Қазақтың ауыз әдебиеті, Абай алдындағы, не тұсындағы әдебиетінің өсе алмай келе жатқан мәселесінің бірі ішкі сезім дүниесін суреттеу болатын.
Ауыз әдебиеті, Абай алдындағы тарихи әдебиеттердің не үлгілі деген шығармаларын алсақ та, адамның ішкі сезімін, психологиялық моменттерді суреттеуде үлгі етерлік нәрселері аз, тіпті жоқ болатын еді десек те, кеміткендік емес, шындық. Өзіне дейінгі әдебиеттердің бұл тәрізді өрістей алмаған жағын толықтырып, сезім дүниесін сөз арқылы терең суреттеу әдісінің тамаша үлгілерін көрсеткен Абай қазақта бірінші ақын болады.
Абайға шейінгі әдебиетімізде адамның басындағы күйініш, сүйініш, әртүрлі ішкі сезім дүниесін, екінші сөзбен айтқанда, адамның психологиясында болатын өзгерістерді суреттеудің екі түрлі әдісі бар еді. Бірінші - психологиялық параллелизм, екіншісі - ерекше құрылатын әртүрлі монологтар.

Психологиялық параллелизм

Ауыз әдебиетінде геройлардың (қаһарман) бастарында болатын күйініш, әртүрлі психологиялық өзгерістерді суреттегенде, оған табиғатта, не жануарларда болатын әртүрлі құбылыстар қатарласа, жарыса жүретін. Сол қатарластыру арқылы адамның басындағы сезім дүниесін суреттеу психологиялық параллелизм әдісі болатын. Бұл ауыз әдебиетінде әбден бекіп, тұрақталған әдіс еді.

«Кейбір жұлдыз әуеде ай секілді,
Кей жаман бас білмеген тай секілді.
Келген жерден өлеңді қоя беріп,
Баласы жақсы ауылдың қай секілді.
«Айды қара, ендеше, айды қара,
Көрейін шырайыңды, айға қара,
Сізге деген сөлкебай үйде қапты,
Базаршылар келгенше, жайға қара» (210)

«Аққу көлден ұшады қаңқылдаған,
Әдемі балақ жүні жалпылдаған.
Томағасын сыпырған тұрымтайдай,
Көзіңнен жар айналсын жарқылдаған» (211).

«Жүгірдім бала күнде сорды айналып,
Көп жейді тұрымтай құс торғайды алып,
Келгенде біздің елдің бозбаласы,
Отырсың кетейін деп оңтайланып» (212).

«Есік алды шоқ қияқ,
Қалмады сенен бір тұяқ,
Қалғанда сенен бір тұяқ,
Жылар ма едім мен бейбақ» (213).

Бұл - психологиялық параллелизмнің ескі түрі. Параллелизмнің адам баласының табиғат тануының сәбилік дәрежесімен байланыстылығы, ескі кездегі көп тәңірге табынушылық, кейінгі кезде бір тәңірге сенумен байланысты жақтары, оның өзара түрлері, тарихи даму жолдарына біз әдейі тоқталғанымыз жоқ. Өйткені біз бұл жерде параллелизмнің тек іс-әрекет, қимыл жақтарынан табиғат, жануарларға құбылыстарды қарсыма-қарсы қойып, солар арқылы адамның көңіл-күйін суреттейтін кейбір түрлеріне ғана тоқталмақпыз. Параллелизмнің бұл түрлерінің сезім дүниесінде болатын өзгерістерді суреттеуге тікелей байланыстары бар.
Ауыз әдебиетінде адамның ішкі сезімін суреттеудегі ең үлгілі саналатын «Тарғын» жырындағы белі мертігіп жатқанда айтқан  Тарғынның монологінен бір үзінді келтірелік.

«Асыл туған Ақжүніс,
Көкті бұлт қоршайды.
Күнді байқап қарасам,
Күн жауарға ұқсайды.
Айды байқап қарасам,
Айды бұлт құрсайды,
Түн жауарға ұқсайды.
Көгілдірін еріткен
Көлде қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Көктен сұңқар шүйлігіп,
Соғылғанға ұқсайды.
Бойды байқап қарасам,
Ауыз-мұрным сынысып,
Алданың ақ бұйрығы
Таялғанға ұқсайды...» (213)

Бұл - Тарғынның өлер алдындағы «жан» күйзелісін, оның қиналып жатқандағы ішкі сезім дүниесіндегі күйініш халін суреттеу. Бірақ соны суреттеу үшін табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды, әртүрлі жануарлардың арасындағы қарым-қатынастарды параллель етеді. Қаһарманның басындағы ауыр халін оқушылар (читатель) сол қатарластыра суреттеген табиғат құбылысы, жануарлардың арасындағы қарым-қатынастар арқылы ғана сезеді. Ауыз әдебиетінде бұл - дағдылы әдіс. Адам баласындағы күйініш, сүйініш, жалпы психологияда болатын әртүрлі құбылыстарды параллелизмді қолданбай, тікелей суреттеу пәлен шығарма, пәлен жырда бар деп айта алмаймыз.
Параллелизм әдісі - тек ескі ауыз әдебиеті ғана емес, қазақтың Абайға дейінгі тарихи әдебиетіне де тән әдіс.
Абайға дейінгі әдебиеттің биік шыңы саналатын Махамбеттің өзі де адамның басындағы күйініш-сүйінішті суреттеуде жоғарғы айтылған параллелизм әдісінен әрі бара алған жоқ. Поэтик тілдің басқа жағынан оны қанша мақтасақ та, тап бұл мәселеге келгенде, параллелизмнен басқа әдіс қолданды деуге дәлеліміз жоқ.
Исатай досы өліп, өзі хан, төрелерден қуғын-сүргін көріп жүрген кезіндегі өз басындағы ауыр халін суреттемек өлеңдерінде Махамбет сол айтылған психологиялық және синтаксистік параллелизм әдісін қолданды. (Сонымен қатар бұл өлеңде поэтик тілдердің басқа да түрлері бар. Ол өз алдына. Өйткені айтайын деген пікірін, суреттемек құбылысын параллелизм арқылы бермек болған. Сондықтан басқаларына тоқталмаймыз)

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Көл қорыған сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Ел қорыған мен едім,
Мен де айрылдым елімнен.
Сені көлден айырған -
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні...» (214)

Ақын өз басындағы ауыр хал, көрген зорлығына лашыннан тепкі көрген қызғыш құстың ауыр халін қаз-қатар (параллель) қойып, соңғы арқылы ішкі өз жағдайын көрсетеді. Бұл жалғыз Махамбет емес, Абайға дейінгі тарихи әдебиет өкілдерінің бәріне де тән әдіс еді.
Ал параллелизмді Абайдың өзі қолданды ма десек, қолданды деп жауап беруге тура келеді. Поэтик тілдің басқа түрлерімен салыстырғанда, жоқтың қасы екені рас. Әйтсе де бірен-сарандап табылады.

«Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар...»
(Абай, І том, 189-бет)

«Сұлу аттың көркі - жал,
Адамзаттың көркі - мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет - қызық, бала - бал».
(Абай, І том, 192-бет)

Бірақ адамның ішкі сезім дүниесін суреттеуде Абайға тән әдіс бұл емес. Бұл - оның әр алуан әдістерінің бір түрі ғана. Оған кейін ерекше тоқтаймыз. Біздің бұл жерде айтпағымыз, ішкі сезім дүниесін суреттеуде өзіне дейінгі негізгі әдістің бірі саналған параллелизмді Абай қолданды ма? Қандай дәрежеде қолданды? Міне, осының бетін аша кету.
Сөйтіп, Абайға шейінгі әдебиетте сезім дүниесін суреттеудегі негізгі әдістің бірі параллелизм дедік, оған бірнеше мысалдар келтіріп, өзімізше дәлелдедік те. Енді адамның басында болатын әртүрлі сезімді суреттеудегі ауыз әдебиеті, Абай алдындағы тарихи әдебиеттің екінші түріне келелік.
Бұл әртүрлі монологтар арқылы жасалынады.
Ауыз әдебиетіндегі әртүрлі лирикалық өлеңдерді, батырлар жыры, тарихи жырларды, лиро-эпос жырларды, не тарихи ақындардың шығармаларын алсақ та, күйініш-сүйінішін, қысқасы, адамның басында болатын әртүрлі ішкі сезімді суреттеуде монологтардың үлкен орын алатындығын және ерекше құрылатындығын және ерекше құрылатындығын көреміз.

«Бедеу аттың бестісі-ай,
Адамның азбас естісі-ай,
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның аманат қойған ешкісі-ай,
Шөрей, жаным, шөрей» (215)

Бұл үзіндіде жалғыз ұлы жау еліне барып, хабарсыз кеткен, дұшпаны жаулап алып, өз малына өзін малшы етіп қойған сексендегі шалдың ауыр халі суреттеледі. Осы қалпында оқығанда, кім де болса шалдың басындағы ауыр халін сезгендей, аяғандай. Бірақ «ай»-ды алып тастасақ, біз алдыңғыдай әсерді сезе алмаймыз.

«Бедеу аттың бестісі,
Адамның азбас естісі,
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның аманат қойған ешкісі,
Шөрей, жаным, шөрей», -

десек, мұнда алдыңғы күйініш жоқ, жай ғана суреттеу болады да шығады. Не мына мысалды алалық:

«Туырлықтай ту алған, Мамай,
Қылышын қанға суырған, Мамай,
Жауды көрсе, қуанған, Мамай» (216)

Бұл өлең осы тұрғысында өміріндегі ең қымбаттысы - баласынан айрылған ананың зор қайғысын, жүрек жалынын, ішкі сезіміндегі ауыр күйінішін көрсетеді...
Бірақ мұндағы құпия сыр - қаратпа сөзді сөйлемнің аяғында келтіріп және соны бірнеше рет қайталап айтуда. Егер сөйлемнің аяғындағы қаратпа сөз болып, әрі бірнеше қайталанып тұрған «Мамай» деген сөзді алып тастап:

«Туырлықтай ту алған,
Қылышын қанға суырған,
Жауды көрсе, қуанған...»

деп өзгертсек, алдыңғы үзіндідегі сезілетін ауыр хал, күйініш сезілмейді. Соңғысы Мамайдың ерлігін жай ғана суреттеу болып шығады. Қорыта айтанда, монолог арқылы психологиялық әртүрлі құбылыстарды суреттеудің негізі қайда жатыр десек, дауыс ырғағында жатыр деп жауап беруге болады.
Монолог - төл сөз. Әрбір төл сөз біреудің сөзін бұлжытпай жазуды, өзі қалай айтса, солай етіп оқуды, не солай етіп айтуды керек етеді. Демек, ауыз әдебиеті, не Абай алдындағы тарихи әдебиет осы жүйені қолданып, дауысқа салып айтып, сол арқылы сезімдегі құбылыстарды сездіру әдісін қолданған.
Абай алдындағы нұсқаларының психологиялық моменттерді суреттеудегі негізгі екі әдісі осы айтылған психологиялық параллелизм мен монолог арқылы суреттеу еді.
Бұл әдістің алдыңғысы сезім дүниесін суреттеудегі мәңгіден бері келе жатқан ескі, сондықтан тек анда-санда ғана қолданбаса, сезімге әсер етуге көркемдік қасиеті жұқарған, тозығы жеткен әдіс болатын. Соңғы монолог әдісін алсақ, бұл да зордан мол да, жоқтан бар игі ғана еді. Жоғарғы тәрізді сөйлемнің құрылысын сәл өзгертсе, өзінің сезімге әсер ететін күшінен айрылып қалатыны да осы әлсіздігі еді.
Абай дәуіріндегі мәдениетті елдердің әдебиеті бұл екеуін де аттап өткен болатын. Ол параллелизм әдісін екі түр деп қараса, монологтарды қолдану мүлде басқаша түр, басқаша мазмұн алған. Ол кездегі орыс, не басқа елдердің әдебиеті монологтарды адамның мінезін ерекшелеуге пайдаланатын. Егер ішкі сезім дүниесін суреттеу үшін қолданылатын монологтар болса, онда ол бір сөзді қайталау әдісімен емес, не эллипсис заңы, не тыныс белгілеріне сүйенетін.
Сөйтіп бұл екі әдістің екеуі де Абай алдындағы әдебиетіміздің адамның сезім дүниесін суреттеуде өте кейін қалғандығын көрсететін еді.
Абай оны сезді де, түсіне де білді. Көп елдің әдебиетін, әсіресе орыстың классик әдебиетін терең зерттеп, олардан керегін ала білген және алғанын өз бойына сіңіріп, қазақ оқушыларының жүрегіне жат емес, жақын нәрсе етіп шығара білетін сөзге ұста, місекер ақын Абай өзіне шейінгі қазақ әдебиетінде де қолданылатын ішкі сезімді суреттеу әдістері ескірген әдістер екеніне көзі әбден жетіп, оның жаңаша жолын іздей де, таба да, оны шебер түрде қолдана да білді. Бұл адамның сезімінде болатын әртүрлі құбылыстарды суреттеу үшін оған басқа нәрселерді қатарластырмай (параллель етпей), не үн араласқанда ғана психологиялық моменттерді бере алатын монологсыз-ақ, Абай сезім құбылысын тікелей суреттеп, адамның басында болатын әртүрлі халді көрсете алды.
Бұл адамның сезімінде болатын әртүрлі құбылыстарды тікелей суреттеу әдісі Абайдың ең сүйіп қолданған әдісі болды.
Мұны біз Абайдың көп өлеңдерінде кездестіреміз. Сондықтан бір-ақ өлеңіне тоқтап, қалай қолданылатындығының үлгісін көрсетелік:

«Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі,
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі,
Екі ғашық құмарлы
Бір жолдан қайта алмай,
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай,
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып...
Дем алыс ісініп,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып,
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.
Жанында жапырақ,
Үстінде жұлдыз да
Елжіреп-қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да.
Өзге ойдан тыйылып,
Бірі мен бірі әуре.
Жүрекке құйылып,
Жан рақат бір сәуле.
Жүрегі елжіреп,
Буындар босанып,
Рақатпен елжіреп,
Көзіне жас алып,
Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің.
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің».
(Абай, І том, 132-бет)

Бұл тәрізді адамның ішкі сезімінде болатын әртүрлі құбылыс, белгілі бір жағдаймен байланысты сезімде кездесетін өзгерістерді шебер түрде суреттеу Абайға дейін қазақ әдебиетінде болған емес. Абайдың қолданысындағы жоғарғы өлеңнің әр сөзі - ішкі сезімнің айнасы. Алыстан аңсап қосылған шын ғашық екі жастың жан жүйелеріндегі құмарлық, мастық, «жан рақат» тәтті сүйістерді, бір қызарып, бір бозарып құбылған бет, лүпілдеп соққан жүрек, ысынған дем, суынған саусақ, қысылған пішін, тұманданған көз, елжіреген жүрек, босаған буын, әлсіреген бой, көзге іріккен жас, қысқасы адамның сыртқы құбылыстарын суреттеу арқылы іштегі әртүрлі сезіну түйсіктерін дәл бере білген.

«Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жаста қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы,
Хәріпсіз біліп сондайды,
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды...»
(Абай, І том, 157-бет)

деп ақынның өзіне өзінің берген мінездемесі - шын және өте әділ айтылған сөз. Адамның сыртқы құбылысынан ішкі сезім дүниесінде не болып жатқанын тапжылдырмай танып және оны бұлжытпай дәл етіп суреттеуде Абайды кіммен болсын қатар қоюға болады.
Әңгіме, әрине тек адамның сезім құбылысын суреттеуінде ғана емес, сол сезімдегі әртүрлі өзгерістерді басқаға сездіре алуында, өлеңді оқығаныңда әр сөздің жан жүйесін тербете алуында ғой. Ол тілекті Абай жоғарғы өлеңінде ойдағыдай етіп орындай алған десек, басқа өлеңдері жөнінде де осыны айтуға болады.
Абайдың өзіне дейінгілерден бұл жөніндегі ерекшелігі де, оның үлкен психологтігі де осында. Бұл шеберлікке Абай қалай ие болды? Бізше, бұл үшін искусствоның екі түрлі заңын берік ұстағанға ұқсайды.
Бірінші, суреттеген болмысының өмір шындығына дәл келуі. Екінші, басқаның сезімін, күйініш-сүйінішін өз сезімінен өткізе білетіндігі, сол арқылы оқушыларының сезімін тербете алуы. Мысалы:

«Дем алыс ісініп,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып,
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері...»

деген жолдарын алсақ, ішкі сезімді беру үшін қолданылған образдарды шындыққа дәл келмейді деп кім таласа алады. Бұл суреттеу жастық, сүйіспендіктің тәттілігін татқан жанның қайсысының көкейіне қонып, көңілін тербетпес. Бұл тәрізді тербелте жазған ыстық сөз қандай сезімді болсын тербетіп, қандай жанды болсын тебірентетіні сөзсіз. Бұл үшін жалғыз-ақ шарт бойында жан, кеудесінде жүрегі бар тірі адам болуы керек.
Сөз арқылы адамның психологиясын суреттеудегі осы тәрізді шеберлік Абайды қандай үлкен психолог ақын-жазушылардың да қатарына қосады.
Сонымен қатар оны талантты психолог ақын-жазушылардың қатарына қосатын екінші бір шеберлігі суреттеп отырған құбылысын қаншама өзінің сезім жүйесінен өткізіп, жан толқынымен жаза отырса да, оқушыларына сол құбылысты сырттан ғана суреттеуші болып көріне білуінде.
Екінші сөзбен айтқанда, әртүрлі болмысты лирикалық суреттеу бар, психологиялық суреттеу бар. Мұның екеуі бір-бірімен нық байланысты. Бірақ бір нәрсе емес. Лирикалық шығармаларда ақын сол суреттеген құбылысына өз сезімін қатыстыра отырып суреттейді және сол суреттеп отырған нәрсесінің жағдайына қарай ақын да қайғырады, қуанады, күйінеді, сүйінеді, т.б.
Психологиялық суреттеу әдісінде ақындардың суретеп отырған құбылысына өз сезімін қатыстыру, өз басындағы күйініш-сүйінішін бірінші орынға қою болмауы керек. Оның жасырын қалып, қайғы, қуанышты біреулердің бастарында болғанын ақын бұлжытпай суреттеуші ғана болып көрінуі қажет.
Сезім құбылысын суреттеудегі лирикалық шығарма мен психологиялық шығармалардың бұл - негізгі айырмасы. Абайдың жоғарғы өлеңдеріндегі:

«Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің.
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің...»

деген соңғы төрт жолындағы өзіне қайрылуы болмаса, басқа жолдарының бір жерінде тереңнен толғап жазып отырса да, өз сезімінің ұшығын көрсетпей, басқа адамдардың ішкі сезімдеріндегі психологиялық моменттерді сырттан ғана бақылап, сырттан ған суреттеуші болып көрінуі және сол қаһармандарының басында болған халдерге оқушыларын бойсұндырып, солардай сезіндіре білуі Абайдың үлкен психолог, «жан жүйесінің инженері» екендігін айқындайтын негізгі мәселенің және бірі деуге болады.
Сонымен қатар бұл қазақ әдебиетінің тілін дамытудағы Абайдың тарихи айрықша еңбегінің бірінен саналуға тиіс. Өйткені өзіне дейінгі әдебиетте болмаған, өмірді терең суреттеулердің жаңаша әдісін тауып, содан жол салып, тамаша-тамаша үлгілерін қалдыру - өзінен соңғы әдебиеттің кең өріс алып даму, ілгерілеуі үшін тарих алдында зор еңбек, үлкен табыс. Мұндай зор еңбек жасап, ұлы табысқа қолы жеткен, оны толық меңгеріп, үздік-үздік үлгілер қалдырып, әдебиеттің алтын қазынасы етуші, бірінші психолог ақын қазақта Абай болды.