Келін түсіру тойы қыз жігіттің ауылына келгенде болады. Тойбастармен қоса,
«беташар» салты өткізіледі. Қазіргі кезде қыз ұзату мен келін түсіру деген тойлар жиі
кездеседі.
Той рəсімі жастардың некелесуінен басталады. Қыз бен жігіттің қосылуы қала
жағдайында арнайы неке сарайларында өткізіледі. Онда жастар жандарына ерген
куəгерлерімен, ата-ана, жақын құрбыларымен шағын топ болып барып, арнайы рəсім
бойынша неке сақиналарымен алмасады. Неке куəліктерін алады. Мұсылман салтымен
некелесу рəсімдерін мешіттерде өткізу ғұрпы кең тарала бастады.
Жастардың жұптық өмірге жолдама алатын нағыз киелі сəті осы. Жас жұбайлар безендірілген
көлікпен алдын ала белгіленген жергілікті жерлердегі киелі орындарға, мəселен, Алматыда
Райымбек атаның мазарына, Абай ата ескерткішіне, Тараз қаласында Айша бибі мазарына,
Семей жерінде Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Еңлік-Кебек зираттарына барып тəу етеді.
Бұдан соң жастар той өткізілетін орынға келеді. Той өтетін орын əсем безендірілуі
шарт. Бұл орайда оның безендірілуі əркімнің көркем қиялы мен талғамына байланысты.
Жас жұбайларға тағлым боларлықтай өнегелі сөздер, құдаларға арналған тілектер
жазып қою салты көп тойда кездеседі. Тойдың дастарқан мəзіріне де аса мəн беріледі.
Мол дастарқан жасау – жастардың келешек өмірі берекелі, салтанатты болсын деген
тілектен туған ниет белгісі.
Тойға келген қонақтарды ретімен жайғастырудың да орны бөлек. Төрдегі орынға
жас жұбайлар жайғасқан соң, сыйлы дастарқандарға алдымен құда-құдағилар, олармен
жапсарлас ауыл адамдары жастарына қарай орналасады.
Асаба тойды бастаған соң, есіктен енген келінге шашу шашылып, «жар-жар» айту
басталады. Ертеде «жар-жар» айтыс түрінде айтылатын болған. Онда қыз жағы өз
құрбыларымен отаудағы шымылдық ішінде отырса, жігіт жағы атпен келіп, үйдің
сыртынан өлең айтқан. Қыз жағы өзінің балалық өмірін, елін-жерін, ата-анасын, құрбы-
құрдастарын қимайтындығын айтса, жігіт жағы оның табиғат заңы екендігін, олардың
орнын басатын жаңа ел, жаңа туған-туыс, құрбы-құрдас болатынын айтып жұбататын болған.

Қазіргі «жар-жардың» сөзі де, əуені де мүлде жаңа жəне оны көпшілік бірігіп айтады.
«Жар-жар» айтылып жатқан кезде жас жұбайлар жанындағы серіктерімен (қыз
жолдас жəне жігіт жолдасы) топты жарып, ортадағы көрнекті жерге келіп тұрады. Бұл
кезде келіннің беті ақ желекпен жабулы болады. Міне, осы кезде ортаға өнерпаз шығып
«Беташарды» бастайды. «Беташардың» негізгі мақсаты – жаңа түскен келінді жұртқа,
сонымен қоса келінге жаңа елді, туған-туыстар мен ағайын-жекжатты таныстыру.
Жыршы келінге жаңа түскен жұртының қайын атасы мен енесінен бастап таныстырады.
Олардың аты аталған сайын келін иіліп сəлем етеді. Бет ашушы домбыраның немесе
қамшының ұшымен ақ желекті серпіп, келін бетін көрсетіп қояды. Келін иіліп сəлем
жасайды. Соңы келінге өсиет айтумен аяқталады.
«Беташардың» үлгісі мынадай:
Уа, ағайын, ағайын,
Бір кəдеңе жарайын.
Бетін ашып келіннің,
Көрімдігін алайын.
Ал, қарағым, келінжан,
Мына отырған, қайын атаң!
Осы күнді ойлаған.
Ұлан-асыр жұрт жиып,
Келін тойын тойлаған.
Омырауында жұлдызы,
Жарқыраған, жайнаған,
Қайын атаңа бір сəлем!
Келіннің беті ашылған соң тағы да шашу шашылып, ағайын-туғандар бетінен сүйіп,
батасын беріп, бет ашқан адамға тарту-таралғы сыйлайды.
Тойдың сəні – əн-жыр, ойын-сауық. Асаба тойды өзі бастап, қыздырып əкетеді.
Қонақтарға сөз берудің өзіндік реті болады. Оны той иесі алдын ала белгілеп, асабаға
беріп қояды. Белгіленген ретпен құрметті қонақтарға ақ тілек айтқыза отырып, құда-
құдағиларды айтыстырып та жібереді. Арнайы шақырылған əнші-күйшілерді ортаға
шақырып, көпшіліктің қолдауымен ата-аналарға, құда-құдағиларға
арналған əндер, жастарға арналған махаббат
жырларын шырқатып, би билетеді. Əрбір
сөйлеген адамның өзіне өнер көрсеттіреді.
Кейде құдалардың сайлап алып келген
өнерпаздары да болады. Қазіргі
кезде тойға белгілі өнер
ұжымдарын шақыру да дəстүрге айналып келеді. Үзіліс кезінде би билеп, əр түрлі ойындар
ойналады.
Əрине, бұрынғыдай жамбы ату, қыз қуу, құда тартыс деген сияқты ойындар бүгінде
жоқ. Бірақ той өтіп жатқан жердің мүмкіндігіне қарай ойынға екі жақтың құдалары
көбірек тартылып, əзіл-оспақ көбейіп, көңілді де жарасымды ойындар ойнатылады.
Жақсы əн салып, би билегендерге, ойын жеңімпаздарына сыйлықтар беріледі.
Той соңында той иесі (жас жұбайлардың ата-анасы) жиналған көпшілікке алғысын
білдіреді.