Қазақ халқында ел тұрмысы, шаруашылығы, кəсібі мен салт-санасы, əдет-ғұрпына
байланысты түрлі өлең түрлері бар. Оларды тұрмыс-салт жырлары дейді. Тұрмыс-салт
жырлары – қазақ ауыз əдебиетінің көне жанрларының бірі. Олар тақырыбы жағынан,
сондай-ақ қай жағдайда, қандай мақсатта айтылатынына орай, бірнеше топқа жіктеледі.
Негізгі түрлері: тұрмыс-салт өлеңдері (төрт түлік туралы, наурыз өлеңдер), діни салт
өлеңдері (жарпазан, арбау, бəдік, т.б.), үйлену салт өлеңдері (тойбастар, жар-жар, сыңсу,
беташар, т.б.), мұң-шер өлеңдері (қоштасу, естірту, жоқтау, т.б.), əн өлеңдер, өтірік
өлеңдер. Енді солардың бірнешеуіне тоқталып көрейік.

Бесік жыры

Қазақ халқы ерте заманнан сəбилерге арнап «Бесік жырын» айтатын болған. Жас
баланы бесікке салуды қазақтар қуаныш етіп, тойлап өткізген. «Бесік жырының» жалпы
мазмұны жас баланың дені сау, ер-азамат болып өсуіне негізделеді. Басты қызметі –
бесік тербелісіне ыңғайлас сазды əуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып,
оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тəрбиенің нақышын сіңіру. «Бесік жырын»
баланың сəби кезінде, яғни 1-5 жас аралығында айтады. Бесіктегі нəрестесін тербете
отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді, балаға деген
мейірін, махаббатын береді. Мысалы:
Əлди, əлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем,
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Аққұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Бұл жыр айтуға жеңіл, қарапайым, баланы ұйықтатуға лайық біркелкі ырғақпен,
құлаққа жағымды, жайдары үнмен айтылады. «Бесік жырында» халықтың төл
тарихының, дəстүрлі мəдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының
көрінісі бар.

Тойбастар

«Тойбастар» ұзатылатын қызға байланысты
айтылған. «Тойбастардың» негізгі мазмұны – тойдың
салтын дəріптеу, той иесі – қызды мақтау, той
жасаушының жақсы тілеуіне үн қосу. Сонымен бірге
кіндік кескен жерді, туған елді тастау қызға қалай
қиын соқса, əлпештеп өсірген өз баласын басқаға беріп
жіберу ата-анаға, көзі үйреніп қалған ағайын-туысқанға
да оңай еместігін көрсету. «Тойбастар» жырының көбі бата берумен, жақсы тілекпен аяқталады. Уақыт өте келе «Тойбастар» өлеңі үлкен
тойлардың барлығында айтыла беретін болды. Той бастаудың негізгі шарты – өлең айту.
Той бастаудың өзіндік сыйлығы болады. Өлең айтылған соң «Тойбастардың» сыйлығын
сол үстелдегі адамдар өзара бөліп алады.

Беташар

Жаңа түскен келіннің бетін ашу
үшін тойда айтылатын өлеңнің бір түрі
– «Беташар». Бұл өлеңнің мақсаты –
жас келіншекті жаңа ағайын-жұртына,
қайын ата мен қайын енесіне, жаңа
қауымға таныстыру; келінге насихат
айту. Ертедегі салт бойынша жас
келіннің түсетін үйіне жұрт жиналады. Олардың үстіне келіншекті енгізгенде, бетін жеңіл желекпен бүркеп əкеледі. Ауылдың
бір өнерпаз жігіті «Беташарды» домбыра сүйемелімен айтып, содан кейін домбырамен
келіннің бетін ашқан. Мұның өзіне арнап шығарылған өлеңі болған.

Сыңсу

Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу.
Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралайды. Былайша
айтқанда, қоштасады (бірақ бұл дəстүрлі қоштасу емес). Жеңгесін ертіп ағайындарын
аралап жүрген қыз жəй жүрмейді. Ол өзінің балалық дəуренінің, оң жақта бұлғақтап
өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін
мəпелеп өсірудегі еңбегін өлеңге қоса жүріп қоштасады. Ондай өлең-жырды сыңсу
дейді.
Базардан келген құйысқан
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп-кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан, –
деп өзінің өтінішін де айта жүреді.
Қыздың сыңсуы – жарасымды əрі тəрбиелік мəні бар салтанатты салт. Бұл
адамгершілік, əдептілік жағынан алғанда да өте орынды дəстүр.

Жоқтау

Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан салтында өлген адамға арналып қаралы
«Жоқтау» өлеңі айтылатын болған. Қазақ халқының əдет-ғұрпы бойынша, жоқтауды
марқұм болған адамның артында қалған əйелі, қызы, қарындасы, келіні, басқа да
туыстарының əйелдері айтады. Жоқтауда дүниеден өткен жанның тірліктегі қадір-
қасиеті, еңбегі, жақсылығы, артқа қалдырған ізі көркем өрнектеліп, зарлы əуенмен
айтылады. Ел ішінде кең тараған жоқтау жырлары, негізінен, бір-біріне ұқсас болып
келеді. Қазақ жоқтаулары ішіндегі ең əсерлісі, үздігі деп «Айғанымның жоқтауын»
айрықша атаған.
Бертін келе, «Жоқтау» өлеңдері өлген адамның қазасы үстінде немесе жетісі, қырқы,
жүзі, жылы кездерінде айтылған. Мұндай жоқтаулар арқылы өлген адамның тіршілікте
кім болғандығы, қандай қызмет атқарғандығы, ел-жұрты, ағайын-туысы үшін не істеп,
не қойғандығы сипатталған.

Естірту, көңіл айту

Естірту – ауыр қаза, қайғылы оқиғаны жанашырларына, ел-жұртына өлеңмен хабарлау
дəстүрі. Бұл рəсім қазақ халқында ертеден бар. Естірту ардақты азаматы не батыр-
бағланы өлген үйдің жанкүйер жақындары мен туыстарын азалы хабарға дайындап
алу үшін айтылған. Жаман хабарды бірден жеткізе салмаған. Қайғыны естіртуші адам
айтайын деген сөзін, естірткелі отырған хабарын жұмбақтап, тұспалмен бастаған,
кейде əр түрлі салыстырулар жасаған. Мысалы, «Аққу ұшып көлге кетті, сұңқар ұшып
шөлге кетті, ол адасып кеткен жоқ, əркім барар жерге кетті» деген сияқты өлең түрінде
болған.
Ел арасында естіртудің көптеген үлгілері сақталып қалған. Айталық, Байшуақ
өлгенде баласы Байғараға Қазбасты шешен келіп: «Алып арыстан құласа, жан беруші
бар ма екен. Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен» деп естіртеді. Осы секілді
Үмбетей жырау да Бөгембай батырдың өлімін өлеңмен естіртіп, оның жау шебіне
жалғыз шапқан ерлігін баяндайды.
Естірту кейде күңіренген күй сазымен де орындалатын болған. Бұған Жошының
аң алуап жүріп өлген ұлының өлімін оған күймен естіртуіі дəлел. «Ақсақ құлан» күйі
осылай туған. Естіртудің соңы көңіл айтып, қайғылы хабарға ортақтасып, жұбатуға
ауысады.

Арбау өлең

Ауыз əдебиетіндегі тұрмыс-салт өлеңдерінің бір түрі – арбау өлең. Адамды немесе
малды жылан, қарақұрт, бүйі, шаян шаққанда, уытын «қайтару» үшін айтылады.
Халық əр түрлі ырым жасап айтатын «Арбау» өлеңдері арқылы жыланның немесе
қарақұрттың, т.б. арбап əлсіретуге, сөйтіп олардың уытын қайтаруға болады деп
түсінген. Əрбір жəндіктің жаратушысы, яғни «тəңірісі» болады деп ұғынған адамдар
оларға сөз арқылы əсер етуге болады деп сенген. «Арбау» өлеңдер – əлем халықтары
фольклорының бəрінде бар, түркі халықтарының ауыз əдебиетінде кең тараған.
Көбінесе, 7 – 8 буынды шұбыртпалы ұйқасқа құрылады. Мысалы, төменде «Арбау»
өлеңінің бір түрі берілген:
«Кер, кер жылан, кер жылан,
Кереге басты мер жылан,
Бір жылан бар – сұр жылан,
Бір жылан бар – сұм жылан,
Бір жылан бар – жеті жылғы ту жылан.
Құралай таудың басынан
Қуып келген қу жылан,
Пайғамбардың демінен
Дегелек келді, шық жылдам!»

Жарапазан

«Жарапазан» – діни салт өлеңі. Жарапазан «рамазан» деген сөзден шыққан. Ораза
уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің сыртында тұрып «Жарапазан» айтады.
Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айтушыларға құрт, май, ірімшік, бір
шаршы шүберек, тағы басқа сол сияқты нəрселер береді. «Жарапазанды» кəсіп етіп, ораза
уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар да болады. «Жарапазанды»
екеу болып жүріп айтады. Бірі «Жарапазан» айтқанда, екіншісі қостаушысы болады.

Өтірік өлеңдер

Қазақтың ертедегі салты бойынша, ойын-сауық кездерінде айтылатын өлеңнің бір
түрі – өтірік өлең. Бұл алуандас өлеңдер күлкілі, қызық сюжеттерге құрылады.
Өтірік өлеңдерді айту оңай болғанымен, оны шығару оңай емес. Ол ақыннан
ақындық өнерді талап етумен қатар, ой-қиялының мол болуын қажет етеді. Өйткені
өтірік өлеңді қиыннан құрастыру, яғни түймедей нəрсені түйедей етіп, болмаса,
керісінше, түйедей нəрсені түймедей етіп көрсету керек. Мұндай өлеңде суреттелетін
нəрселердің бəрі адамның көз алдындағы заттардан, нақтылы шындықтан, жалпыға
түсінікті көріністерден алынады. Бірақ олардың ісі, қарым-қатынасы, атқаратын
қызметі шындыққа келмейтін, адам сенбейтін жағдайда суреттелуі керек. Сонда ғана ол
өтірік өлеңдік дəрежесіне жетеді. Өтірік өлеңдер əрқашан да күлкілі, қызықты уақиғаға
құрылады. Бұлардың бəрін жыршы-ақын өз атынан, өзін қатыстыра айта отырып, адам
сенбес күлкілі əңгімелер тудырған.

Жаңылтпаш

Қазақ халқының əдет-ғұрып, салтынан туған ойын-сауықтар кезінде өлең, əңгіме-
жырлар ғана айтылып қойған жоқ. Ойын-сауық үстінде жиналған жұртты күлдіру
үшін ауыз əдебиетінің бұдан басқа да ұсақ түрлері айтылған. Соның бірі – жаңылтпаш.
Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру жəне əрбір сөзді тез, шебер айтуға, тіл ұстартуға
үйрету үшін қолданылған. Жаңылтпаштың сөздері жаңылдыратындай қиын, көбінесе,
ұяң жəне қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады. Егер жаңылтпаш айтушы адам
қиыннан құралған қырлы сөздерді орамына келтіре алмаса, аздап тайып кетсе – онда
күлкі боларлық, тіпті ұятқа соғарлық жағдайға тап болады. Сондықтан ол əрбір сөзді
жылдамдата тақпақтаумен қатар, нақышына келтіре, мүлт жібермей, оралымын таба
айтуға тиіс. Жаңылтпаштың сөздері қара сөз түрінде, кейде өлең секілді ұйқасып келеді.
Мысалы:
Қара бүркіт томағасын түсірді,
Оны мен томағаламай, кім томағалайды,
Оны мен томағаламай, кім томағалайды.
Немесе:
Ар жақтағы Құдияр құдам еді,
Ол мені құдаламады,
Мен оны құдаламадым, – деп соңғы екі жолы қайталанып айтылады.
Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш
жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, əн білмейтін жастарға
берілетін жаза есебінде қолданылған. Қазақтың салты бойынша, ойын-сауыққа келген
жастардың бəрі де əн салып, өлең айтуға тиіс. Ал ондай өнері жоқтарға ойынды
басқарушы адам «жаңылтпаш айт» деп ұйғарған, жаңылтпаштың сөзін өзі жайлап
айтып берген. Сонан кейін оны шапшаңдата қайталап айтуды жаңағы өлең білмейтін
адамнан талап еткен. Егер ол адам жаңылтпаштың сөздерін орамына келтіріп айта
алмаса, бүлдірсе, жұрт оған күлетін болған. Сондықтан мұндай күлкі етерлік жағдайға
түспес үшін жастар əн, өлең үйренуге, оларды білуге тырысқан.

Жар-жар

Ұзатылған қыздың тойында қыз-жігіттер тобы кететін қыздың көңілін аулап, баратын
жағында да осындай жақсы жайлар болатынын өлеңмен айтысады. Сонымен бірге
олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бəрі өлеңмен
айтылатындықтан «Жар-жар» қызықты болып естіледі. Мысалы: «Жар-жарды» жігіт
былай бастайды:
Алып келген базардан,
Қара насыр, жар-жар-ау.
Қара мақпал сəукеле,
Шашың басар, жар-жар-ау!
Мұнда əкем қалды деп,
Қам жемеңіз, жар-жар-ау.
Жақсы болса қайын атаң,
Орнын басар, жар-жар-ау!
Сонда қыз былай деп жауап қайтарады:
Есік алды қара су,
Майдан болсын, жар-жар-ау.
Ақ жүзімді көргендей,
Айнам болсын, жар-жар-ау.
Қайын атасы бар дейді-ау,
Осы қазақ, жар-жар-ау.
Айналайын əкемдей,
Қайдан болсын, жар-жар-ау!