп тұрды. Екеуінің де иіні босап, туыстық сезім билеп, жүрегі қатты соқты, жиі соқты. Мырзабайдың мойнына Нұрмолданың ыстық жасы тамды. Бір-бірін қатты қысып қысып қойды, Әлден уақытта Мырзабай құшағын жазып, бірінші тіл қатты. - Ал, сөйле, Нұрмолда, қайдан келесің, бет алысың қалай? - Өзім де біле алмай, аң-таң боп тұр едім. - Туған жерде ботасы қалған аруана тәрізді ауылға қарап тұрғаныңды керіп сүйсіндім. Алысқа кете қоймайтын сияқтысың.
            - Мына темір жолдың, сендерше айтсам, шойын жолдың жұмысы бітті. Енді қайда барарымды білмей тұрғанда құдай айдағандай өзің сап ете түстің. Мені алла далаға тастамаған екен. Ал, өзін, қайдан келесің? - Сенің жол үстінде, барса келмес пен бақыт жолының айырығында не істеріңді білмей тұрғаныңды біліп, періште боп әдейі келдім десем нанар ма едің? - Нанамын, аға, нанамын. - Нансаң солай, қосқа жегіп жүрген ала өгіз бен көк өгіз екі-үш күннен бері ұштыкүйді жоқ. Соны іздеп, мына бір жаман таймен сабылып жүрмін. - Елдің жай-күйі қалай? - Баз баяғы. Артель боламыз, колхоз боламыз деп шулап жүрген халық. Біреу қарсы, біреу наразы дегендей. Әйтеуір жүріп жатырмыз. Артель болудың алдында бір екеуміз бірігіп егін салып едік. Сол әлгі мойын қосқа жегіп жүрген екі өгізді жер жұтқандай, зымзия болды. Соны іздеп қайтқан едім. Ал енді не тұрыс бар? Елге бет алған болсаң бірге кеттік!-деп Мырзабай Нұрмолдаға қарайды,- Ел-жұртқа не бетіммен көрінемін дейтін емес, өзің шырттай боп киініпсің. Қалыңдық ойнайтын жігітке ұқсайсың. Екеуі көңін сүйретіп әрең жүріп келе жатқан күрең тайды жетелеп, даңғыл жолға түсті... Бағанадан бергі ойының осы бір кезіне дейін Нұрмолда үнсіз ойлап, үнсіз келе жатқан еді. Мұқажан болса оның ойын бөлмеді. Бастықтың өзі бірдеңе сұрамаса сумаңдап сөйлей беретін Мұқажан емес. Жас дейтін жас емес, бес балаға әке болды. Оның үстіне әке тәрбиесін көрмесе де, ибалы ана құшағында өсті. Білгішсініп, қақаңдап, суырыла шықпайтын ол, инабатты жігіттің үлкен адам алдындағы әдебін де білетін. Нұрмолда мен Мұқажан біраз уақыт үнсіз-түнсіз жүріп, Ешкі өлместің теріскей бетіндегі бауырдан көтеріле бергенде, алыстан үрген иттің даусы шықты. Екеуі де алға қарады. Төскейдегі жалғыз үй әлі де талай жерде екен. - Мұқажан,-деп Нұрмолда қасындағы жас жолдасына қарады. - Құлағым сізде, Нұреке? - Мұқажан, мен сенің әкеңді көптен, сонау бала жастан білемін!-деп бір тоқтады. Мұнысы айтар әңгімем бар, соны зейінді тыңда дегендей болған-ды. Жас жігіт ат үстінде ырғала түсіп, кеудесін бұрды. Дене салмағын аттың сол жағына тастап, онға, Нұрмолдаға қарай бір қырындап отырды. - Мырзекең менен аздап үлкен еді. Бірақ құлын-тайдай тебісіп, аға-іні сияқты бірге өстік. Мен шойын жол құрылысынан қайтқанда ойламаған жерден Айнабұлақта кездесіп қап, бірге қайттық. Осы ауылға сонау Айнабұлақтан арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кішкене күрең тайға кезек мініп, бірде жетелеп, бірде жайып, орта жолда осы күнгі Мұқырға бір қонып әрең жеткеніміз бар... Алдабергенов астындағы айқасқа қызыл күреңді жай ғана қамшылап қойды. Аздап жорғасы бар, талай бәйгені, талай айналманы, салымды көрген әккі ат аяғын еркін де алшақ басып, ешбір қамшы салғызбайды. Ол үстіне мінген адамның қамшыны тек бір сәндікпен, жай бір көңіл үшін сүйемелдеп отырғанын да жақсы біледі. Қамшы сауырына тисе де, тимесе де бір қалыпты әсем жүрістен айныған емес. Жайлы жүрісі, бір, қалыпты мінезі үшін Нұрмолда айқасқаны ерекше жақсы көріп кетті. Ауылда қалған «Волга» бара алмайтын жердің бәріне осы айқасқа, қызыл күрең барады. Машина жүре алмайтын жерлерде бұл ат машинадан кем түспейді. Бұл да бір шақта өз заманының машинасы едіау! Денесі қызып, аздап қолтығы терлеген соң бір-екі рет қатты пысқырынып алады да, аяқты кере, көсіле тастап сары желіске салғанда бөккенше жортады! Нақ қазір ол ауыздықсыз, басына ноқта тәрізді жаман жіп жүгенді іле салған, не желісі, не аяғы, не жай жүрісі жоқ қойшы атына қарайлап, өзін-өзі іркіп келеді. - Ол кезде қайда, осы күндегідей ме! Қазір не, Алматыдан қазір шықсаң төрт-бес сағатта Талдықорғанға келесің! Мұқыр мен Айнабұлақтың арасы «әудем» жер сияқты. Мырзекең екеуміз Айна бұлақтан таңертең шығып, Мұқырға ымырт жабыла келдік. Мынау аттар сияқты емес,- Нұрмолда астындағы айқасқаның жібектей судыраған, ақ селеу тәрізді жұмсақ жалын қолымен сипап қойды.- Жауыр тайды кезек міндік. Ұзақ жол қатты шаршатты. Бірақ жолай әңгімені шерттік. Айтылмаған сыр, шешілмеген шер қалмаған болар. - Ауыл әбігерленіп, артель боламыз. Серіктік құрамыз. Жоқ, бәрін қойып бірден колхоз боламыз деп жатыр. Мұның арты не боларына көзім жетпейді. Сен мына шойын жолда істеп, көзі ашық адамдардың қасында болып келесің ғой, кәні білгеніңді айтшы,- деп Мырзекең маған қарады. Мен не айтамын? - Айт, «артель», «серіктік», «колхоз» деген немене? Оның бұл сұрағына жауап беруге әзір емес едім. Өйткені әлгі үш сөзді өзім де алғашқы рет естіп отырмын. Әлгі сөздің біреуі ғана, тек «серіктік» дегені түсінікті де, басқа екеуі маған мүлде мағынасыз нәрсе тәрізді. Сонда да болса Мырзекеңе айттым. Былай дедім: өзіңіз білесіз, мен мынау шойын жолдың құрылысын бітіріп келемін. Сол жол салына бастағанда біздің туыстар арасында талай-талай әңгіме, талас бопты. Біреулері темір жол деген пәле, бұл даламыздың сәнін, даламыздың көркін, даламыздың еркіндігін жұтуға келе жатқан аждаһа десе, енді біреулері бұл «біздің даламызға келе жатқан күн, бақыт, ырыс, мәдениет, ғылым» депті. Мен осы екеуінің қайсысы дұрыс айтады, оны айта алмаймын. Өз басым темір жолға сүйсініп қалдым. Мына күрең таймен екеуміз ғой ертеден кешке дейін салпақтап, сардала, көк адырмен тартын келеміз. Поезд дегеніңіз әлгі шойын жолмен түтінін будақтатып, осы жеріне көп болса ет асым, аз болса сүт пісірім мерзімде жетеді. Бір өзі орасан көп жүк көтереді, қыруар адам мінгізеді. Менің өз ойымша бұл жамандық емес. Иә, егер шойын жол деген жамандық емес, жаңалық болса, біз әлгі өзіміз айтқан үш сөзден неге қашамыз. Ау, тіпті қазіргі уақыттың өзі де жаңа емес пе? Бір кезде бетіне қарап бір ауыз сөз айта алмайтын кешегі Ахметшиндер, анау Гаврилов Антон мен Сергейлер қайда кетті. Демек, заман жаңа, жаңа заманда жаңа сөзден, жаңа істен қашпаған жөн. Әр нәрсе кезінде емес пе? Мырзекең сөзіме өте қатты риза болды. - Ұқтым сөзіңді, ұқтым. Шойын жолға бекер бармаған соң. Әлгі айтқаным рас екен. Көзі ашық, дүние көрген адамдардың арасында болғаның көрініп-ақ тұр. Ал маған болса, Мырзекеңнің осы сөзі қамшы болды. Бір түрлі шабыт берді. Шабыт емесау, өзіме өзім сенімділік, батылдық пайда болғандай әсерлендім.

Ал, Мырзеке, жаңадан қашудың қажеті жоқ. Сіз бен біз, құдайға шүкір, бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз. Сондай болса, біз осыған келіссек, міне мен де елге қарай беттеп келемін, сол серіктігін де, одан қалса артелін де, тіпті әлгі колхозын да бірге көрейік,- дедім. - Мұның жөн сөз, көрейік, не де болса бірге көрейік!-деп Мырзекең де құлшына кетті. - Мына қазір, екеуміз келе жатқан Ешкіөлместің арғы бетіндегі баурайдан ең алғашқы артель жасаған Мырзекең екеуміз едік. Біз айқайшы болдық. Біреулер сенбей бізге мысқылмен күле қарады. Бірақ, мына жолдың үстінде саған айтайын дегенім бұл емес еді... Алдабергенов кілт тоқтап қалды. Мұқажан оның бетіне қарады. Ол көпке дейін айқасқаның ақ селеу түстес, сусылдаған жібек жалына қарап үнсіз отырды. - Айтпағым бұл емес еді,- деді әлден уақытта Нұрмолда қатты күрсініп, бұл емес еді. Дұрыс түсінсең жақсы, кім біледі, сендер әлі баласыңдар ғой. - Бес балаға әке боп, ауызына ата сақал біткен адам жас бола ма, Нұреке? Мұқажанның үнемі мұрын астынан шығатын күңгірт даусы бұл жолы жарқын естілді. Бұдан оның балаға әке болғанын мақтан ететіндей әкелік жылы леп қоса өскен тәрізді еді. Мұнысы ағасына, Нұрмолдаға қатты ұнады. - Дұрыс, Мұқажан, ете дұрыс. Әкелік сезімі бар жігіт жас та болса бас болуға жарайды. Меніңше жас адамның ақылы «мен әкемін» деген ұлы сезіммен бірге енсе керек. Сен өзіңді өзің мысқылдап айттың ба, шыныңды айттың ба? Оны білмедім. Бірақ дұрыс айттың. - Нұр аға, онда сол сіз айтқан ақыл маған бір емес, бес рет енген екен де, ондай болса ұқпас деп қиналмай-ақ, сөзіңізді айта беріңіз. - Ах, солай ма еді?-деп қалды Нұрмолда,- солай ма еді. Сөзің ұтымды, жанды сөз. Біз өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан жігіттердің қандай екенін, қалай өсіп келе жатқанын көп біле бермейміз. Сен дұрыс айттың. Сен «мен әкемін» деген сөзді бір емес, бес ұғып, ішіңнен бес рет қайталадың. Саған ақыл бес рет енді. Дұрыс ақ! Бұл сөзің өте дұрыс сөз. Нұрмолда өз сөзіне өзі күлді. Оның күлкісін Мұқажан қоштады. Төмен қарап, кеңк-кеңк етіп қалды. Бірақ, Алдабергенов шын жүрегімен күле алмады. Оның жанын алғашқы шымшыған кездегі түршіккені әлі қайтпаған. Ол осы өзімен бірге келе жатқан Мұқажанның әкесі Мырзабайдың өлімі еді. Соны көз алдына келтірсе ақ болды, Нұрмолда жүрегін әлде не шымшиды, жаны түршігеді. Ал бүгін, сол ердің артында қалған жалғыз көзі, өзі кетіп бара жатқанда: «Нұрмолда, мен айыға алмаспын. Сен тірі қалсаң, менің көзім, артымда қалып бара жатқан мына бір шикі өкпемді саған тапсырдым. Осыны сақта, үміт қайран жоқ. Осыны саған тапсырдым, саған» деп кеткен жалғыз ұлы, сол ердің артындағы тірі белгісі бүтін Алатаудың төскейінде өзімен үзеңгі қағысып келеді. Нұрмолда жаны осындайда толқымағанда қайда толқымақ? Нәзіктігінен қаталдығы басым, осалдығынан ожарлығы басым Нұрмолда жаны осы жігітпен кездескелі бері жүдеуге жақын еді. Мұның белгілі себебі де бар-ды. Ол соны айтпаққа оқталып келеді. Бірақ, айтып үлгере алмады. Оның сөзін алдынан «әудем» жерден арсылдап, үре шыққан шопан иттерінің дауысы бөліп жіберді.
II
Бұл ежелден таныс, сонау соғыстан қайтқалы бері, таяғымен қоса балдағын сүйреткен, бір аяғы жоқ келіндеріне «ағаш аяқ, қайнаға», ал құрдастарына «балдақты Балықбай» атанған, жарбақ бойлы, сирек сақал, едірең мұрт қойшының үйі екен. Үрген иттердің даусымен бірге селтиіп есік алдына шыға келді. Қолымен маңдайын күннен көлегейлеп, үйіне та қап қалған екі аттыға ұзақ қарады. Аттылар жақын көп тізгін тартқан кезде барып, екеуін де тани. кетіп, қарсы жүрді. - Жүріс сәтті, сапар оң болсын, Нұрмолда, өзің екенсің ғой! - Өзім болмағанда кім деп едің, Балықбай, малы басың, бала-шағаң аман ба? Денің сау ма? Мал бағуды қой, әлгі бір мүгедектің пенсиясымен отыр, тыныш отыр, асып бара жатсаң өз шаруаңды істе десем көнбейсің. Меніңше, сен соғыста да мынау аяғыңнан осы қайсарлығың үшін айырылған шығарсың? Алдабергенов атының шылбырын Балықбайға беріп жатып, жайдары даусым шығара күлді. - Бұл аяқтың тарихын сен сұрама, мен айтпайын, Нұрмолда, қалай ауыл-аймақ аман ба, Ақжарқынның, Күләннің, Төленнің дені басы сау ма? Сені көрмегелі де жыл боп қапты-ау. Өткен жылы осы кезде, анау Көксудың басындағы тоғанда қой тоғытып жатқанда бір келіп едің? - Ой, сен де бір қу екенсің, бастықтың қашан келіп, қашан кеткенін есептеп, жіпке тізіп жүретін қусың ба деймін. - Қулық пен сұмдықтан аулақпын. Мына құрбың ба, құрдасың ба, өзің білесің, Мейіз екеуміз сені сыртыңнан мақтап, өзімізше мақтаныш тұтып, сенің келуіңді күтіп отырамыз. Осы кезде үйден қаншырдай қара сұр әйел шығып: - Есен-сау жүрсіз бе?- деп жай ғана амандасты. - Мейіз, жайың жақсы ма, қуаттысың ба?- деп Нұрмолда да жай сұрап жатыр. Бастық амандықтан соң дітке алған ойын тындырмай көңілі көншімесін бірден сездірді: - Мынау жазғы жайлауға барар алдында шопандармен бір сырлассам деп едім. Бұл өзі осы сіздер тау бөктеріне жетіп, жайлауға қарай бет алғалы бері көңілде жүрген бір жай еді. Соны бүгін іске асыра қоймақ боп, ауылдан асығыс аттанған бетім еді. - Әңгіме сол қойшылармен кеңес болса, оны болдыру оп-оңай емес пе? Қазір біз мына қырдың астында отырған көршіге хабар береміз. Ол өзінің жақын көршісіне айтады. Сопымен не бары екі-үш сағатта осы аймақтағы барлық қойшы осы жерге сап ете түседі. - Бәрін оп-оңай еттің де қойдың ғой. Кәні, соныңды істе, Балықбай!
- Біздің үй алпыс отар қойдың нақ ортасы өзі! Ал, Мұқажан, атыңа мін де, мына көршіге хабарлап кел, ол өз көршісіне айтсын! Соғыста да нақ осылайша бірден-бірге хабарлайтынбыз. Сонда да содан жылдамы болмайтын. Мұқажан кетті. Үйде Балықбай мен Нұрмолда қалды. Мейіз болса қазан асудың қамына кірісті. - Мейіз, асқа әуре болма, анау Мұқажанның үйіндегі келін де бірдеңе істеп жатса керек. Екі үйден бірдей ас жей алмаспын. - Қойсаңшы, Нұрмолда, әйелдің не істеп жатқанында не шаруаң бар. Одан да ел жиылғанша әңгімелесе отырайық та! - Құлағым сенде, әңгімеңді айта бер, Балықбай! - Айт дейсің, мен не айтам. Сен айт. Қазір сенің өрісің ұзақ, жайлауың кең. Бармайтын жерін жоқ. Саған Мәскеу деген мына бізге Талдықорған қандай болса сондай боп кетті. Сен айт та. - Жаным Балықбай, әңгіме айтам деген өзін. Мен не айтам? Сұрасаң жауабым әзір. - Сұрап не қылам? Не сұраймын. Сұрауды да бірдеңеден хабары бар адам береді де. Балықбай ақ көңіл, еліккіш, аңқылдақ, ашық мінезді адам. Өзіне тиіспесе болғаны. «Әңгімелесейік» дегені болмаса оның ойында белгілі бірдеңенің жоғы да рас еді. Сонда да болса аз аңырып, Нұрмолданың бетіне қарап отырды да: - Нұрмолда деймін, осы ғой, екеуміз ғой, бірге өстік. Солай ма, солай. Колхозға да бірге келдік. Солай ғой, солай. Кешегі соғысқа дейін екеуміз де жалаң аяқ су суғарып, егін ектік. Солай ма, солай. Соғысқа бірге аттандық. Дұрыс ақ. Мен болсам бір аяғымды сонау герман жеріне кеміп қайттым. Рас қой, рас. Сен әйтеуір құдай қолдап, қол-аяғың аман қайттың. Бұл да рас. Ым, содан бері көп уақыт өтті ме? Меніңше, уақыт көп емес. - Көп десең көп, аз десең аз. Он бес жылды артқа тастап кеттік. Аттай он бес жыл бопты. - Он бес деген баланың жасы. Ал, мен шынымды айтсам, сен өте қатты кеттің... - Қайда кеттім? Кеткенім жоқ ешқайда. Мен сендердің араларында жүрмін. - Ешқайда да кетпедің. Осы өзіміздің көз алдымызда..жүріп-ақ, тіпті қатты сілтеп кеттің дегенім ғой. Рас па, рас. Нұрмолда бір сәт те болса ойланып қалды. Артынша: - Балықбай, сонау туғаннан бері көрген көп қорлықтан кейінгі осы бір аз бағымды маған көпсініп отырсың ба?- деді. Алдабергенов бұл сөзді күліп те, қалжың түрінде айтты. Дегенмен зілді шықты.

- Жоқ ә, тіл аузым тасқа, көре алмай емес, қайта қуанып, іштей мақтаныш етіп айтамын. - Ондай болса, мың да бір рахмет. Өзің сияқты бірен-саран болмаса, жатты былай қойып, ағайын-туыс ішінде де көре алмаушы, күндеуші табылады. Оған енді сен қосылсаң әбден жетіскен екенмін демек едім. Сөзің ақ, ойың адал болса кешіре гөр, Балықбай! - Имандай сырым, саған деген кір кірбеңім жоқ. Балықбай жағасын ұстады. Алдабергенов болса, басқаға болмаса да, саған сенем дегендей оның иығына қолын салып, жаурынынан қағып-қағып қойды. - Жақсы тұрмыс, тәуір өмір көрсек, сенімен кейінгі бір он-он бес жылдың ішінде көрген болармыз. Оған дейін мынау иық тесік.емес пе еді? Мына қолды құс баспап па еді? Мына арқамызбен не көтермеді? Сонау бір жылдары колхоздың қызыл қасқа өгізінің екінші жағына жегіліп, осы иығыммен соқа сүйрегенмін. Сен де сүйткенсің. Есіңде бар ма, анау, әлгі Текелі өзенінің жағасында колхоздың қара бұқасы күрс құлап, соқаның жүрмей қалғаны. Сонда мына сен мойын тұрықты иығыңа іліп, қалған екі айналымды өзің өгізбен бірге айналып шыққансың. Басқа басқа болсын, біз екеуміз оны ұмыта алмаймыз. Жағаңды ұстап отырсың, мен саған онсыз да сенем. Оның бәрін былай қойғанда, кешегі соғыста екеуміз де солтүстік-батыстың сонау Псков, Новгород жерінің батпағын бірге кешіп, жетпіс екі миллиметрлік зеңбіректің дөңгелегімен бірге дөңгелеп, ауыр оғын бірге арқаламадық па? Бұл біз ұмытатын шақ па еді? Біле білсек, біз ұмыта алмайтын, тіпті ұмытуға болмайтын жайлар көп. Басқа басқа болсын, біз екеуміз бір-бірімізді күндеу үшін, бір-біріміздің бағымызды бір-бірімізден қызғану үшін ең алдымен алды-артымызға қарап алуға.тиіспіз. Кеше ғана сен кім едің, мен кім едім? Біз екеуміз бір-бірімізді күндей қалғанда үй артында тұрып күңіренетін кім күлетін кім, оны да біліп алған жақсы. - Иә, ұмыта алмаймыз. Біз не көрмедік. Енді оны ұмытсақ, құдайды ұмытқанмен бірдей. Бір-ақ мен сені күндеп емес, таң боп сұрағаным еді. - Әрине, ұмытпаймыз. Сөйте тұрып осы күнімізге тәубе етеміз, шүкірлік қыламыз. Мен саған талай айттым. Жағдайың; жаман емес. Жай-күйін жетеді. Малды қой, жастарға. бер де, пенсияңды алып, балаларыңды оқыт, жақсы салып ал дедім. Дедім бе, дедім. Көмектесейік дедім. Оған өз зауқың соқпады. Мал бағудан айырылсаң, күн көре алмай, өліп қалатындай боп отырсың. Ойлап қарасаң біз екеуміз бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз. Балықбай жауап қата алмады. Өйткені Нұрмолданы осынша ежіктеп айта білер деп ойламаған-ды. Мұның үстіне әлгіндей әңгіменің болғаны рас. Нұрмолда шын ниетімен, ең жақынға деген достық ықыласпен айтты. Бірақ, Балықбайдың ауылда бүк түсіп жатқысы келмеді. Не де болса көппен бірге жайлауда, қыстауда, таза ауада көшіп-қонып жүргісі келді. Балалары колхоз ортасындағы мектепте онсыз да оқып жатыр. - Колхоздың орталығына барып, масыл боп жататын күндер де жақындап келеді. Ол шақтың ешқайда кетпесін білгенмін. Балықбай ойланып айтты, тауып айтты. - Мен жеңілдім. Енді қайтып, өзің мына малыңа ие бол дегенше, бұл сөзге қайта оралмаймын. Нұрмолда Балықбайдың сөзіне риза боп, күле отырып: - Біреуден ақыл сұрайтындай пенделігің де жоқ, екен!-деді. - Құдайдан малға жарлы қылсаң қыл, ақылға жарлы қылма деп жүргенде соғыс басталды. Аяғымды бердім. Сонда да аяғымды алсаң ал, абыройымды алма, ақылымнан адастырма деп тілеген пенденің бірімін. - Қалай, қалай тартасың, жаным ау, шешенсің бе, әлде білгішсің бе? Баяғы Балықбайға ұқсата алмай отырмын. - Сен ұқсатпағанмен, өзіме-өзім ұқсаймын. Баяғы дедің ау! Мен саған сенің де баяғы Нұрмолдаға ұқсамайтыныңды айтпақ едім ғой әлгіде. Сен оны басқашалау түсіндің бе, білмей қалдым. Сен баяғы Нұрмолда болмағанда, мен ең, болмағанда өзіме өзім, кәдімгі Балықбайға ұқсауға тиіспін ғой... - Қудың да қуы бар. Сен қудың қуысың ба ден қалдым. Тілің қандай у еді? - Тілімнің уы да, балы да осы. Артында зілі мен зәрі жоқ. Біз өзі тегінде мал ғана емес, соған қоса сөз баққан елміз. - Бұл да жаны бар сөз. - Жаны неге болмасын. Айтайық кен далада, немесе биік таудың бектерінде жападан-жалғыз қой қайырып келе жатырсың. Сенің ойыңды бөлер, қиялыңды бұзар дәнеңе жоқ. Төңірек жым-жырт. Ызындап ұшқан маса да жоқ. Өйткені кең далада, биік тауда маса деген атымен болмайды. Сен бір нәрсені ойлап кеттің. Сен сол ойдың түбіне жетпей тоқтамайсың. Өйткені шырық бұзар тірі пенде жоқ. - Адам жалғыз жүрсе ойшыл да, қиялшыл да болады демексің ғой. Бұл құптауға тұрады. Баяғыда қозы бағып, қой бағып, анау Малайсарының тауларында жүргенде әнші де өзіміз, білгір шешен де, неше түрлі арман қиял иесі де өзіміз болатынбыз. - Біз де сол кездегі өзін сияқтымыз. Менің жаман түсінігімше қаладағы у-шуда, неше түрлі көз тартар қызық тамашада, ойын-сауық, той-думанда ескен адамнан гөрі далада, жалғыз жапа жүріп өскен адамның ойы тұнық, қиялы бай келеді. Балықбай мұныма қалай қарайсың деген адамша Нұрмолдаға қарады. Тыңдаушы біраз үнсіз қалды. Әлден уақытта: - Тура осы сөзіңнің дұрыс бұрысын айта алмаймын!-деп Нұрмолда Балықбайға қарады. Балықбай райдан қайтпады. - Дала адамы ойшыл, арманшыл келеді. Бұған пайда бер. Мәселен ауыл баласы қала баласынан пысық өмірге бейім келеді екен. Мұны мен өз баламнан, соның ісінен көріп жүрмін. Балдақты Балықбай өзінің ауылдан қалаға жақында ғана оқуға барған жалғыз ұлы Серікті мақтаныш ете сөйледі. Бірақ, Нұрмолда болса оның баласын жақсы білмеуші еді. Содан да болар, оның бұл сөзін қоштаған жоқ. Баласын өте жақсы көретін мүгедек қойшы мұны аяқсыз қалдырғысы келмеді. - Менің балам Алматыда үлкен агрономның оқуын оқып жатыр. Білетін боларсың? - Баланды білем. Бірақ оншалықты білмеуші едім. Менің де қызым Алматыда оқиды. Амандық болса дәрігер боп шығады. - О, тамаша екен. Қыз балаға дәрігер болу, ұл балаға агроном, зоотехник болу қандай жақсы? - Заман солардікі. Кім болам десе де жағдай бар. Қазіргі заман жастарының ырысы кере қарыс. Кім болам, не болам, не істеймін десе бәрі бар. Тек ақыл, парасат берсін де. - Жаңағы бір айтып отырған әңгімемізді үзіп алыппыз ғой. Сөйтіп, сен дала адамдары аңқау, ақылсыз дейтін қала адамдарына қосылмақсың ба? - Мен ешқайда да қосылып отырғаным жоқ. Одан да сен маған мына малдан, азабын көп көріп жүрген малдан қайткенде дұрыс өнім, еңбегімізге лайық, соны ақтарлық өнім аламыз. Міне, білгіш болсаң осыны айтсаңшы! - Мәссаған, Нұрмолда, мен білгіш пе екенмін. Бірақ өз ақылым өзіме жетеді. Менің барлық білігім сол ғана. - Жоқтан о да жақсы! Екеуі кеңкілдеп қосыла күлді. - Жаңа бір сөз кезегінде сүрінгеніңді есіңе алсаң, екеуміз қазір итжығысқа түстік. - Бастықпен итжығыс түсіп жүрген сен де жау жүрек екенсің. Сен итжығысты қой да, қазір малшылар келгенде, солардың жиынында сөз сөйле! Малды бағудың, семіртудің жай-жапсарын айт. - Міне, көрдің бе, сөйлей алмаймын дейсің. Әбден сөйлейсің, сөйлемпаз екенсің. Ал, Мұқажан, сен асықпа, осыдан кеңесті бітіріп, саған бір-ақ барармыз. Содан әрі қарай ауылға тартып кетемін. Бұлар осыған келісті.